Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5400 0 пікір 2 Мамыр, 2013 сағат 12:06

Қазақ тілі аударма тілге айналып барады

Бүгінгі журналистиканың ау-жайы бізге белгілі. Теле­арна, газет-журналдарда, сайттарда тілге жасалып жатқан «қастандық» екі бастан. Бұл тек біздің ғана айтатын шаруамыз емес. Біздің айтқан сөзімізге де құлақ асар деген ниетпен «Жас қазақтың» конференциясына профессор Кәкен Қамзин, ақын, журналистер Мырзан Кенжебай мен Тоқтарәлі Таңжарықты шақырып, осы мәселенің төңірегінде ой талқылап көрген едік.

Бүгінгі журналистиканың ау-жайы бізге белгілі. Теле­арна, газет-журналдарда, сайттарда тілге жасалып жатқан «қастандық» екі бастан. Бұл тек біздің ғана айтатын шаруамыз емес. Біздің айтқан сөзімізге де құлақ асар деген ниетпен «Жас қазақтың» конференциясына профессор Кәкен Қамзин, ақын, журналистер Мырзан Кенжебай мен Тоқтарәлі Таңжарықты шақырып, осы мәселенің төңірегінде ой талқылап көрген едік.

Жас қазақ: Тілдің жанашырлары журналистер болғанымен, тілді шұбарлап, ластап жүргендер де солар. Осы бір олқылықтың басты себебі не екен? Бұдан шығудың қандай да бір жолы болу керек қой.
Мырзан Кенжебай: Мұның бәрін тек журналистерге жаба беруге болмайды. Биліктегі азаматтардың да тілге деген немқұрайдылығынан осындай жағдайға душар болып отырмыз. Біз көбінесе себеппен емес, салдарымен күресеміз. Осы отырғанда да салдарымен күресіп отырмыз. Дэвид Кристалдың «Тіл ажалы» деген еңбегін оқып отырсам, «бір халықты жойып жіберу түк емес, оған қос тілділікті енгізу керек. Өйткені үстем мемлекеттің тілі халық саны аз ұлттың тілін жойып жібереді» дейді. Тіпті оны кезінде Ескендір Зұлқарнайынға ұстазы Аристотель де айтқан екен. Күні кеше Кеңес үкіметі орнарда өмір сүрген Әубәкір Кердеріңіз «тілі екеудің - діні екеу» деді. Орыс тілінде сөйлейтіндердің саналарының түпкірінде қалайда «орыс күштірек, орыс мықтырақ, мәдениетілеу» деген өзін қорсыну, өзгені зорсыну жатады. Бұл өзге ұлтты жамандау емес. Біз барлық ұлт тең дәрежеде деген сөзді айтқымыз келеді. Осы сөзді Қазақстанның кез келген жеріне ұран етіп іліп қоюға болар еді. Ол аз дегендей, қазір үшінші тіл енгенін білесіздер. Тағы «терминге тиіспеңіздер» деген ұран бар, сонымен жартылай қазақ, жартылай орыс, жартылай ағылшын болып, тағы терминдерге тиіспей қазақ тілімен «күресіп жатырмыз».  Бұл біздің елде әдейі жасалып отыр ма? Білмеймін, бір түсініксіз нәрсе болды. Бұл - бір.
Екінші себеп, тегі басты себептердің бірі - қоғамымыздағы кітап оқымайтын жастар, кітап оқымаған журналистер. Олар не істейді? Олар келеді де, орыс тілінен аударады. Осы себептен біздің тіліміздің көркемдігі, шұрайлылығы, кестелілігі, сұлулығы, кең мағыналылығы жайына қалды. Журналистикадағы тіліміз тек аударма тілге айналып бара жатыр. Осындай тікелей аударма жасағандықтан, грамматикалық нормалар да бұзылып, тіпті үлкен «жаңалықтарға» дейін ашып жатыр журналистер.Мысалы, Мақсат Мәлік деген журналист «28-панфиловшылар» дейді бір хабарында. Жиырма сегіз деген олардың реті емес, саны ғой. Оның ішінде жиырма екісі қазақ әуелі. Сол телеарнадағы Мақсат Толықбай деген жігіт: «Балықтар кислород жетіспегендіктен қырылып жатыр» - деді. Сонда ол он бір жыл мектеп қабырғасында оқып, төрт жыл унисерситет табалдырығын тоздырғанда, кислордыңыз оттегі екенін білмегені ме?
Бұл енді телевизия. Мұнда жұмыс көбіне жедел жүргізілетін болғандықтан, қателер кеткен шығар деп өзімізді ақтағымыз келеді. Ал газет ше? «Халық сөзі» газетінің соңғы бетінде (№23) мынандай сөйлем жүр:
«Қоршағандарға ерекше қабілетімізді таныту үшін өте қиын шаруаларды мойнымызға алуға келісесіз бе?». Бұл - біріншіден, не айтып тұрғаны белгісіз сөйлем. Екіншіден, «қоршаған­дарымызға» деген сөз орыстың «окружающие» деген сөзі. Осындай немқұрайдылықтар тілдің шұбарлануына әбден әсерін тигізіп келеді.
Тоқтарәлі Таңжарық: Журналистикадағы тіл - күрделі мәселелердің бірі. Арғы себебін анықтамай, бергі бетін қалқып алу - тиімсіз шаруа. Қазір біз мылқау ұлтқа айналып барамыз. Ең түпкі өзегі отбасылық тәрбиеде жатыр. Тіліміз мейлінше шұбарланғаннан бөлек, бірімізбен біріміз әңгімелеспейтін, сұхбаттаспайтын болдық. Әкесі мен ұлы, шешесі мен қызы сыр бөліспейтін, қатынасы еңбектік бөліністен арыға ұзамайтын қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Әсіресе, қалалы жерлерде азанда кеткен әке-шешесін бала-шағасы қас қарайғанда ғана көреді. Шай үстіндегі атүсті әңгіменің өзегі жүрдім-бардым шаруадан арыға артылмайды. Ал балабақша, мектеп, университет қабырғаларындағы қарым-қатынас тілі шектеулі. Себебі бұрынғыдай ұстаз бен баланың емен-жарқын әңгімесі өрбімейді, тесттік тіл жүйесінің ауанынан арыға ұзамайды. Екі қайырым әңгімеден арыға бара бермейтін, нақты әрі қысқа жауаптылық тілдік қорды мейлінше азайтып отыр. Қазір журфакта оқитындар түгіл, филология факультеттерінің өзінде кітап оқымайтын студенттер өте көп. Олар не үшін филолог болуға ұмтылады дейсіз ғой? Ондағы мақсаттары біреу: «Әдебиет ең оңай пән». Соның салдарынан әдебиетті төрт жыл оқығанымен, ішіне түйір түспеген аш өзекті ұстаздар қалыптасуда. Негізі, мектепте баланың тілін жетілдіретін әдебиет пәнінің мұғалімдері болса керек-ті. Қазіргі мұғалімдер бүгінгі әдебиеттен мақұрым, қазақстандық әдеби айналымнан бейхабар. Мұхтар, Ғабит, Сәбиттердің шығармаларын атағаннан арыға ұзамайды. Қазақстанда «Қазақ әдебиеті» деген газеттің барынан бейхабар. Бірақ сол классиктердің өзін оқымағанын жасырып қайтеміз? Біз бәрін бір шыбықпен айдағалы отырған жоқпыз. Кейінгі жас ұстаздарға қатысты ой өрбітіп отырмыз. Олардың алдын көрген балалардан қандай тіл ұстартқан студент келеді университетке? Сол жағын жіті ойлану керек. Филологияға, журналистикаға мектептегі негізі жақсы студенттерді қабылдаған жөн. Бұл - ұлттың болашағы, тілдің ертеңі үшін қажетті қадам екенін ұмытпау керек.
Жас қазақ: Қазір тіпті бізде тілдік сана жоқ сияқты. Жаңағы өздеріңіз айтып отырған қателіктердің қалыптасқаны соншалықты, ешбір журналист оны қате деп ойламайтын деңгейге түсті. Олар үшін бұл қалыпты нәрсе. Меніңше, осындай бір тілдік ережелер журналистика факультетінде жургенде болашақ маманның санасына құйылуы керек емес пе?
Тоқтарәлі Таңжарық: Тілді тазарту акциясы болса деймін. Мысалы, біздің баспасөздің бетінде немесе тележурна­листика саласында қандай ағаттықтар, кемшіліктер бар, соны сараптап, белгілі бір сөз тіркестерін, тілдік ерекшеліктерімізге сай келмейтін орамдарды қолданыстан шығаруға күш салған жөн. Оның жолы - қарапайым. Әрбір басылым мен телеарнада тілді білетін мықты ақсақалдарға орын бөліп, мақалалар мен шығарылымдарды сол кісілердің қадағалауынан өткізу керек. Бұған соншалықты көп қаржы кетпейді. Корректорлардың қасынан арнайы штат ашуға да болады. Және қате қолданыстағы сөздер мен тіркестерді белгілеп, редакторлар журналистерге үнемі ескертіп отыру керек. Бір рет, екі рет қайталанар, сосын журналисте ойланады. Қазір біз ХХ ғасырдың басындағы қазақтарды түсінбейтін күйге жеттік. Тіпті Тәуелсіздікке дейінгі мақалаларды оқып отырып, кейбір оралымдарды жатсынатын деңгейге түстік. Себебі, интернеттік ресурстар, ресми ақпараттардың тасқыны, шектеулі тілдік орта соған итермелеп отыр. Сол үшін тілді тазарту мен байытуды қолға алу абзал. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» әрбір журналистің ең көп қолданатын кітабына айналса, содан білері мен білмейтінін іздеп, әр сөздің түпкі мәніне үңіле отырып, қолдануды дағдыға айналдырса, бүгінгі әңгіме де болмаушы еді.
Кәкен Қамзин: Тіл дегеніміз - қоршаған ортаны танудың құралы. Бүгінгі күні газеттің тілі, телевизияның тілі, интернеттің тілі, блогерлердің тілі боп тарамдалып кетті. Бірақ бұлардың бәрі негізі әдеби канондарға, тілдік нормаларға бағынады. Бәрінің бастау бұлағы бір. Журналист боламын деген әрбір жас университет қабырғасына дайын болып келу керек. Оларға септік жалғаудың не екенін, көсемше мен есімшеңіздің айырмашылығын айту, диктант жаздыру - жоғары оқу орнының үлесінде емес. Біздің міндетіміз - журналистиканың шеберлігін, осы сияқты басқа пәндерді оқыту. Журналистика факультеті сауат ашу мектебі емес, ол - жоғары оқу орны. Осыған жоғары санамен келулері керек. Қазір қарап отырсаңыз, осындай қарабайыр нәрселерді оқытумен өтіп жатыр. Стильдің қалыптасуы, түзелуі адамның оқуына, ізденісіне, дарынына байланысты. Сырттан біреу: «былай жаз, олай жаз» дегеннен ешкімнің стилі қалыптаспайды. Баяғыда біз оқуға түсерде талапкерлердің маңдайынан шертіп жүріп, тек қабілеті барларды ғана алатын. Ал қазір олай емес қой. Ақшаң болса, оқи бересің. Ал осындай алғышарттардың дұрыс орындалмауы неге әкеліп соққанын өздеріңіз көріп отырсыздар.
Қазір журналистика «гламурный мамандыққа» айналып кетті ме, жұрттың бәрі біздің факультетке түскіш болды. Олардың ішінде қыздар деп әдейі бөле-жара атағым келіп отыр. Баяғыда елу ұлдың арасында екі үш қыз болатын. Қазір еліміздегі демографиялық жағдай солай ма, барлық жерде қыздар көп..
Ресейде мынадай бір үрдіс бар. Бір күнде мемлекет қызметкер­лерден жаппай диктант алады. Осы арқылы кімнің қай деңгейде орыс тілін білетінін тексереді. Бізге де осы керек сияқты. Депутаттар бар, Президент аппараты, Үкімет мүшелері бар, осылардың қазақ тілін қай деңгейде білетінін анықтауға болар еді.  Сол диктанттың негізінде қараса, Ломоносов университетінің журналистика факультетіне түскендердің жетпіс пайызы орыс тілінен «екі» алған екен. Егер осы үрдіс бізге келсе, біз де біраз дүниенің басын ашар едік.
Енді жоғарыда айтқан алғышарт­тардың біріне мектеп кіреді. Қазір бізде мектептер әлсіз. Кеңес үкіметінің жаман жағы шаш етектен, бірақ жақсы тұстарын да айтуымыз керек. Ол кезде мұғалімдердің бәрі интеллектуал еді. Мен өз басым математикадан олимпиадаларға қатысып, орын алып жүрдім. Кейін қазақ әдебиеті пәнінен бір мұғалім келді. «Шығысым батыс болып кетті» дегендей, енді әдебиетке бар аңсарым ауды.  Осындай өз мамандығын сүйетін адамдар аз қазір.
Бұған қазіргі еліміздегі тестілеу жүйесі де кері әсерін тигізуде. Тест анализ жасауға үйретпейді. Ол тек көзбен ғана жаттап алып, ойланбауға дағдыландырады. Біз Балон процесі деп жатырмыз. Өзге елдер оған ұлтымызға пайдалы ма деп қарайды. Пайдалы болса ғана алады. Ал біз батыс болуға қатты асығамыз.
Мырзан Кенжебай: «Биылғы жылы, былтырғы жылы» дейді. Биыл дегеніңіз - біріккен сөз, оның ішінде кіріккен сөз, бұл+жыл деген. Енді осы жерде жыл деп тағы қосудың қандай қажеттілігі бар? Мұның өзі қазақтың сөзін білмегендіктен болған қате.
Кәкен Қамзин: «Қазақ әдебиеті» газетінің өткен санында «Авгейдің ат қорасына» қайта оралайық деген тамаша мақала шықты. Бұл баяғыда «Социалистік Қазақстанның» бетіне шыққан Ғабеңнің «Авгейдің ат қорасынан бастайық» деген мақаласының жалғасы сияқты. Осындай тіл туралы жақсы мақала жазып отырып автордың өзі бір қателік жібереді. Қазақта нәтиже, салдар деген сөздер бар. Жақсылық болса нәтижесінде, жаман жағдай болса салдары деп айтады. Бүгінгі күні біз осы екі араны айырмайтын болдық. «Әрине, БАҚ еліміз егемендік алған ал­­ғаш­қы жылдары қаржы, кадр жетіс­пеу­ші­лік­тен туындаған біраз қиыншылықтарға ұшы­рап, соның нәтижесінде көпшілігі жа­былып, түрлі өзгерістерге түсіп, тәжірибелі ма­мандардан айырылып, басылым­дар­дағы тіл қолданысы сапасыздыққа ұшы­ра­ғаны белгілі жайт» деген сөйлемдегі «нәтижесінде» деген сөздің орнына «салдарынан» деген сөзді қолдануы керек еді. Бұл да орыстың «в результате» деген сөзінің калькасы. Керек болса, әрбір журналистің столында синонимдер сөздігі де болуы керек.
Тоқтарәлі Таңжарық: Сол сияқты «өзгеріске ұшырады» деген тіркесті тек жаман мағынасында қолдану керек қой. Қазір соны керісінше, жақсы мағынаға да қолданып жүр.
Жас қазақ: Қазір осындай қателіктер айтудан кенде емес. Бірақ біздің байқағанымыз, сол қателіктердің қалыптасқаны соншалықты, оны ешкім қате деп ойламайтын болды. Әсіресе жастар. Ал ескертуді айтып жүргендердің ең жасы Мырзан аға болуы мүмкін.
Мырзан Кенжебай: Қайнар Олжай бұрын бізді телеарнаға редактор-стилист ретінде шақырып еді. Әр дүйсенбі сайын журналистердің жазғандарын қарап, түзететінін түзетіп отыратынбыз. Қазір ондай жоқ. Оның үстіне, кім көрінген жүргізуші болып кеткенде, тіл бұзылмай қайтеді?
Тоқтарәлі Таңжарық: Әнші Мөлдір Әуелбекова бір бағдарламада «ақиық» деген сөзді фонетикалық заңдылығына сүйенбей айтып отыр. Қатаң дыбыстың алдында дауысты дыбыс келгенде қатаң ұяңданатын еді. Ал қазір сол заңдылықтың ешқайсысын сақтамайтын болдық. Жоғарыда айтқанымыздай, мұның ең басты тетігі отбасылық тәрбиенің сақталмауында жатқан секілді. Бұл - Кәкен аға айтқан алғышарттардың әуелгісі. Үйде үйренбеген тілді ол көшеден, интернеттен үйренеді. «Бара жатыры қ, отырық, неістеватсын» деген сөздерді бала күнінен естігендер солай қалыптасады. Сол тіл қазір журналистикаға келіп жатыр.
Блогерлер не жазып жатқандарын өздері білмейді. Әрине, жазуға құқылары бар. Бірақ ескерту жасасаң, жата кеп ренжиді.
Нақты ақпарат, нақты оқиға, нақты уақыт, нақты мекенжай. Қазақ ақпараты бұрын-соңды мұндай «нақтылыққа» жүгінбеген шығар. Иә, ақпараттың нақты болғаны жөн-ақ, бірақ бір сарынды, бірінен-бірі аумайтын ақпараттар легі тілдік байлықты қажет етпейді. Ал соның өзін мың құбылтамын деп, бүлдіріп, бұзып жатқандар көп. Қазір не көп? Ақпарат көзі көп. Телеарнаны санамағанның өзінде, газет-журнал, интернет басылымдар жетерлік. Оның бәріне зер салып, не жазып, не қойғанын електен өткізіп отырған ешкім жоқ. Ойына келгенін жазып, өресі жеткен жерге дейін әр саланы қамтып жатыр. Эфирдегі «данышпандардың» даңқы аспандап тұр. Тілін бұрап сөйлей ме, қазақ сөзінің дыбысталу ерекшеліктерін қолынан келгенше өзгерте ме - ерік өздерінде. Әйтеуір, экранға шықса болды, елге танылса болды, жұрттың пікірімен санасу ойларына кіріп те шықпайды. Қазақ телеарналарының соры - әнші мен бишінің жылтыр жүзін жарнамалауға әуестігі. Танымалдығын бұлдағаны былай тұрсын, дұрыс жазылған мәтіннің өзін қиюын қашырып оқиды. Әйткенмен, бұрынғы «Мезгілді» қайта қауыштырғандай әсер еткен Ерболат Айдабосын, «31» арнаның жаңалықтарын жандандырған Болат Мүрсәлім, деректі фильмдерге сүбелі сөзімен қан жүгірткен Нұрлан Қабдай «Хабардың» маңына топтасқан Өркен Кенжебек, Мұрат Есжан секілді жігіттер баршылық. Қазірше солардың өзі айналасына үлгі боларлықтай. Бірақ олардың сөз қолданысы мен уәж-пікіріне қарап, ой түзейтіндер аз сияқты...
Мырзан Кенжебай: Телевизияның тіл қалыптастырудағы әсері өте күшті. Жарнаманың қате сөздерін естіп алып, соларды қазір қолданысқа енгізіп жібердік. «Жанұя» деген сөзді кім шығарғанын білмеймін. Тіпті шал-кемпірлер «жанұя» деп айтатын болды. 
Бұдан да басқа сорақылықтар жетеді. Сондықтан телевизияның журналистеріне қатаң талап қою керек. Тілді бұздың ба, жұмыстан шық.
Кәкен Қамзин: Кез келген маман университет қабырғасынан төрт аяғын тең басып шықпайды. Жас маман өндірісте ысылуы керек. Бас редакторлардың мектебін көруі керек. Қазір тіпті бас редакторлар журналисінің мақаласын оқымайтын сияқты. Оның үстіне, интернет пайда болғалы бері кеңсе журналистері пайда болды. Отырып алып жаза береді. Онда тіл қайдан дамиды? Журналистерді іс сапарға көп шығару керек.
Тоқтарәлі Таңжарық: Тағы айтпауға болмайтын жайт. Газеттің айналасында жүргендіктен, баспасөз баяны көп келеді. Бәрі орыс тілінде. Қазақшасын сұрасаңыз, бізде жоқ дейді. Ал олардың есебіне қарасаң, мемлекеттік тілге баяғыда өтіп қойдық дейді. Сонда олар мемлекеттік тілге қашан өткен? Бәрі өтірік.

P.S. Кез келген нәрсеге бір жақты қарауға болмайды екен. Бүгінгі талқылаудан  түйгеніміз - таяқтың басы бәрімізге тиеді. Отбасы, мектеп, университет, қоғам, билік болып, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару» осындайда керек сияқты...

Дайындаған
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ

"Жас қазақ" газеті

0 пікір