Сейсенбі, 14 Мамыр 2024
Жаңалықтар 5548 0 пікір 17 Мамыр, 2013 сағат 11:27

Сұлтан Хан Аққұлұлы. Ғарифолла Әнес және басқаларға ашық хат

Ғарифолла ӘНЕС. Бір бүркеншік есім

Ғарифолла ӘНЕС. Бір бүркеншік есім

Көптен күттіріп, «Абай» журналының жаңа саны қолымызға тиді. Журнал Әлихан Бөкей­ханның «Қазақтың тарихы» атты көлемді ма­қа­ласымен ашылыпты. Дәл осы мәтінді «Қа­зақ» газетінің алғашқы санының бұдан бір ға­сыр бұрын жарық көруіне орайластыра отырып Сұлтанхан Аққұлұлы бауырымыз Әле­кеңнің атымен «Азаттық» радиосы сайтында жариялады. Оның несі таңсық дерсіз... Әрине, шаһид кеткен Алаш арыстарының телегей-теңіз мұрасын газет-журналдарымыз, сайт-блогтарымыз жарыса жарнамалап, жиі-жиі жариялап жатса - бұл сүйінішті іс емес пе?!
Бұл жердегі бар гәп - «Қазақ» газетінің 1913 жылғы №2 (10 февраль), №3, (17 февраль), №5 (9 март), №7 (22 март) және №9 (6 апрель) сандарында жарық көрген «Қазақтың тарихы» атты жалғасты мақалалар топта­ма­сының соңына мен автормын деп ешкім қол қоймаған, ол тасқа «Түрік баласы» деген бүр­кеншік есім, псевдониммен басылған.
Екі ғасыр тоғысындағы жазба жәдігерлерді жариялаушы бірден-бір маман марқұм Үш­кілтай апа Субханбердина бұл «Түрік баласы» псевдониміне жіп таға алмай, оны «Ашылмаған бүркеншік есімдер» санатында қарастырған еді («Қазақ» газеті. Алматы. 1998, 556-б.). Осы тараушадағы 107 бүркеншік есімнің санатында «Алашбайұғлы Қазақ», «Арысұлы», «Жас алаш», «Жас қазақ», «Қазақ баласы», «Қаза­құғ­лы», «Қыпшақ баласы», «Мұңды дала баласы» сынды шынында салмағы ауыр әдеби лақап аттарды атап өтеді.
«Азаттық» сайтында сонымен бірге, С.Ақ­құл­ұлының «Әлихан Бөкейханның публицистикасы мен бүркеншік есімдері турасында» деген жазба-мақаласы да ілулі тұр. Онда ол зерт­теуші ретінде Әлекеңнің псевдонимдердің санын 30-дан да асырып жібереді. «Түрік баласы» есімімен қатар, «Арыс ұлы», «Дала баласы», т.б. және орыс тілді материалдарды жа­рия­­лағанда «Туземец», «Киргиз», «Кир­гиз-кай­сак», «Мусулманин», тіптен «Обыватель», «Наблюдатель», «Читатель», т.с.с. ла­қаптарды пайдаланғанын үлкен сеніммен, аузын толтырып айтады. Ғалым: «Түрік ба­ла­сының» да, «Арыс ұлының» да Ә.Н.Бөкейханның кезекті лақап аттары болғанын бұлтартпай дә­лелдейтін фактілер мен мәліметтер жетіп-артылады», - дейді. Әйтсе де «Қажет болып жатса, бұл мәсе­леге қайта ораламын», - дегеннен өзге уәж айтпайды. Сондай-ақ, «Совет өкі­меті жыл­да­рын­дағы «V» таңбасын кімнің қол­дан­ғанына байланысты қазіргі қазақ тарихшылары мен әдебиет­танушыларының арасында оны Алаш көсемінікі (Әлекеңе тиесілі. - Ғ.Ә.) дегенмен келіспей дау айтушылар да жоқ емес көрінеді. Бірақ мұндай дауға ешқандай негіз болмағандықтан, оған тоқ­талып жатпаймыз», - деп бір күмәнді көңір­сі­тіп алып, артынан өзі кесімін айтады. Әрине, біз бұл жылдардың жаз­баларының соңына түскен маманы емес­піз, бірақ біздің ұстазымыз, бар ғұмыры архив­те өткен марқұм Бейсекең - Бейсенбай Бай­ға­лиев «Еңбекшіл қазақ»-тағы «V» деп қол қой­­ған, кеңесті мақтап, Ленинді жоқтап жаз­ған Молдағали Жолдыбаев» деп отырушы еді...
Енді «Түрік баласына» қайта оралсақ.

ХХ ғасыр басындағы ұлттық төл энциклопедия іспетті «Қазақ» газетінің бас жазушысы, яки бас авторы үш адам болғандығы бүгінде ешкімге құпия емес, олар: Ахмет Байтұрсын, Әлихан Бөкейханұлы («Қыр баласы») һәм Мір­жақып Дулатұлы. Әрине, барлық жауапкершілік және газетті ұйымдастырып, тоқтатпай жүр­гі­зіп тұру оның бас шығарушысы (редакторы) Ахаң­ның мойнына түсті. Сондықтан да ұлы Мұхаң - М.Әуезов: «Ол газеттің жаны кім еді? Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін кімнің екпіні еді? Ол екпін ұйықтаған қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген соң маса болып қалай ызыңдап оятамын деп, ұзақ бейнетті мойнына міндет қылып алған Ахаңның екпіні болатын», - деді емес пе?!

Біздің білетініміз, газеттің алғашқы 5 санын (02.02 - 09.03.1913 ж.) жұрт жұмысына білек сыбана кіріскен Ахаңның жалғыз өзі қа­ра нарша тартып шығарды. Газеттің 5-ші са­нының ең соңғы бетінің аяғында «5-інші мартта Міржақып мырза Дулатов Орынборға келіп қазақ бауырларына қосылды» деген бір­ауыз хабарлама басылды. Осы және келесі сан­дарда түрмеден оралған Жақаңның ау­дарма-үзінділері жариялана бастады, ал 7-ші санға (22 март) ол «Андрианопол» деген ал­ғаш­қы бас мақаласын жазып, «М.Д.» деп өз қолын қояды. С.Мұқанов өзінің «Өмір мек­тебінде» М.Дулатовтың «Қазақ» газетінің сек­ретары, ал Ж.Жәнібековтің газет таратушы, экспедитор бо­лып істегендігі туралы мәлімет келтіреді. Біз­діңше, Жақаң ресми болмаған күннің өзін­де, шын мәнінде редактордың орынбасары қыз­метін атқарушы. Өйткені, ол кейінірек Ахаң жоқ кезде оның орнына қол қояды, кезектесе отырып бас мақалаларды жазады, «Азамат» серіктестігін ұйымдастырады, жалпы «Қазақ» газетінің бар ауыртпашылығын Ахаңмен бір­дей көтеріседі.
Ал Әлекеңнің шағын мақала, заметкалары 7-10-шы сандарда ғана көріне бастайды. 12-ші сандағы (28 апрель) «Сайлау» деген бас ма­қа­ладан бастап ол қол қойған мақалалар өр­кеш­теніп, салмақтана түседі. Бұл жерде Ә.Бө­кейханның Самара қаласында тұрғандығын, негізгі байланыс пошта, хат жазу арқылы жүргізілгенін ескерген жөн. Бір айта кетер жайт, саяси мақалаларын, талдау-шолуларын бұл үш автор да бір деммен, бір ырғақпен жа­зады, тіптен олар бір адамның қолынан шық­қандай ұқсас, үндес болып келеді. Мұндай үн­дестік бізге «Әлекең көбінше мақала-хат­тарын орысша жазып, оны Ахаң мен Жахаң же­делдете аударып, дайындалып жатқан нөмірге салып отырмады ма екен?» дегендей ойға да қалдырады.

Әрине, не нәрсені де бастау қиын. «Қазақ»-тың алғашқы 5 санын толтырған бар материалды, газет сөзін (газет бетін тол­ты­ру­дың азабын, әрине, тек кәсіби журналис­тер ғана біледі) Ахаңның жалғыз өзі жазып шығып, дайындады дедік. Алты жыл үзіліссіз шығып тұрған, «халықтың көзі, құлағы һәм тіліне» (№1) айналған газеттің табан жолы, өзіндік соны соқпағы осы алғашқы нөмірлерде қаланып, бағыт-бағдары айқындалды. Тіл мен ділді сөз еткен бас мақала мен «Сыртқы хабарлар», «Ішкі хабарлар» айдарлары газеттің негізгі сүйегін құрады. Осы орайда 1-ші және 3 пен 4-ші нөмірлерде жарық көрген «Дін таласы» (Сурат кофеханасы) атты «оқшау сөзге» (әң­гімеге) тоқтала кету орынды. Әңгіме соңы: «Бұл сөз адам баласының бәріне ағайыншылық көзбен қараған орыстың ұлық философы Толстой сөзінен алынды. Ол Бернарден Десан Пиер дегеннің сөзінен алған екен. Басқалар да Толстой көзімен қараса, осы күнгі Балқанда судай ағып төгіліп жатқан қанға орын табылмас еді», - деген жолдармен аяқталады. Бұл әңгімені аударған не өрмегін өзгертіп баяндап шыққан Ахаң - А.Байтұрсынұлы деп үлкен сеніммен айта аламыз. Өйткені, қазақ үшін осыдан 100 жыл бұрын да, қазір де тіл мен діл­ден кейінгі жұлынды тақырып - дін болатын. Сондықтан да жазба соңына өз атын атап, қол қоймаса да, көппен әңгіме-дүкен құрған бас жазушы Ахаңның тапқан жолы - Толстойды сөйлету, жұртты іргелі діндер тұғы­рымен таныстыру-тұғын. Одан кейінгі та­қырып, әрине, - тарих, тарихи сана. Сондықтан да Ахаң «Түрік баласы» деген лақаппен «Қазақтың тарихын» бастады. Бұл топтаманың Ә.Бө­кей­хан­ның қаламына қатысының жоқтығының басты себебі - үнемі редактордың ішкі үні-демі сезіліп, редакцияның түтіні, ішкі сарайы көмескі де болса көрініп тұрады. «Тарих - жөнді үйретуші. Тарих - түзушіліктің кітабы. Тарих - тіршілікте жолбасшы дейтініміз осы. Біз өзге сөзді осыныңменен қысқарта тұра­мыз. Бұнан соң «Қазақ» газетасында қазақтың анық шежіресін жазып тұрмақшымыз» (№2), «Қазақтың тарихына тиісті сөздер, материалдар жазып, басқармаға жіберуші болса, «Қа­зақ­тың тарихын» жазғанда пайдаланып тұр­мақпыз һәм һәркімнің естіген-білгені болса, жазып тұруға өтінеміз», - деген жолдарды (№3) алыс Самарадағы Әлекеңе телу, оның ша­панына лайықтау - үйлеспейтін-ақ іс. Ал «Мұ­нан 4 жыл бұрын қазақ шәкірттерімен кеңесіп, қазақтың тарихын жазбақ болып едік. Шәкірттердің әрқайсысы «Елде шежіреге жетік адамдар бар. Тарихқа керекті сөздерді (материалды) жазып әкелеміз деп кетісті. Мінеки, шәкірттердің жазып әкелген шежі­ресі...» деген жолдар (№5) «А.Байтұрсынұлы» деп қол қойылмаса да (авторы көрсетілмеген) алыстан менмұндалап тұрған «Губернатор өз­герілуі» деген мақаладағы (№50, 1914, 14 февраль): «Тройницкийдің кеткеніне кім сүйініп, кім күйініп жатқанынан хабарым жоқ. Өз басым Тройницкийге алғыстан басқа еш нәрсе айтпай­мын. Өйткені, жалған жала, жасырын ша­ғымға инабат етіп, бұлдаушы болмаса, ме­нің үстімнен жасырын шағым болмас еді. Жа­сырын шағым болмаса, мен Қарқа­ра­лыдан Орынборға қуылмас едім. Орынборға қуыл­масам, Қарқаралыда тұрып, осы істеп отырған ісімді істей алмас едім. Елу-алпыс бала­ға ғана арнап берген сабақтан алты миллион қазақты алаламай істеп отырған ісімді артығырақ көремін», - деген жолдармен төр­кіндесіп тұр емес пе? Сондықтан «Қазақтың тарихын» жазған «Түрік баласында» да, «Губернатор өзгерілуі» авторын да - Ахмет Байтұр­сын­ұлы демекпіз.
Сөзіміз толық болу үшін айта кетелік, «Түрік баласы» псевдонимімен 1913 жылы «Қазақта мүфтилік мәселесі» (№11), «Бөкейліктердің мүфтилікте қалуы» (№№17, 19) және 1914 жылы «Ысмағұл бек Гаспаринский. Қысқаша тәржімә халы» (№№80-82) деген мақалалар жарық көрді. Түрікшілдік көсемінің қазасына арналған мынақыптан Ахаңның стилі анық сезі­ліп тұрады. Ал мүфтилікке қатысты ма­тер­иалдардың тарихы тіптен шытырман. Екі бө­ліктен тұратын зерттеудің алғашқы тарихи бөлігі тағы бір Алаш көсемі Халел Дос­мұ­ха­медұлына тікелей қатысты болуы ғажап емес. Өйткені, 10-шы нөмірдің ең соңында: «Доктор Халел Досмұхамедовке - ыстатиаңыз келесі нөмірде басылады», - деген ескертпе тұр...

Әрине, бүркеншік есімдер мәселесі филология мен деректанудағы ең күрделі күр­меу­лер­дің бірі һәм бірегейі. Тіптен жекелеген зерт­теуші, ғалымдар емес, мүйізі қарағайдай ғылыми мекемелердің өзі кейде сүрінбес жерде сүрініп, жоқты бар, барды жоқ қылып жатады. Тағы да мысалға Ахаңды алсақ, М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер институты А.Байтұрсынұлының көптомдығының 5-ші томын­да (Алматы. «Алаш», 2006) «Жаңадан та­былған туындылары» деген бөлім (182-191-бб.) енгізіп, 1912 жылы Оралда шыққан «Ызың» кітабындағы материалдарды ұлт ұс­та­зының атына тоғытады. Бұл 1933 жылы Ашхабад қа­ла­сында жанындағы жалғыз қызын құшақтап жатып, аштан қатқан Елеусіз Бұйри­ннің төлтума дүниелері емес пе?! Иә, ертеректе «Жұлдыз» жур­налы оны Ахаңның дүниесі деп шатысқаны бар еді, бірақ бірнеше жылдан соң журнал сол кітапты тұтастай қайталап басып, мал иесіне өз дүнияларын қайтарды емес пе?!
Бір бүркеншік есім - «Түрік баласы» туралы сөз басы әңгімемізді түйіндей келе, жылдардан жылдарға ұласқан ауыр жолдан бір айнымай, алтын уақытын шаңды мұрағаттарда сарп еткен, Әлихан Бөкейхан сынды Алаштың Бас көсемінің бар мұрасын жинап, құрастырып, жұртына жетпіс жыл кешігіп қолға тиген тұң­ғыш жина­ғынан бастап, көптомдық мұра-ми­ра­сына дейін түгендеп берген С.Аққұлұлы іні­міздің аталмыш мақаласындағы: «Әлихан Бө­кейханның бұл бай мұрасы бүгінгі Қазақстан Республика­сының ұлттық интел­лектуалдық құн жетпес игілігі болып табылады», - деген ойымен аяқтағымыз келеді. Алаш арыс­та­рының мұрасы - жалпыұлттық, мемлекеттік құн­ды­лық. Ендеше, оны неге мем­лекетіміз өз қор­ғауы­на, қамқо­ры­на алмасқа!..

Ғарифолла ӘНЕС, «Арыс» қорының президенті, филология ғылымдарының докторы:

«Қазақ әдебиеті» 2013 жыл 22-28 наурыз

 

 

Сұлтанхан Аққұлұлы. Ғарифолла Әнес және басқаларға ашық хат

«Қазақ әдебиеті» газетінің 22-28 наурыз санында Ғарифолла Әнестің «Бір бүркеншек есім» деген айдармен менің бір жазбамды сынаған мақаласы жарық көрді. Бұл мақаланы жазуға «Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның публицистикасы мен бүркеншек есімдері» туралы Азаттық радиосының сайтында жарияланған бір мақалам түрткі болған екен. Автор Түрік баласы, Арысұлы және V деген псевдонимдер Алаш көсемінің кезекті бүркеншек есімі деген пікірімді даулайды.

Ең алдымен ескерте кететін бір жайт: жұмыс бабымен алыста жүріп ана тілімде мақала не зерттеу жазбағаныма 5 жылдың жүзі болып қалыпты. Егер тілімнен шорқақтық байқалса, оқырман қауым мен Ғарифолла мырза мені қатты сөкпес деп үміттенемін. Оған қоса менің соңғы кезде мақала-зерттеулерімді орысша жазып, ғылыми-конференцияларда баяндаманы орысша оқығаным ұнамай жүргендер бар көрінеді. Орысшаға «әуес» болып кеткенім түсініксіз көрінсе, оған жауабын беруден қашпаймын.

Ал енді тақырыпқа оралсам, Ә.Н.Бөкейханның қазақ және орыс баспасөзінде қолданған лақап есімдерінің санын 30-дан «асырып жібергенім» және оны «ауызымды толтырып» жазғаным Ғарифолла Әнеске ұнамағаны байқалады. Ең қызығы, сонымен бірге даугер «бұл жылдардың жазбаларының соңына түскен маманы еместігін» жасырмайды. Соған қарамастан, Алаш көсемінің өмірін зерттеу мен оның ұшан-теңіз мұрасын жинауға ширек ғасырдай ғұмырын сарп еткен менің пікірімді даулауға бел буыпты да, менің қайсыбір пікірімді не тұжымырымды теріске шығаруға келгенде мен сияқты «ауыз толтырып айтатындай» тарихи факті, бұлтартпас дәлел келтіріп әуре болмайды. Мұнысы шынында да ХХ ғасыр басындағы жазбалардың соңына түскен «маман еместігін» айқын аңғартса керек. Басқа бүркеншек есімдерді былай қойғанда, Әлекеңнің сонау 1896 жылдан бері қолданып келген V бүркеншек есімін даулағанда, өзінің ұстазы әрі «бар ғұмыры архивте өткен марқұм Бейсекең - Бейсенбай Байғалиевтың «Еңбекшіл қазақтағы» «деп қол қойған, кеңесті мақтап, Ленинді жоқтап жазған Молдағали Жолдыбаев» деп келген пікірін арқау етеді. Басқа бүркеншек есімдерді даулағанда Ғарифолла мырза өзінің «үлкен сенімінен» басқа тарихи дерек-айғақ келтірмейді. Бәлкім, Еуропада жүрген Сұлтан Хан Аққұлы бұл мақаланы байқамас, не жауап жазып әуре болмас деген үміті болды ма, кім білсін. Әйтеуір, маған дау айту үшін бұлтартпайтын тарихи дерек-айғақтармен қаруланбапты.

Әрине, марқұм Бейсекеңнің бар ғұмырын мұрағатта (архивте) өткізгеніне еш дау жоқ. Аруағы жар болсын!

Алайда, Алаш қайраткерлерінің, әсіресе Әлиханның өмірі мен шығармашылығының жұмбақтарын шешу үшін Қазақстанның мұрағаттарында тіпті ғасыр бойы отырсаң да тым аздық қылады. Ең алдымен Ресейдің, оның ішінде Татарстанның, Өзбекстанның, одан қалса Қытайдың мұрағаттарын белден қазу керек.

Марқұм Бейсекеңнің «Еңбекші қазақ» беттеріндегі V таңбасы туралы көзқарасымен осы жолдардың авторы да жақсы таныс. Бір «Еңбекші қазақ» емес, «Қызыл Қазақстан» (1922, 1925-1926 жж.), «Жас қазақ» (1924 ж.), «Жаңа мектеп» (1925-1927 жж.) журналдарындағы V таңбасын кімнің бүркенгені жөнінде менің ол кісімен көзі тірісінде талай дауласқаным бар. Оған профессор Дихан Қамзабекұлы куә. Бейсекең ұлт көсемі Әлихан мен Молдағали пайдаланған V таңбаларын екі түрлі: Молдағалидің V таңбасының жоғарғы оң жақ ұшы қайырылған, ал Әлекеңдікі - V деген латын әрпі немесе «5» деген рим саны сияқты деп дәлелдеп баққан еді. Бір өкінетінім, марқұммен арадағы сол таласты газет бетіне шығару керек еді. Онда бүгін оның шәкірті Ғарифолла дау көтермес пе еді!? Әттең, өтті-кетті...

Әйтсе де, ежелгі грек философы Сократтың әйгілі сөзімен айтқанда, марқұм Бейсенбай ағамызды оның аруағын мен шын қадірлеймін, бірақ зерттеуші ретінде маған - тарихи ақиқат қымбат.

V таңбасының тарихына келсек, 1914 жылдың соңында «Қазақ» газетінде (№ 91) жарық көріп, 1915 жылдың басында «Айқап» журналында (№ 2) қайта басылған «Он төрт тоғыз бола ма?» мақаласының соңында Ғали хан деп қол қойған Алаш көсемі былай деп жазды: «Бахытжан, Сералы «Алаш» деп бұлдыратып жүргенде, мен абақтыда жатып қазақ жері туралы жазған мақалаларым «Сибирские вопросы» деген орыс журналының мына нөмірлерінде: 16-17, 18, 21-22, 27-28, 33-34, 35-36, 37-38, 45-46, 47-48, 1908 жылғы, V деп қол қойған. Орысша білетінің оқып қара!».

Әлекеңді толықтырсам, V сияқты 30-дан астам емес-ау, аузымды шын толтыра айтсам 40-қа тақаған бүркеншек есімінің бірін ұлт көсемі алғаш рет 1897 жылы «Степной край» (Омбы) газетінде пайдаланды. Әзірге «Степной край» газетінің сақталған мұрағатынан оның 3 мақаласы табылды. Кейінірек, 1906 жылы өзі бас редакторы болған «Иртыш» (Омбы) газетінде 2 мақаласын таңбалады. Самарда саяси айдауда жүріп «Сибирские вопросы» (С.-Петербор - СПб.) журналында ұлт көсемі V таңбасымен 1908 жылы ғана емес, 1909 жылы да 2 мақала жариялады.

Ал енді совет тұсындағы «Еңбекші қазақ» газетінде ұшырасатын V таңбасына келсек, Әлекең 1925 жылдың 23 маусымында Мәскеуден Ахаңа жолдаған хатында: «Меңдешұлы [Сейтқали] жолдас «Бөкейханов «Еңбекші қазаққа» мақалалар жазады» деп шағымданыпты... Мені әлгі шағым бойынша онда отырған татарлар тиісінше тезден өткізді» (Әлихан Бөкейхан. Таңдамалы - Избранное. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1995 ж. 398 б.), - деп жазды. Ескерте кету керек: Әлекеңнің осы және тағы бірнеше хаты 1992 жылы қазіргі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ол кезде әлі Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті аталатын) мұрағатынан алынды. Оның өзінде де орысшаланған нұсқасы болатын. Сол хаттардың арасында Әлекеңнің қысқаша мазмұны «қаламақымды уақытында төлесеңдер» дегенге саятын М.Жолдыбайұлына жазған хаты да ұшырасып еді. Өкініштісі, ҰҚК-нің мұрағатында қолыма түскен сол хатты да, мән беріп, көшіріп алмағаным-ай! Егер «Еңбекші қазақтың» 1922-1925 жылдардағы сандарын парақтап қарасаңыз, Алаш көсемінің үйреншікті Қыр баласы деп қол қойған бірде-бір туындысын таппайсыз, оның есесіне V таңбасы қойылған ондаған мақаланы көресіз. Демек, газеттегі V деп белгіленген дүниелер кімдікі? - деген сұраққа жауапты Ғарифолла мырзаның өзі-ақ бере алады.

Ал V таңбасының Әлекең пайдаланған нұсқасы мен Молдекең қолданған үлгісінің марқұм Бейсекең айтып кеткендей, «жоғарғы оң жақ ұшы қайырылған» айырмасына оралсам, жоғарғы екі ұшының қайсысы болса да қайырылсын-қайырылмасын: V таңбасы - осы күні «жеңіс» («виктория») мағынасын білдіретін «В» деген латын әрпі мен «5» деген рим саны болып қала береді. Жоғарғы бір ұшының қайырылу-қайырылмауы әрбір баспахана мен ол қолданған типографиялық шрифттің ерекшелігіне байланысты. 1917 жылғы Ақпан-қазан төңкерістеріне дейін Алаш көсемінің «Степной край», «Иртыш» газеттері мен «Сибирские вопросы» журналында шыққан мақала-очерктерінің соңынан да дәл осындай - бір ұшы қайырылған V таңбасын ұшыратасыз. Күмәнданған кісі аталған басылымдарды ақтарып қарасын.

1922, 1925-1926 жылдары «Қызыл Қазақстан», 1924 жылы «Жас қазақ» («Самат өлеңдеріне сын» мақаласы), 1925-1927 жылдары «Жаңа мектеп» журналдарындағы авторы V таңбасымен белгіленген үлкенді-кішілі мақалаларды, оның ішінде әсіресе «Исторический материализм», «Диалектический материализм» сынды аса күрделі марксистік шығармалардың үзінділерін, оған қоса «Коммунистический манифест» бағдарламасын қазақшалап, «Жаңа мектеп» журналының 1926 жылғы 9-10 сандарына қосымша ретінде жарияланған «Коммунистік жарды» кімнің қаламына жатқызамыз? Оларды Қазақстанға найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен совет билігі орнағанға дейін марксизмнің исі мұрнына бармаған Молдағали аударды ма, әлде сонау Петербордағы студенттік жылдарынан (1890-1894) марксизммен әуестеніп, маркстік үйірмелерде В.Ленинмен бірге экономикалық материализм тезистерін табандылықпен қорғап, 1895-1901 жылдары Омбыда «Степной край» беттерінен бүкіл Сібір мен Қазақтың өлкесіне марксизм идеясын кең уағыздап насихаттаған Әлекең бе екен? Мен бұл мәліметтерді Петерборда шығып тұрған «Наша жизнь» газеті (21-4 іюля) іюня 1906 г., № 477. СПб.) мен С.П.Швецовтың «Северная Азия» журналында 1930 жылы жарық көрген естелігінен алып отырмын (Швецов С.П. Омская газета «Степной край» и политическая ссылка.//«Северная Азия», журн., № 1, 1930 г., стр. 100-118. Москва).

Бәрін айт та бірін айт дегендей, Сейітқали Меңдешұлы сияқты үстінен «Еңбекші қазаққа» не тағы басқа қазақ басылымдарына мақала жазады деп шағымдануынан кейін, ұлт көсемін бүркемелеу үшін Молдағалидің шағымданушыларды шатастыру үшін V деп қол қойылған мақалалар «менікі» деп айтуы да мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Молдекеңнің тіптен бірен-саран мақала не аудармасын V таңбасымен жариялай салуы да ғажап емес. Неге десеңіз, мысалға, Ахаңның 1925 жылы Мәскеуге Әлекеңе жазғанындай: «Мәскеу коммунистері секілді жартыкеш емес, нағыз 96 пробалы» С.Меңдешұлы, С.Сейфоллаұлы (Сейфуллин) сынды бірен-саран қазақ коммунисі болмаса, биліктегі қазақ коммунистерінің басым көпшілігі, оның ішінде Т.Рысқұлұлы, С.Қожанұлы, Н.Нұрмақұлы, Ұзақбай Құлымбетов және т.б., өзара дауласып жүрсе де, Алаш көсеміне зор құрметпен қарады емес пе!? Оған бірден-бір мысал: 1927 жылы ҚазАССР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Нығмет Нұрмақұлы не Сталиннің «батасын», не Голощенкиннің келісімін алмай-ақ, Әлекеңді жер жөніндегі халық комиссариатына жауапты қызметке алып, іссапарда жүрген Әлиасқар Әлібековтің орнына Алаш көсемі халық комиссары міндетін уақытша атқарған күндері де болды емес пе!

Ғарифолла мырза «Қазақ» газетінің 1913 жылы 1, 3 және 4 сандарында жарияланған «Дін таласы» («Сурат кафеханасы» - Л.Н.Толстой) әңгімесін «аударған не өрмегін өзгертіп баяндап шыққан Ахаң - А.Байтұрсынұлы деп үлкен сеніммен айта аламыз» деп кесіп айтады. «Әлекеңнің шағын мақала, заметкалары», Ғарифоллаша, тек «7-10-шы сандарда ғана көріне бастайды».

Бұған айтарым: біріншіден, Л.Толстойдың бұл шағын әңгімесін Алаш көсемі алғаш рет «Дала уалаятының газетінде» сонау 1900 жылдың сәуір айындағы № 10 санында жариялаған. Ол кезде Ахаң қайда, Әлекең қайда? Ахаң Орынбордың мұғалімдер семинариясын бітірген соң, өзі өмірбаянында жазғанындай, сол кездегі ереже бойынша 6 жыл бір жерде сабақ беруге міндетті болып, Торғайда бастауыш мектепте сабақ беріп жүрсе, Әлекеңнің Омбыда тұрғанына 5 жыл болған тұс еді. Әлекең мен Ахаң 1901 жылдан кейін ғана жүздесіп танысса керек. Ең қызығы, әңгіменің аудармасы «Дала уалаятында» «Сурат кафеханасы» (Ғарекең «кофехана» деп жазыпты), «Қазақта» - «Дін таласы» деп берілсе де, екеуінің астына аударушы Қыр баласы деп ойып жазылған.

Ал Ғарифолла мырзаға салсақ, бір «Қазақ» газетінде Қыр баласы жариялаған Л.Толстой, В.Короленко, Д.Мамин-Сибиряк, А.П.Чехов әңгімелері мен «Қырымның ескі әңгімелерін» (Н.А.Маркс) түгел «аударған не өрмегін өзгертіп баяндап шыққан Ахаң» болып шығады. Демек, 1920 жылдары Әлекең Мәскеуде, Ахаң Орынбор-Қызылордада тұрып, Л.Толстойдың «Қажымұрат» повесін, В.Короленконың «Мақардың түсі», Ги де Мопассанның «Симонның әкесі», Оскар Уайлдтың «Жұлдыз бала» және т.б. қаншама үлкенді-кішілі көркем шығарманы, «Астрономия әліпбиі», «Дүниенің құрылысы» сынды оқулықтарды да не «аударып», не «өрмегін өзгертіп» Қыр баласының атынан кітап қылып бастырған да Ахмет Байтұрсынұлы болғаны да. Сонда Мәскеуде қуғында жүріп ұлт көсемі не бітірді екен? - деген зілдей ойға қалмайсың ба?!

Ғарифолла мырзаның пікірінше, Ә.Бөкейханның «алыс» Самара қаласында тұрғандығын (1909-1917 ж.ж.), негізгі байланыс пошта, хат жазу арқылы жүргізілгенін ескерген жөн. Және Ғарифолла мырза: «Әлекең көбіне мақала-хаттарын орысша жазып, оны Ахаң мен Жахаң жеделдете аударып, дайындалып жатқан нөмірге салып отырмады ма екен?!» дегендей ойға да қалады. Ұлт көсемі тірі жүрсе, Ғарекеңнің бұл пікірін «қып-қызыл жала» дер ме еді!?.

Десе де, Ғарифолла мырзаның Самарды «алыс» дегені аса маңызды әрі қызықты бір тарихи жайтқа назар аудартады. Атап айтқанда, тарихи деректерге сәйкес, Әлекең Семей түрмесінен 1909 жылдың басында бостандыққа шығып, ізінше әкімшілік тәртіппен Самарға жер аударылса, 1910 жылы түрмеден шығысымен Ахаң да жер аударылуға тиіс болатын. Бірақ оған Дала өлкесінен басқа кез-келген облысты таңдауға мүмкіндік берілгенін және өзінің Орынборды таңдағанын Ахаң өз өмірбаянында жазды. Ахаң Орынборды семинарияда оқыған таныс қаласы болғаны үшін таңдады деген жаңсақ пікір бар.

Үзілді-кесілді - жоқ! Орынбор мен Самар қалалары және 2 облыс бір-бірінен тіпті «алыс» емес, жақын әрі көрші облыстар. Географиялық картаны ашып қараған кісі оған көзін жеткізеді. Орынбор мен Самардың арасы - Семей мен Өскеменнің арасынан алыс емес. Әлекеңнің Самарды, Ахаңның Орынборды таңдауы кездейсоқ емес, алдын-ала келісілген стратегиялық жоспар екені, Ахаңның өз сөзімен айтқанда, «айдан анық, сүттен ақ». Қажет болғанда Әлекең Самардан Орынборға жиі қатынап тұрды. Оған бірден-бір мысал: Бақытжан Қаратаевтың нақақ шағымы бойынша Ахаң 1914 жылдың қазан айында абақтыға жабылғанда, Қаратаев өзінің екінші жала шағымында өкінішпен жазғандай: «Самардан бірінші Г.Дума ағзасы Әлихан Бөкейханов келіп Байтұрсыновты шығарып алыпты». Бұл деректі Міржақып Дулатұлы «Қазақ» баспаханасы» атты мақаласында келтіреді.

Ал Әлекеңнің, Ғарифолла мәлімдегендей, «көбіне орысша жазып, оны Ахаң мен Жақаң [Міржақып Дулатұлы] жеделдете аударатынына» келсек, Ахаң мен Жақаң сияқты Алаш көсемі де медреседе қара танып, Қарқаралыда Зариф (Смахан төре өз естеліктерінде «Зариев») молланың медресесінде 3 жылда алған қазақша білімі екеуінің білімінен бір кем емес-ті. Оның үстіне Әлекең Омбы техникалық училищесінің 3-4 курстарында оқып жүрген сонау 1889 жылы-ақ «Дала уалаяты газетіне» алғашқы 10 қазақша мақаласын, Петербордан оралғаннан кейін 1900 жылы «Дала уалаятында» тағы 7 мақаласын, оның ішінде 1 фельетоны мен 1 әдеби аудармасын («Сурат кафеханасын») жариялады. Ол кезде Ахаң мен Жақаң қайда?

«Біздің білетініміз, - дейді Ғарифолла мырза өз мақаласында, - газеттің [«Қазақ»] алғашқы 5 санын (02.02 - 09.03.1913 ж.) жұрт жұмысына білек сыбана кіріскен Ахаңның жалғыз өзі қара нарша тартып шығарды». Бұл пікірмен де келісу қиын. Неге деген сұраққа жауапты «Қазақ» газетінің тарихынан іздеп көрейік.

Қазақ тілінде газет шығару мен баспахана ашу тұңғыш рет жалпыұлттық мәселе ретінде 1905 жылдың шілдесіндегі «Қарқаралы петициясында» көтерілді. Петицияның 3-тарауында сөзбе-сөз былай жазылған: «Қазақ халқының күнделікті мұқтаждарын айқындау үшін қазақ тілінде газет шығару қажет, ол үшін газет шығаруға және баспахана ашуға бастапқы цензурасыз тек хабарлау [газет басылып шағатыны туралы] тәртібін орнату керек болады» (Петиція киргизъ.//«Сынъ отечества», газ., № 173, 04.09.1905 г. СПб.). Ал 1906 жылдың маусымында «Наша жизнь» газеті (СПб) мынадай мәлімет берді: «17 қазан [1905 жылдың 17 қазанында шыққан Манифесті меңзеп отыр] тұсында және одан кейін, Бөкейханов қазақ тілінде газет шығармақ болып, өзінің жерлес қазақтарымен алдағы сайлау және қазақ халқының кезек күттірмес мұқтаждарын талқылау үшін қырға жүріп кетті» (№ 477, 21[04.07].06.1906 ж. СПб.).

Ресейлік мұрағат құжаттарына сәйкес (ЦГА г. С.-Петербурга, № 776 қор, № 21 тізбек, № 16 іс.), газет шығаруға рұқсат 1905 жылдың 9 желтоқсанында Мұстафа Оразайұлы мен бас редакторы ретінде Ахмет Байтұрсынұлына берілгенімен, тұңғыш жалпыұлттық қазақ басылымын шығаруға мұрындық болған ұлт көсемі Әлихан екеніне тарихи айғақ-деректер шүбә келтірмейді.

А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлының «Айқап» журналына немесе татар баспасөзіне бірлі-жарым мақала (зерттеу), өлең жариялағаны болмаса, газет шығарып, тіпті болмаса баспасөз редакциясында қызмет істеген азды-көпті тәжірибесі болмағанын ұмытпау керек. Оның есесіне Алаш көсемі 1913 жылға дейін бай тәжірибе жинап үлгерді. Тарихи әділдікті айтсам, қазақ тарихында мерзімді қазақ-орыс баспасөзімен қаз-қатар Әлихандай тығыз қарым-қатынас құрған, соңында публицистикалық ұшан-теңіз мұра қалдырған және қазақ баспасөзі мен публицистикасының дамуына теңдессіз үлес қосқан өзге тарихи тұлға жоқ екенін, ащы да болса, мойындауға тиіспіз. Тек 1889 жылдан 1917 жылғы төңкеріске дейін ғана Алаш көсемі бас-аяғы 25-ке таяу мерзімді басылымда, атап айтқанда - бір Петербордың «Сын отечества», «Наша жизнь», «Речь», «Слово», «В мире мусульманства», «Мусульманская газета» газеттері мен «Сибирские вопросы» журналында, сондай-ақ Омбының «Особое прибавление к «Акмолинским областным ведомостям», «Киргизская степная газета», «Степной край», «Степной пионер», Семейдің «Семипалатинские областные ведомости», «Семипалатинский листок», Томскінің «Сибирская жизнь», Орынбордың «Степь», Ташкенттің «Туркестанские ведомости», қазақ баспасөзінен - «Дала уалаяты», «Қазақ», «Сарыарқа» газеттері мен «Айқап» журналында  және т.б. мерзімді басылымдарда жарияланды. «Сибирские вопросы» журналы (1908-1910) мен «Степной край» (1895-1897, 1902-1903), «Семипалатинский листок» (1905-1907) және «Сибирская жизнь» (1906-1917) газеттерінің редакцияларына мүше болды. Оған қоса «Иртыш», «Омич» (1906) және «Голос степи» (1907) сынды үш газетке бірдей редактор болды. «Айқап» журналы 4 жылдай шығып 1915 жылы қаржы тапшылығынан жабылған кезде, «Қазақ» газеті мұндай тапшылыққа ұрынбай, керісінше, М.Дулатұлы жазғандай, редакция өз алдына дербес баспахана, қосымша қазақша-орысша қаріптер, 2 машина (автокөлік емес пе?) сатып алып, алғашқы санынан-ақ заман талабына лайық сапамен жарық көріп, халқының ыстық ықыласына бөленуінің ең басты сыры міне, осында болатын. Ахаң мен Жақаңның азды-көпті демеушілерден, газет сатудан түскен қаржы-қаражатты қалай үнемді де тиімді жаратуының жолын да экономист Әлекең көрсеткеніне кім күмән келтірер екен?!

Ғарифолла мырза «Қазақтың тарихын» жазған Түрік баласын үзілді-кесілді Ахмет Байтұрсынұлына «жабады». Әлекеңнің ащы тілімен айтсам, бұл да енді Ахаңа жабылған «жала». Сондағы бар дәлелі - «Ә.Бөкейханның қаламына қатысының жоқтығының басты себебі - үнемі редактордың ішкі үні-демі сезіліп, редакцияның түтіні, ішкі сарайы көмескі де болса көрініп тұрады... «Қазақтың тарихына тиісті сөздер, материалдар жазып, басқармаға жіберуші болса, «Қазақтың тарихын» жазғанда пайдаланып тұрмақпыз һәм һәркімнің естіген-білгені болса, жазып тұруға өтінеміз», - деген жолдарды (№3) алыс Самарадағы Әлекеңе телу, оның шапанына лайықтау - үйлеспейтін-ақ іс».

Ойбай-ау, тарихи факты, айғақ-дерек, ақыр аяғында ғылыми логика қайда? Ол - бір. Екіншіден, редакцияның түтініне Әлекеңді жолатпағаны қай сасқаны?! «Қазақ» редакциясының түтінін бұрқыратқан қазақтың тұңғыш кәсіби журналисі әрі дарынды публицисі болған Әлихан емес пе еді? «Алыс» Самарда жүрсе де, тұңғыш жалпыұлттық басылымның дүниеге келуіне ұйытқы болып, барлық 6 жыл нағыз қамқоры, қорғаушысы немесе қазіргі тілмен айтқанда - «крышасы» болған жоқ па? Оған бірден-бір мысал ретінде Самардан келіп Ахаңды түрмеден босатып алғаны жоғарыда жазылды ғой...

Тағы бір таңырқатқаны: Ғарекең менімен дауласып жүргенде, міржақыптанушылар Түрік баласының «Қазақ» бетіндегі бар мұрасын үн-түнсіз ғана Жақаңның 5 томдық жинағына қосып жіберіпті. Сол себепті Ғарифолланың міржақыптанушыларды емес, шынымен «алыста» жүрген мені (Прага мен Алматы арасы - Самар мен Орынбор арасы емес) «жағадан алғаны» өз алдына бір жұмбақ. Бәлкім, Жақаңның 5-томдығын көрмеді ме екен?

Ал Жақаңның Түрік баласына тиіп-қашты қатысы жоқтығын Ғарифолланың мақаласындағы мына жолдар-ақ бұл мәселеге қайта оралмастай етіп дәлелдейді: «Газеттің [«Қазақ»] 5-ші санының ең соңғы бетінің аяғында «5-інші мартта Міржақып мырза Дулатов Орынборға келіп қазақ бауырларына қосылды» деген бірауыз хабарлама басылды. Осы және келесі сандарда түрмеден оралған Жақаңның аударма-үзінділері жариялана бастады, ал 7-ші санға (22 март) ол «Андрианопол» деген алғашқы бас мақаласын жазып, «М.Д.» деп өз қолын қояды».

Жақаң Орынборға жетіп, алғашқы мақала не аудармасын жариялаған «Қазақтың» 7-нші санында Түрік баласы «Қазақтың тарихы» тізбегінің 4 бөлімін жариялап үлгерді. Жақаң, Әлекеңе еліктеп, «Қазақтың тарихын» Семей түрмесінде жазып, хатпен Орынборға салып отыруы мүмкін бе? Теориялық тұрғыдан, ия, мүмкін, ал іс жүзінде ше?..

Ал Ахаңның тілтанушы, әдебиеттанушы, түрколог ғалым, ақын, публицист, одан қалса - отаршылдықтың қуғын-сүргін заманында газеттің бас шығарушысы болғаны аздай, Ғарифолла мырзаның оны енді «тарихшы» қылмақ болғаны - қазақтың рухани көсеміне көрсеткен қиянаты, нақақ жаласы деуден басқа амал бар ма?!

Рас, Түрік баласы пәлен-төлендікі деген тікелей тарихи дәлел жоқ. Бірақ қосымша, жанама, ғылыми логикаға лайық айғақ-дерек аз ба? Мысалға, ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында, яғни төңкеріске дейін, қазақтың тарихын жазуға бар күш-жігерін салған кім? Қазақтың тұңғыш ресми тарихы іспеттес болса да, ескерілмей келген 1903 жылғы «Исторические судьбы Казахского [«Киргизского»] края и культурные его успехи» («Россія. Полное географическое описаніе нашего отечества. Киргизскій край, томъ 18, 156-175 стр. 1903 г. СПб.) очеркін жазған үш автордың бірі және 1910 жылы Петерборда жарық көрген «Қазақтар» (Костелянский, А.Н. (ред.). Формы национального движения в современных государствах. стр. 577-600. 1910 г. СПб.) тарихи очеркінің авторы Ә.Н.Бөкейхан емес пе еді?! Одан да ерте қазақ хандары мен сұлтандарының, рубасылары мен билерінің отаршыл орыс империясының өкілдерімен арадағы хат-жазбаларын жинап («Изъ переписки хана Средней Киргизской орды Букея и его потомковъ», «Изъ переписки Киргизскихъ хановъ, султановъ и пр. пр.», «Изъ бумагъ султана Большой Киргизской орды Сюка Аблайханова» және т.б.), жариялаған да Алаш көсемі емей кім еді? «Түрік баласының» «Қазақтың тарихы» мақаласындағы: «Бұрынғының көбі күш-қуатты тиісті орнына жұмсамай, бірінің көзін бірі шұқудан уақыты артылмады, істегенінің бәрі жәбір, залым болды; қылғанының бәрі зорлық-зомбылық еді» деген тұжырымы хан-сұлтандардың осы хат-жазбаларын оқығаннан туған. Оқып көріңіз!

Бұлар аз көрінсе, 1924 жылы Мәскеуде басылып шыққан «Қазақ тарихынан» атты зерттеуінде Қошке Кеменгерұлы: «қазақ алдында өтмеген борышы: білімімен Еуропаның таңдамалы оқымыстыларына тең түсіп, құрдас болса да, қазақты салмақтаған, келешекке бағыт көрсеткен «пәнді еңбек» істемегені» деп ащы сынын нақ Әлиханға арнады емес пе? «Пәнді еңбек» деп тарихнаманы айтып отыр. Егер Ахаң, тіпті болмаса Жақаң тарихшы болып, Түрік баласының қолымен «қазақтың анық шежіресін жазып тұрмақшымыз» деп міндеттеме алған болса, Қошкенің Мәскеуде қуғында жүрген ұлт көсемін жатып кеп сынайтын қай атасының ақысы кетіпті?!

Сөзі толық болу үшін Ғарифолла мырза қосымша мынадай «дәлел» келтіреді: «Түрік баласы» псевдонимімен 1913 жылы «Қазақта мүфтилік мәселесі» (№11), «Бөкейліктердің мүфтилікте қалуы» (№№ 17, 19) және 1914 жылы «Ысмағұл бек Гаспаринский. Қысқаша тәржімә халы» (№№ 80-82) деген мақалалар жарық көрді. Түрікшілдік көсемінің қазасына арналған мынақыптан Ахаңның стилі анық сезіліп тұрады».

«Ахаңның стилі анық сезіліп тұрады» - ғылымда дәлел бола ма? Ал жанама болса да мынадай тарихи жайттарды қайда қоямыз: Біріншіден, діни сенім-наным мәселесі қай заманда болсын, әсіресе қазақ отарлық езгісінде отырған патша дәуірінде үлкен саясат ісі болды. Оның үстіне дін мәселесі атүсті жаза қоятын тақырып емес. Ахаң қанша діндар болса да, халқының діни мәселесімен не 1917 жылға дейін, не одан кейін айналысқан емес. Оның миссиясы басқа-ды. Дін мәселесімен бастан-аяқ айналысқан Әлекең болатын. Сол себепті «Қарқаралы петициясының» ұйытқысы әрі бас авторы болған ол Алты Алашының діни еркіндігін, халқының (Дала және Түркістан өлкелерінің) өз алдына жеке діни басқармасы - мүфтияты болсын деген саяси талапты петицияға І-інші тарау етіп енгізді; 1914 жылы Мәскеуде өткен бүкілресейлік мұсылман сиезіне Дала және Түркістан өлкелерінің қазақтары Орынбордағы Ахаңды емес, Самардағы Әлекеңді сайлап жіберді - оған «Қазақ» бетіндегі Ғалихан деп берілген «Мұсылман сиезі» мақалаларының тізбегін қараңыз (№№ 69, 70, 72, 85-90, 92); ақыр аяғында 1917 жылдың шілдесінде Алаш көсемі кадет партиясынан шығуына себеп болған аса өзекті 3 мәселенің бірін былай түсіндірді: «Франсұз, орыс һәм өзге жұрттың тарихынан көрінеді, молла үкіметтен ақша алса, сатылып кетеді, рухани іс аяқасты болады. Жалование алған моллалар үкіметке жетекшіл болып, еріп кетеді. Біздің қазақ-қырғыз дін ісін көркейтетін болса, үкімет ісінен бөліп қойған оң болады. Орысша оны «отделение церкви от горсударства» дейді. Кадет партиясы менің бұл пікіріме өзгеше қарайды» (Қазақ», № 256, 23.12.1917 жыл).

1924 жылы «Қазақ тарихынан» очеркінде Қошке Кемеңгерұлы: «Әлиханның қазақ еліне істеген тарихи қызметі... өзіне ерген топты діни фанатизмге қарсы тәрбиеледі. Бұдан барып татардан іргесін аулақ салған қазақ ұлты туды», - деп өз қиялын жазбаған шығар деп ойлаймын.

Екіншіден, «Қазақта» (№ 8) Қыр баласы - Әлихан «Бөкейлік қазағына шығатын закон проектін» талдап жазғанда, 17 және 19-ыншы сандардағы «Бөкейліктердің мүфтилікте қалуы» мақаласын неге Ахаң жазуға тиіс? Қайсысы дін тақырыбына, оның ішінде Бөкейлік қазақтарының мүфтият тақырыбына қанық еді? Жауап сізден, Ғарифолла мырза.

Үшіншіден, Ысмайыл бек Ғаспринскиге арналған мынақыпқа (некролог) оралсам, Ғарифолла мырзаның одан Ахаңның стилін қалай «сезіп» қойғанын білмедім. Бірақ «Қазақ» газетіндегі осы жанрға жазылған мақалалар түгел демей-ақ қояйын, дені Әлекеңнің қаламынан шықты. «Қазақтан» Ахаң жазған мұнақыпты іздеп әуре болмаңыз. Ахаңның жанры емес. Ғаспрински туралы Ахаң жазды деу, Әлекеңнің сөзімен айтқанда - «жала». Ал Әлекең алғашқы мынақыбын 1904 жылы «Известія Западно-Сибирскаго Отдела И.Р.Г.О.» ғылыми жинағында жариялап, оны Мәскеу ауылшаруашылық қоғамының Омбы бөлімінде (ООМОСХ) әріптес болған мәскеулік ғалым К.А.Вернерге арнаса (Известія Западно-Сибирскаго Отдела И.Р.Г.О., выпускъ отъ 1904 г. Омскъ.), екіншісінн - ұлы Абайға арнады (1905, 1907 жж.). Ал Әлекеңнің бір «Қазақ» газетіндегі мынақыптарын жай тізіп шықса, бір бет болары анық. Олардың географиясы тіпті шексіз: мінез-құлқымен, атқарған ісімен, халқына кіршіксіз, адал қызметімен қазаққа үлгі-өнеге болатын неміс жұмысшыларының көсемі Август Бебель, америкалық кәсіпкер-филантроп Альфред Вандербильт, түрік саясаткері Хасейн Халами паша, Абайдың «ұстазым» деп атайтын Евгений Михаэлис, францұз қайраткері Жан-Жорес, кадет партиясындағы үзеңгілесі Александр Колюбакин, сырлас достары Барлыбек Сырттанұлы, Кәкітай Ысқақұлы және т.т. Міне, осыларды бір шолып шыққан оқырман олардың стилінен «Исмайыл бек Ғаспрински» мұнақыбы мен Түрік баласының «Қазақ» газетіндегі жалпы мұрасының стилінің айырмасы бар-жоқтығын байқап көруіне болады.

Ғарифолла Әнес «Алашұлы да Алаш көсемі Әлиханның кезекті публицистикалық лақап есімі» деген менің пікіріме, марқұм Үшкілтай апай Сұбханбердинаның Түрік баласымен қатар Арысұлын да «ашылмаған бүркеншек есімдер» қатарына қосқан мақаласына сүйене отырып, күмән келтіргендей болады. Бұл күмәнін де сейілтеп көрейін.

Бір айта кететін мәселе, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметте жүрген 90-ыншы жылдардың басында Арысұлы кімнің бүркеншек есімі деген сауалдың төңірегінде азын-аулақ талас-тартыс болғаны бар. Аға буынның өкілдері Арысұлы Ахмет Байтұрсыұлынікі дегеннен айнымады. Онда да «мен білем» немесе «Ахаңның стилі мүңкіп тұр» дегеннен асқаны жоқ. Алаш дәуірі мен «Қазақ» беттеріндегі ашық пікірталас дәстүрін қайта тірілтейік деген ниетпен, осы талас-тартысты баспасөз бетіне шығарайын деп өз дәлелдерімді тізіп, «Қазақ әдебиетіне» мақала жазып көрдім. Алайда, ол кезде редакцияда әдебиеттегі «ақсақалдардың» ұстанымдарына қайшы келетін пікір атаулыны шығармайтын «соцреализм дәстүрі» сақталса керек - мақала шықпады. Пікірталас осылайша басталмай жатып аяқталды. Әйтсе де сол уәждерімді оқырман таразысына ұсынуға әлі кеш емес.

А.Байтұрсынұлының Арысұлына тиіп-қашты қатысы жоқ деп кесіп айта аламын. Неге десеңіз, Арысұлы «Роман деген не?» мақаласында (№ 48) Міржақыптың «Бақытсыз Жамалын» «роман» деп тануға үндейді: «Біздің арамызда қазақша бірінші роман шығарған Мир Яқұб Дулат... Басқа халықтарда, жоғарыда айтқанымыздай, неше ғасырдан бері тамыр жайып, күннен күнге, жылдан жылға ілгері басып сабасына толып тұрған кезінде біздің қазақта ең бірінші көзімізге көрінген романды озық жұрттардікімен салыстыруға болмайды, біз өз бойымызға лайықтап, мұны қазақ әдебиетінде тәуір қызметке санаймыз» (Әлихан Бөкейхан. Таңдамалы - Избранное: «Қазақ энциклопедиясы». Алматы, 1995 ж. 330 б. - «Қазақ», № 48, 1914 ж.).

Екіншіден, Ахаң өзінің «Әдебиет танытқышында» бұл шығарманы «роман» деп қарастырмайды. Өкініштісі, сөзбе-сөз үзінді келтіруге Ахаңның бұл еңбегі қолда болмай тұр, есімде қалған түйінін жазсам: «Бақытсыз Жамалға» «өрісі мен өресі романға келмейді» дегендей қатаң үкім шығарады. Оған «Әдебиет танытқыш» қолында бар оқырман оқып, көзін жеткізуіне болады.

Арысұлы деген бүркеншек есіммен «Бақытсыз Жамалға» Ахаңнан басқалардың да «Роман деген не?» айдармен сын-мақала жазбағанын Әлиханның (Ғали хан. Роман бәйгесі.//«Қазақ», № 120, 1915 ж.) мына жолдары дәлел: «Мен мақаланы газетаға роман-өлең, өзге көркем сөз емес, білем деген жолмен жазып отырмын. Роман сыны маған қол емес. Бірақ, бұл күнде хажы атаған соң [Есенғұл қажы «роман бәйгесін» жариялап, сыншылардың бірі ретінде Ә.Н.Бөкейханды атаған], мұнан қашу маған жол емес. Мәдени жұртта көркем кітап жазып отыратын Ахмет, Мир Яқұб газетаның уақ ісіне есіл ғұмырын байлап отыр. Білгенді қылам дегенге жұрт керегі қойып жатыр ма: Шаһкерім, Ахмет, Мир Яқұб (бұлар Аполлоннан бата алған жоқ) жеріме түсті демесе, мен сыншы парызын өткеруге құл болдым».

Сонда тұңғыш қазақ романына сын жазған кім деген орынды сұраққа жауапты тағы да Әлекеңнің «Роман бәйгесінен» табамыз: «Мир Яқұб романы «Бақытсыз Жамал» кішкентай ғана кітап. Мен мұны «Қазақ»-қа сын жазбақ болып қолға алып едім. Екі жұма отырдым. Бұл менің бұрын қылмаған ісім еді. Сонан ба, жоқ, сын өнері менде жоқтықтан ба, оны оқушылар білер» (!).

«Біздің білетініміз, газеттің алғашқы 5 санын (02.02 - 09.03.1913 ж.) жұрт жұмысына білек сыбана кіріскен Ахаңның жалғыз өзі қара нарша тартып шығарды», - дейді Ғарифолла мырза. «Біз» деп кімдерді айтып отырғанын білмедім, бірақ «біздің» арасында мен жоқпын. Себебі, менің айтарым: «Қазақ» газеті аяқастынан шыққан жоқ, оған дайындық газет шығаруға рұқсат алынған сонау 1905 жылдан бері (Әлекең мен Ахаң 2 рет, Жақаң 1 рет түрмеде отырған ай-жылдарын былай қойғанда) 1913 жылдың ақпанына дейін үзіліссіз жалғасты. Тұңғыш жалпыұлттық басылымның алғашқы саны жарыққа шыққанда, редакцияда ескірмейтін мақала, талдау, шолу, көркем аударма көптен бері жиналып қалғанына күмән бар ма! Жер-суынан айрылып тыныс-тіршілігі тарылып, мәдениеті мен тілі құрдымға тақаған қазақтың проблемасы аз ба еді? Қаржы-қаражат іздеуден, құтырған иттей әрбір ізін баққан патша әкімшілігімен тіл табысу, ұйымдастыру жұмыстарынан көз ашпаған жалғыз Ахаңа қара нарша артық жүк арқалатып не керек. Әлекең «Қазақтың» алғашқы 5 санын да, кейінгі барлық 265 санын да Ахаңнан артық демесем де, бір кем көтерген жоқ. Алғашқы 5 санында Әлекеңнің кемінде 6 мақала-аудармасы жарияланды емес пе? Ол ол ма, газеттің әрбір санында Әлиханның Қыр баласы, Қ.Б., Ғ.Бөкейханов, Ғ.Б. (яғни Ғали хан Бөкейхан), Ғали хан, Түрік баласы, Арысұлы деген бүркеншек есімдерімен кем дегенде 2 мақаласы, көбіне 3-4 мақаласы жарық көріп тұрды. Беттеп қараңыз! Жалпы, «Қазақтың» 6 жылда шыққан 265 санында бір Әлекеңнің 300-ге тарта мақаласы, әдеби сыны, фольклорлық зерттеуі, көркем аудармасы, ашық хаттары, пікірталастары, үндеулері және т.б. туындылары жарияланды. «Қазақтан» одан көп жарияланған қазақты таба алмайсыз, Ғареке...

Сөз соңында Әлекеңнің қазақша-орысша публицистикасында пайдаланған лақап есімдерінің санына тоқталып өткенім орынсыз болмас. Өйткені, олардың санын 30-дан асырып жіберіп, оны «үлкен сеніммен аузымды толтырып айтқаным» Ғарифолла мырзаға ұнамағаны жоғарыда сөз болды.

Ғарекеңнің «Азаттық» сайтынан өзі сынаған менің мақаламды оқығаннан бері Алаш көсемінің лақап есімдерінің саны «Старый Степнякъ» (Старый Степнякъ. Будущая пустыня.//«Сибирскіе вопросы», журн, № 45-46 от 1908 г, стр. 19-27. СПб.) деген тағы бірімен толығып, 40-қа тақап қалды. Мақалада Қостанай оязын орыс, неміс, украин (соңғы екеуін мақалада «колонистер» мен «хохолдар» дейді) және казак келімсектерінің «жаулап» алған тарихы, құнарлы Қостанай жерін, қазақтың бүгінгі астық астанасын, жыртқыштықпен пайдаланып шөлге айналдыра бастағанын жазды. 20 жыл бұрын ғана бірыңғай қазақ иеленген Қостанайда 1908 жылы қазақ пен келімсектердің саны теңесіп қалғанын жанайқайымен атап өтеді.

Ең қызығы, Әлекеңнің бұл мақаласы мен жаңа лақап есімін аңғарған мен емес, Семейдегі «Назарбаевтың зияткерлік мектебі» филиалының Айзада Бәдиева деген 11 сынып оқушысы тауып, маған хатпен жіберді. Одан әлгі жасөспірім қыз бала курс жұмысын сәтті қорғап шығыпты.

Әлекеңнің 40-қа жуық лақап есімін Ғарифоллаша «көпсінудің» тіпті жөні жоқ. Алаш көсемі - «бәлшебектер мен дүние жүзі жұмысшыларының көсемі» Ульянов-Лениннен кем жазған жоқ. Бірақ Лениннің лақап есімдерінің саны 140-тың төңірегінде көрінеді. Ленин «бабамыз» саяси күресінің денін Швейцария мен Германияның және т.б. өркениетті Еуропа елінің сырасына тойып жүргізсе, 140 псевдонимнің қанша қажеті болғаны түсініксіз. Ал самодержавиеге қарсы ашық та астыртын күрескен кадет партиясының (Конституциялық-демократия не «Халық бостандығы» партиясы), «Земгорсоюз», «Союз союзов» ұйымдарының 1905 жылдың қазан айынан беделді мүшесі, партияның Омбы қалалық және Ақмола облыстық комитеттері көсемдерінің бірі (1905-1909), 1912 жылдан Орталық комитет мүшесі, түпкілікті саяси мақсаты самодержавиені құлатып, Ресейді федеративтік демократиялық елге айналдыру болған құпия «Великий Восток народов России» (бұрын «Полярная звезда» немесе «Темірқазық») масон ложасына мүше болған әрі 1909-1917 жылдары саяси қуғында жүріп кадеттердің Самар губернелік тобы көсемдерінің бірі, жергілікті масон ложасының «мастері» болған Әлиханға, Алты Алаштың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін тұтас империя деңгейіндегі көбіне астыртын, сирек ашық қиян-кескі күресін елдің қайнаған ортасында жүргізген Алаш көсеміне 40-қа жуық лақап есім  көп пе, аз ба, сіз қалай ойлайсыз, Ғареке? Оған қоса, отаршыл патша заманында да, қылышынан қан тамған совет тұсында да Алаш көсемі билікке жақпай, баспасөз бетіне негізінен бүркеншек есімдерімен шығуға мәжбүр болғаны құпия ма? Саяси күресін отаршыл империя деңгейінде жүргізген, патша және совет империясының 50-ден астам (!) баспасөз құралына қазақ-орыс тілдерінде 1000-нан астам (!) туындысын жариялаған өзге Алаш қайраткерін сіз нұсқай аласыз ба, Ғареке? Әлекеңнің 1917 жылға дейін және кейінгі екі дәуірдегі қаншама жинақ-кітапқа, энциклопедияға [Ф.Брокгауз бен И.Ефрон], ғылыми журналға, ғылыми-экспедициялардың материалдары мен т.б. басылымға қосылып шыққан мұрасын атамай отырмын.

Сөзім дәлелді болу үшін Алаш көсемінің Ғарифолла күмәнданып отырған кейбір бүркеншек есіміне тоқтала кетсем. Ең алдымен ескерте кету керек: Ғарифолла жазғандай, Дала баласы - Әлекеңнің қазақ баспасөзінде емес, 1906 жылдың шілде-қараша аралығында өзі редакторы болған «Иртышъ» газетінде бір-ақ рет қолданған бүркеніш есімі («Иртышъ», газ., № 12, 01.08.1906 г.). Белгілі бір оқиғаға немесе өзекті тақырыпқа мақала жазғанда ұлт көсемінің өте сирек, кейде тіпті бір не екі рет қана қолданған лақап есімдері де жоқ емес. Оған Туземец, Уак, Обыватель, Ал.-Кочевник, Мусульманин, Наблюдатель, Статистик, Киргиз-Кайсак есімдерін қосуға болады.

Мысалға, «Иртышъ» газетінің кезекті санында («Иртышъ», № 87, 07.11.1906 г. Омск.; «Семипалатинский листок», № 139, 17.11.1906.) Уак деген автордың Петербордан «қаражүздіктер» («черносотенцы») деп аталатын орыс шовинистерінің «Зорька» газетін Қазақ өлкесіне тегін жібере бастағаны туралы шағын жазбасы берілді. Білмегенге Уак (қазақша «уақ») - қазақ руының атауы болып көрінуі ғажап емес те, оқып көрген кісі «уақ» деп автордың «ұсақ-түйек», «майда-шүйдені» айтып отырғанын оңай түсінеді. Ал оны кім бүркенуі мүмкін деген орынды сұрақтың кесе-көлденең тұрары анық. Бірақ мақаланың «Никто из казахов не читает «Зорьки», вспоминая казахскую поговорку: «не қылған батпан құйрық, не қылып жол үстінде жатқан құйрық!?» - «хорошо и вкусно баранье сало, однако, отчего ты лежишь на дороге!?», говорит волк, осторожно пробираясь мимо отравы» деген жолдарын Әлекеңнің 1910 жылғы «Қазақтар» («Киргизы) очеркіндегі «После роспуска І Думы бесплатно посылались в казахскую степь черносотенные газеты, но казахи оказались к ним равнодушными, и некоторые вспоминали по этому поводу народный афоризм о волке, который, найдя на дороге отравленный кусок сала, обошел его, говоря: «тяжел и вкусен ты, кусок сала, однако, по какой загадочной причине оказался ты лежащим на дороге?» (Әлихан Бөкейхан. Таңдамалы - Избранное: «Қазақ энциклопедиясы». Алматы, 1995 ж. 75 б.) деген сілтемесімен салыстырып қараса, әлгі сұрақ өзінен өзі жайына қалады.

Ә.Бөкейханның 1895-1897 және 1902-1903 жылдары «Степной край» газетінде Читатель псевдонимімен жарияланып тұрғанын С.П. Швецов «Омская газета «Степной край» и политическая ссылка» айдарымен «Северная Азия» журналына шыққан естелігінде жазды («Северная Азия», журн., № 1, 1930 ж. Мәскеу.).

Киргиз-Кайсак есімінің дүниеге келген хикаясы әлдеқайда қызық. 1906 жылы «Степь» газетінде (№ 31, Орынбор) «Истинный сын степей» деп қол қойған автордың «Фальшивые постановления» деген мақаласы шығады. Мақаланың 1906 жылы бүкіл Қазақ өлкесінің «діни саяси қозғалысының көсемі» ретінде танылып үлгерген Әлиханды ата жауы санаған Дала генерал-губернаторы Николай Сухотиннің тапсырысымен жазылғаны, беймәлім автордың Истинный сын степей деп қол қоюы және «ученый казах-отщепенец» деген айыбы - Сын степей деген лақап есімімен кең танылған Алаш көсемін нысанаға алып отырғаны күмән тудырмайды. Мақалада былай жазылған: «Представленные после 17 октября [1905 жылғы 17 қазан Манифесін айтып отыр] казахами Каркаралинского уезда графу Витте [министрлер кабинетінің төрағасы] телеграммы и постановления не имеют ничего общего с жизнью степных казахов, и подобные телеграммы и постановления фабрикуются незначительной группой ученых казахов-отщепенцев, потерявших всякое общение со степью».

Орыста «отщепенец» деп туған ортасымен, өз қоғамымен байланысын үзген, сатқын, діннен безген адамды айтады. Бұл Алаш көсеміне бірінші рет тағылған жала емес. 1896 жылы да Томскінің «Сибирский вестник» газетіне Қарқаралыдан жіберілген мақалада (Корреспонденцiи "Сибирского Вестника". Каркаралы.//«Сибирский вестник», газ., № 88 за 1896 год, стр.3 Томск), белгісіз автордың Әлиханды «жасөспірім күнінде-ақ даланы тастап, білімін жетілдіруге көп уақытын сарп етіп, соның салдарынан туған даласының тұрмыс-тіршілігін көп ұмытса керек» деп мұқатпақ болады. Басынан сөз асырып көрмеген Әлихан «Степной край» газетіндегі «Письмо в редакцію» (№ 39, 23.05.1896 ж.) деген мақаласында әлдеқайда салмақты да өткір мысалдарымен әлгі авторды жермен-жексен қылады. Бұл жолы да ол «Семипалатинский листок» газетінде (№ 23, 21.06.1906 ж.) «Ответ истинным сынам степей» деген айдармен Киргиз-Кайсак деп қол қойған тиесілі жауабын береді.

Ғарифолла мырза күдік келтірген тағы бір-екі бүркеніш есімді айта кетейін. Әлекеңнің 1896-1906 жылдары Дала өлкесінің көші-қон басқармасында (переселенческое управление) статистик қызметін атқарғанын білмейтіндер де жоқ емес. Бір ғажап құбылыс «Сибирские вопросы» журналының (СПб) 1908-1909 жылғы сандарында Әлекеңнің V таңбасымен шыққан мақала-очерктері 1909 жылғы 5 санында күрт үзіледі де, сол санынан бастап Статистик деген автордың дәл сол тақырыпты жалғастырған мақала тізбегі басталып, 1910 жылғы 19-20 санына дейін дерлік жалғасады.

«Иртыш» газетіндегі Наблюдатель дегеннің Қазақ өлкесіне қай жылы қанша келімсектің қоныстанып, оларға қазақтың көне жерінен қанша десетине кесіп берілгені туралы Әлихан қызмет еткен көші-қон басқармасының (переселенческое управление) статистикалық мәліметтерін - Алаш көсемі өзінің «Қазақтар» атты тарихи очеркінде еш өзгеріссіз келтіреді. Егер бұл мәліметтерді немесе қайсыбір өзге мысалды басқадан алған болса, Әлекең міндетті түрде Наблюдатель немесе Уак деп сілтеп көрсетер еді. Әлекең авторлық құқықты өте сыйлаған. Мысалға, тіпті «Қазақ» газетіндегі Қыр баласы деп жазған бір мақаласында «келтірген мәліметтерін А.Букейхановтың мақаласынан алғанын» (!) сілтеп көрсетті емес пе!

Жоғарыда 1917 жылғы дейін Әлиханның 25-ке тарта қазақ-орыс газет-журналында жарияланғаны айтылса, совет тұсында 1930-жылдарға дейін дерлік авторы Қыр баласы және V таңбасымен көрсетілген мақала-жазба шықпаған мерзімді қазақ баспасөзін табу аса қиын. Егер 1930-ыншы жылдары Әлекеңнің француздардың «Фигаро» газетінде астыртын жарияланып тұрғаны анықталса (Мұстафа Шоқай арқылы), онда лақап есімдері тағы толыға түсері анық.

Қысқасын айтқанда, Әлиханның орысша публицистикасымен таныс емес Ғарифолланың (таныс еместігіне еш күмән жоқ) алдында Алаш көсемінің орысшада қолданған бүркеніш есімдерінің бәрін түгел тізіп дәлелдеп жатудың қажеті де шамалы шығар. Хатым онсыз да ұзақ болып кетті. Егер қажет болып жатса, келесі хатымда әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтуге болады.

Ұзын сөздің түйінін айтқанда, Ғарифолла мырзаның, міржақыптанушылардың не басқа алаштанушылардың талас пікірі, осы мақалада келтірілген айғақ-деректерден басым да салмақты тарихи уәждері болса, ашық пікірталастан қашпаймын. Билігін оқырман айтсын. Егер бар уәжі «мен білемін», «стилі сезіліп тұр» болса, босқа дауласып әуре болмаймын.

Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ.

Прага, сәуір, 2013 жыл

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2009
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2429
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1993
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1581