Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 12793 0 пікір 2 Мамыр, 2013 сағат 09:29

Зейнеп Ахметова. Бабалар аманаты (жалғасы)

Ата сонау бір кезде сәлемнің әрқилысын тарқатып айтқанымен, келін сәлеміне тоқталмады. «Менсіз де білесің» деп сырғыта салды. Жай сырғытқан жоқ, «біледі» деп маған сенім артқандай болып еді... Туып-өскен ауылың мен тәлім-тәрбие берген ата-анадан көргенің, естігенің, көңілге тоқығаның бар дегендей, менің де өз әлімше азын-аулақ білгенім бар екені рас. «Білгеніңді білмегенге айтпасаң, ол да - күнә» деуші еді қариялар. Енді соны әңгімелеп көрейін. Біреу болмаса, біреудің кәдесіне жарап қалар...

Ата сонау бір кезде сәлемнің әрқилысын тарқатып айтқанымен, келін сәлеміне тоқталмады. «Менсіз де білесің» деп сырғыта салды. Жай сырғытқан жоқ, «біледі» деп маған сенім артқандай болып еді... Туып-өскен ауылың мен тәлім-тәрбие берген ата-анадан көргенің, естігенің, көңілге тоқығаның бар дегендей, менің де өз әлімше азын-аулақ білгенім бар екені рас. «Білгеніңді білмегенге айтпасаң, ол да - күнә» деуші еді қариялар. Енді соны әңгімелеп көрейін. Біреу болмаса, біреудің кәдесіне жарап қалар...

...«Қыз - аз күнгі қонақ» дейді халқымыз. Қонақ қанша сыйлы, басы ардақты болғанымен кісі үйіне сыймайды, кетіп тынады. Көп жатқан қонақтан қадір кетуі мүмкін. Қыздың да бойжетіп, уақыты келгенде сән-салтанатымен кеткені - ата-анасы үшін де, өзі үшін де бір бақыт. Қыз бала ата-ана, бауыр-туысқа қанша аяулы болғанымен, бұла өскен қызықты қыз дәуренімен қоштасып, өзге босағаны аттап, келін атанады. Ол енді бұрынғыдай бас иіп сәлемдеспейді. Келіндік сәлем рәсіміне қадам басады. Келін сәлемі қыздың кәмшат бөркі мен үкілі тақиясы әке үйінде қалып, қазақ аруларының қасиетті саналатын сәукелесін кигенде, қайын ата үйіне енгенде басталады. Жаңа келген жас келінді күйеу жігіттің екі жеңгесі, яғни бұдан бұрын түскен осы әулеттің келіндері екі жағынан қолтықтап, қайын ата шаңырағының табалдырығынан оң аяқпен аттатып, үш қайтара сәлем салғызады. Содан кейін халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа ұласып келе жатқан сұлу да өміршең дәстүрі - «беташар» басталады. Ақын немесе жыршы тіл өнерінің тұнығын сүзе төгілдіріп, әуелетіп әкетеді. Ең алдымен, талғамды ойды інжу сөздермен көмкеріп, келінді келген жеріне таныстырады. Келесі кезекте көркем сөздің кестесін өрнектеп, келінге келген елін, ауылын, қадірлі қарттарын, қайын ата, қайын ене, қайын аға, абысын-ажын, қайны, қайын сіңлілеріне дейін атап өтіп, үлкендерге сәлем жасатады. Сол күннен бастап жас келін күйеуінен жасы ілгерілердің бәріне оң қолымен оң тізесін басып, иіліп сәлем ететін болған. Жұбайынан жасы кішіге келін сәлем салмайды. «Беташардан» соң куәлардың қатысуымен некесі қиылып, келін отқа май құяды. От лапылдап жанғанда киіз үйді кере отырған қауым оны зор қуаныш етіп: «Бақытың оттай лауласын!», «Оттай опалы бол!», «Қосағыңмен қоса ағар!» - деп келіннің бір ошақтың иесі болғанына бата-тілектерін арнайды. Сөйтіп, кешегі қыз бала бүгін ақ некелі келін болады...

...Ата-бабаларымыз аяғы ауыр келінге сәлем салғызбаған. Көп ретте қайын ағалар ондай келіндердің алдынан өтпеуге тырысқан. Себебі, бұрын үнемі сәлем салып жүретін келін қысылмасын, именшектеп ыңғайсыздықты сезінбесін дегені екен. Сонымен бірге аяғы ауыр келінге өмірге ұрпақ әкелер болашақ ана ретінде құрметпен қараған.

«Келіні жақсы үйдің әр керегесінің басы береке» дегендей, атасының кебісіне аяқ сұқпаған, ене киімін баспаған, келген жерінің әулетін де, аруағын да сыйлаған текті келіндер зират тұсынан ешқашан атпен өтпепті. Кем дегенде қырық қадам жерде аттан түсіп, жаяулап, өмірден өтіп кеткен аруақтардың рухына үш қайыра сәлем салып, бет сипайды екен.

Қазақ келіндерінің амандасу мағынасынан басқашалау, ізет-құрмет ретінде көрініс беретін түрі болған. Үлкен кісілерге шай құйып, қызмет жасап отырған жас келінге қариялар дастарқандағы дәмдерден кесеге салып ұсынады. Келін орнынан тұрып, өзіне көрсетілген мейірімге ризашылығын білдіріп, сәлем етеді. Үлкендер: «Құдай маңдайыңа берсін!», «Басыңа бақ берсін!», «Үбірлі-шүбірлі бол!» - деп баталарын бағыштайды. Сол сияқты үлкен дастарқаннан қайтқан табақ та келіннің үлесіне тиіп, сәлем жасайды. Әдетте табақты сол үйдің ең кіші келіні алады да, қалған келіндерге аталар мен әжелердің, сыйлы аға-апалардың сарқытынан ауыз тигізеді. «Аса қадірлі, аузы дуалы адамдардың, көпті көріп көп жасаған өнегелі-өнерлі кісілердің жолын берсін, жасын берсін, игі қасиеттері жұғысты болсын» деп келіндер дастарқаннан табақ алып, сәлем салған. Қазақтың бұл салты Қытайда, Моңғолияда тұратын қандас бауырларымызда әлі күнге дейін сақталған. Қазақстанда киелі Сыр елінде осы бір ізетті салтты қаймағы бұзылмаған күйі жалғастырып келеді.

Үлкеннің кішіге деген кеңпейіл ықыласын, кішінің үлкенге деген құрметін білдіретін әдеп-ибаның ұлттық үлгісіндей бір өлшемін көрсететін сәлем салуды ұлттық таным-нанымнан, жөн-жобадан бөлектеніп қалғандар «ескілік» деп санайды. Орысша оқып, орысша тәрбие алған талай дүбәра келіндер үшін қандай қасиетті, ардақты адам болсын олардың алдындағы дастарқаннан қайтқан дәмнен ауыз тию өз басын қорлағанмен бірдей көрінеді. Есесіне, үлкендермен соғыстырып ішімдік ішуді мәдениеттілік, жеке бастың бостандық еркіндігі, теңдігі санайды. Бұл тектес арақатынаста екі жақтан да сыйласым әлсірейді. Бірге отырып, бөтелке бөліскен соң бір-біріне беті ашылады, үлкен-кішінің арасындағы шекара бұзылады, ауыздан артық-ауыс сөз шығады. Ондай үлкеннің ағалыққа не сәні бар, ондай кішінің келіндікке не сәні бар?!

...Қазақта келін түсіп, той өткен соң ауылдағы аталар мен әжелердің «келіннің тәтті шайын ішеміз» деп арнап келетіндері бар. Келіннің отырыс-тұрысы, шай құюы, қай қолмен қалай ұсынғаны, дастарқан мәзірі - бәрі көзден таса қалмайды, яғни келін қонақ күтудің алғашқы сынағынан өтеді. Шай ішіліп болған соң аталар бата береді. Әжелер болса: «Қарағым, құдай қолыңа қуат берсін, біз секілді ақ шашты, сары тісті әже бол! Мынаны «итаяғыңа» сал», - деп сақина-жүзік, білезік сияқты күміс бұйымдарды кесеге салып, келінге ұсынады. Келін орнынан тұрып, иіліп сәлем жасап, ілтипат білдіреді. Кейін тұңғышы дүниеге келіп, баланы қырқынан шығарарда сол күмістерді сәбиді шомылдыратын қырық қасық суға салады.

Қазақ әйелдері өзінің жас ерекшеліктеріне қарамай жасы үлкен қарттарға сәлем салуды борыш санаған. Жас кезімде біздің үймен араласып тұратын Хадиша деген апай болып еді. Сол кісінің жасы тоқсанға келген енесі қайтыс болды. Менің шешем қазақ жолымен Хадиша апайды «көңілшайға» шақырғанда: «Мәке-ау, апамның орыны үңірейіп бос қалды, ертеңгіліктегі жасар сәлемім үзілді. Бір түрлі үйге сыймай жүрмін», - деп көз жасын сығымдағанда таңғалдым. Апайдың екі ұлы, келіндері, бір топ немересі бар болатын. Осының бәріне тәубе демей, өзі кексе басымен енесін жоқтап жылағанын ерсі көріп, ойларымды анама айттым. Ол кісі: «Өйтіп шолақ ойлама, Хадиша тәубесінің жоқтығынан жылаған жоқ. Ол саған кемпір болып көрінгенімен, енесінің алдында сәлемі үзілмеген келін болатын. Өмір бойы бірін-бірі қадірлеп, береке-бірліктерін бұзбаған. Сол енелі-келінді екі әйелдің ынтымағы, адамгершілік қасиеті Хадишаның екі келінін «көргенді келіндер», «уызына жарыған келіндер» атандырып жүр. Оның енесіне жасаған адал қызметі - салған сәлеміне алған батасы қазір алдынан шығып, еңбегі жанып, өзі де келіндерінің қызығын көріп отыр. «Не ексең, соны орасың» деген - сол», - деп еді.

Кейін, мұнда өзім келін болып жүрген кезде жоғарыдағы әңгімеге ұқсас жағдайды тағы көзім көрді. Тараз қаласының іргесіндегі Аса ауылында атаның жақсы көріп, ардақ тұтқан нағашы інісі Жігітеков Рахметқан көкеміз тұрады. Рахметқан көкем мен Қалдыкүл жеңешем - ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере-шөбере сүйіп отырған үлкен шаңырақтың иелері. Сол кісілердің әже қолында өскен Тұрғын дейтін тұңғыш ұлдары әке-шешесімен аға-жеңгесіндей әзілдесе береді. Бір жолы сол Тұрғын анасына:

- Жеңеше, өзің де қартайдың, дардай генералдың шешесісің, соған қарамай шал-кемпір көрсең болды еңкейесің де жатасың. Осы әдетіңді қоятын уақытың жеткен жоқ па? Бір күні белің шойырылып қалса, қайтесің? - деді әзіл-шынын араластырып.

Көкем мен жеңешемнің екінші ұлдары Нұржан Жігітеков осы әңгімеден біраз бұрын генерал шенін алған болатын.

- Қой ары! - деді жеңешеміз қолын сермеп. - Сендерге қаусап көрінсем де, сол жарықтықтардың алдында келінмін. Онсыз да қатары азайып, бірен-сараны ғана қалды. Әлі де сәлемімді алып, бата беретін қариялардың болғанына тәубе! Алладан бұйрық келген күні кім өтпейді бұл өмірден?! Бабалардан қалған дүние, бәрімізден өтетін жалған дүние ғой бұл тіршілік. Көнекөздердің сарқыты біржола сарқылмай қарайып жүргеніне шүкір! Он жеті жасымнан бері жасап келе жатқан сәлемімнің күні бүгінге дейін жалғасқаны үшін Жаратқанға алғысымды айтып, мінәжат етемін. Ал енді генералдың шешесі сәлем жасамасын деген заң жоқ. Генерал қазақтың салтынан үлкен емес. Сәлем жасап, белім шойырылса, ортан қолдай дәрігерсің ғой, емдеп жазып берерсің, пұлын алсаң да, - деп жеңешем еруліге қарулы сөзін әзілге ойыстырып жауап берді.

Қалдыкүл жеңешем тағы бірде өзінің шешен сөйлейтін әдемі тілімен:

- Үлкенге иіліп құрмет көрсететін келіндер көрер көзге биязы, әдепті келеді. Неге десең, олар үнемі бата алып, ақ алғысты болып жүреді. «Атаңның ботасын алма, батасын ал. Бота өліп қалады, батамен бағың жанады» деген екен Есей батыр. Бата, алғыс, тілек жанды жадыратады, көңілді гүлдентеді, адамды игілікті іс істеуге ұмтылдырады, батаға сай болуға құлшындырады. Ал жақсылыққа бой түзеп, соған қадам басқан пендені Жаратқан ием кем қылмайды. Ерте ме, кеш пе, ақжарылқап күн туып, тілегі қабыл болады. Құдайға шүкір, біреуден - ілгері, біреуден кейін тіршілік етіп, Алланың берген несібесімен мына жаман қаралардың қызығын көріп жүргенім - ақ батаның шарапаты, - деп еді.

Жеңешем кешенді, ойлы сөз айтты. Өз басым соған құлай сенемін. Алла көп көрмесін, менің де ілгерінді-кейінді болса да, маңдайымның ашық болып жүргені аталар мен әжелердің, ағалар мен апалардың адал пейілімен берген баталарының рухани күш-қуатының арқасы деп ойлаймын.

...Бәкең екеуміз тұрмыс құрғанда алғаш келін болып Бәкеңнің нағашы апасының қолына түстім. Ұзатылардың алдында анам бұрыннан айтып келе жатқан насихаттарын тағы да құлағыма құйып жатты.

- Күн шыққанша ұйықтама, апаңнан бұрын тұр. Беті-қолыңды жумай от жақпа. От - үйдің иманы, отты таза қолмен жағады. Күнде таңертеңгілікте енеңе сәлем жаса. Қайын ата, қайын ағаларыңа, үлкен кісілерге кездескенде «сәлеметсіз бе» деп бетіне тік қарамай, иіліп сәлем ет. Келіннің сәлем жасауы - бұрынғы-соңғы аналарымыздан жеткен мұра, солардан қалған өсиет жолы, - дейді анам.

Қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, таным-нанымдарының қылшығын қисайтпай ұстау бүкіл табиғатына сіңіп кеткен шешеме қарсы дау айтпай, тыңдай берем. Сонда менің жоғары оқу орнын бітіріп, қызмет істеп жүргенімде де, өз заманымның ереже-қағидаларымен өмір сүргім келетінінде де шаруасы жоқ.

Сонымен, келін болып келдім. Анама берген уәдем бойынша ерте тұрып, дастарқан әзірледім, апаға сәлем жасадым.

- Айналайын, ауылға барғанда сәлеміңді жасай берерсің. Бұл үйде қызым сияқты жүре бер. Маған сәлем салмай-ақ қой, - деді апа.

«Жарайды, айтқаны болсын, мен парызымнан құтылдым» деп ойладым. Апа «қара тырнағына» дейін қаланың адамы болатын. Алматыда туып-өскен, алғашқы пионердің бірі болған, Мәскеуде оқыған, кейін «халық жауының әйелі» ретінде Сібірдің дәмін бірнеше жыл татып, тау асып, тас басқан, тағдыр машақатын көп көрген кісі еді. Менің келіндік алғашқы сәлемім мәресіне жетпей, осылай аяқталды. Біраздан кейін апам бізді бөлек шығарды. Сонда үйімізге бірінші рет ата келді. Қорқа-қорқа сәлем жасадым. Ата: «Бақытты бол, балам!» - дегенде көзіме жас толды. Алғашқы сәлем салудан бетім қайтып қалғандықтан, оның үстіне айдай әлемге аты белгілі айбарлы қайын атаның алдында тұрғандықтан бұтаға бұққан панасыз торғайдай бүрісіп-ақ бітіп едім. Атаның сәлемімді алып, тілек айтуы менің жолымды ашқандай, үлкендерге сәлем етуден күні бүгінге дейін айырылғам жоқ.

Менің сәлем жасауым ауылда табиғи түрде қабылданатын да, қаладағыларға ол кезде бір түрлі ерсілеу көрінетін. Кейбіреулері «мен современный адаммын» деп шамданып қалатын. Енді біреулері «жоғары білімді адамға бұл жараспайды» деп ақыл айтатын. Ал бір парасы сәлем жасағанымда сасқалақтап, не айтарларын білмей, қолын ұсынатын. Енді өзің қысыласың, үлкен кісінің созған қолын алмайын десең - ыңғайсыз, алайын десең, келін басыңа ұят көрінетін. Келіндердің сол кісілерді сәлем жасап қарық қылмағаны, келін сәлеміне көзін үйретпегені бадырайып тұратын. Бірақ келіндерді кінәлауға болмас. Соларға айтып ұқтыратын, үлгі көрсетіп үйрететін аналар мен енелер, тіпті әжелер Кеңес өкіметінің келіндері еді ғой.

Адамның жаратылысы қызық, жақсы нәрсенің жақсы екенін іші біліп тұрса да, «басқалар істемейді, маған не жорық» деп өзгелердің қатарына тұра қалатын жалған намыс, пендешілік бар. Мақтанғаным емес, сол кеңес заманының дәуірлеп тұрған кезінде де «қатарға» тұрғаным жоқ. Талай теңтұстарым бетіме тура айтпаса да, көз тасалап сыбырлап сөз етіп, күлетіндерін біліп жүрдім. Сонда да «атаға жаққан сәлем салу өзге қазаққа да ұнайды» деген сенім болды. Өйткені ата мені алғашқы көрген күннен бастап, өмірден өткенше иіліп салған сәлемімді ықыласпен қабылдады. Жаратқан ием мені қазақтың небір дара тұлғаларына, жақсысы мен жайсаңының алдында сәлем салуыма нәсіп етіпті. Сол асылдардың батасын алып, алғысын естігенім атама жаққан жолдан таймағандықтан, халқымның салтын ұстағанымнан деп ойлаймын.

Тегінде салт-дәстүр, жөн-жоралғыларды тек біліп қою аз. Оны сақтап, күнделікті өмірде қолданып, ұрпақтың бойына сіңіргенде ғана баянды болады. Бір өзің біліп, оны кейінгіге үйретпесең, білгенің ана дүниеге бірге кетпей ме?! Аллаға шүкір, тәуелсіз қазақ елінде ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, жаңа ғасырға бейімдеп, жарқырата пайдалануға барлық мүмкіндік бар. Бұрынғыдай Мәскеуден рахым күтіп, көзіміз жәутеңдеп отырған жоқ. Ноқта-тізгін қолымызда. «Енді не арман, еркіндікке қол жетті, екі білекті сыбанып, ұлттың жоғын іздеуге кірісе бер» дейтіндей-ақ кезең. Өкінішке қарай, ұлттық мұраға келгенде сол ноқта-тізгінді мықтап ұстай алатындардың қарасы аз. Дәстүр жалғастығының бір кезде жұтаған, жоғалған орыны үңірейіп бос тұр. «Бос орынға шайтан үйір» дегендей, күні ертең өзегіңнен тебер өзгенің қаңсығымен толып, оны кейінгі ұрпақ мәдениетке санап жатыр.

Қазір өз ұлтының рухани қазыналарын білуге құштар, өрелі де намысты жастардың қатары көбейіп келеді. Бірақ солар ұлтымыздың өзгеше үрдістерін қайдан үйреніп, қайдан аларларын білмейді. Әйтеуір үзіп-жұлып ана жер, мына жерден қылаң бергенді амалсыздан қанағат тұтады. Онда да тек сыртқы түрін әспеттеу бар да, ішкі мазмұнын ұқтыратын адам сирек. Алысқа бармай-ақ қазіргі тойлардағы келін сәлеміне назар аударып көрейікші. Әңгімеміздің өзегі де осы тақырып еді ғой.

Кез келген тойда елдің бәрін асықтай үйіріп, «беташар» айтуға жұтынып асаба шығады алдыңызға. Білегі мен жотасы, кеудесі айқара ашық ақ көйлегін киініп, басына фата не бір шаршы капрон орамалды жаба салған келін келеді бұралып. Жаға-жеңі жабық көйлек кисе, сән-салтанаты кеміп қалатындай кеудесі жартылай жалаңаш жас келін үлкен-кіші бейтаныс жұрттың алдында денесінің бір бөлігін көрмеге қойып тұрғанда онсыз да ашық жүретін алақандай бетін жасыру неменеге сән, несі ұлттық дәстүр екенін түсінбейсің?! Иә, сонымен, келін келіп күйеуінің қолтығынан ажыраған соң, ол қолтыққа екі келіншек ие болады. Жігіттің екі жеңгесінің екі жақтан тұруы міндетті екенін бәрі біледі. Алайда неге солай болуы керектігін тұрғызғандар да, тойға келгендер де жете ұқпайды. Қазақ халқы ештеңені ойсыз, мақсатсыз шығармаған. Әрбір дәстүрдің, салттың, титімдей кәде-ырымдардың астарында мән-мағына, тәрбие көзі жатады. Жаңағы екі жеңге - жаңа түскен келінді қолтығынан демеп, білмегенін үйретіп, ұқпағанын түсіндіретін ақылшы, кеңесшілері болуы керек адамдар. Бұлар - осы әулетке мына келіннен бұрын келгендер. Сондықтан шаңырақ дәстүрі, әдеттері басқа үйден келген, келіндік тәжірибесі қалыптаспаған жас келінді қамқорлыққа алатын абысындары. Ал қазіргі тойлардағы жеңгелер жол көрсетпек түгілі өз басына тәрбие жетпей жатқаны көзге ұрып тұрады. Бастары жалаңбас, талайларының бұттарында - шалбар. Оған өздері ешбір қымсынбайды. Шалбарлы абысындардың келінмен бірге сәлем салғанын иілді деуден гөрі, кешіріңіздер, тоңқайды деген дұрысырақ шығар. Сонда бұл шіркіндер жас келінге ә дегеннен не үйретіп жатыр деп ойлайсыз, бұл жерден қандай ұлттық үлгі көріп тұрсыз?!

Кейбір тойларда келіннің жанына кім тұратыны алдын ала ескерілмей, «сен тұр, мен тұр» болып, бірін-бірі итерісіп те жатады. Түсінемін, тойдың қарбаласы көп, дегенмен, бір естияр жақын адам осыны ертерек қамдап қоюы керек емес пе?! Күнде келін түсіріп, шартарапқа жар салып жатқан жоқсыз, қазақтың тойының салтанатты көрінісі осы - «беташар» ғой. Келінді демейтін екі келіншекке екі орамал, екі камзолды бұрынырақ дайындап, «беташар» барысында соны бір сәт киіп тұрса, қандай жарасымды болар еді. Соңынан: «Құдай сендерді де келін түсіріп, қыз ұзатуға жеткізсін!» - деп ескерткішке сыйлап жіберсе, олардың көңілі көтеріліп қана қоймай, сонымен бірге ары қарай өздері де ұмытпай жалғастырар еді. Өнеге айтудан емес, көрсетуден бойға дариды.

«Беташарды» көбінесе асабалардың өздері атқарады. Бұл енді - барып тұрған қан базар. Келіннің алғашқы сәлемін асаба сатады, біз ақша беріп сатып аламыз. Асаба ұзын-сонар тізімнің бас-аяғына шығып болғанша, онсыз да ешқашан уақытымен басталмайтын қазекемнің тойының бір бөлігі өтіп те кетеді. Жағын сауып, жанын жалдап, домбырасын сабалап, асаба да тоқтай қоймайды. Аты аталғандардың бәрі кезегімен «жарнасын» төлеп, бірінің артынан бірі сабылады. Ересектерді былай қойғанда, бес-алты жасар балаға дейін шешесі қолына ұстатқан теңгені табаққа салады. «Әттеген-ай...» деп қынжыласың. Сол бүлдіршіндер осы тойда қазақ салтынан қандай тәлім алды? Ешқандай! «Сен - маған, мен - саған» деген сауданы көрді. Келінге күйеуінен жасы кішіге сәлем салғызбайтын ғұрыпты асаба елемейді. Бала ма, басқа ма, табаққа ақша көбірек түссе болды. «Беташар» - оның бизнесі.

«Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» деп, келіннің бетін ашқан адамды қазақтар ерекше құрметтеген. Келін түскен шаңырақ шама-шарқынша тұрмыс деңгейіне қарай сый-сияпатын ұсынып, ризашылық білдіруді парыз санаған. Әр нәрсенің жарасар өз орны бар, ат мінгізіп, шапан жаба ма, жамбы ұстата ма, түйе жетектете ме - оны той иесінің патша көңілі біледі.

Нарықпен бірге келген ақшақұмарлық той үстінде көрініс беріп, келін сәлемінің қадірін, ізгілік сезімін жұрдай ететін дарақылықтың бір себепкері - өзіміз. Той иесі тойын жоспарлап, асабамен сөйлескенде: «Айналайын, көзге сүйкімсіз көрінетін ақша жияр табағыңды қойма. Асабалық қызметің - өз алдына, «беташардың» жолын бөлек береміз», - деп бауыр-туыстарымен ақылдасып, ретіне қарай асабаны риза етсе, болады ғой. Содан кейін «беташардың» елді жалықтырмайтындай қысқа әрі дәмді болғаны той қызығын көріктендіріп, мәнін аша түсер еді...

(Жалғасы бар)

Abai.kz

Кітапты сатып алам деушілер 87016520613 (Айгүл) телефонына хабарласса болады.

0 пікір