Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3584 0 пікір 28 Мамыр, 2023 сағат 14:20

Психолог: "Ажырасу - отбасындағы бүкіл проблеманы шешпейді"

Сурет: ғаламтордан

Елімізде ажырасу дерегі жоғары. Сарапшылардың айтуынша, жылына орта есеппен 140 мың шаңырақ құрылып, оның 50 мыңы ажырасып кетеді екен. Ажырасу үлесі жалпы тіркелген неке санының 34,4%-ын құрап отыр. Мұның себебі неде? Ажырасудың алдын-алу үшін үйлі болуға бет бұрған жұптар не істеуі керек? Және басқа да сұрақтардың жауабын алу үшін психолог маман Гүлжан Амангельдиновамен сұхбаттасып көрдік.

Отбасылық өмірге қандай дайындықпен бару керек?

– Отбасын құрар алдында әр адам психологиялық консультациядан өтсе, кем дегенде 20 консультация алып, сол жерде «неге осы адамды таңдап отырмын, неге дәл қазір тұрмысқа шыққым келеді/үйленгім келеді, мен оның отбасын білем бе, мен оның кемшіліктерін қабылдаймын ба әлде тек жақсы жағын ғана көргім келе ме» деген сұрақтардың жауабын тапса, бұл отбасылық өмірге дайындықтың басы дер едім. Егер адам өз сезімдерін түсінетін болса, басқаның да сезімдерін түсіне алады, қолдай алады, сөйлесе алады деген сөз.

Менің практикамда бар жоғы 7, 8 жұп үйленер алдында консультация алуға келді. Соның бесеуі ары қарай отбасын құруға бармады. Бір жылдан кейін «біз өзімізбен жұмыс істедік, енді тағы бір рет отбасы құруға дайындығымызды тексергіміз келеді» деп келген жұп болды. Менің ойымша, бұл жақсы нәрсе. Ажырасу саны азаяды, жаралы жандар азаяды. Бір-бірін жете түсінбей отбасын құрып, кейін балалы болып ажырасса, ол балаға психологиялық соққы әкеледі. Отбасының құлдырауынан сақтап қалатын көмектің біреуі осы болар. Екіншіден, қаржылай дайын болуы керек. Қазіргі заманда матариалдық жағдай көп нәрсеге ұйытқы болады. Отбасын сақтап қалуға, бақытты, жеңіл өмір сүруге көмек береді.

Тағы да айта кететін нәрсе. Қазіргі күні әлеуметтік желілерде блогерлердің «сен өз өміріңнің қожасысың», «сен патшайымсың», «сен патшасың», «өзің ең бірінші орында тұруың керек» деген сияқты месседждерді береді. Оның бәрі, әрине, дұрыс. Бірақ адам оны түсінеді? Мәселе осыда. Менің айтқаным ғана болуы керек деп түсінетіндер бар. Бұл қиын жағдай. Ондай жұптардың бәрі ажырасып кетеді демеймін. Ажыраспайтын жұптар да баар. Өйткені олар психологиялық тұрғыдан бір-біріне сәйкес келіп бірге өмір сүріп кетуі мүмкін. Бірақ қазіргі жағдайда қарайтын болсақ, жұптар көбіне ажырасып кетіп жатыр. Себебі қазір әлеуметтік ұят деген нәрсе қоғамда аздау, сондықтан ажырасу бұрынғы кезге қарағанда оңайырақ.

Әрине, сосын әр жастың туып-өскен отбасы дайын болу керек. Бізде енді үйленген соң жұбайлар жалғыз тұрмайды, үлкен отбасында тұрып жатады. Сондықтан келін алған отбасы да, күйеу бала келген отбасыда бірін-бірі ұғына алуы керек. Жас жұбайларды қолдап, көмек көрсетіп жүруі керек. Екі жастың ортасына түспей, керісінше тату болуына жағдай жасауы қажет.

Мысалы, үйленбей тұрғанда екі жастың ой-пікірі, көзқарасы сәйкес сияқты болып, кейін шаңырақ көтерген соң көзқарасы екіге айырылып жатады. Жанжал туады. Соның себебі неден?

– Ең бірінші біз ғашық боламыз. Жүрегіміз елжірейді. Ол адамсыз өмір сүре алмайтындай, қайта-қайта көргіміз, кездескіміз келіп тұрады. Кейде қызғаныш сезімі туады.  Ғашықтар сол уақытта үйленіп кетіп жатады. Бірақ отбасы болғаннан кейін таңдаған жұбының кемшіліктерін байқап, оны қабылдай алмай жатады. Ал енді, көзқарастар сәйкес келді дейік. Үйленіп, балалы-шағалы болғаннан кейін де қиындықтар, жанжалдар туындайды. Неліктен? Адам өзгереді, дамиды. Заманға сай, технологиялық ақпараттарға сай көзқарастар қайшылығы туындайды. Оның үстіне әр 3-4 жыл сайын отбасында дағдарыс болады. Сондықтан отбасын міндетті түрде жаңалап тұру керек деп айтамыз. Ол үшін ұмытылып кеткен сезімдерді жаңалап тұру керек. Мүмкін отбасылық өмірге романтиканы қайта әкелу керек шығар. Көзқарас неден өзгереді? Жұбайлардың біреуі алға басып,  дамиды. Екіншісі, мысалы, үйде отырып қалуы мүмкін. Сол кезде бірі екіншісін құнсыздандыра бастайды. Бұл жерде де конфликттер пайда болады.

Екі адамның жұп құрып, бір шаңырақтың астында үйлесімді өмір сүруі – үлкен жұмыс.  Көбісі «мен үйлендім, болды, жұмыс осымен бітті» деп ойлайды. Бұл қате ой. Сондықтан екі жақ та отбасындағы бірлікті сақтау үшін күш салу керек.

Отбасын құруға үлкен жауапкершілікпен келу керек екені белгілі. Оған ата-ананың берген тәрбиесінің мәні зор. Баланы азамат етіп тәрбиелеуде ата-аналар қандай қателіктерге жол береді?

–Отбасы балаға қандай модель берсе, бала соны бойына сіңіреді. Егер бала өсе келе «мен отбасымда көрген қателікті жібермеймін» десе, онда басқаша отбасын құра алады. Отбасында ата-ананың жіберетін қателіктерінің бірі – баланың сезімдерін түсінбеу, махаббатты көрсетпеу, әкенің не шешенің эмоционалды түрде суық болуы. Балаға балаға шек қоя да, рұқсат бере де алу керек. Бір шектен екінші шекке кетпеу керек. Баланы қыз, ұл деп бөлмеу керек, оған бала деп қарау керек.

Мысалы жиі кездесетін жайттардың бірі – бірнеше қыздан кейін туған ұлды шектен тыс еркелетіп жібереді. Қыздарды тым қатты ұстайды. Әкесінің «түф, тағы қыз ба?!» дегені баланың өзін керексіз сезінуіне алып келеді. Бала өзін керекті сезініп өсуі керек. Өзін жақсы көретін адамдардың бар екенін білуі керек. Әке шешенің мақсаты – өз-өзіне жауап бере алатын, тәуелсіз баланы өсіру. Тәуелсіз болу деген ол біреуді басыну, қарсы сөйлеу емес, ол өзінің сезімдерін түсінетін, кез-келген адамның сөзіне еріп кетпейтін, өзіне не керегін білетін адам.

Сондықтан да ата-ана баланы инфантильді етіп өсірмеу керек,  гипер қорғаштау  деген болмау керек. Бізде баланы тым қатты қорғаштау, не тым қатал ұстау бар. Бір шектен екінші шекке кету бар. Әрдайым баланс ұстау керек. Әке-шеше балаға сыйластықтың қандай болатынын көрсету керек. Конфликтке келген кезде, ұрыс, айғай, балағаттау, төбелесу, ұрып-соғу арқылы емес, жай ғана отырып, сөйлесіп шешсе, баланың миында сол сақталады. Баламен де конфликт болған кезде, оны да сабырмен, ақылмен шешу керек.

Бала байқамай ыдысты қолынан түсіріп алды, теледидарды сындырды, шкафты құлатты дейік, ондай кезде барып дүрсе қоюға боламайды, бірінші баладан  сұрау керек «Қорқып қалмадың ба? Амансың ба?» деп. Баланың құнды екенін сезіндіру керек. «Абайламадың ба, ендігі кезде байқа» деңіз. Бала түсінеді. Техниканың, заттың қасында баланың бірінші орында екенін көрсету керек. Осылай біз тәуелсіз, психологиялық сау адамды тәрбиелеп, қатарға қосамыз. Қызды да, ұлды да сыйлау арқылы өсірсек, ол балалар азамат болғанда өз отбасын дәл солай құрады.

Бізге консультация келетін адамдардың қиындығы: эмоциясын шығара алмау, ішкі ренішін айта алмау. Ренішті айтпағаннан кейін тарс еткізіп бастан бір қояды  немесе алдындағы дастарханды аударып жібереді. Әйел болсын, ер кісі болсын. Оны көрген бала да сондай агрессор не болмаса өзін құрбан рөлінде ұстайтын адам боп өседі.

Ажырасу бала психологиясына, мінезін-құлқына  қалай әсер етеді?

– Әрине, балаларға үлкен әсерін береді. Өйткені екі жақсы көретін, үйреншікті адамдары екі жаққа кетіп жатады. Ол өзін тастанды сезініп, енді осымен бәрі бітті деген ойға келуі мүмкін. Кейбіреулер керісінше мойындамайды. «Ештеңе болып жатқан жоқ, маған бәрібір» деген сияқты ішкі сезімдеріне үңілмейді, ашуланады. Кейбір балалар депрессияға түседі, ал енді біреулері ата-анасын жарастыруға бар күшін салады. Кім кінәлі деген сұраққа жауап тапқысы келеді. Ең қиыны, екі жақсы көретін адамының біреуін таңдау. Сол жерде ол қатты қиналады. Одан кейін бала регрессияға түсуі мүмкін. Регрессия дегеніміз, мысалы, баланың жасы 13-те болса да, 6-7 жасар баланың іс-әрекетін жасайды.

Баланың жасына байланысты әркімдікі әр түрлі өтуі мүмкін. Мәселен, регрессия бақшаға баратын жастағы балаларда жиі кездеседі. Ажырасқаннан кейін, төсекке кіші дәретін жіберіп қоюды шығаруы мүмкін. Саусағын сорады. Ажырасу болғанға дейін әке-шешесінен бөлек бөлмеде ұйықтап жүрген бала, ата-анасының жанында жатқысы келеді. Яғни, өзінің жасына сай емес, өзінен бірнеше жас кіші баланың қылығын жасайды. Өйткені бала конфликтті көтере алмайды. Ішкі сезімін бөлісе алмайды. Әке-шешесi не болған түсіндірмейді. Түсіндірген өзінде балаға оны қабылдау өте қиын болады.

Мектепке баратын болса, сабағын оқығысы келмейді. Буллингке де осы кезде ұшырап қалып жатады. Кейбір жасөспірімдер жаман жолға түсіп кетуі мүмкін. Ішімдікке, темекіге салынып кету, нашар ортаға тап болу деген сияқты. Бірақ әр бала және әр отбасы әртүрлі болғандықтан оның эффектілері де әр түрлі болады. Ол жерде отбасы бұл мәселені қалай алып шығады? Олар жанжалмен ажырасып жатыр ма, әлде бір-бірін сыйлап, тыныш ажырасып жатыр ма? Бұл факторлардың бәрі балаға қатты әсер етеді. Тіпті бала «мен бәрін түсінемін, бәрі дұрыс» дегеннің өзінде балада ішкі стресс болады. Әсіресе кішкентай балалар қатты ойлайды. «Ата-анам менің қателіктерім үшін ұрсысып, менің қателіктерім үшін ажырасып жатыр. Мен жаманмын» деген ой, сезім ішінде қалып қояды. Бұл баланың өмірді қабылдау призмасына байланысты. Мысалы, бала ойнап жүріп та әкесінің жейдесін бүлдіріп қойды. Бір-екі күннен кейін, әке-шешесі жанжалдасып, ажырасатын болып шешім қабылдайды. Бітті. Бала «ұрыстың бәрі сол көйлектен басталды» ойлайды.

Отбасындағы ұрыс-керістен әбден шаршаған адамдар ажырасуға бел байлап жатады. Бірақ ажырасу отбасылық мәселелерді шешеді деп айта аламыз ба?

– Ажырасу – конфликтті шешудің бір тәсілі ғана. Ажырасу арқылы отбасына қатысты бүкіл мәселе шешіліп кетпейді. Әр адам өзінің ішкі жан дүниесін түсінбей ажырасып кетіп жатса, тура сол қателікке қайта-қайта келеді. Неліктен? Кейбір адамдар 6-5 реттен үйленіп/тұрмысқа шығады. Бірақ тұрақтай алмайды. Бір сценарий қайталана береді. Өйткені ол адам өзімен жұмыс істеген жоқ. Оның балалық шағынан алып келе жатқан әдет-ғұрыптары бар, сезімдері бар. Ішкі жан-дүниесіндегі мәселені шешпейінше, бір оқиғаға қайта-қайта келе береді. Ажырасу, иә, конфликтті шешудің құралы дедік. Кейбір адамдар бір-бірін танымай үйленіп, кейін мүлде екі түрлі көзқарастағы адам екендерін ұғып, ажырасады. Кейін екінші рет отбасын құрғанда гүлденіп, бақытты өмір сүріп кетеді. Яғни ол адам өзіне сай партнерды тапқан. Психологиялық үйлесімділік бар. Бір-біріне қолдау бере алады, түсінеді, қиындыққа бірге мойымай шыдайды. Сонда ол отбасы гүл сияқты құлпырып, өркендейді.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1457
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1307
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1061
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1110