Сәрсенбі, 1 Мамыр 2024
Әне, көрдің бе? 3020 12 пікір 13 Сәуір, 2023 сағат 10:34

Немістерсіз КСРО ғарышты бағындыра алмас еді!

1961 жылдың 12 сәуірінде жер орбитасында 108 сағат болып, қайтып оралған Юрий Гагарин ғарыш кеңістігінде алғашқы рет болған адам ретінде тарихқа енді. Алайда бұл жетістікке Кеңес Одағы неміс технологиясының арқасында жеткенінен көпшілік бейхабар еді.

Неміс кинорежиссері Мартин Хюбнер «Stalins deutsche Elite. Deutsche Spezialisten im Dienste der Sowjetunion» («Сталиннің неміс элитасы. Неміс мамандары Кеңес Одағының қызметінде») атты деректі фильмде Сталин соғыстан кейін кешегі жауларды қалай пайдаланғанын баяндайды. Екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы кезеңінде немістер жасап шығарған алыстан басқарылатын V-2 (Фау-2) реактивті ракеталары Американы да, Кеңес Одағын да қызықтырып, екі жақ та бұл технологияны қолға түсіруге жанталаса кіріседі. Мұның болашақта ғарышты игеруге маңызы зор екенін бәсекелестер жақсы түсінген.

Бірақ 1945 жылдың сәуірінде Нордхаузендегі зауытқа жеткен Кеңес әскерлері жер сипап қалады. Ондағы ракетаға қатысты құжаттар мен сызбаларды, техникалық қондырғыларды американдықтар алып кеткен еді. Осыдан соң Мәскеу Фау зымырандарын жасау құпиясын игеру үшін неміс мамандарын өз жағына тартуға көшеді. Кеңес оккупациясы аумағындағы Штасфурт, Йена, Берлин, Дессау қалаларынан бұрын фашистерге қызмет еткен инженерлер мен конструкторларды жинап алып Тюрингендегі Блайхероде зауытында Фау өндірісін қайта жандандырады.

Бұл кезде Фау зымыранының бас конструкторы Вернер фон Браун американдықтар жағына өтіп кеткен еді. Бірақ оның орынбасары Хельмут Гертруп НКВД-ның қармағына түседі. Неміс мамандары орыстарға құпияны ашқысы келмейді. Бірақ Мәскеу олардың алдына екі таңдау қояды: Сібірге айдалып атылу немесе жоғары жалақы, керектінің бәрімен қамтамасыз етіліп, өз мамандықтары бойынша жұмыстарын жалғастыру. Басқа жол қалмаған неміс инженерлері соңғысын таңдайды.

1946 жылғы 15 мамырда ССРО Министрлер Кеңесінің «Реактивті қару мәселелері» атты қаулысы шығады. Онда шығыс Германия аумағындағы реактивті Фау зымырандары өндірісіне, негізгі кәсіпорындарды Кеңес Одағына көшіруге баса назар аударылады. 1946 жылдың 22 қазанында түн ортасынан ауа арнаулы әскер топтары неміс мамандарының үйлеріне баса-көктеп кіріп, шұғыл түрде жиналуға бұйрық береді.   Сол күні таң ата V-2 зымырандары, техникалық жабдықтар және конструкторлар мен инженерлер тиелген пойыз Блайхеродеден шығып Сталинградқа таяу Капустин Яр сынақ алаңына жол тартады. Капустин Ярда зымырандар түсіріліп, мамандар Мәскеу мен Ленинград арасындағы құпия қалашыққа жеткізіледі.  Дессаудан шыққан екінші пойызбен мамандардың басқа бір бөлігі Куйбышев түбіндегі немістер қысқаша Упра деп атап кеткен Управленческий кентіне әкелінеді.

Кеңес үкіметі неміс мамандарына жайлы пәтер беріп, мол жалақы төлеп, соғыстан кейінгі ауыр жағдайға қарамастан азық-түлікпен толық қамтамасыз етіп ерекше жағдай жасайды. Жер аударылған инженердің баласы Хильмар Бауман: «Бізде қажеттінің бәрі болды. Бірақ алтын тордағы құстың күнін кештік. Қалашықтан тыс жерге аттап басуға болмайтын. Жергілікті тұрғындар біздің тұрмысымызға қызғана қарап, жек көретін. Олардың көзімен қарағанда біз фашистер едік» деп еске алады.

Немістер өздеріне тән ұқыптылықпен тапсырылған жұмысты мінсіз атқарды.  Капустин Ярда Блайхеродеден келгеннен соң бір жыл өткенде бірінші ракета ұшырылды. Сынақ сәтті болғаннан кейін Кремль неміс мамандарын қажетсінбей қалды. Немістер бұрынғыша жоғары жалақы алып, совет азаматтарының түсіне де кірмеген жайлы тұрмыс кешіп жатты, бірақ ешқандай жұмысқа тартылмады. Хельмут Гертруп Мәскеуге: «Бізге жұмыс беріңдер, немесе елімізге қайтарыңдар» деп хат жолдайды. Бірақ оған ешқандай жауап болмайды. Соңынан немістерді зымыран өндірісіне еш қатысы жоқ зауыттардағы жанама жұмыстарға тартады. Бірақ өз мамандықтарынан қол үзіп қалған конструкторлар мен инженерлер бұған наразы болады.

Тек арада бес жыл өткенде неміс мамандарына отандарына қайтуға рұқсат беріліп, 1952 жылдың күзінде олардың алғашқы бөлігі Германияға оралады. «Соғыстан кейін орыстар шығыс Германиядан шоколадтан бастап жазу машинкасы, кәсіпорындардағы құрал-жабдықтарға дейін бәрін Кеңес Одағына әкетті» деп еске алады Хильмар Бауман.

Сол жылдары Кеңес Одағы кәсіпорындарында үш мыңнан аса неміс мамандары зымыран шығару, атом энергетикасы саласындағы физик ғалымдар, инженерлер мен конструкторлар жұмыс істеген екен. Сталиннің «неміс элитасы» болмаса Кеңес Одағы ғарышты бағындырып, атом қаруына ие бола алар ма еді?

Марат Ермұқанов

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар