Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Жаңалықтар 44306 0 пікір 9 Мамыр, 2013 сағат 08:57

Қасым Аманжолов. Сен фашиссің, мен қазақпын!

Сен фашиссің, мен қазақпын!

Сен фашиссің, мен қазақпын,
Сен айтқандай «азиятпын».
Сен аспаннан «жұлдыз қақтың»,
Мен далада түйе бақтым.

Енді мынау қарайсың тек,
Дәрменің жоқ, көзіңмен жеп.
Арланасың, қорланасың,
«Тұтқын болдым тағыға» деп.

Егер де мен түссем қолға,
Қамар ең ау темір торға.
Олай болмай, бұлай болды,
Біздің бақыт, сіздің сорға.

Сен фашиссің, мен қазақпын,
Өзің айтқан «азиятпын».
Таңғаларсың, «философым»,
Ғажабына табиғаттың.

1944 жыл

Соғыстың, қыстың ызғары

Соғыстың, қыстың ызғары
Бойымнан кетпей, боп сырқат,
Емендей жалғыз құздағы
Айналаға болдым жат.

Қайсарлықпен сыр бермей,
Отырмын қарап биікке:
Ұшқан құсқа тау көлбей,
Қиялда жортқан киікке.

1944 жыл

Қанқұйлы жау

Қара тулы қанқұйлы жау,
Көрсем деуші ем азғаныңды:
Шұлғауыңды етіп жалау,
Өзің қылғып өз қаныңды,
Іріп-шіріп тозғанынды.

Арманым жоқ, өз көзіммен
Көрдім бәрін, болды тілек.
Қасиетті отты зілмен
Көкірегімде қайнаған кек,
Төгіл жауға! Тула, жүрек!

1943 жыл

Үстімде сұр шинелім

Сен фашиссің, мен қазақпын!

Сен фашиссің, мен қазақпын,
Сен айтқандай «азиятпын».
Сен аспаннан «жұлдыз қақтың»,
Мен далада түйе бақтым.

Енді мынау қарайсың тек,
Дәрменің жоқ, көзіңмен жеп.
Арланасың, қорланасың,
«Тұтқын болдым тағыға» деп.

Егер де мен түссем қолға,
Қамар ең ау темір торға.
Олай болмай, бұлай болды,
Біздің бақыт, сіздің сорға.

Сен фашиссің, мен қазақпын,
Өзің айтқан «азиятпын».
Таңғаларсың, «философым»,
Ғажабына табиғаттың.

1944 жыл

Соғыстың, қыстың ызғары

Соғыстың, қыстың ызғары
Бойымнан кетпей, боп сырқат,
Емендей жалғыз құздағы
Айналаға болдым жат.

Қайсарлықпен сыр бермей,
Отырмын қарап биікке:
Ұшқан құсқа тау көлбей,
Қиялда жортқан киікке.

1944 жыл

Қанқұйлы жау

Қара тулы қанқұйлы жау,
Көрсем деуші ем азғаныңды:
Шұлғауыңды етіп жалау,
Өзің қылғып өз қаныңды,
Іріп-шіріп тозғанынды.

Арманым жоқ, өз көзіммен
Көрдім бәрін, болды тілек.
Қасиетті отты зілмен
Көкірегімде қайнаған кек,
Төгіл жауға! Тула, жүрек!

1943 жыл

Үстімде сұр шинелім

Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Қанды кырғын, қызыл от,
Қаптап жүр ажал дегенің.

Үстімде сүр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Қағып-соғып жығар ма
Оңайлықпен мені өлім!

Үстімде сүр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Баяғы Қасым, бір Қасым,
Баяғы күйім, өлеңім.

Үстімде сүр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Ұмытса да достарым,
Ұмытар ма мені елім!

1944 жыл

Ұлы Отан соғысы туралы жыр

Міне, менің алдымда жатыр Еділ,
Ер орыстың ежелден бесігі бұл.
Рухындай аруақты ата-бабалардың
Ойшыл бұлттар аспанда шомылып жүр.

Саратов, Тамбов, Москва- байтақ елім
Киінген қызыл әскер сұр шинелін.
Қайнап аққан болаттай келеді ерлер,
Қорғасынға түйіп ап кекті зілін.

Жау сұрқия, тобыры жендеттердің,
Ажал досы, қырсығы көк пен жердің.
Оның қанды қолынан, қанжарынан,
О, бауырым, аз қырғын болды дер кім!

Апат боп өліктерді басып-таптап,
Қасқыр боп, өрт боп дұшпан келді қаптап.
Атаға да балаға сайлап бұғау,
Жыландай жанды жерден болды шақпақ.

Ұлы ұран тау қырандай саңқылдады,
Дабысын ұлан-байтақ ел тыңдады.
Сонау алыс ғасырлар түкпірінен
Түсі суық найзалар жарқылдады.

Түстік таулар, арқалық теңіздерден
Ағылды әскер намысын кек кемірген.
Көтерілді орыстың ер ұрпағы
Бастап сонау қан қырғын Чуд көлінен.

Алты аспабы жарқылдап астында айдың,
Жалын шашып жүздері шегіп айбын,
Аттанды кеп ерлері Ұлы Отанның,
Дауыл күнгі бейне бір шалқар айдын.

Қатал күндер дауысы дауыл болып,
Ғасырларды оятып, өтті соғып.
Альпы тауын бетке ұстап саңқ-саңқ етіп,
Шықты ұшып қарт бүркіт ер Суворов.

Смоленск түбінде құрып шебін,
Кутузов жүр көкке атып зеңбірегін.
Қанды кия тастарға қару қадап,
Москва тұр баспа ғып Чудтың көлін.

Адам да, жер де, су да, ормандар да,
Ғалым, тарих, намыс та, кек те, ар да -
Бәрі де тайталасып майданға енді,
Жігіттер, бұдан асар ғажап бар ма!

Қарт Толстой жалын боп шығып демі,
Жазып жатыр, кім білер, әлденені?
Кей кезде бір шалынад құлағыма
Глинканың тым ауыр күрсінгені.

Салдың жара кеудеге, сұрқия жау,
Кетпес естен қан қырғын, талау-тонау.
Сенің арам сүйегің шірігенше
Біздің ауыр жарамыз жазылар-ау.

Европаға сыймастай ісіп-кеуіп,
Тәкаппарсып кетіп ең басып, теуіп.
Құладындай жүзіңді ішке тығып,
Енді неге бұғасың бүкшірейіп?!

Өлтіре соқ фашисті, ұр желкеден
Ғасырлар мен жылдардың салмағымен.
Өртенген үй, қираған атамекен,
Қан мен жастың кегі үшін аянба сен!

1943 жыл

Өзім туралы

Өзге емес, өзім айтам өз жайымда,
Жүрегім жалын атқан сөз дайында.
Тереңде тұнып жатқан дауыл күйді
Тербетіп, тулатып бір қозғайын да...

Аманжол Рақымжанның Қасымымын,
Мен қалған бір атаның ғасырымын.
Біреуге жұртта калған жасығымын,
Біреуге аспандағы асылымын.

Шарлаған жолым жатыр жер бетінде,
Көрінер көлеңкесі келбетімде.
Қай жерде үзіледі қайран сапар,
Түйін боп өмірімнің бір шетінде?

Сол жерге қалармын ба мәңгі тоқтап,
Жоғалып жер бетінен сүрлеу-соқпақ?
Немесе бастармын ба екінші өмір,
Жалынды жыр жолында қызыл шоқ қап?

Дүние, жалт-жұлт еткен кең мекенім,
Көре алмай көп жеріңді мен кетемін.
Арпалыс алақұйын заманалар
Арбасып тұрып алды, мен не етемін?!

Өмір жоқ түскен жерде бір арнаға,
Көп күттім, көп тіледім құмарлана.
Қайтейін, жетер емес қысқа өмірім,
Алыстан көрінгенмен мұнарлана.

Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ,
Қараймын елесіңе мен таңырқап.
Жаңғыртып жер сарайын сен келгенде,
Көрпемді мен жатармын қырда қымтап.

Жүзінде кәрі жердің әжімі көп,
Ізімді табарсыңдар әзер іздеп.
Оқырсың сонда, мүмкін, бұл жырымды,
«Досың да, туысың да біздерміз», - деп.

Ризамын туғаныма адам болып,
Өкінбен қаламын деп бір күн солып.
Адамзат сапарының мейманымыз
Бір мезет жер бетіне кетер соғып.

Екі көз - екі жүлдыз маңдайдағы,
Көруші ең құбылысты қай-қайдағы.
Япырмай, сен де бір күн сөнермісің
Қап-қара түнек болып маңайдағы?!

Өкінбен мен де бір күн өлемін деп,
Өкінем ұқсата алмай келемін деп.
Күніне жүз ойланып, мың толғанам,
Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп.

Барым да, бақытым да осы өлеңім,
Жақыным, жүрегімнің досы өлеңім.
Өмірге келгенім жоқ бостан-босқа,
Мен қайтіп босқа жасап, босқа өлемін?!

Гүрілдеп жалын атқан кеудем - көрік,
Сөз соғам құлашымды еркін керіп.
Суарып шынықтырам күйге малып,
Болсын деп әрі әдемі, әрі берік.

Құя алман үгітілген балшық өлең,

Көңлімде көл жасаман тамшыменен.
Серінің семсеріндей сертке таққан
Өлеңнің өткірін бір алшы менен.

Ежелден еркебұлан Қасым едім,
Бұлқына тасып едім, басып едім.
Жүзім - жаз, көңілім - көктем, кең пейілді,
Жақсының жүрегіне ғашық едім.

Сөзім - жыр, лебізім - күй, ерке едім,
Өз жерім, өз елімде еркеледім.
Өмірдің алтын сарай аспанына
Қиялым қақты қанат ерте менің.

Кең жайдым құлашымды дүниеге,
Білдім мен қайғыра да, сүйіне де
Әйтеуір, әрі-сәрі болғаным жоқ,
Ұқтым мен көңілімнің күйі неде...

Аяған жүрегім жоқ жолдасымнан,
Сый көрді небір сараң мол Қасымнан.
Жолдастың жүзін қайта алдым жинап,
Айрылсам ала көңіл он досымнан.

Қасыммын, сол баяғы бір Қасыммын,
Бақытын ойламаймын құр басымның.
Тымырсық түнек болсаң - дұшпаныңмын,
Ақ көңіл адал болсаң - сырласыңмын.

Боламын ақын Қасым әлі де мен
Өлеңін бөбегіндей әлдилеген.
Қанатын қағып жылдам келер жылдар,
Бәрін де қарсы аламын ән-күйменен.

Бір күні от өмірім қалса өшіп,
Қайран ел туған жерден кетпес көшіп.
Торқадай жамылып ап топырағын,
Жатармын өз жерімде бір төмпешік.

Дариға, о, дариға, шіркін дәурен,
Басымнан таярмысың бір күн, дәурен?!
Жалт беріп жоғалар ма нажағайдай
Жүзінде шалқып тұрған күлкім, дәурен.

Тоқтамас өмірімнің сағатындай
Жүрегім енді қанша соғар тынбай?
Тыншыр ма ақтық рет бір талпынып
Мерт болған балапанның қанатыңдай?

Түсірген ой сәулесін шар тарапқа,
Ақылдың алтын оты сөнген шақта,
Бұл күнде саңқылдаған сұңқар үнім,
Кетерсің судай сіңіп табиғатқа.

Сондықтан ап кел бері домбырамды,
Кеудеме күй қанатты қондыр әнді.
Берейін өмірімнен өлең жасап,
Шашайын оңды-солды мол мұрамды.

Дүниеге келер әлі талай Қасым,
Олар да бұл Қасымды бір байқасын.
Өртке тиген дауылдай өлеңімді
Қасымның өзі емес деп кім айтасың?!

1948-1954 жылдар

Өлмес өмір өлеңі

«Ез тірліктен ер өлім
Артық екен дер едім!» -
Деп кірді ол майданға,
Өтті құздан, сайдан да...

Жер бауырлап жығылды,
Табаны бір тайғанда.
Ақтық рет күш жиып,
Күліп еді-ау жымиып...

Қайран өмір сәулесі
Келбетінде қалды ұйып.
Тоңазыған болаттай
Тынып бір кез, оқ атпай,
Тұрды қоршап достары,
Ажалды оған жолатпай.

Командирі сөйледі:
- Шіркін, сабаз ер, - деді,
Мықтап тұрып бір түйді
Ұзақ жолын жердегі.
Жер денесі шымырлап,

Елжіреді күй тыңдап...

Жауға ұмтылды достары,
Кеудеде кек бұрқылдап.

«Мүмкін, тірі жүр шығар?»
Деп жұбанды сұлу жар.
Дәл осылай жадырап,
Жаңбырдан соң күн шығар.

...Көңілінде басқа күй,
Уілдейді жас сәби.
Әкесі кеп енгендей
Нұрға толы бастағы үй.

Өлуші ме ед ер шіркін!
Сілкінді ол бір дүркін.
Келе жатты аралап
Өзі туған ел-жұртын.

Кремльге ол барыпты,
Алтын Жұлдыз алыпты.
Келді таяу үйіне
Ертіп бүкіл халықты...

Жар жүрегі дірілдеп,
Ұмтылды ана: «Ұлым!» - деп.
Арасында гүлдердің
Тұрды батыр күлімдеп.

Тұрды қарап тіл қатпай,
Қысылғандай сөз таппай...
«Өлмес үшін бір өлдім»
Деген ойын тұрды айтпай.

1948 жыл

Өтіп бара жатырмын

Өтіп бара жатырмын,
Туған елдін тұсынан.
Сәлем айтып көгінде
Еркін ұшқан құсынан.
Жалпақ дала жалтақтап,
Қайта-қайта қарайды.
Күрсінгендей болады,
Шерін қозғап талайғы.

1943 жыл

Елге хат

Б і р і н ш і с ө з

«Менің бір бар еді ерке тентек ұлым,
Өлі ме, тірі ме екен сол құлыным?» -
Дейтіндей болдың ғой сен, туған елім,
Жоғалдым зым-зия боп, шықпай үнім.

Арада өтті үш жыл ойран-топыр,
Теңіздей тебіренді қала мен қыр.
Шарықтап аспанында жүрген шығар
Қанатын өрт шарпыған өлең мен жыр.

Көре алмай содан менің қаршығамды,
«Қан болып жатыр ма, - деп, - құшып шаңды»,
Астынан алақанның алыс қарап,
Іздер ме ата қазақ ақ сақалды?!

Бармын мен бұл дүниеде, жүрмін тірі,
Жоқсың деп жала жабар қудың бірі.
Түссем де отқа, суға - тозар емен,
Солдаттың етігіндей жаным сірі.

Е к і н ш і с ө з

Есімде жөнелгенім қанды жолға,
Туған жер қимағандай мені сонда.
Жалтақтап, жалпақ дала, қарай бердің,
Жүгіріп еріп зорға эшелонға.

Сықылды сынып-құлап аққан жұлдыз,
Мен кеттім карауытып үнсіз-тілсіз.
Білмедім қош дерімді, күт дерімді, -
Елестеп екі жақтан мыстан мен қыз.

Айнала нұрға шомып бір керемет,
Ашылды жайнап сол кез ғажап сурет.
Болдым мен туып-өскен тау, даламды
Көргендей тұңғыш рет не соңғы рет.

Ү ш і н ш і с ө з

Мен кеттім, сол кеткеннен кеттім ұзақ,
Базарға келіп түстім қанды қасап.
Бір долы от ауызды, темір тісті
Қыршып жас өмірлерді жатты асап.

Душар боп сол бір сойқан дүниеге жат,
Кәсібім соғыс болып, атым - солдат,
Қан жалдап шалпылдатып кете бардым,
Серігім болды менің азап-михнат.

Түткілеп жапырағын оқ жегенде,
Қараушы ем аянышпен сорлы еменге:
Жанымның жанат нуын жалын шарпып,
Достарым, сол емендей болдым мен де.

Қан соқта арасында өліктердің
Ажалды өз көзіммен талай көрдім.
Достасып, бір ыдыстан тағам ішіп,
Астында бірге ұйықтадық сұр шинельдің.

Немене айтып-айтпай көрген азап,
Қалмадым қирап-қаусап тек жалғыз-ақ.
Мың есе білдірдің ғой қадірінді,
Атыңнан айналайын ата қазақ!

Т ө р т і н ш і  с ө з

Жұлып жеп жер мен көкті от тұмсығы,
Долының ұстағанда қояншығы,
Қанатын ақша бұлттар қанға малып,
Өртеніп күп-күрең боп таудың шыңы!

Сырылдап қос өкпесі, іздеп жемтік,
Самолет сумаң етіп келсе жетіп,
Бұлттағы долы сайтан найзасындай
Қадалса қара бомба жерге кеп тік.

Жылытып бауырымды ып-ыстық қан
Кезімде өлі досты барып құшқан,
Үстіме сен кеп төніп тұрғандай-ақ
Болушы ем, атамекен Қазақстан!

Ес жиып, тұрушы едім мен орнымнан,
Қараушы ем жалын шарпып жанарымнан.
Шегініп сен кетуші ең білдірместен,
Бұлтқа ұқсап аспандағы аударылған.

Жалын боп қалушы едім жерді шарпып,
Көруші ем сонда анық көз құмартып
Алтын ту, арайлы таң төккен нүрын,
Шұғыла боп аспанында жүзген шалқып.

Туған ел, бұл дүниеде сен болмасаң,
Өзімді отқа атар ем әлдеқашан.
Сен деген касиетті бір махаббат
Жүр сақтап, көкірегіме жуытпай шаң.

Б е с і н ш і  с ө з

Кең далам - дастарханым - атамекен,
Зейінді асқар тауым көкірегі кең!
Лебіңмен оттай ыстық тартасың кеп,
Тіріліп іздегендей мені әкем.

Жалбыр тон жетім болып жүргенімде
Көтеріп, қаратып ең мені күнге.
Әкем де, анам да сен, туған елім,
Сен үшін ырысым да, қасіретім де.

Білмеймін не күтіп тұр мені алда,
Ажал кеп жүр дер ме әлде осы таңда?
Сені ойлап қиналам ғой, туған елім,
Қызыл от, жатсам дағы батып қанға.

Алшы деп мен ажалға бермен арыз,
Сен маған айтқан жоқсың өл деп уағыз.
Талпынған жаңа ғана екеуімізге
Өлші деп әмір етер қандай жауыз?

Болғанда сен жас әке, мен сәбимін,
Ашылған жаңа ғана гүлмін, күймін.
Бәрібір құтылмайсың десе дағы,
Келмейді сұм өлімге еш бас игім.

Жанымды күйдірсем де жалынға caп,
Қасқыр боп таласа да мені азап,
Туған жер топырағында тіп-тік өскен
Қара емен - қасарысқан мен бір қазақ.

Сағындым, туған елім! Өтті жылдар,
Білмеймін достарымнан кім жоқ, кім бар?
Құс болса, ұшырар ем жүрегімді,
Ап кел деп туған елден сен бір хабар.

Сарыарқа, самалды тау, сырнайлы өзен,
Сағындың сен де мені, айтпай сезем.
Айбарлы ақсақалым - Алатауым,
Күт мені сабырлы оймен, түңілме сен.

Құс болып ұшар жырым ой-қырыңда,
Қонақтар сенің алтын тұғырыңда.
Қымбаттым - халқым деген махаббатым,
Сенемін, қалмас шіріп қабырымда.

1944 жыл

Дариға, сол қыз

I
Өңімде ме еді,түсімде ме еді,
Көріп ем ғой бір армандай қызды...
Бір нәзік сәуле күлімдеп еді,
Сұрапыл соғыс соқты да бұзды.

Сапырды дауыл,тебіренді теңіз,
Тулады толқын,шайқалды шың-құз...
Қып-қызыл өрттің ішінде жүрміз,
Қайда екен, қайда,дариға, сол қыз?!

II
Оқ тиді келіп, қайратым кеміп,
Барамын сөніп, келмейді өлгім!
Тұрғандай сол қыз жаныма келіп,
Талпына берді қайран жас көңілім!

Барамын сөніп,барамын сөніп,
Жұтар ма мені мына сұм соғыс?
Арманым бар ма өлсем бір көріп,
Қайда екен, қайда,дариға, сол қыз?!

III
«Келмейді өлгім,келмейді өлгім!
Қайратым қайда,келші осындайда»,
Дедім де тұрдым,жүгіре бердім,
Қолымда найзашағылып айға.

Жеңдік қой жауды,арман не, құрбым!
Күркіреп күндей өтті ғой соғыс.
Келемін қайтып,өлеңімді айтып...
Қайда екен, қайда,дариға, сол қыз!

Бауыржан

Бір дауыл сапырды кеп өрт теңізін,
Теңселтіп темір топан дүние жүзін.
Бетіне туған жердің өшпестей ғып,
Ер жазды өз қанымен жүрген ізін.

Нақ сол кез естідім мен ер дүбірін,
Атағы атын алып келді бұрын.
Үстінде туған елдің тұрды толқып
«Бауыржан Момышұлы» деген бір үн.

Ақынның ақ сұңқардай жүрегі бар,
Алқындым бір көруге болып құмар.
Көктемде күркіреген күн дауысын
Жер естіп, желкілдеген гүл ынтазар.

Қан майдан қаталатып, шөлдегенде,
Кез болдым жалтылдаған екі көлге.
Көл емес, көздері ғой Бауыржанның,
Елестеп мың көрінер бір көргенге.

Бойы бар бізден гөрі биігірек,
Тіп-тік боп абыройын тұрған тіреп.
Toп жара көрінсін деп екі иығы,
Туған ел жаратыпты оны ірірек.

Ойы бар бірде дауыл, бірде жалын,
Теңіздей тебіренткен терең жанын.
Алғандай бойға жиып бар қуатын
Кешегі өзі кешкен уақиғаның.

Кейде ол көк семсерлі генералдай,
Кейде ол күй көңілді ақын жандай.
Өмірдің ол шеті мен бұл шетіне
Өресі өрен ойдың тартылғандай.

Жан ұқпас жұмбақ емес бір жасырын,
Айтады ол тіке қарап жұртқа сырын.
Жаратпас жамау-жасқау жұрт ескісін,
Соғады өз дүкені сөз асылын.

Ойы бар қиялының қанатында,
Адаспас апарып бір салсаң тыңға...
Бір дәурен ойнап-күліп отырғаны,
Жалтылдап екі көзі қарсы алдыңда.

«Батырым - Бауыржаным» дейді халқым,
Алып ұш, ақын жүрек, ердің даңқын.
Келешек келе жатыр көремін деп
Тік басып туған жерде жүрген қалпын.

Ағамыз атағына асқар тау тең,
Жау келсе, жаубүйректей етер жәукем.
Емендей ерегісер сұрапылмен,
Басымен бұлтты жайпап біздің Баукең!
1948 жыл

Балдақты жігіт

Балдағы бар бір жігітті көрдім де,
Қасақана сауал бердім келдім де:
- Ғафу, жолдас! Көрінбейд бір аяғың,
Кешегі өткен сұрапылда бердің бе?

Жігіт екен! Жауап тапты тосыннан
(Бір ғажайып күлкі ойнады ернінде):
-Көріп тұрсыз, бір аяғым осында,
Екіншісін тұрмын басып Берлинде.
1949 жыл

Біз кім?

Осы біз дуракпыз ба, ақынбыз ба?
Естіге - ақын, бұзықпыз ақылсызға.
Қырғидай кеп тиеміз әрқашанда
Қаз-үйректей қаптаған қатын-қызға.

Еңбек етсек, күш төксек, ақша тапсақ,
«Метроға» кіреміз әуел бастап.
Қатын-қызға қалғанын беріп салып,
Ақша жоқ деп жүреміз он күн қақсап.

Осымыз да, япырмау, дұрыс боп па,
Көңіл тежер уақытымыз жеткен жоқ па?
Желігуден жалықты жаным менің,
Caп, caп, көңілім, лепірме, тоқта-тоқта!

Кезбен енді махаббат базарын да,
Алман сатып қымбатын, арзанын да.
Шылым тістеп, ой ойлап, қиял шарлап,
Бел байладым жатуға жар жанында.

Біз - Отанның солдаты

Батыс бардық,
Балқан бастық бөктерлеп,
Карпат астық,
Альпі аттандық көкке өрлеп.
Европаның аспанында тұрдық біз
Кеудемізді касиетті кек кернеп.

Жалба-жұлба жауыздықтың түнегі
Жер жасырған,
Аласұрған түн еді.
Сонда біздің уралаған даусымыз,
Көктем келіп,
Күркіреген күн еді.

Көкке қарап шерлі жігіт, мұңлы қыз,
Көрген кенет көк төсінен көп жұлдыз.
Сол бір түнде жұлдыз болып көрінген
Биігінде біздің жаққан отымыз.
Тауларында ту көтеріп біз тұрдық,
Тумен бірге
Таң көтеріп құлпырдық.

Таңда жазып
Төрт жыл түйген қабақты,
Шығар күннің шапағында бір күлдік.
Ғажайып күн көтерілді шығыстан,
Бой шымырлап,
Кеттік жырлап тұс-тұстан.

Сол бір күннен көрдік Отан дидарын,
Әрі әке, әрі аға, туысқан.
«Біз - Отанның солдатымыз!» - деп шырқап,
Тұрдық біздер
Кеудемізден күй бұрқап.

Жер елжіреп, бақыт жырын жырлады,
Жаһан тұрды тына қарап, таңырқап.
Шығыс бардық,
Шымқай қызыл ту алып,
Тұрды орнынан миллиондар қуанып.
- Жоғал, - дедік, - «Күннен туған құдайлар!»
Ұлы Мұхит қалмақ емес суалып.

 

Таңырқатып,
Тамаша бір атты таң,
Ғажайып күн көтерілді батыстан.
Күннен көріп Ұлы Отанның дидарын,
Кетті жырлап барлық шығыс тұс-тұстан.
«Біз - Отанның солдатымыз!» деп шырқап,
Тұрдық біздер,
Көк дауылдай күй бұрқап.

Көкке ұмтылды Ұлы Мұхит толқыны,
Жаһан тұрды тына қарап, таңырқап.
Біз - Отанның солдатымыз, тында, жер!
Жерді зират етем десе жау егер,
Адамзаттың аманатын арт бізге,
Бізбіз адал дүниеге мұрагер.

1948 жыл

1945 жыл

Жаңа жыл, мың тоғыз жүз қырық бесінші,
Құйшы, дос! Қыран көңіл, бір желпінші!
Қан қырғын қызыл соқта толастар ма?
Жаңа жыл, айт та, менен ал сүйінші!

Тілемен жетсе екен деп жасым жүзге,
Тілемен нұр жаудыр деп көктен бізге.
Жаңа жыл, жаршысы бол игіліктің
Жауды жеңіп қайтқандай елімізге.

1945 жыл

Дүние қандай жап-жарық

Дүние қандай жап-жарық!
Осындай ма еді бұрын да?!
Байқамаппын аңғарып
Ойдың тапшылығында.

Дүние қандай жап-жарық!
Көңілім неге жабырқау?
Көкірегіме дақ салып
Кетті ме соғыс, япырмау?!

Дүние қандай жап-жарық!
Жырдың алтын бұлағы,
Жалт-жүлт етіп жатшы ағып,
Жарқылдайын мен дағы.

1944 жыл

Алматыда жүр жортып...

Алматыда жүр жортып
Бота тірсек бозбала.
Өзін мақтап әр жерде,
Баққаны өсек сөз ғана.

«Белинский не Пушкин
Қайтсем дағы боламын!» -
Деп жағалап жүр көптен
Жазушылар одағын.

«Мұхтарың да Сәбитің,
Жазушы ма Ғабитің?
Әбділда мен Тайыр-ай,
Ақын боп па, тәйір-ай!» -
Деді де ол кірісті
Белинский болуға.

Сайлады сөз шоқпарын
Ақындарды соғуға.
Жиналыста оттады,
Сынаймын деп боқтады.
Қара тер боп қалжырап,
Арақ ішіп тоқтады.

Кірісті өлең жазуға,
Сөзді салып азуға.
Жебемеді ұлы ақын,
Қалды байғұс қажуға.

Шарап ішіп шабытын
Шақырса да, шықпады.
Шықты ұйпа-тұйпасы,
Mac боп барып ұйықтады.

Қайғысынан осының
Барды үйіне досының.
Айтты досы ақылын:
- Тыңда, - деді, - ақыным,
Сабыр ойла, саспашы,
Тым ертерек таспашы.
Бірден Пушкин болмай-ак,
Баймұқанша басташы...

10 тамыз, 1954 жыл

Сүйемін мен испанканы

Ғафу, кыздар, қызғанбаңыз,
Сүйемін мен испанканы.
Махаббаты болған аңыз,
Бар ғой оның ұлы жаны.

Көріп пе едің Пиренейдің
Жазғы нұрлы атқан таңын?
Жылылығы сондай деймін
Қара көзді испанканың.

Естіп пе едің бұлбұл үнін,
Балбыратқан гүл бақшаны?
Елжіретер ел жүрегін
Испанканың салған әні.

Қолда гитар, белде қанжар,
Міне, осындай қызды көрдім.
Жүрегі оның бірге соғар
Жүрегімен бүкіл елдің.

Гүл бақшада, нулы орманда
Келе жатыр гитар ойнап.
Көз жіберер ол Отанға,
Туған елдің қамын ойлап.

Майдан десе, гитарын ол
Бір ағашқа іле салып,
Зор майданға сапар шегер
Білек түріп, мылтық алып.

Өжет сұлу қан майданға
Қаймықпастан сапар шегіп,
Фашист сынды қас дұшпанға
Қатулана салар бүлік.

Мұндай сұлу жігіттердің
Ынжығына кайтіп тиер.
Намысы үшін туған елдің
Майданда өскен ерді сүйер.

Махаббаты қандай ыстық,
Қандай тәтті испанканың.
Жүректе серт айнымастық,
Жардай сүйер ол Отанын.

Ол - махаббат идеалы
Құмар қылған Байрондарды.
Сүйемін мен испанканы,
Сүйемін мен сондай жарды!

1940 жыл

0 пікір