Сейсенбі, 7 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2614 0 пікір 21 Мамыр, 2013 сағат 08:04

Әміржан Қосанов. Президент мырза, мұнайшыларға рақымшылық жасаңыз!

Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа
Әміржан Қосановтан

 

Ашық хат

Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа
Әміржан Қосановтан

 

Ашық хат

Құрметті президент!

Демократиялық күштер қатарында жүрген ұзақ жылдар бойына мен Сіздің атыңызға жолданған қоғамдық-саяси маңызы бар талай ұжымдық хаттарға қол қойыппын. Бұл жолы Сізге саяси астары жоқ хат жазуға бел буып отырмын.

28 мамыр күні ҚР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Жаңаөзендегі жаппай тәртіпсіздіктер үшін сотталғандардың ісін қарамақ.

2012 жылдың 4 маусымында Жаңаөзен ісі бойынша айыпталған 16 адам шартты түрде 3 жылға бас бостандығынан айырылуға кесілді, 5-уі амнистияланды, 3-уі ақталды. Сонымен бірге, Роза Төлеутаева 7 жылға, Мақсат Досмағамбетов, Нарын Жарылғасынов, Қанат Жүсіпбаев - 6 жылға, Шабдал Үткілов - 5 жылға, Таңатар Қалиев және Талғат Сақтағанов - 4 жылға, Нұрлан Асқарұлы, Қайрат Әділов, Марат Әминов, Бауыржан Непес, Жарас Бесмағамбетов, Мұрат Қосбармақов - 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Жан-жақтан ақпарат алған Сізге Жаңаөзен трагедиясының себептері мен жағдаяты мәлім деп ойлаймын.
Жаңаөзендіктер осы күнге дейін Сіздің сол өңірге барған кездегі мұнайшылардың талаптары әділетті болғандығы туралы сөзіңізді қайталап жүр. Сіздің осы сөзіңіз оларға қуат беріп келеді, әділеттік іздеген олардың үміті мен әлі де сенімін нықтай түсуде. Мұнайшылардың тағдырын шешу кезінде саясат маңындағы конъюнктуралық жайттар олардың әлеуметтік талаптарынан бөлек қарастырылуы керек деп санаймын.

Басқалар секілді мен де о бастан Жаңаөзен оқиғасын әсіре саясиландыруға қарсы болдым. Ашық алаңға шыққан саясаткерлердің жолы белгілі, ал өздерінің еңбек қақтары үшін дауыс көтерген мұнайшылардың жолы - басқаша. Сондықтан биліктің өз қарсыластарына деген қиын да қилы көзқарасы тағдыр айдауымен темір тордың ар жағына түскен қарапайым еңбекшілердің болашағына әсер етпеуі тиіс! Мен үшін әрбір мұнайшының жеке тағдыры, оның бас бостандығы мен денсаулығы, отбасыларының амандығы мен бақыты маңыздырақ. Таза әлеуметтік сипаттағы проблемалар дәл осындай бұрын-соңды боп көрмеген деңгейге көтерілгеніне мен де қапалымын.

Қанды оқиғаға дейін әріптестеріммен бірге мен де Жаңаөзенде болған едім. Ереуілшілдер алаңда темірдей тәртіп сақталуын, құқ бұзушылыққа жол берілмеуін бір адамдай қолдады. Оны мен өз көзіммен көрдім. Олар жұмыс беруші мен әкіммен келіссөз жүргізу идеясын қолдады, өз қатарларынан сол келіссөзге қатысуға тиіс өкілдерін сайлап та қойды.
Сөйтіп, қала әкімінің кабинетінде үш жақты келіссөз басталды! Өкінішке орай, мұнай маңындағы бастықтардың кесірінен, диалог өз жалғасын таппады. Егер де сол келіссөз тоқтамағанда, 2011 жылдың желтоқсанындағы қанды қырғын орын алмас еді!

Осынау себептерді негізге ала отырып, мен, Президент мырза, Сізден өз құқыңызды пайдаланып, гуманизм мен адамсүйгіштіктің асқақ үлгісін көрсетуіңізді сұраймын! Яғни, істің Жоғарғы сотта қаралуының алдында мұнайшыларға не амнистия беріп, не рақымшылық жасасаңыз! Ата Заңымыздың кепілі ретінде Сіздің мұндай қадам жасауыңызға толық мүмкіндігіңіз бар!
Сіздің бұл шешіміңіз сотталған мұнайшылар мен олардың отбасыларының үмітін жалғап, қоғамда гуманистік мұраттарға деген сенімді нығайтар еді.

Менің бұл сөзім мұнайшыларды қолдаған мыңдаған пікірдің бір мысқалы ғана екенін әрі де ең маңызды шешім қабылдау үшін мүлдем жеткіліксіз екенін мен түсінемін. Бірақ соттың басты шешімі қабылданар алдында мен үнсіз қалуды жөнсіз деп санадым.

Және де мен Сіздің әртүрлі мақсат көздеген лоббистік топтардан биік қалпыңызда қалып, өз отандастарымыздың - мұнайшылардың ризашылығын тудырар лайықты шешім қабылдайтыныңызға сенімдімін!

Әміржан Қосанов,
Алматы, 2013 жылдың 20 мамыры

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1611
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1511
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1258
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1228