Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2600 0 пікір 13 Мамыр, 2013 сағат 16:46

КӨШІРМЕДЕН КӨЗ АШПАҒАН ҚОҒАМНЫҢ КӨСЕГЕСІ НЕМЕН КӨГЕРЕДІ?

1983 жылы жапондық кинорежиссер Сехэй Имамура «Легенда о Нараяме» атты атышулы фильм түсірді. 2008 жылы қазақ кинорежиссері Ермек Тұрсынов «Келін» атты фильмді дүниеге әкелді. Біздің қоғамның руханиятта да көшірме қоғамға айналып бара жатқанын осы екі фильм арқылы дәлелдеуге болады. Бірінші, қанша сынасақ та «Келінді» қоғам қабыл алғандай түр танытты. «Өрмек» деген мақала жазған Бекболат Тілеухан бұл фильмнің ары қарай таралуына тосқауыл қоя алған жоқ.
«Келін» емес, келсап болды» деп жазған Жұлдыз Әбділданың мақаласының да айызды бір қандырғаннан басқа ықпалы болмады. Осы фильмге алғашқы көрсетілімінен бастап қарсы шыққан Дулат Исабеков те ештеңе істей алмады. Тіпті «Келін» «Оскар» сыйлығына ұсынылып, оны сынағандар «әй, қарабет» болып қала жаздады.

1983 жылы жапондық кинорежиссер Сехэй Имамура «Легенда о Нараяме» атты атышулы фильм түсірді. 2008 жылы қазақ кинорежиссері Ермек Тұрсынов «Келін» атты фильмді дүниеге әкелді. Біздің қоғамның руханиятта да көшірме қоғамға айналып бара жатқанын осы екі фильм арқылы дәлелдеуге болады. Бірінші, қанша сынасақ та «Келінді» қоғам қабыл алғандай түр танытты. «Өрмек» деген мақала жазған Бекболат Тілеухан бұл фильмнің ары қарай таралуына тосқауыл қоя алған жоқ.
«Келін» емес, келсап болды» деп жазған Жұлдыз Әбділданың мақаласының да айызды бір қандырғаннан басқа ықпалы болмады. Осы фильмге алғашқы көрсетілімінен бастап қарсы шыққан Дулат Исабеков те ештеңе істей алмады. Тіпті «Келін» «Оскар» сыйлығына ұсынылып, оны сынағандар «әй, қарабет» болып қала жаздады.
«Легенда о Нараямеде» ағасы үйленіп, інісі «артық ауызды» асырауға мүмкіншілік жоқ болған соң үйлене алмай қалады. «Келінде» де ағасы әйел алып, інісі «сілекейі шұбырып» жүреді. Біріншісінде інісі қаншық итпен әдепсіз қылық жасаса, екіншісінде де кіші ұл сондай әрекетті ешкі арқылы жүзеге асырады. Екі фильмде де бір-бірін еріксіз еске түсіретін экзотикалық көрініс элементтері бастан-аяқ қылаң беріп тұрады. Бүгінгі адамға таңсық көрінетін бары мен жоғы, болған-болмағаны белгісіз әлдебір көне дәстүрлер де «Келінді» әлгі жапон киносына ұқсатып жіберген. «Легенда о Нараямеде» күні біте бастаған байғұс кемпір Оринді таудағы ит-құстың арасына апарып тастайтын тұс бар. «Келінде» де қазаға ұшыраған үлкен ұлды әлдебір түсініксіз рәсім жолымен әлдебір тау ішіне апарып іліп қояды. Онда да, мұнда да жын-шайтандай қаптаған ит пен құс. Тіпті бас кейіпкерлердің түрлері де, характерлері де бір-біріне қатты ұқсайды.
«Легенда о Нараяме» алыс елдімекенде, қиян түкпірде қалып бара жатқан жапон шындығын көрсетеді. Сол үшін де оны қолдаушылар мен сынаушылар көпке дейін мәмілеге келе алмай дауласқан екен. «Келін» де қазақ жерінде түсірілсе де аты мен заты белгісіз тайпаның әлдебір шындығын көрсетуге талпынған. Сол үшін ол да қатты сынға ұшырады, былайша айтқанда басқадан емес, сыннан «ұпай» жинады. Бізге режиссер сынға өзі әдейі арандағандай көрінгенін несіне жасырамыз. Нәтижесінде, «Легенда о Нараяме» халықаралық деңгейде мойындалып, ататақты фильмге айналса, «Келін» «отбасы, ошақ қасынан» шыға алмай қалды. Біздіңше, оның бір себебі - «Келіннің» көшірмеге ұқсап кеткенінде болуы керек.
Тұрсыновты көрермен алдында біраз ақтап алғандай болған «Шалда» да таныс сюжеттер менмұндалайды. Негізі, Хемингуэйдің «Шал мен теңізін» жапан түздің оқиғасына көшіріп көрсету жаман идея емес. Бірақ, қазақ әдебиетінде алдындағы малмен бірге ығып, адасып, күресіп, ақыры ерлікпен жеңіп шығатын малшының басындағы оқиға өте танымал болып кеткен. Кеңес заманындағы жалғыз ерлік не егінді өрттен аман алып қалу, не ыққан малмен бірге адасып жүріп, өмір үшін күресумен өлшенетін. Қазақ даласында да, әдебиетінде де мұндай сюжеттің неше атасы бар. Олардың жанында қанша аспандатсақ та «Шал» құранды фильмдей әсер қалдырады. Оны да былай қойғанда, Мұхтар Мағауиннің «Шахан шерісі» әлдеқайда терең, әлдеқайда мазмұнды. «Шахан шеріде» кейіпкер жолбарыстан қорғану үшін қоршау жасап алып, алапат арпалыс жасайды. Біздің кинорежиссерлер ондайды көре ме, шіркін, дерсің. Сол сияқты, Жүсіпбек Қорғасбектің «Қасқыр-Адам» атты әңгімесінде де иен тауда қасқырмен жекпе-жек қалған адамның қаракеті таптаурын сюжетті қайталамай, жаңалық ретінде қабылданған. Ол туралы белгілі сыншы Тұрсынжан Шапай «Қазақтың жаны» атты кітабында арнайы мақала да жазған болатын. Айтпақшы, Асқар Алтайдың «Көзжендет» атты әңгімесі де көркем фильм түсіруге сұранып тұр. Бірақ, қазақтың болмысын өзгелердің өлшемімен «өрнектеуге» дағдылана бастағандар оны да менсіне қоймас. 
Ермек Тұрсынов қазақтың өмірін жақсы біледі дегенге күмәніміз бар. Мысалы, «Шалда» қойдың жүнін жұлып алып, от тұтататын жері бар. О заман да бұ заман қойдың жүні тамызық болғанын кім көрген. Бас-сирақ үйтіп көрген қазақтың баласы қойдың жүні жанбайтынын, үйтілетінін жақсы білсе керек. Фильмде күлкіңді келтіретін осындай өрескелдіктер жетіп артылады. Алайда біз оған мән бергеміз жоқ. «Не себепті?» деген сұрақ туады. Себебі сол, біз қазір рухани тұрғыдан кедейленіп бара жатырмыз. Әсілі қазақтың философиясы өзгенің емес, өз өмір-салтынан туындауға тиіс. Әйтпесе, өнердегі көшірме кімге таңсық. Айналып келгенде ондай фильмдерді өзге түгілі, өзіміз де жарытып көрмейміз. Жұмабай Шаштайұлының «Шал мен жылқы» атты повесінде «Өлмеу парыз» деген сөз бар. Қазақтың түздегі өмірінің бәрі осы «өлмеу парыз» деген тәмсілге бағынады. Ендеше жанкештілікті көрсетемін деп, сырттан сюжет іздеудің не қажеті бар. Сол сырт еліңіз бағалады ма соны?!
Жалпы, осынысы үшін Ермек Тұрсыновты кінәлаудың еш қажеті жоқ. Себебі ол жалғыз Тұрсыновтың кемшілігі емес. Бізде қазір қоғамның өзі көшірмеге айналып барады. Оның сықпыты кез-келген саладан байқалады. Музыкада да, кинода да, әдебиетте де жаппай көшіру басталды. Ешкім көшіргені үшін жазықты болмайтынын бәрі біліп алды. Архитектураңыз да солай, әрі-беріден соң. Бүйте берсек жаһандастыру бізді терең мазмұндылығымен емес, жалаң әуейілігімен жаулайтын түрі бар. Біреулер қазақтың жігерсіздігін патшалы Ресей отаршылдығы мен кеңестік тоталитаризмнен емес, ұлттың өз жаратылысынан көреді. Міне, ұлттанудағы осы қате көзқарас жаппай плагиаттыққа даңғыл жол ашып беріп отыр. Құдды қазақтың өмірінен «Қараш-қараш оқиғасы» деген повесть жазылмағандай, «Қараш-қараш оқиғасы» деген көркем фильм түсірілмегендей күй кешіп отырмыз.
Жо-жоқ, әңгіме Ермек Тұрсыновқа да тіреліп тұрған жоқ. Қайта Ермектікі «ермек» емес, әйтеуір бір талғажауға жарағанын мойындармыз. Негізгі айтайын дегеніміз мынау: Плагиаттық деген қазір арнайы зерттеуді қажет ететін мәселеге айналды. Бұл жұмыс тіпті ғылыми-зерттеу мекемелеріне арнайы табысталса да жаман болмас еді. Тап осы мәселеге байланысты құрамында Таласбек Әсемқұлов, Тұрсынжан Шапай, Дихан Қамзабекұлы сияқты жан-жақты білімді азаматтар әр саладан жиналып, сарапшылық жасаса да артықтық етпес еді. Бұған авторлар қоғамы да белсеніп атсалысса ықпалы болмай қоймас. Әйтпесе өзгенің қаңсығын таңсық көріп жүре беретін түріміз бар. «Бәрекелді, жақсы көшіріпсіңдер» деп, шетел мойындап жатса, қанеки. Қайта ол жақта қанша жаһандасып жатырмыз дегеннің өзінде, ұлттық даралық жоғары бағаланатын көрінеді. Сол сияқты, өз ішімізде де өнердің қай саласында болса да жиендік жасау етек алып кетті. Әсіресе эстрадада қай әннің кімдікі екенін айырып болмастай халге түстік. Алды соттасып, абырой да төгіліп жатыр. Қой демесек, шын өнер сол қойыртпақтың қою шаңының астында тұншығып қалатын сыңайы бар. Жас ұрпақтың танымы мен талғамына қандай қиянат жасалып жатқанын енді айтпасақ кеш қаларымыз анық. Қысқасы, сондай бір батыл қадамдар жасамасақ көшірмеден көз ашпаған қоғамның көсегесі көгере қоймас дегіміз келеді.
Балжан Мұратқызы

"Халық сөзі" газеті

0 пікір