Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3879 0 пікір 21 Мамыр, 2013 сағат 05:25

Светлана Қондыкерова. Ермак құлаған күн

1. Павлодар облысы, Ақсу қаласында 1992 жылға дейін тұрған Ермактың ескерткіші

2. Мақал авторы - Светлана Қондыкерова

Егемендіктің алғашқы кезеңінде, тіпті оған дейін де атаман Ермактың мүсіні және Ермак қаласының атауы бүкіл қазақстандықтардың көңілін алаңдатты десем, артық айтқандық емес. Республика мен облыс басшылықтарына, біздің қаланың әкімдігі мен Кеңесіне, «Азат» қозғалысының жетекшілеріне жан-жақтан  түскен талап-тілектерде есеп жоқ шығар. Түрлі деңгейдегі БАҚ арқылы тарихшы ғалымдар, қоғам қайраткерлері, депутаттар, мемлекеттік қызметшілер, журналистер, қоғам белсенділері, сондай-ақ қарапайым еңбеккерлер де жүздеген мақала, хабар жазып, сұхбат берді, пікір білдірді, ұсыныс жасады.

Әр кезеңдердегі жарияланымдардың саяси, тарихи, идеологиялық елеулі мән-маңызы бар, әрине. Дегенмен, ол материалдарда пікірлер әркелкілігімен қатар мәліметтер сәйкессіздігі байқалады. Мұның анық-қанығына жету - болашақтың ісі, зерттеушілердің еншісінде.  Ал мен өзіме қатысты жайттарды ғана баяндауды жөн көрдім.

 

Біз - ұлт жанашырларымыз!

 

1. Павлодар облысы, Ақсу қаласында 1992 жылға дейін тұрған Ермактың ескерткіші

2. Мақал авторы - Светлана Қондыкерова

Егемендіктің алғашқы кезеңінде, тіпті оған дейін де атаман Ермактың мүсіні және Ермак қаласының атауы бүкіл қазақстандықтардың көңілін алаңдатты десем, артық айтқандық емес. Республика мен облыс басшылықтарына, біздің қаланың әкімдігі мен Кеңесіне, «Азат» қозғалысының жетекшілеріне жан-жақтан  түскен талап-тілектерде есеп жоқ шығар. Түрлі деңгейдегі БАҚ арқылы тарихшы ғалымдар, қоғам қайраткерлері, депутаттар, мемлекеттік қызметшілер, журналистер, қоғам белсенділері, сондай-ақ қарапайым еңбеккерлер де жүздеген мақала, хабар жазып, сұхбат берді, пікір білдірді, ұсыныс жасады.

Әр кезеңдердегі жарияланымдардың саяси, тарихи, идеологиялық елеулі мән-маңызы бар, әрине. Дегенмен, ол материалдарда пікірлер әркелкілігімен қатар мәліметтер сәйкессіздігі байқалады. Мұның анық-қанығына жету - болашақтың ісі, зерттеушілердің еншісінде.  Ал мен өзіме қатысты жайттарды ғана баяндауды жөн көрдім.

 

Біз - ұлт жанашырларымыз!

 

Мен  өзім - Ресейдің тумасымын, сонда білім алдым. Мамандығым - орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі. Мектепте 30 жыл ұстаздық еттім, 14 жыл радиожурналистикада тілші-редактор болып істедім, мемлекеттік қызметтер де атқардым.  Ермак (қазіргі Ақсу) қаласына 1990 жылы қоныс аударып, біржола орнығып қалдым.  №19 КТУ-де орыс топтарына қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бердім.

...1989 жылы «Тіл туралы» Заң қабылданып, ұлттық сана оянған, ұлттық рух көтеріле бастаған кезең. Әйткенмен, Заңға сөзбен де, іспен де жария қарсылық білдіру сияқты келеңсіздіктер әр кезде қылаң беретін. Қай салада болса да, шовинистік, нигилистік пиғылдағы шенділердің  үстемдігі байқалды.   Кез-келген диалог ұлттық мәселеге барып тіреледі.  Ермак ескерткішін құлату және қала атауын өзгертуді көздейтін  қазақтар арасынан мүдделес достар, шәкірттер таптым.

Алматыдағы озық ойлы, білімді де білікті қайраткерлермен де танысып, білістім. «Азат»  Қазақстан азаматтық қозғалысының басшылары   -  Сәбетқазы Ақатай (марқұм), Михаил Есеналиев (марқұм), Дос Көшім, Жасарал Қуанышәлин, Хасен Қожахметов, «Азат» газетінің редакторы - Батырхан Дәрімбетов (марқұм), күрескер ақын - Айсұлу Қадырбаевамен етене араласып, саяси-әлеуметтік мәселелерге сыни көзбен қарап, талдау, зерттеу, қорытынды жасау, өзіндік пікір білдіру, қоғамдық пікір қалыптастыру, пікірсайысқа түсу, ұсыныстар жасау жолдарын үйрендім. Саяси-рухани өсу жылдарым сол кезден басталды. Білікті қызметкер болу өз алдына, нағыз ағартушылық деңгейге көтерілу тіпті өзгеше бір әлем екен, мен соған жету керектігін түсіндім.

1991 жылдың 30 наурызында «Азат» азаматтық қозғалысының Павлодар облыстық  филиалы құрылды, ал шілде айында «Азаттың» Ақсу қалалық-аудандық бөлімшесін ашып, Қабдырахман Сейілғазин екеуміз тең төрағалары болып сайландық.

Ұлтшыл демократтар, қоғам белсенділері: «Азат» қозғалысының облыстық филиалының төрайымы  - Бикеш Дүрманова (марқұм, әйгілі ақын-композитор Жаяу Мұсаның ұрпағы),  мүшелері - ағайынды Мейрам мен Мақсұт Қалиевтер, майдангер ағамыз Қаматай Батталов (марқұм), халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дзюдошы Батырбек Сейсенбаев (марқұм), спортшылар: Әйткелді Хамитов (марқұм), Тілеубек Жүнісов, Мүтән Күшіков (марқұм), Мұрат Жүсіпов, кәсіпкер - Науқанбек Рысбаев, сондай-ақ Жанат Қоңыров, Жақсыбек Өтенов, Айдарғазы Мәкішев сияқты патриот аға-інілерім бізге түрлі  көмек көрсетіп отырды.

Тартыс пен тайталасқа толы кезеңде ақсулық серіктерім де тегеурін танытты: ферроқорытпа зауытының жұмысшылары: Сембай Құсайынов (марқұм), Ғұмар Алпысов, Қыдыр Бақраденов, Асқар Жүсіпов, Қанатбек Нәбиев, Арыстан Қайдаров (марқұм), Болат Сыздықов (марқұм), Рафаэл Шаихов, Сәуле Әзенова, Серік Кәрімов (марқұм), Төкен Әйтенов, Бағдат Сыздықов;  мұғалімдер: Қарлығаш Түгелбаева, Гүлнәр Қайырханова, Зәуреш Махаділ; кәсіпкерлер: Қабдырахман Сейілғазин, Мұрат Еңсебаев, Әділ Смағұлов, тағы басқалар еді.  Сондай-ақ, мемлекеттік қызметші: Зүбәйра Мұқашева, мұсылмандық пен ұлттық құндылықтарды насихаттаушы әпкелерім: Күлзипа Рахметова, Рашида Искакова (марқұм), Зурәш Сейсембаева бізге іш тартты. Өйткені, бәріміздің ойымыз, тілегіміз, мүддеміз орайлас еді.

«Азаттың» Ермак қалалық-аудандық бөлімшесі құрылуы нәтижесінде  ісіміз оңға басты. Ұлтжанды азаматтар лек-легімен қатарымызға қосылды.  Әсіресе, ауыл адамдары есебінен тілеушіміз көбейді. Қаршыға Шаяхметов пен Тоқтар Смағұлов аға секілді ауыл азаматтары бізге ұдайы қолдау көрсетті. Қаламыздағы №8 дүкеннің директоры Мұрат Ертаев  «Азаттың» іс-шараларына демеушілік жасап отырды.

-Іс керек апай, іс керек! - деп, - Қабдырахман  жанып тұр. Зауыттың жігіттерін, денешынықтыру техникумы студенттерін қозғалысқа әкелді,  Семеймен байланысқа шықты. Мен Алматы қаласымен және оңтүстік облыстармен байланыс жасадым.

«Азаттың» қалалық-аудандық бөлімшесі штабында әрбір сәрсенбі күні жиналып, белсенді азаматтарға тапсырма жүктейміз. Идеяны ортаға тастайтын - мен, іске асыратын - Қабдырахман, Қанатбек бастаған жігіттер. Сенбі, жексенбі күндері -  белгіленген іс-шараларды өткіземіз. Дүйсенбі күні қорытынды жасап, алдағыға жоспар құрамыз. Атқарған істеріміз туралы баспасөз хатшыларымыз: Болат Сыздықов (марқұм) пен Серік Кәрімов (марқұм) газеттерге ақпараттар ұсынады. Қ.Бақраденов, Ғ.Алпысов - сөзі мен ісі бір жерден шығатын іскер азаматтар.

«Желтоқсан» көтерілісінің жетекшілері: Бақтыбек Иманқожаев және Құрманғазы Айтмұрзаевпен кездесу ұйымдастырдық, шараға Құрманғазының анасын да шақырдық. Алдында бұл шараны мәдениет орнында, жұртшылық алдында өткізуді ойлағанбыз,  билік орындары рұқсат бермеді.  Осы себепті, кездесу Зүбәйра Мұқашеваның үйінде өтті. Қаладағы №1 орта мектеп директоры Р.Сламбекова жолдасы   У. Аманжолов екеуі бейнетаспаға түсіріп алыпты, енді бұл таспа тарихи жәдігер тәрізді. Зәуреш Махаділдің пәтерінде де желтоқсаншыларға  құрмет көрсету, Желтоқсан құрбандарын еске алу, басқа да шаралар   өткізілді.

«Азат» қозғалысы, «Қазақ тілі» қоғамы, Мұсылман әйелдері лигасының жергілікті бөлімшелері бас біріктіріп, елеулі күшке айналдық, сөйтіп «Славия», «Лад» ұйымдарымен тіресуге жарап, күресуге бел будық. «Азат» қозғалысы облыстық ұйымының жетекші құрамымен   кеңесіп тұрамыз.

Тікелей «Ермак мәселесімен» қатар өзге проблемаларды да  көтердік. Мәселен, жұмыссыз, баспанасыз қазақ жастарын жұмысқа орналастыру (ол кезде өндіріс орындарында қандастарымыздың үлесі мүлде аз еді), пәтерлермен, жатақханалармен қамтамасыз ету, қазақ газеті мен радиосын  ашу, мешіт салу, ономастика, топонимика салаларындағы олқылықтарды түзету,  ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғырту, Семей ядролық сынақ полигонын жабу тәрізді аса өзекті мәселелердің барлығы біздің ортамызда талқыланды.

Балалар панажайы, Қарттар үйі, мүгедектер жағдайларын да назарда ұстап, қайырымдылық акцияларын өткіздік.  Ана мен бала құқы, қазақ жұмысшыларының мүддесі, жер мәселелерін де көтердік. Халықтық тыңдаулар мен мерзімді баспасөз беттерінде  өзекті тақырыптар бойынша пікірталастар ұйымдастырдық. Ауыл тұрғындары мен еңбек ұжымдары арасында «Азат» қозғалысы мен «Желтоқсан» комитеті топтарын құрдық. «Семей-Невада» қозғалысын қолдап, қол жинадық.

Сәбетқазы Ақатай (марқұм), Хасен Қожахметов, Жасарал Қуанышалин, Қизат Досжанов қаламызға бірнеше рет келіп, рухымызды көтерді.  Алматыдағы республикалық іс-шараларға жеке өзім де, жігіттерді бастап та бардым.  «Ермак мәселесі», тіл тағдыры, әскердегі ұландар жағдайы, тағы басқа проблемалар жазылған түрлі құжаттарға мүдделі адамдардың қолдарын қойдырып, Жоғарғы Кеңеске жеткізем. Негізгі мақсат  -  Ермак мүсінін алу, қала атын өзгерту.

Жасарал мен Хасен   Мырзатай Жолдасбеков ағамызбен жолықтырды. Ол кісіге мән-жайды түсіндірдік. Ұлт мақтанышы, абыз ағамыз әңгімелесу барысында ой көкжиегін кеңейтіп тастады. 1992 жылы Қабдырахман Сейілғазин екеумізді Қуаныш Сұлтанов пен Алтынбек Сәрсенбаев (марқұм) қабылдады. Оларға қол қойылған талап хаттар мен деректік материалдар тапсырдық. Әңгіме тақырыбы - сол баяғы, қаламыздың тарихи атауын қайтару. Жоғарғы Кеңеске Павлодар облысынан сайланған депутат жерлестермен кездесіп, талап-тілегімізді айттық. «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясына Шерхан Мұртаза ағаны да іздеп бардым, тек кездестіре алмадым. Журналист Қали Сәрсенбаев Ермак мәселесі жайында көп сұрақтар қойып, қызығушылық танытты.

Жергілікті  «азаттықтар»: кәсіпкерлер Мұрат Ертаев, Мұрат Жүсіпов (Павлодар), Күлзипа Рахметова әпкем мен Қабдырахман Сейілғазин бауырым сияқты азаматтар Алматыға бару-келу шығынымды көтеріп, Атымтайдай жомарттық танытты.

Әрине,  «Азат» қозғалысы қалалық-аудандық бөлімшесі атынан жергілікті билік органдарына да осы мәселелердің шешілуіне оң ықпал етуін сұрап ұсыныс жасап, өтініш түсірдік. Адалын айтсам, Амангелді Меңдібеков, Владимир Шокарев, Мәдениет Омарғалиев тәрізді қала басшылары бізге оң қабақ танытты. Аудан басшысы (кейіннен Ермак аумақтық әкімшілігінің басшысы) Қуат Есімханов «Азат» бөлімшесіне кабинет бөліп, телефон орнатқызды, сонымен қатар «азаттықтарды» қабылдап, пікірлесіп отырды.  Бірде бізді және «Қазақ тілі» қоғамы аудандық бөлімшесінің төрағасы Аманжол Рысақов ағамызды шақырып алып, кеңес құрды.

-Қазақша газетке күш-қарымдарың, білім-біліктерің жете ме, байқайық. Жаңа басылымға қаржы мәселесі келесі жылы шешіліп қалар, оған дейін үгіт-насихат жұмысын жүргізе беріңдер, - деген кеңес берді.

Ол кезде жергілікті «Новый путь» газеті жанынан «Жаңа жол» атты аударма газет ашылған еді.  1991 жылы, 1 қаңтарда училищедегі еңбекақысы мол жақсы қызметімді тастап, аударма газеттің бас аудармашысы ретінде жұмысқа кірістім. Еңбекақым - жүз елу сом (рубль) ғана. Қасымда - ұлтжанды батыл келіншек Қарлығаш Түгелбаева, газеттің жауапты хатшысы - Сәбира Сағынай, үшеуміз де - орыс тілі маманымыз. Аптасына екі рет, отыз екі бет газетті тәржімалаймыз.  Гүлсім Кобзина (зауыттағы үлкен еңбекақысын қиып, бізге келген) материалдарды - машинкада, Сағила Шалғынбаева - линотипте тереді.   Басылымның қазақша аударма нұсқасы шыққанына өзіміз мәзбіз, қазақ оқырмандары да мәз. Кейінірек: «Бізге біреудің сөздерін қайталайтын «тоты»  басылым тиімсіз, қазақтың ұлттық мұңын айтатын дербес газет қажет» - деп, биліктегілерге өтініш айта бердік... «Новый путьтің» редакторы  Л.Николаева әр адымымызды аңдиды. Қарлығаш Түгелбаева екеуміз таңертең жұмыс уақытына дейін жақын маңдағы ауылдарға барып, қазақ газетінің қажеттілігі жайында түсіндірме жұмысын жүргізіп, қолдаушылардың қолын жинаймыз. Сағат тоғызда ештеңе білмегенсіп қызмет орнында отырамыз...

Бір күні Қ.Есімханов тағы шақырып алып, «Жеке қазақ газетін шығару» мәселесі бойынша мәжіліс өткізді, ұйымдастыру тобы құрылды. Барлығы - 13 адам, арасында  мен де бармын. Болашақ басылымның қызметкері ретінде «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») облыстық газетіне тәжірибе алуға жіберілдім.

...Қалада 55 мың халық тұрса, тек 13 мыңы ғана - қазақ, оның жартысынан көбі - орыстілділер. Демек,  қазақ баспасөзіне шөлдеп отырған ауыл адамдарынан қолдау тауып, оқырмандар дайындауымыз керек, сол бағытқа күш жұмсадық. Ақыры, көптен күткен жаңа газетіміз  ашылып, барлығымыздың жас балаша масайрағанымыз-ай!  Бірақ, қуаныштың соңы мен үшін үлкен ренішке айналды,  бұл жөнінде  - сәл кейінірек...

...Сөйтіп, билік және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің өзара түсіністікпен жұмыс істеуінің нәтижесінде алғашқы қазақ балабақшалары, мектептер, «Ақжол» газеті, «Ақсу толқыны» радиосы, мешіт бірінен соң бірі ашылды.  «Ақжолдың» редакторы, тәжірибелі журналист Қайыр Жүнісқали (марқұм)   қарымды қаламымен тіл майданында күреске шықты. «Қазақ тілі» қоғамы қалалық-аудандық ұйымының төрағасы Ілияс Оспанұлы (марқұм)  газет беттерінде  ұлт пен тіл тағдыры жайында мәселе көтеріп отырды.

 

«Атаманның ақыры»...

...Атаман Ермактың мүсінін алып, қала атын өзгертуді «азаттықтар» -  өзіміздің төл ісіміз» - деп түсінсе,  өзге ұлтшыл демократтар да «біздің азаматтық парызымыз» - деп ұғынды. Ескерткіш пен атау мәселелері  «Азат»  қозғалысының, «Қазақ тілі» қоғамының республикалық, облыстық, қалалық, аудандық құрылымдарының  жиналыстарында, сондай-ақ біздің қалалық Кеңес сессияларының күн тәртібінде тұрақты қаралатын болды. Қала әкімдігі мен Кеңестен ескерткішті алып тастауды талап еткен қоғам белсенділерінің пикеттері кейде рұқсатпен, кейде рұқсатсыз бірінен соң, бірі өтіп жатты. Ісімізге «біздің сүйікті милициямыз» араласады. Шындығында, милиция бөлімінің бастығы Т.Жәмеков мырзаның тәртіп сақшылары бізге тек «түсіндіру» шарасын қолданумен шектелді.

...Бір түні белгісіз біреулер Ермактың мүсініне саржалақ сыр құйылған бөтелке лақтырып, үсті-басын алабажақ қылып бүлдіріп кетіпті. Қала - у-шу! Оқиғаға еш қатысымыз жоқ екені өзімізге аян, сонда да бізді тергеді. (Бұл - керекулік патриот жігіттер: Жанат Қоңыров, Ағыбай Жаскенов, Мақсат Ғабдуллин үшеуінің ісі екенін кейін білдік). Орыстілді газеттер оқиғаның бояуын одан бетер қалыңдатып, дүрілдетіп ала жөнелді! Орыс ағайындардың кейбірі бұрқылдап жүр, әсіресе, егде адамдар. Екінші түні коммуналдық шаруашылық мүсінді жап-жасыл түске бояп тастады.

Бір айға жуық тыныштықтан кейін тағы шу көтерілді. Жасыл түсті атаманның кіндігінен төменірек тұсы енді қып-қызыл бояуға  былғанған. Оқиға қалалық Кеңестің VIII сессиясында (26. 12. 1990 ж.) талқыланды. Коммуналдық шаруашылықтың бастығы Роберт Бірімжанов тапсырманы орындаудан  қажыса  керек: «Әбден ескіріп біткен ескерткішті жуып, тазалап, қайта сырлап  отырудан пайда жоқ, біржола алып тастау керек!»,  -  деген ойын дүңк еткізді. Оның айтқаны кейін Қазақстан Суретшілер одағының Павлодар облыстық ұйымының Ермак мүсініне зерттеу жүргізген (17.10.1991 ж.)  сараптау комиссиясының қорытындысымен орайлас келді. Қорытындыда  мүсіннің  техникалық жағдайы қанағаттанғысыз екені көрсетіліп, хаттама толтырылған. Солай бола тұра, патша заманындағы отарлау саясатын қолдаушы кейбір жерлесіміз баспасөз беттерінде атаман ескерткішін «Өнердің ғажайып туындысы» ретінде бағалады.

Майдангер жазушы ағамыз Қалмұқан Исабаев болса, «Ермак түйінін» өзгеше тәсілмен шешкісі келген сияқты, «Атаман Түмен өңірінде қаза тапқан  ғой, ескерткішін сол облысқа сыйға тартайық» - деген идея көтеріпті. Қала басшылары: В.И.Шокарев пен А.О.Меңдібеков бұл тың ойды мақұл көріп, жазушының жанына өздерінің өкілін қосып, Түмен қаласы басшылығына аттандырған.  Бірақ олар: «Атаман Ермактың ескерткіші  өңіріміздегі жүз мыңдаған байырғы  ұлт өкілдерінің ұлттық намысына тиіп, наразылығын тудыруы ықтимал» -  деген уәж айтып, су тегін сыйлықты алудан бас тартыпты.

Ақыры, 1992 жылдың 12 наурызында Ермак қаласы әкімшілігі мен халық депутаттары қалалық кеңесі Ермак мүсінін алып тастау жөнінде бірлескен шешім шығарды, құжатқа қала әкімі В. И. Шокарев пен қалалық Кеңестің төрағасы А.О. Меңдібеков қол қойған. Шешім наурыз айының 12-сінен 13-іне қараған түні  жүзеге асырылды.

Күмпиіп тұрған мүсіннің көлемі үлкен болғанымен, іші қуыс екен, керамзит толтырылып қойылыпты, белуарынан темір арқан байлап кранмен көтере бергенде-ақ бірнеше жерден бытырлап сынып кетіп, ішіндегі күйдірілген ұсақ жеңіл тастар жерге шашылып түскен. Сөйтіп, «Өнердің ғажайып туындысы» деген бағаның шындықпен еш жуыспайтыны бірден анықталып,  түкке жарамсыз ескерткіш қалдықтары күресінге апарылып тасталған.

Атаман Ермак ескерткішінің алынғаны жайында алғашқы ақпаратты ертеңінде Павлодар облысы жұртшылығына радиожурналист, күрескер ақын Арман Қаниев облыстық радионың жаңалықтар хабарынан  өз даусымен оқып берді. (Ол 15 наурызда өткізілген митингіден 40 минуттық радиохабар жасады және кейін «Ермак оқиғалары» туралы мақалалар да жазды). Бұл жөнінде мен облыстық телевизиядан сұхбат беріп, жұртшылықтан сүйінші сұрадым.

Бұл аса қуанышты тарихи оқиға   барлық намысшыл қазақтың рухын асқақтатып, аспандатата түсті! Әйтсе де, сол 13 наурыз кәрі-құртаң казактар мен  «Славия» үшін  қаралы күнге айналған секілді. Облыс халықтары Ассамблеясы төрағасының орынбасары Қанат Дәржұманов аға (марқұм) осындай ахуалдан секем алса керек: «Әзірше Павлодарда бой тасалай тұр, Ермакта біреулер қастандық қылар, қарағым» - деп, маған жанашырлық танытты.  Бірақ, Керекуге бардым да, қайта оралдым.

Ермак ескерткіші алынған соң, екі күннен кейін, 15 наурызда (1992 ж.) «Сәтбек батырға ас беру» рәсімін өткізу деген желеумен митинг ұйымдастыру қажеттілігі туындады. Бұл шараны өткізу  жауапкершілігін  біз өз мойнымызға   жүктедік.  Тиісті органдар рұқсат етерде, Қабдырахман Сейілғазин  - «Азат» Қазақстан азаматтық қозғалысы Ермак қалалық-аудандық бөлімшесінің тең төрағасы; Светлана Қондыкерова -  Азат» Қазақстан азаматтық қозғалысы республикалық үйлестіру Кеңесінің мүшесі; Қанатбек Нәбиев - «Аттан» аудандық халықтық штабының төрағасы  - үшеумізге  жанжал шыққан жағдайда басымызбен жауап беретінімізді ескертті.

Қабдырахман Сейілғазин ұйымдастыру жұмысын басқарды. Зәуреш Махаділ екеуміз митингінің сценарийі мен қарарының жобасын дайындадық.   Жігіттер ұранжазулар әзірледі. Күлзипа Рахметова тәтеміз қыз-келіншектерді жинап,  шелпек, бауырсақ пісіруге кірісті. Астың шығынын өзіміз көтердік. Тәртіп сақтау, басқа жақтан келген «делегацияны» қарсы алу Арыстан Қайдаров (марқұм) пен Қанатбек Нәбиев бастаған Рафаэль Шаихов, Ғұмар Алпысов, Қыдыр Бақраденов, Әділ Сатыбалдиев, Асқар Жүсіпов, Болат Сыздықовқа (марқұм), тағы басқа жігіттерге тапсырылды. Денешынықтыру техникумының студенттері көмекке келді.

«Азат» деген атау жазылған ені бес елідей ақ матаны маңдайына байлап алған Бикеш Дүрманова (марқұм) бастаған Керекудің  қас батырлары: ағайынды Мейрам мен Мақсұт Қалиевтер, Батырбек Сейсенбаев (марқұм), Мұрат Жүсіпов, Жанат Қоңыров, Мақсат Ғабдуллин, Мүтән Күшіков (марқұм), Тілеубек Жүнісов, Айдарғазы Мәкішев, Асыл Ысқақов шараға келіп, айбынымыз асқақтады. «Аттан» республикалық штабының төрағасы Амантай Асылбеков (кейіннен Амантай қажы атанды)  және  «Желтоқсан» көтерілісінің көсемі Хасен Қожахметов бастаған алматылық жігіттер, «Азат», «Семей-Невада» қозғалыстарының,  «Қазақ тілі» қоғамының  белсенділері, ақын, журналисттер: керекулік Арман Қаниев пен  Социал Әйтенов, екібастұздық  Жұмағали Қоғабаев,  баянауылдық Алпысбес Әділханұлы, тағы басқа ұлтшыл демократтар және БАҚ өкілдері келіп жетті.

Абылай ханның ақ туын көтеріп семейліктер, мұсылманның жасыл туын көтеріп ертістіктер жетті, тіпті, Ресейдің Алтай өлкесінен де ұлтжанды азаматтар келді. Жалпы,  қала тұрғындары мен облыстың барлық аудандары өкілдері шараға жиналып, орталық алаң халыққа лық толды. Солармен бірге «Лад» пен «Славия» мүшелері де қатысты.

«Сәтбек батырға ас беру» іс-шарасын Қабдырахман Сейілғазин мен   Светлана Қондыкерова басқарып жүргізді. Облыстың бас имамы  діни рәсімді орындады. Ас беру соңы митингіге ұласты. Алматылық  үлкен ағаларымыз: «Бейбіт өмір, ұлтаралық ынтымақ, азаматтық келісім  тек қазақ халқының есебінен болмауға тиісті, тарихи әділдік орнасын, өз елімізде еркін жүріп, өшкенімізді жандырып, жоғалтқанымыздың орнын толтырғымыз келеді» -  деген жалынды сөздер айтты. Өзге ұлт өкілдері мен өзіміздің көзқамандар атаман мүсінін   алу шарасының саяси, тарихи мән-маңызын ұғынған секілденді. Шәмші мен Жұмекен ағаларымыздың «Менің Қазақстаным» әнін барлығымыз бір дауыспен асқақтата шырқадық (Бұл ән кейін Қазақстан Әнұранына айналды).

Қала әкімі Владимир Шокарев, оның орынбасары Мәдениет Омарғалиев, аудан әкімі Қуат Есімханов, өзге де басшылар бұл шараға еш қатысы жоқ кейіпте жайбарақат жүргенсіді. Шовинистер болса, бұрынғы екпінінен жаңылды. Әйтсе де тістері  қайраулы еді... Абырой болғанда,   митингіміз тыныш аяқталды. Әрине,  жергілікті билік пен милиция органдары шараны ұйымдастыру кезеңінен бастап аяқталғанынша жіті бақылауда ұстады.

Бұдан соң Ермак қаласының атауын өзгерту мәселесі қолға алынды.  Қала басшылығынан, бізден, былайғы жұртшылықтан тағы тыныштық кетті. Әйткенмен, «70 жыл ұйықтадық қой, жетер енді!»  - дейміз ішімізден. Талай өтініш, арыз, талапхаттарға мыңдаған қол қойылып, Алматыға жөнелтіліп отырды. «Азаттың» бүкілреспубликалық іс-шараларына қатыса жүріп, қала атауын өзгерту мәселесін алға жылжыта бердік. Халық қалаулыларын сайлауға жергілікті «Қазақ тілі» қоғамы мен біздің белсене араласуымыздың нәтижесінде «Азаттың» өкілі Әділ Сатыбалдиев облыстық Кеңестің депутаттығына сайланып, бірнеше өкіліміз қалалық Кеңеске өтті.

1992 жылдың 19 наурызында халық депутаттары қалалық Кеңесінің кезектен тыс сессиясында Ермак атауын өзгерту мәселесі қаралды. Қатысып отырған  64 депутаттың 7-еуі ғана қазақ. «Азаттың» облыстық филиалы мен Ермак қалалық-аудандық бөлімшесінің жетекші құрамы қоғамдық бақылаушы сияқты қатысты. «Азат» пен «Аттанның» жігіттері Кеңестің алдында он сағат бойы  пикетте тұрды.

Депутаттар арасында текетірес басталды.   Күйіп тұрған мәселені күн тәртібіне бекітудің өзі бір жарым сағатқа созылып, сессия сегіз сағат бойы жүрді. Кеңес төрағасы Амангелді Оразақұлы Меңдібеков сабырлы мінезі, іскерлігі әрі жоғары кәсіби шеберлігі арқасында  сессиядағы психологиялық ахуалды шеңберден шығармай реттеп отырды!  Алматыдан арнайы келген  «Азат» республикалық қозғалысы төрағасының орынбасары Жасарал Қуанышалиннің  сөзі көпшіліктің сезімін үйіріп алды. Ғалымдар  А.Елагин мен Ә.Абдырахманов «теріс көзқарастағы» депутаттарға  Ермактың нақты кім екенін айқындайтын деректерді алға тартып, «қазақтың ұлттық тарихи санасы», «тарихи әділдік»  деген ұғымдар туралы ғылыми түсінік берді.

Содан, әйтеуір, сессияда Ермак атауын өзгерту, орнына  Беловодск, Глинка, Воскресенск, Қызылшырпы, Достық,  Ақсу   деген атаулардың бірін ұсыну дұрыс деген сөздер айтыла   бастады. Бірақ шешім шығару кейінге қалдырылды, қоғамдық пікірді зерттеу қажет болды.

Ферроқорытпа зауытының директоры С.Донской 1992 жылы 4 сәуірде, қалалық мәдениет сарайында өткен жиында: «Қала атауын жеребе тастау арқылы шешейік,   кімнің ұсынған атауы шықса, сол адамға зауыттан жиһаз сыйға тартамын» -  деді.  Сол сәтте №4 цехтың кәсіподақ қызметкері  Қ.Бақраденов орнынан атып тұрып: «Отан жиһазға сатылмайды!» -   деп, айқайлады. Ду қол шапалақтаудан мәдениет сарайы гуілдеп тұрды.

Біз де уақытты текке өткізбей, өзге ұлт өкілдері ортасында үгіт-насихат  жұмыстарын жүргіздік.

-Соғыста біздің жап-жас жігіттеріміз бен қыздарымызға дейін Ресей, Украина, Беларуссия жерлерінде жанын қиды. Ең қиын әрі ең шешуші шайқаста Мәскеуді қорғаған негізінен қазақстандық әскерлер емес пе? Ал сіздер біздің, қазақтардың тарихи санасын жаңғыртып, мәдениетін өркендетуіне, ақтандақтарын қалпына келтіруіне, ұлттың адамдық биігі мен азаматтық намысы үшін күресуіне неге қарсы боласыздар? Егер Л.Толстой, Н.Чернышевский, В.Белинскийлер  о дүниеден оралып,  мына қылықтарыңызды көрсе, ұялар еді. Олардың ізгілік ізденістерін (нравственные искания) неге құрметтемейсіздер?»  -  деймін. Жігіттерім жанып тұр, төбелеске де дайын...  Бірақ «Қайтсек те, ұлтаралық жанжалға жол бермеуіміз керек. Қай халықтан болса да, қарғыс емес, алғыс алуға тиістіміз»  -   деп, сабырға шақырамын, олар бас изейді.

Бұдан кейін, 3 маусымда  өткен сессияда жұртшылық пікірін зерттеген комиссияның дерек-дәйекке негізделген қорытындысы тыңдалды. Тағы да қалалық Кеңестің алдына «азаттықтар»: «Нет шовинистким проискам Мухиных! Господа Бондарев, Карабан, Костяной, Бузов, Матвиенко! Казахстан  -   без проблем казахов?! Не выйдет!», «Қызылшырпы атауы қайтарылсын!», -  деген ұранжазулар ұстап тұрды.

«Славия» славян мәдениеті қауымдастығы да үнсіз қалған жоқ: «Отстоим г. Ермак!», т.с.с. ұрандар ұстап шықты. Осылайша, жұртшылық Кеңес алдында сеңдей соғылысты.

Алматылық жас ғалым Қизат Досжанов, қалалық Кеңестің депутаты Тамара Зағитова ерекше белсенділік танытып, теріс көзқарастағы депутаттарға тойтарыс берді де отырды.

Ақыры, халық қалаулылары мәселені  «жабық дауыс» беру арқылы шешуге өзара келісті. Сөйтіп,  жеті-сегіз атаудың ішінен Ақсу мен Потанинге тоқталып,  осы екі атауды да Жоғарғы Кеңеске ұсыну туралы шешім қабылдады. Ал онда тек біреуін бекітетіні белгілі.

Григорий Николаевичтің тегі аяқ астынан қалай айтылып қалды? Осыдан сәл бұрын облыс әкімі Асығат Жабағин облыстағы бір отырыста Потанин атауын қолай көретінін білдірген. Әкімдіктің ықпалы ма, кім білсін, әйтеуір, сессияға құрметті қонақ ретінде қатысып отырған жазушы Қалмұқан Исабаев ағамыз кенет Г.Н. Потаниннің мақтауын келістіріп сөйледі де, оның тегі қала атауына лайық деп  қалғаны...   Депутаттар мұны өте  орынды ұсыныс ретінде қабылдап, хаттамаға енгізуді  бірауыздан мақұлдады.

Үзілісте түстенуге шыққан Қалмұқан ағаға бейтаныс ақ жаулықты апа ренішін білдірсе,  Мақсұт Ғабдуллин (Шәкәрім қажы Құдайбердіұлының ұрпағы), Қанатбек Нәбиев бастаған жігіттер жасы үлкен екеніне қарамай оны ортаға алып, ауыр сөздер айта бастады. Бірақ ағаны қала әкімінің орынбасары Мәдениет Омарғалиев өз денесімен қалқалап, топ ортасынан алып шықты. Ағамыз сол кеткеннен мол кетті. Дегенмен, өз өңірімізден шыққан  майдангер жазушы кейін «Қазақ әдебиеті» газетінде:  «Ономастика заңы талабы бойынша кісі есімі қала атауына берілмейді, соны білгендіктен, әдейі Потанинді ауызға алған едім» - деген уәж айтып, біздің жігіттерге кейістік білдіріпті.

...Шовинистер қайта қарсылық шараларын бастады. Ресей казактары әскери киіммен сап түзеп Ақсуға келуді көздепті. Бірақ, казактар сапы қазақ  жеріне аяқ басысымен-ақ қазақстандық қарулы күштер құрылымдары қолма-қол  құрсауға алып, тықсыра қуып отырып шекарадан ары асырып тастаған.

Тәуелсіздіктің бір жылдығын тойлау қарсаңында, 1992 жылғы желтоқсан айының 15-сі күні белгісіз біреулер атаман Ермактың бос қалған тұғырының үстіне биіктігі кісі бойындай қара крест орнатып кетті. Кейін анықталғанындай, крест ферроқорытпа зауытында құйылып, бір автобазаның боксында өңделіп, дайындалған. Крест тұғырға тұрғызылған сәтте он екі түрлі көріністе  фототүсірілім жасауға Сібір казачествосы тарапынан тапсырма берілген. Осы акцияға арнайы 500.000 рубль бөлініпті. Бірақ аттан штабының төрағасы Қанатбек Набиев  қырағылық танытып, әкімдікке хабарлаған. Тиісті кәсіпорын қызметкерлері 26 минут ішінде әлгі белгіні алып тастады, тапсырманы орындаушы фотограф қолға түсті.

Тайталас жалғаса берді. Түнгі уақытта бос тұғырда ірі әріптермен  «Живи, Ермак!» -  деген  жазу пайда болады... Екінші күні әлгі жазудың  жанына «...На свалке города Қызылшырпы!», -  деген сөздер жазылып қалады...

Тәуелсіздіктің бір жылдығында крест орнату оқиғасы туралы республикалық, облыстық газеттерге «Халық намысына тиіспес болар» деген мақала жарияладым. Алматыға, Жоғарғы Кеңеске барып, ұлтжанды депутаттарға жарияланымның көшірмесі мен крестің суретін көбейтіп, таратып бердім. «Мынау - не деген масқара?!» -   деп, олар намысқа мінді. Ақыры, тұғырдың жанынан терең ор қазылып, алып бетон соған құлатылды да, үсті қалың топырақпен көміліп тасталды.  Осылайша, тұғырмен бірге атаман Ермакқа байланысты тартыс та жерленіп, ұлтаралық ынтымақ, халықтар достығы нығая түсті. Сөйтіп, Ермактан Ақсуға дейінгі ауыр жол аяқталды...

Бүгінгі кезде қаламыздың кіре беріс осы жерінде металл құрылғылары арқылы көкке  көтерілген аппақ шаңырақ бейнеленген, басында - барыс кескіні орнатылған, ал уықтар мен керегелердің арасынан қазақы ою түріндегі жарық көздері сәуле шашып, қараңғы кезде айналасына көрік беріп тұрады. Күндіз маңайындағы гүлзардың көркемдігі көз сүйсіндіріп, хош исінен көкірегің ашылады.   Жас жұбайлар, мектеп бітірушілер, қала қонақтарының  естелік суретке түсетін орнына айналған  осы тұста біздің жігерлі жастық шағымыз да гүлдеп тұрғандай...

 

Арандату мен алалау және қамқорлық  пен қолдау

Ашық тартыс аяқталды да,  идеологиялық шиеленіс жалғаса берді. Біреулер кінәлілерді іздеді, екіншілері сол «кінәлілерді»  сұқ саусағымен нұсқап көрсетті...

«Казахстанская правда» газетінде қала басшылығын негізсіз жазғырған «Кто стоит за вами, земляки?» атты мақала басылды (26.03.1992), Ермак ферроқорытпа зауытының «Металлург» газеті «Ермак тақырыбында» аса белсенділік танытты. Зауыттың коммерция бойынша директоры Юрий Мухин әлгі басылымның бетінде Владимир Шокарев пен  Амангелді Меңдібековтің ар-намысын қорлауға дейін  барды. Қалалық сот істі қарап, Ю. Мухин мырза мен газет редакторы Н. Алегина ханым өздерінің заңға қайшы әрекеттері үшін сол басылымның бетінде қала басшыларынан кешірім сұрауын және әрқайсы 5 мың сомнан айып төлеуін міндеттейтін шешім шығарды.

Жергілікті «Новый путь» газеті біздің іс-әрекетімізге  қарсы жауыққан, өшпенділік сезіміне толы жарияланымдарға орын берді. Сондай бір мақалада: «Сен, Қондыкерова Светлана, Ресейден Қазақстанға келдің де, достығымызға іріткі салдың, халықты жікке бөлдің. Мүмкін, қаланың атауын өзгертуге екі миллион теңге ақша тауып берерсің...   Әйтпесе, өз атыңды қазақшалап  алғаның  дұрыс болар немесе 24 сағаттың ішінде қаладан табаныңды жалтыратқаның жөн шығар...», -  деген  сыңайда ойлар айтылған. Шовинистер онымен тынбай, славян текті  үш бұзық жігітті соңыма салыпты. Тосыннан кездескен   әлгілерден қашып бара жатқанымда сүрініп құлап,  қатты жараландым, аяғымның қоң еті жалбырап қалды.

...Митинг өткізген күні, кешқұрым Қабдырахман Сейілғазин, Ғаллам Шаббанов және мені жеңіл ақ машина қағып өтті. Мен бір шетке мұрттай ұштым, пальтомның құндыз жағасы жыртылған, үстім  - қан-қан. Қабдырахман капоттың  үстіне етпетінен түсіп, саусақтары  іліккен жерден мықтап ұстап алды, оның қолын ішіндегі үш кісі ұрғылап отырып жерге құлатты да,  жылдамдығын арттырып кете барды. Ғаллам - дін аман, тек тұрған орнында қимылдай алмай,  қатып қалыпты («нервный ступор»).  Әйткенмен, «Азат» республикалық қозғалысы штабына шұғыл жеделхат жіберу қажеттілігіне байланысты жуынуға мұршамыз болмай поштаға бардық, телеграфта істейтін Зура тәтеміз түрімізді көріп шошып кетті. Ал  ана үш бұзақыны біздің жігіттер көп ұзатпай қолға түсіріп, милиция бөліміне тапсырды. Кейін білдік: біреуі қалалық МАИ  басшысының - жиені, екеуі - зауыт белсенділерінің серкесі мен еркесі екен. Сондықтан ба, үшеуіне қандай да бір жауапкершілік жүктелген жоқ...

Шағын қала халқы  түрімді жақсы танып алған. Өзге ұлт өкілдері де жадында сақтап қалыпты. Кешкілікте аялдамада тұрғанымда  автобус жүргізушісі мені көре сала есікті тарс жауып, орнынан жылдам қозғалып кетеді. Үйімнің сыртқы есігіне екі рет өрт салынды. Тағы бірде, қышқыл құйылған сауыт дәл қасымда жарылды. Кері ырғып үлгердім, асфальт беті  қышқылдың уытынан аппақ болып кетті. Осындай оқиғалардан кейін Арыстан Қайдаров (марқұм), Рафаэль Шаихов, Қанатбек Нәбиев сияқты азаматтар мені сыртымнан бақылап, қорғаушыма айналды.

...Енді жоғарыда кейінірек айтуды жөн көрген жайтқа тоқталайын. Өзім ашылуын соншалық тілеп, белсенділікпен атсалысқан «Ақжол» газеті редакциясына мені қызметке алмады, сөйтіп  мен «Кемеден сыртқа лақтырылып», тағдыр толқынында бір батып, бір шығып жүрдім.  (Қарлығаш Түгелбаеваны он күн істетті де, еңбек кітапшасын қолына ұстатып қоя берді). Сөйтіп, жеке проблемалар қыспағына түскен менің сергелдең өмірім басталды. Қоғам да - экономикалық қиыншылық  құрсауында, азық-түлік пен тауар талонмен босатылады. Ал  жұмыс жоқ, үй жоқ, күй жоқ, не аурудың, не саудың тізімінде жоқ мен секілді жұмыссыздарға  талон берілмейді. №19 училищенің жатақханасында жалдап  тұрған бөлмемнің айлық төлемақысын төлей алмайтын күйге түстім, сол себепті  одан шығуым талап етілді.  Аш құрсақ әрі сырқат, оның үстіне қолы қысқа әйел адам үшін бұл - ауыр соққы еді.   Кей кезде әлсіздік пен ауру салдарынан көзім қарауытып, басым айналады, құлап түспес үшін, бүк түсіп отыра қалып, әл жинауға тырысам. Жанашыр туыстарым  - алыста, мұнда өзіме ағайын тұтқан  адамдар теріс айналып кетті...

Әйтеуір, атасына рахмет, мұрат-мүддеміз бір, идеялас жігіттер қол ұшын созды, өз келіншектеріне айтпай, талондарынан бөліп береді. Қуанышым қойныма сыймай шамам жеткенше жүгіре басып дүкенге барамын, амал не,  мен келгенде азық-түлік «таусылып қалады»... Осылайша, 1991 жылдан  1994 жылға дейін жұмыссыз жүрдім. Жоғары білімді маман ретінде қызметке қабылдауын сұрап өтініш жазған  мекемелерге мен туралы түрлі сыпсың сөздер мен арыз-шағымдар іле жететін көрінеді. (Бұл туралы кейін білдім). Бірақ өзгелер мені «қара қарғалардың арасындағы ақ қарға» сияқты көрсе де, менің өзімді де, сол кездегі ауыр халымды да ел ағалары: Амангелді Меңдібеков, Владимир Шокарев, Мәдениет Омарғалиев, Қуат Есімханов жақсы білетін. Әйтсе де, қандай да бір себеппен менің жұмыссыздық проблемамды шешуге олардың құзіреттері жетпеді...  Өзім үміттенген «Қазақ тілі» қоғамы да жәрдем ете алмады. «Азаттың» белсенділері болса: «Сотқа жүгініңіз!» - деп, кесіп айтты, бірақ, мақұл көрмедім. Ұлт мүддесі үшін отқа түсуге тиісті қазақтар бір-бірімен сотта тартысып жатса, дұшпан таба қылады ғой...

Сол  қиын кезеңде Қарлығаш пен Қанат Түгелбаевтар, Зүбәйра Мұқашева, Күлзипа Рахметова, Зәуреш Махаділ, Арыстан Қайдаров (марқұм), Қабдырахман Сейілғазин секілді  үзеңгілес серіктерім жанашыр  туыстарыма айналды, менің азық-түлік проблемам аздап шешілді. Облыс халықтары Ассамблеясы төрағасының орынбасары  Қ. Дәржұманов (марқұм), облыстық мұсылман әйелдері лигасының төрайымы  З. Қожахметова, аудан,  қала әкімдіктері қызметкерлері  Б.Сүлейменова, Л.Демесінова, Л.Нұрғожина, Р.Иманғалиева, Қ. Байысов,  ауданның ауыл шаруашылығы саласының маманы  О.Бейсенбаева, облыстың белгілі журналистері  Ж. Бижанов пен Ғ. Балтабай жаутаңкөз, қамкөңіл шағымда маған рухани қолдау көрсетіп, жігер берді. Қазақтың жанашыры Асылы Осман әпкем мен қоғам қайраткері Айсұлу Қадырбаеваға айтар алғысым зор.

Бабалары кеңпейілдік пен кешірімшілдікке  үндеген дархан халықтың қызымын ғой, өзіме дұшпан көзбен қараған қандастарыма кек сақтай алмадым. «Бәріміз -  бір үйдің баласы, бір қолдың саласы» сияқты емеспіз бе?», -  деген ойға жығылып және сол оймен белімді бекем буып, аяғыма қайта тұрдым, табанымды нық бастым. Мақсат-мүддесі  әділ, ісі адал қоғам белсенділері тағдыр  соққысынан кейін есін жинай алмай,  еңсесі езіліп кетсе, оларды кім үлгі-өнеге тұтады?..  Соны ұғынғандығымнан шығар, қиыншылықта жасып қалмай, керісінше ширай түсіп, шыныққан екенмін.  Тың, соны  істерді қолға алып,  «Жаңа қолданыстар» сөздігін және ГРЭС, ферроқорытпа зауыты, өзге де кәсіпорындардағы жұмысшылардың жалпы саны, ұлттық құрамы, басшылық қызметтегілер саны, оның ішіндегі қазақтардың пайыздық үлесі, т.с.с. мәліметтерді жинақтап, статистикалық деректеме -  «Деректер банкін» жасадым. 1994 жылы, қалалық әкімдікке, тіл бөлімін басқаруға қызметке тұрдым, жағдайым оңала бастады.

Әйтсе де, жүрегімді оң қолыммен басып тұрып ақиқатын айтайын:  маған бәрінен қадірлісі де, мақтан етерім де - «Азат» Қазақстан азаматтық қозғалысында және «Қазақ тілі» қоғамында ұлт мүддесінің жүзеге асуы үшін тамшыдай болса да қосқан үлесім. Кезінде  тәуелсіздігіміз  бен егемендігіміз үшін күрескен  «Желтоқсан» ұйымдары, «Азат», «Невада-Семей» қозғалыстары жайында Елбасының өзі толымды  пікір білдіргені және «Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары» атанған қоғамдық бірлестіктердің  қызметі орта мектептің тарих пәні оқулықтарында жазылғаны мен үшін - зор мақтаныш!

Қазір құрметті демалыстамын, бейнетімнің зейнетін көрудемін. Бірақ зейнеткер атанып, үйде отырып қалған жоқпын. «Ұлт тағдыры» республикалық қозғалысының Павлодар облысы бойынша үйлестірушісі, «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымы Басқармасының мүшесі ретінде келелі мәселелерге араласып, елдің ортасында жүретінімді де мақтан тұтамын!

Тек, бір өкініштісі, «азаттықтардың» аумалы-төкпелі шақтарда ерлікке пара-пар  тегеурінді іс-әрекеттерін кеңестік кезеңде шен тағып, шекпен жамылғандардың кейбірі енді көзге ілмей, игілікті істердің барлығын тек өздеріне телуде. Кісіліктен аттап кету жақсы емес,  біз соны біле тұра кішілік танытудамыз... Сол кезеңнің шынайы қаһармандарының көпшілігі өз араңда жүр, ағайындар!.. (Өмірден өткен үзеңгілес серіктеріміздің жандары жаннатта болғай!)  Атамыз қазақ: «Қызмет ет те, міндет қыл» демей ме? Еңбектің еленгені,  әділ бағасы берілгені дұрыс қой.

Рас, біздер біраз жасқа келіп қалдық, өзгеге өкпе артып, біреуге реніш айтар жас емес бұл. Еңсесі биік еліміздің амандығын, егемендігіміздің  баяндылығын Жаратқан Иемізден жалбарынып отырып тілейтін   жасқа жеттік.  Ал біздің өмірбаянымыз өткен шақпен және бүгінгі кезбен шектелмесе керек, еліміздің тарихындағы ақтаңдақтар ашылып,  ерлеріміздің тағдырындағы көмескі тұстар айқындалатын болашағымыз әлі алда ғой...

 

Сөз соңы немесе сұрақтар жауап тілейді

 

Дәл қажет кезінде өзім бастарын қосып, біріктірген азаматтардың қазір маған қоятын сұрақтары аз емес.

-Қаламыздың 40, 45, 50 жылдықтарына арнайы шығарылған мерейтойлық буклеттер мен кітаптарға «Азат» қозғалысы» деген екі ауыз сөздің енбеуіне не себеп?

-Ақсудың   5, 10, 15, 20 жылдықтары неге аталып өтілмеді? Кезінде бүкіл ел болып, зорға дегенде ашқызған ақжолтай газетіміз  «Ақжолдың» 20 жылдығы неге ескерусіз қалды?

- Егемендіктің алғашқы күрделі кезеңінде  ашылуына өзіміз үлес қосқан тұңғыш қазақ сыныптары, мектептер, балабақшалар, мәдени орталықтардың атаулы күндерінде біз неліктен назардан тыс қаламыз? Жас ұрпақтың санасы - отансүйгіштік сезімге, идеология  ұлттық патриоттық тәрбиеге сусап тұрған қазіргі кезеңде осы тақырыптағы жиын, форумдарға біз неге шақырылмаймыз?

- Бір жиында 13 адам Ақсу қаласының «Құрметті азаматы» атағымен марапатталса да, бұл атақтың біздің бір өкілімізге де бұйырмауы қалай? Өзге де марапаттаулар тізімінде тегіміз жоқ, салтанатты жиындар қонақтарының құрамында  өзіміз жоқпыз, неге? Қаламыздың 50 жылдығында мерейтойлық төсбелгілер  «ақ жағалылар» мен «ағасы жақсыларға» қос-қостан таратылған деседі, ал бізге  шақыру қағазы да берілмеді, себебі не?

- Әлде азаматтық және демократиялық қоғам орнату жолындағы заманауи қазақстандық қоғамның бір тетігі болып отырған  біздің жергілікті билік ұлтшыл демократтар мен қоғам белсенділерін баяғы отаршыл Ақ патша мен Қызыл империялар дәуіріндегідей  қоғамның өгей балалары санай ма екен?..

Бұл сауалдарға мен жауап бере алмаймын, құзіретім жетпейді, қала басшылығы болмаса...

Светлана ҚОНДЫКЕРОВА,

Ақсу қаласы,

Павлодар облысы.

Abai.kz

0 пікір