Сейсенбі, 7 Мамыр 2024
Бұ не мазақ? 2582 20 пікір 2 Мамыр, 2023 сағат 13:59

Башинскаяның бүлігі

Біраздан бері әлемжеліде Алматы қалалық мәслихатының депутаты Анна Башинская деген аса белсенді «халық қалаулысының» «ерекше ерлігі» жайлы ақпарат желдей есіп жүр. Ол оңтүстік астананың төрінде отырып алып, бөтен тәуелсіз елдің басшысы – Украинаның Президенті Владимир Зеленскийге «ақыл үйретіпті». Бұл Анна деген мықтымыз Зеленскийдің «Қырымды қайтарып аламыз» деген сөзіне шабына шоқ түскендей шамданып: «Сен одан да ана Түркияны басып ал. Ол жақ – жылы, жанға жайлы», – деп кекетіп-мұқатып бағыпты. Сірә, Ресейге деген аса жанашырлық сезімі жанына тыныштық бермесе керек.

Ең қызығы, мұны бір мандатты округтен «Аманат» партиясы ұсынса керек. Енді бұған биліктің партиясы не істер екен? Егер бұрынғы «Нұр Отан»: «Бұл кісі бір мандаттық округтен өткен, оны халық сайлаған. Біз не істей аламыз?» деп өтірік шарасыздық танытса, тіпті де таң қалмаймыз. Өйткені Ресейге бүйрегі бұрып, оның басқыншылық әрекетіне «аса түсінісікпен» қарайтын жалғыз бұл емес. Өткенде Мәжіліс депутаты, өзіміздің қазақ азаматы Путиннің арнайы әскери операциясына ашықтан-ашық қолдау білдіріп жатқанда өзге ұлт өкілінің бұл ісі тіпті де өрескел емес сияқты көрінеді.

Ал енді Анна Башинская деген кім, ол қандай аспанды тіреп тұр – соған келелік. Бұл мықтымыз осы шаһарда атағынан ат үркитін «ЛЭУ фирмасы» деп аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қосымша құрылтайшысы болып шықты. Бұл компанияның есеп шотында жалпы көлемі 6,4 миллиард теңгені құрайтын мемлекеттік контракті бар көрінеді. Оның іскерлік серіктестіктері Әуезов және Алмалы аудандық әкімдігінінң аппараты, қалалық әкімдіктің экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасы секілді қаржысы мол мекемелер бар. Биыл бұл компания Алматы қаласының әкімдігімен келісім бойынша шаһардағы біраз саябақты жөндеп, қалтасын біршама қомпитатын көрінеді.

Бәсе дейміз-ау, бұл кісі неге екіленіп жүр десек, «қамбасына» сыймай, ағылып-төгіліп жатқан қаржысының желігі екен ғой желпіндіріп жүрген! Сірә, кезінде бай кәсіпкердің бірі – Равиль Мухоряпов дегеннің: «Орысша сөйлегенге қазақша жауап беру – барып тұрған ұлтшылдық», – деген сөзі қолтығына су бүріккен секілді. Демек, бізде сол баяғы «Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» деген ұран аса көкейтесті дүниеге айналса керек. Олар не айтса да мұртын балта шаппайтынына бек сенімді көрінеді.

Тағы кім тілін қайрап, сөзін дайындап күтіп отыр екен? Сәл шыдай тұралық, көп күттіре қоймас.

 

Жайберген Болатов

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1607
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1509
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1258
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1228