Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3161 0 пікір 20 Мамыр, 2013 сағат 07:44

Асан Омаров. «Бұл күндегі діндердің бәрі нашар»

Дәстүрлі емес діни ағымдар қазақ жерінде 1990 жылдары пайда болды. Қазіргі таңда олар қалың жұртшылықты алаңдатқан әлеуметтік жәйттің біріне айналып отыр. Өйткені, өмір айдынына енді ғана шыққан жас өскіндер арасында бөтен діннің шырмауына оралып, адасып жүргендер баршылық. Әсілі, бұл таң қаларлық құбылыс емес, өмірдегі түзу жолы мен қоғамдағы өз орнын табуға ұмтылу әрбір жаңа толқын ұрпақтың сыбағасы. Ғұлама Абай: «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та бар қалан» деп білмесе айта ма. Бірақ қаланатын кетікті кәне тауып көр, мына күрделі заманда. Дәстүрсіз діндерден төнетін рухани қатер де осы арада.

Сырқаттанған адамның дерті неғұрлым ертерек анықталса, оны емдеу  соғұрлым жеңіл. Діни ілім негіздерін халыққа дұрыс түсіндіріп, «шыны анау, жалғаны мынау» деп дәлді «диагнозын» қоя білу де сол сияқты. Төменде көпшілік қауым назарына Қазақстан үшін дәстүрсіз діндердің ерекшелігі неде, олардың ортақ сипаттары қайсы деген тақырыпты ұсынып отырмыз. Ондағы мақсат, бір жағынан, халықтың діни сауатын көтеру, екінші жағынан, жат пиғылды ағымдардан сақтандыру.

Жаратушы Құдіреттің адамзатты ақыл, әділет және мейірім иесі қылып жаратқан. Дінді дұрыс түсіну, осы үш сипатты терең танып-білуге тәуелді.  Сенсеңіз, олардың шеңберіне Алла тағаланың адамзатқа салған жолы, өмірді қалай сүру керектігі жайлы жіберген нұсқаулары түгел сияды.

Дәстүрлі емес діни ағымдар қазақ жерінде 1990 жылдары пайда болды. Қазіргі таңда олар қалың жұртшылықты алаңдатқан әлеуметтік жәйттің біріне айналып отыр. Өйткені, өмір айдынына енді ғана шыққан жас өскіндер арасында бөтен діннің шырмауына оралып, адасып жүргендер баршылық. Әсілі, бұл таң қаларлық құбылыс емес, өмірдегі түзу жолы мен қоғамдағы өз орнын табуға ұмтылу әрбір жаңа толқын ұрпақтың сыбағасы. Ғұлама Абай: «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та бар қалан» деп білмесе айта ма. Бірақ қаланатын кетікті кәне тауып көр, мына күрделі заманда. Дәстүрсіз діндерден төнетін рухани қатер де осы арада.

Сырқаттанған адамның дерті неғұрлым ертерек анықталса, оны емдеу  соғұрлым жеңіл. Діни ілім негіздерін халыққа дұрыс түсіндіріп, «шыны анау, жалғаны мынау» деп дәлді «диагнозын» қоя білу де сол сияқты. Төменде көпшілік қауым назарына Қазақстан үшін дәстүрсіз діндердің ерекшелігі неде, олардың ортақ сипаттары қайсы деген тақырыпты ұсынып отырмыз. Ондағы мақсат, бір жағынан, халықтың діни сауатын көтеру, екінші жағынан, жат пиғылды ағымдардан сақтандыру.

Жаратушы Құдіреттің адамзатты ақыл, әділет және мейірім иесі қылып жаратқан. Дінді дұрыс түсіну, осы үш сипатты терең танып-білуге тәуелді.  Сенсеңіз, олардың шеңберіне Алла тағаланың адамзатқа салған жолы, өмірді қалай сүру керектігі жайлы жіберген нұсқаулары түгел сияды.

Әуелінде әділет пен мейірімге тоқталайық. Имандылықтың шарты, ол ол ма, адамшылықтың барлық асыл  мұраттары осы қос феномен сезімнен туады. Мәселен, «дін тазасы» дейтініміз әділет, мейірім сезімдерден бөлек ештеңе де емес. Бұл екеуі діндарлықтың да басты белгісі. Сондықтан әлем ой алыптары әділет пен мейірімді барлық діндерге ортақ ішкі мазмұн ретінде қарастырады. Ал, ғибадат рәсімдері айтылмыш мазмұнның сыртқы сауыты.

Осынау ақиқат түсінікті болуы үшін мынадай суретті көзге елестетелік. Шөл далада кәусәр бұлаққа тап болған жолаушы онан шөлін қандырады әрі ыдысына құйып алады. Бірақ бір жолаушы ыдысының сыйымдылығы, сыртқы формасы екінші адамдікіне ұқсас болмайды. Шексіз сан алуандық. Міне, Құдайдың мейірім, ғәделет жайлы бұйрығы мәңгі әрі баршаға ортақ, ал бірақ сол бұйрықты ұлт-ұлыстарға жеткізетін, сақтайтын діннің неше мың түрлі болатыны осы жәйтпен өз түсінігін табады.  «Құдай тәбарака уә тағаланың барлығының үлкен дәлелі, - дейді Абай, - неше мың жылдан бері әркім әртүрлі қып сөйлесе де, бәрі де «бір үлкен Құдай бар» деп келгендігі уә неше мың түрлі діннің бәрі де ғәделет, махаббат Құдайға лайықты дегендігі» (45-сөз).  Халықты түңілдіретін бір нәрсе бар болса, ол - әділетсіз, мейірімсіз қоғам.

 

Қай жағынан алғанда да, әділет, мейірім - Алла тағаланың пендесіне салған жолы, сондай-ақ,  Құдай барлығының басты дәлелдері болып табылады.

Бақсақ, діннің дәстүрлісі мен дәстүрсізін айыру, былайша айтқанда, дін тазасын іздестіру данышпан Абай айтқан «Үш-ақ нәрсе адамның қасиетіне» тіреледі. Бұл үш нәрсе ақыл, мейірім, әділет екендігіне жоғарыда тоқталдық.

Енді аталмыш үш категорияны дәстүрсіз діндердің жалған ілімдеріне қарсы құрал қылу мәселесіне келейік. «Иегово куәгерлерінің» хәл үстінде жатқан ауыру адамға қан құйдырмау «қағидасы» бар. Бұл жанашырлыққа, пендесінде Тәңірі бар қып жаратқан мейірім сезіміне жақындай ма? Жоқ, әрине. Адам өмірін тәркі етудің қай түрі болмасын қатігездік, ол тек құдайсыздық жолы.

Жалпы жаңа діни қозғалыстар (ЖДҚ) делінетін протестанттық бағыттағы шіркеулерде мейірім туралы сөз көп. Есіктен кіргеннен шыққанға дейін махаббат нұрына малынасыз, Інжілде: «Құдай деген - махаббат», «Жақыныңды өзіңдей көріп, сүй» («Любить ближнего, как самого себя») делінеді. Бірақ бұл канон-қағидалардың орындалғаны кәне. Мұсылман отбасының бір мүшесін өз ұйымына тартқан миссионер, оның ата-анасын я жарын өлшеусіз қайғы-шерге бөлейтінін білмей ме? Ол пенденің ұрпағы не болмақ? Мұндай сүйекке таңба қасіретті елеп-ескермеген діни ұйымның ісі құдайшылыққа жата ма?

Ислам елдерінде етек алып отырған дін атын жамылған бейберекеттік пен адамның қанын судай ағызған өшпенділіктің табиғаты кім кімді де ойлантуға тиісті. Салафизм идеологиясы «Аят, хадисті ақылға салма!» деп, жаңағы құдайылық үш сипаттың бірін жоққа шығарады.   Исламдық теріс ағымның бірі - тәкфиршілер жеке адамға, кейде бүкіл қоғамға «кәпір» деп кінә тағуда. Мықты болсаң өз мінезіңді түзе, өзгелерге, заманға кінә артпа деген данышпан бабалар қақсап айтқан жәйт. «Құдайшылық жүрегіңде, соны таза сақта», «Құдай тағала қалбыңа (жүректі араб тілінде «қалб» дейді) әрдайым қарайды». Міне «Кітаптың (бұл арада Құран деп оқыңыз) айтқаны осы» деп ескертеді Абай 17-сөзінде.

Қайталап айтайық, Құдай жолы - ақыл (ғылым), мейірім, әділет. Олар азайған жерде зұлымдық һәм қатігездік етек жаяды. Жалпысында соңғы екеуі өз алдына бөлек сезімдер де, әлеуметтік құбылыстар да емес, бар болғаны қоғамда әділет пен мейірімнің ортайғанын байқататын белгі-нышандар ғана. Осы пайым дәлеліне мына бір ғибратты мысалды келтіре кетелік.

Әйгілі ғалым Альберт Эйнштейн өзіндік ойлау қабілетімен студент шағында-ақ ерекшеленген екен. «Әлемдегі барлық нәрсені Құдай жаратқан ба?». Профессор қойған бұл сұраққа бір студент «Иә, солай» деп жауап береді. Профессор оған: «Егер Құдай бәрін жаратса, онда ол зұлымдықты да жаратты ғой. Егер логикаға жүгінсек, онда Құдай деп жүргеніміз зұлымдықтың өзі болып шықпай ма?» депті. Студент тосылып қалады. Осы кезде жас Эйнштейн сұрақ қоюға рұқсат сұрайды: «Профессор, суық деген бар нәрсе ме?». Профессор: «Бұл неғылған сұрақ. Әрине, бар. Сен өмірі тоңып көрмеген адамсың ба?» деп отырғандарды ду күлдіреді. Альберт болса: «Негізі, суық деген жоқ. Физиканың заңына сүйенсек, суық деп жүргеніміз жылудың жоқтығын білдіреді», - дейді. Әрі қарай: «Қараңғылық бар ма?» дегеніне профессор: «Әрине, бар» дейді. Келешек ұлы ғалым: «Сіздікі дұрыс емес, қараңғылық дегеніміз - жарықтың жоқтығы. Сол сияқты зұлымдық та жоқ, зұлымдық дегеніміз - құдайсыздық қана. Ол Құдай жоқтығын көрсету үшін адамдар ойлап тапқан ұғым» деп ойын сабақтапты. Мұндай даналық пікірге қарсы уәж айта алмай, профессор тізе бүгіп отырып қалыпты.

Бұл мысал рақымсыздық пен қатігездік табиғатта жоқ, олар тек мейірім, әділет азайғанын паш етеді деп тұжыруға мүмкіндік береді. Оған діни сауат төмендігі, арамызда Құдай жоқ деп білетін адамдардың көптігі себепкер  десек, бұл бір Қазақстанға емес, күллі жер-жаһанға қарата айтылып отырған пікір.  Шәкәрімнің: «Бұл күндегі діндердің бәрі нашар» дейтіні сол.

Кім кімнің де көзі көреді, айналадағы жанды, жансыздың бәрі де адам баласының пайдасы үшін, оған керекті қылып жасалған. Құдай адамзатты махаббатпен жаратқан, Ол адамды сүйеді деген осы емес пе. «Бисмиллаһи ир-рахмани ир-рахим» (қазақша «Аса қамқор, мейірімді Алланың атымен») деуіміз де, «Біз адамға күре тамырынан да жақынбыз» деген аят астары да осының дәлелі деп есептеледі. Бала әкесіне қарап өсіп, әке жолына түсетіні сияқты әр адамның Құдай жолында болуы парыз іс. Демек, адам өмірінің мәні - әділет пен мейірімге жол аршуға саяды. Керісінше «Құдай бар, біз Құдайдың құлымыз!» деп қанша жерден жар салсаң да, бірақ өзің Құдай сүйгенді қылмасаң, яғни жаңағы мейірім, әділетке жақ болмасаң, онда қала қалама, құдайсыздың бірі боласың да шығасың. «Негізі, Алла әділетті, ізгілікті және ағайынға қарайласуды бұйырды» (Нахыл сүресі, 90 аят) деген аяттар соны растайды. Мейірім, әділет салтанат құрмай тұрып, біз кәміл мұсылманбыз, Алла тағалаға мүслім болдық деу екіжүзділік.  Адамзат көзін шел басты деген осы болса керек-ті.

Сонымен, біз сөз еткен Құдайдың ұлық заңдарын білмей, орындамай адасқандық - дәстүрсіз діндердің ортақ сипаты болып табылады.

Радикалды діни топтар Хақ тағаланың бұйрығын халыққа бұрмаланған түрде жеткізуімен ерекшеленеді. Қазақтың ғұлама ойшылының бірі Мәшһүр Жүсіп Құдайды тану жайлы халыққа түсінікті түрде былайша жеткізеді:

Алды, арты, асты, үсті, оң, солы жоқ,

Ауыз, мұрын, аяқ, бас, көз, қолы жоқ.

Еш нәрсеге ұқсамайды Ол еш нәрсеге,

Кітаптың айтқанынан ойлама көп.

Құдайдың болмысы еш нәрсеге ұқсамайды екен. Олай болса, бізге Оны істері, әмірі мен заңдары арқылы ғана танып, білу жолы қалады. Сол әмір, заңдардың ең ұлығы - мейірім, әділет. «Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ», - деп тұжырады Абай өзінің 45-сөзінде. Құран: «Елшілердің араларын айырмаймыз, естідік те бой ұсындық» (Бақара сүресі, 285-аят) дейді. «Естідік те бойұсындық» деген сөзде қандай астар бар? Оны күллі пайғамбарлардың жеткізбегі бір нәрсе, ол - Алланың әділетті, мейірімді болу жайлы бұйрығы деп ұққанымыз жөн болар, тегі. Мысал-дәйектерді «таухид» ұғымын ту еткен теріс ағым өкілдеріне ерген жастарымыздың құлағына алтын сырға деп келтіріп отырмыз.

Бар бәле білместіктен, киелі кітаптардың түпкі мәнін дұрыс түсіне алмаудан басталады. Христиандық деструктивті ағым өкілдерінен «Сіздерге дінге жаңа мүшелер тарту - прозелитизммен айналысудың қажеті не?» деп сұрасаңыз, олар жұлып алғандай: «Ол Иса пайғамбардың басты аманаты!» дейді. Дәлелге Иса пайғамбардың мына бір сөзін алуы мүмкін: «Барыңдар, барлық халықтарды үйретіңдер, оларды шоқындыра отырып» (орысша мәтіні - «Идите, научите все народы, крестя их», жеткізуші апостол Матфей, 28:19). Осынау өсиетті Иегово куәгерлері және өзге де христиандық ағым өкілдері жұртқа «Міне, шоқындыру Құдайдың қалауы, аса сауапты іс» деп ұқтырып, өздері де дінді таратуға бар күшін салады. Шындығында осыдан екі мың жыл бұрын дін жайлы, оны тарату жайлы сөз етілмеген. Хазіреті Исаның (ғ.с.) миссиясы жер бетіне ғұрпы дінді әкелу емес, оның әділет, мейірім Құдайдың баршаға ортақ бұйрығы деген ішкі мазмұнын жеткізуге саяды. Сүйінші хабар («Благая весть») деген осы. Ал, шоқындыру рәсімі сенің жүрегің тазарды, енді Құдайдың құлы болдың деген ишараты еді. Бүгінгі таңда дін тарихынан және шоқындыру ишаратынан хабарсыздар, Иса (ғ.с.) жер бетіне ғұрпы дінді таратуға келген, бізге де соны аманаттаған деп шатасып жүр («Сөйтіп, бұзып, бүлдіріп, есіл дінді, Дін десе білімділер тұра қашар» дейді Шәкерім). Хазіреті Исаның басты аманаты, өзге де күллі пайғамбарлардікі сияқты, адамды бір бауыр қылу, жер бетіне сүйіспеншілік дәнін себу болатын. Иса Мәсіхтің өзгедей миссиясы болды дегенге сенбеңіз, оқырман.

Енді киелі кітапты теріс оқығандықтың мысалдарын ислами топтардан да алайық. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде: «Мен жоғары адамгершілік қасиеттерді толықтыру үшін жіберілдім» деген. Бірақ қара түнек ораған орта ғасырлар ахуалында кейбір мұсылман дін ұстаздары (ибн Теймия, Абдул әл-Уаххаб, ибн Қайым, әз-Захаби, әл-Бани, ибн Баз және т.б.) бұл бағыттан ауытқып, аяттарға өздері өмір сүрген заман талабынан туатын түсіндірмелер беруге, пәтуәлер шығаруға көшті. Олар әл-Матуриди мен Әл-Әшғари сияқты озық ойлы ғалымдарға «Кәләмдік дәлелдерді қолданып, ақылды Құран мен хадистен жоғары ұстау арқылы таза Ислам сенімін былғады» деп айып тақты. Осылайша дін ісін Құдай ісімен (яки мәңгі заңдарды) ауыстыру орын алды. Бұл тенденция, бір жағынан, ақылға (ғылымның дамуына деп біліңіз) шектеу қойып, дінді қасаң догмаға айналдырды. Екінші жағынан, дінді саясаттың құралы ретінде қолдануға жол ашты. Діннің мақсаты біртіндеп өзгеріп, Құранның ішкі мәні ортая түсті. Бүгінгі  ислам әлемінің аянышты хәлі міне осының да айнасы.

Бағзы заманда бүлікші топ - харижилер басқа тұрмақ, сахабаларды да кәпір санап, оларды мойындаудан бас тартқан болатын. Осы заманғы намаз оқымайтын кісіні «кәпір» деп білетін уаххабизм ілімінің және «Тәкфир уә Хижра» атты теріс ағымның өкілдерінің олардан айрмасы қайсы?  Тіпті көз көріп, құлақ естімеген «Әкем болсаң, қайтейін?» деп ата-анасын беттен алатын тірлікті кездестіре бастадық.  Бұл ретте: «Олар Аллаһтың бергендерін біледі, сонда да  мойындамайды. Олардың көпшілігі кәпірлер» («Нахыл» сүресі, 83-аят), «Бізге кәпір қауымға қарсы жәрдем бер!» (Бақара сүресі, 286-аят) сияқты аяттарға сүйенеді. Дұрысында, аяттағы «кәпірлер» сөзі «мейірімсіздер», яғни «жүрегінде Құдай жоқтар» деп оқылуға тиісті еді. Араб лексикасында «кәпір» сөзінің бастапқы мағынасы осы! Халық та бұл терминді қатігез, іші тар, тойымсыз адамға қолданған болатын. Мәселен, Абайдың «Ескендір» поэмасында:

Кәпір көздің дүниеде араны үлкен,

Алған сайын дүниеге тоя ма екен?

Қанша тірі жүрсе де, өлген күні,

Өзге көзбен бірдей-ақ болады екен.

Айтайын дегенім, сөз болып отырған терминнің шынайы мағынасы көмескіленіп, іс жүзінде оның орнын «мұсылман емес» тіркесі басты. Жұртшылық кәпір сөзінің осы мәнін ғана біледі.

Қазіргі таңда «Шын мұсылман кім?» сұрақ та ойлантады. Оған біреулер «бес уақыт намазын кім қаза қылмаса, сол кәміл мұсылман», енді біреулер «Жақсылықты көп істеген адам нағыз мұсылман» деп жауап беруі мүмкін.

Құран Кәрімде: «Иман еткендер және ізгі іс істегендер...» деп келетін көптеген аят бар. Бақсақ, бұл аяттарда иман мен амал бір-бірінен бөлек етіп көрсетілген. Өзіңіз де ойлаңыз, егер екеуін бір нәрсеге балап, ізгі істерді, яки амалды иманға кіргізетін болсақ, онда Құдайдың жоғарыда сөз етілген мейірім, әділет заңдары жабулы қазан астында қалып, шетке ысырылмақшы. Айналып келгенде, бұл дүниені тәркі етуге әкеп соғатын көзқарас.

«Хужурат» сүресінің 14-аяты: «Бәдәуилер: «Иман еттік» деседі. Сен оларға былай де: Иман еттік дегенше бойсұндық деңдер. Иман сендердің жүректеріңе әлі де жетіп болған жоқ», - десе, мұны иман еттім деу жеткіліксіз, оны пайдалы, жақсы істермен бекіту шарт деп түсінген жөн, тегі.

Сөйтіп, иман мен ізгі істер ажырамас байланыста, бірақ болмысы бөлек ұғымдар екендігіне көз жеткіземіз.

Бірін бірі мойындамау, өшпенділік, сондай-ақ, мемлекеттің заңдары мен ұлттық құндылықтарды қабылдамау - дәстүрсіз діндердің ортақ сипаттары. Діни секталарда, әсіресе, жергілікті халықтың тұрмыс-салтына деген немкеттілік, суық қабақ менмұндалап тұрады. Дәстүрлі діндер, керісінше, ұлттық салт-сана, әдет-ғұрыптарды аялап, сақтап қалуға мүмкіндік береді. Өйткені, ешбір ұлттың ырым-жоралары, соған негізделген тәлім-тәрбие жүйесі құдайсыздыққа үйретпейді, адамгершілік мұраттарды алға қояды. Осымен, дәстүрлі діндердің тәрбиесі мен этнопедагогика бір сағада тоғысады.

Сөз соңы, толеранттылық жайлы бірер пікір. «Мені таныған - ғалымдар қорқады» деген аяттағы астар терең. Өзге дінге, бөтен пікірге төзімділік, сабыр, кішіпейілділік сияқты қасиеттер адам санасына нық шөгуі әділет, мейірім Құдайдың әмірі деген таным, сенімге сүйенеді. Қысқасы, толеранттылық пен халық рухын сауықтыру ісі зайырлы оқу орындарында және діни білім берудің кез келген сатысында теологиялық ілімді қажетсінеді.   Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіптер дінтанушылар емес, Құдайды танушы және танытушылар, бүгінгі тілмен айтқанда, ұлы теологтар болды. Демек, осы арнаны дамыта жалғастырудан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Бұл бағыттың ең басты берері - дәстүрлі емес діндерге қарсы мықты тосқауыл қойылады деген ойдамын.

Асан Омаров -

Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі

«Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау

орталығының» жетекші ғылыми қызметкері.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1469
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1329
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1080
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1125