Сенбі, 4 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3007 0 пікір 2 Мамыр, 2013 сағат 12:58

«БҰЛ НЕ БАСЫНУ?»

Апта басында Президент Нұрсұлтан Назарбаев үлкенді-кішілі шенеуніктерді иіріп тұрып, әкесін танытып ұрысты. Жеке басына көк тиын пайдасы болмаса да, теледидардың бергі жағындағы жұртшылықтың бір айызы қанып қалды. Әсіресе Нұрсұлтан Әбішұлының Астанадағы (және жалпы республикадағы)  үй бағасы туралы айтқаны ел көңіліне майдай жаққан еді.
Сонымен, Президент былай деген: «Жекелеген үйлердің бағасы шаршы метріне 4-5 мың долларға дейін жетті. Берлинде қазір пәтердің шаршы метрі 3 мың доллар тұрады, АҚШ пен Прагада 2,5 мың доллар, ал Астанада - 5 мың доллар! 2008 жылы, құрылыс компанияларының бәрі банкрот болғанда, бәрің маған келіп, Алматыда 1200 долларға, Астанада 1000 долларға салдыңдар. Ал енді қазір бұл не басыну? Айтыңдаршы ал, не болып қалды, қалайша үйдің бағасы соншалықты өсіп шыға келді?».

Апта басында Президент Нұрсұлтан Назарбаев үлкенді-кішілі шенеуніктерді иіріп тұрып, әкесін танытып ұрысты. Жеке басына көк тиын пайдасы болмаса да, теледидардың бергі жағындағы жұртшылықтың бір айызы қанып қалды. Әсіресе Нұрсұлтан Әбішұлының Астанадағы (және жалпы республикадағы)  үй бағасы туралы айтқаны ел көңіліне майдай жаққан еді.
Сонымен, Президент былай деген: «Жекелеген үйлердің бағасы шаршы метріне 4-5 мың долларға дейін жетті. Берлинде қазір пәтердің шаршы метрі 3 мың доллар тұрады, АҚШ пен Прагада 2,5 мың доллар, ал Астанада - 5 мың доллар! 2008 жылы, құрылыс компанияларының бәрі банкрот болғанда, бәрің маған келіп, Алматыда 1200 долларға, Астанада 1000 долларға салдыңдар. Ал енді қазір бұл не басыну? Айтыңдаршы ал, не болып қалды, қалайша үйдің бағасы соншалықты өсіп шыға келді?».
Біз де соны айтамыз ғой. Президент айтып отырған Германияда орташа жалақы 2800 еуро, АҚШ-та 4100 доллар, ал Польшада 1700 доллар. Ал біздің арайлы Астанамызда 141 мың теңге (940 доллар) дейді ресми мәліметтер. Яғни, берлиндіктердің немесе прагалықтардың ептеп-септеп үй алуға мұршасы бар. Өзіміз кілең төменгі таптың ортасында өмір сүреміз бе, әйтеуір Астанада 141 мың теңге деген жалақыны да таныстарымыздың бәрі ала бермейді. Оның үстіне Берлинге барған адам біледі, көшенің тазалығы, жолдардың сапасы, үйлердің беріктігі... кісі қызығардай ол жақта. Қылмыс аз, полиция жұмыс істейді, көшенің тәртібі деген салыстыруға да келмейді. Ал енді біз неге сасық көшедегі сапасыз үйге жаншылып жұмыс істесек те жинай алмайтын соманы беруіміз керек? Бұл не деген әділетсіздік?
2008 жылы ғана Астанадағы пәтердің шаршы метрі 1000 доллар көлемінде болатын. Сол пәтерлер өтпей тұратын және де. Төрт жылдың ішінде не өзгерді? Жер қымбаттады ма? Жоқ. Бетон қымбаттады ма? Жоқ. Өзбектер жұмыс істемей қойды ма? Тағы да жоқ. Инфляция деген бір ғана өлшем бар. Соның өзінде, 2008 жылдан бергі инфляцияны шотқа салсақ, (2008 ж. 9,5, 2009 ж. 7,8 пайыз, 2010 ж. 6,2, 2011 ж. 7,4, 2012 ж. 6,0 пайыз) үй бағасы ары кетсе 36 пайызға өсуге тиіс болатын. Демек, қисынға салсақ, биыл шаршы метрдің бағасы 1400 доллардың көлемінде тұру керек еді. Ол қалайша 3-4 есе көбейіп шыға келді?
Бұл сұраққа жауап таба алмаған мемлекет басшысы  Президент әкімшілігіне осыны анықтауды тапсырды. «Неге баға аспандап тұр?» деген сауалына да ләм дейтін ешкім табылмаған соң, «Өйткені бәсеке жоқ» деп өзі жауап беруіне тура келді. Енді білдік, бізде бәсекеге жауап беретін орган да бар болып шықты. Ол орган осыған дейін қайда қарап келген? Неге жұмыс істемей отыр? Қазақстанда қайда барсаң да монополия ғой. Қай    да қарап отыр бұл агенттік? Айтайын дегеніміз бұл емес еді, бірақ. Айтайын дегеніміз, Президент жаңағы «Бәсекені қорғау агенттігіне» мұндай баға қайдан шыққанын сараптап, бір айдың ішінде премьер-министрге (Серік Ахметов) баяндауды тапсырды.
Одан бері де бірнеше күн өтті. Президенттен тапсырма алғандар жұмысқа кірісті ме екен?
Кіріссе, сол кісілер жібі түзу мемлекетте жылына кісі басына кемінде 1 шаршы метрден баспана салыну керектігін білді ме? Ал біз «бір жылда 5 млн. шаршы метр соғып жатырмыз» деп масаттанамыз. «Жилстройсбербанк» бастаған жарылқаушылар жылына 12 млн. шаршы метрді жеткізбей саламыз деп ұялса керек еді (норма бойынша 17 млн. шаршы метр ғой). Басқа сөзбен, «Қолжетімді баспана» деп тәтті үмітпен халықты қанша алдағанымызбен, құрылыс қарқыны мөлшерден төмен.
Сосын, тауар қай кезде қымбат болады? Дұрыс айтасыз, сұраныс бар кезде. Осы жұрттан маклерлер бір үйді бірнеше рет сатқан болып рәсімдеп, жылжымайтын мүлікке деген сұранысты қолдан жасайды деп естиміз. Дәу де болса, сол сөз ақиқатқа томпақ келмейді. Банктердің қарапайым комиссия ұстау мәдениетінен-ақ халықты тонап отырғанын байқау қиын емес. Қаңғып жүрген халқы бар мемлекетте есірген банктер аңқау жұртты құрылыс компанияларымен сыбайласып тонайтынына да күмән келтірмейміз. Мамандар да айтып отыр: бұл үш тараптың сыбайласа қимылдайтыны сөзсіз, тек әттең, елде оны анықтайтын механизмдер жоқ.
Үшіншіден, біздей қара сирақтар неге «қолжетімді баспанаға» қол жеткізе алмайды? Өйткені қолы жететін ақсаусақтар бас-басына бес-алтыдан пәтер сатып алады. Пәтерді жалға беру өте табысты жабайы бизнеске айналды деп ренжиміз. Олардың да кінәсі жоқ былай қарасаң. Банктер сенімсіз. Ақшаңды құятын басқа сектор жоқ. Қайда барады? Қоң біткен адам, амалсыз, өзіне керек болса да, болмаса да, жылжымайтын мүлікке жүгіреді. Баға көтерілмегенде қайтеді?
Ілгеріректе «БАСПАНАЛЫ БОЛУДЫҢ БІР ЖОЛЫ... БАРЛЫҒЫНАН БАС ТАРТЫҢЫЗ!» деген мақаламызда («Халық сөзі», 11 мамыр 2012 жыл) Қазақстанда пәтер алу үшін қанша жыл ақша жинау керектігін есептегенбіз. Қайбір күні Richmond realty компаниясының мәліметі шықты. Астанада 11 жылда ақша жинап, баспаналы болуға болады дейді олар. Қараптан-қарап ашуың келеді екен. 11 жылда пәтер алатын ауқаты болса, өмір бойы қаңғып жүрген қазақтың бәрі ақымақ па? Біздің есептеуіміз бойынша, бір жалақысына күн көріп, пәтер жалдап тұратын қазақстандықтың жағдайы анағұрлым мұшкіл одан. 36 шаршы метрлік қуықтай пәтерге «өзімдікі!» деп кіру үшін Алматыда 60, Астанада 40 жыл  ас-судан қағылу керек екен. Оған дейін бірақ пәтер жердің үстінен емес, астынан керек болып қалуы ғажап емес.
Сонымен, Президенттен тапсырма алған «ақ жағалы ағаларға» айтарымыз. Құрылыс компанияларын тексеру кезінде, несие шарттарына да көз қырын салсаңыздар екен. «Сауап болды» деп алақанды ысқыласақ та, үйдің бағасы күрт түседі дегенге күмәніміз бар. Қазір қарапайым халыққа баспаналы болудың жалғыз жолы - ипотека болып тұр. Ал бір үйге кіргізіп, екі үйдің құнын төлету де адамшылыққа жатпайды ғой.
Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ

"Халық сөзі" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1198
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1090
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 828
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 962