Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Тарих 4014 11 пікір 3 Сәуір, 2023 сағат 11:36

Амангелді Иманов кім және оның дүниетанымы туралы не білеміз?

Амангелді Үдербайұлы Имановқа 150 жыл

Архив қорында Әлиби Жангелдиннің бір естелігі сақталған. Қызыл комиссар сол естелігінде Амагелдінің үш қасиетіне арнайы тоқталыпты. «Біріншіден, Амангелді діндар жан еді. Бес мезгіл намазын қаза жібермейтін. Екіншіден, көзі ғажап еді, қадалып қарағанда көзінің нұры өңменіңнен өтіп кететін. Амалсыздан көзіңді тайдырып әкетуге мәжбүр болатынсың. Ал көздеп атқанда, құралайды көзінен тигізетін қас мерген еді. Үшінші, орта бойлы, дөнес мұрынды, жай қарағанда қалың қазақтан өзгешелігі жоқ сияқты болатын» депті.

Рас, кешегі өткен Кеңестік дәуірде Амангелді Иманов туралы көп жазылып келді. Мәселен, сол заманның ұлы қаламгерлері Мұхтар, Сәбит, Ғабит, қарт Жамбыл тағыда басқа танымал жазушылар мен ғалымдар қалам сүйкегені бүгінде бізге белгілі. Әйтсе де егемендік жылдардан кейін отандық ғалымдар өткен ғасырда батырдың өмірі сыңар жақты зерттелгенін, оны тек туғаннан революсионер жасауға әрекет жасалғанын, маркстік-лениндік көзқарасты жамылып, алаш идеологиясы қара бояумен жазылған кезде батырдың өлімін алаштың ірге тасын қалаған ұлы адамдарды даттау үшін пайдаланғанын, талай жан нақақ кінәланып, жапа шекендерін айтып келеді. Сондай-ақ сардарбек Амангелді 1916 жылғы қозғалыстың жеке дара көсемі ретінде көрсетіліп, одан сол қозғалыста торғайлық қазақтар хан көтерген Әбдіғапар Жанбосыновты, атақты батыр, мыңбасы, бір өзінің өмірі тұтас аңызға айналған Кейкі сияқты ерлердің есімін ұмыт қалдырғанын еске салып келеді.

Иә, кешегі Кеңестік биліктің аяр жүйесі қазақ зиялылары мен белсенді азаматтарын, бас көтерер қаһармандарын өзара жауластыра отырып, мұқым бір ұлттың тағдырын талқыға салғанын біздер ешқашан ұмытпаймыз.

Біз қазақ тарихындағы елеулі тақырыптарға жататын 1916 жылғы отаршыл патша үкіметіне тұтас ұлт болып бас көтерген оқиғаға оралсақ, Торғайдағы Әбдіғапар хан, Айжарқын Қанаев хан, Оспан хан, Амангелді және Кейкі батырлар, Жетісуда Бекболат Әшекев, Әулиеатада Ақкөз батыр сынды тағыда еліміздің өзге аймақтарындағы қазақтың қайсар ұлдарының есімдерін атамай өтпейміз.

Қазіргі қоғамда Аманкелді, кешегі жеке басқа табыну кезінде ойдан, қиялдан туған бейнеме немесе «Қазақ Чапаевы» сияқты жасанды тұлға емес пе? – деген қалтарыстар да айтылып жүргенін кезінде академик Манаш Қозыбаевта жоққа шығармаған.

Расында да биыл 150 жылдық датаға түйісіп тұрған өткен ғасырдағы Амангелді Үдербайұлы Иманов кім еді? Бұл сауалдың жауабын біз еппен ой-елегімізден өткізіп, аз-кем оқыған-тоқыған, білген дүниемізді оқырманмен бөлісуді жөн санадық.

Торғай даласындағы қазақтар 1916 жылы 25 маусымда ресей империясының патшасы Николай Орта Азия, Қазақстан және тағы бірқатар регионнан 19 бен 43 жас аралығындағы еңбек жасындағыларды «қорғаныс бекіністерін және әскери шептерін» жасауға қара жұмысқа алу туралы жарлыққа қол қойды. Осы жылдың 28 маусым күні ішкі істер министрлігі мен қорғаныс министрінің «бұратана халықтарды» тыл жұмыстарына «реквизициялау» (мүлікті мемлекет қармағына еріксіз алу туралы) бұйрығы Қазақстанға телеграф арқылы жетіп үлгерді. Бұратана елдің азаматын мүлікке теңеп, күшпен қара жұмысқа алу туралы суық хабарға қорланған халық лезде бас көтерді. Әсіресе, бұл жарлыққа қарсы бас көтерген Торғай өңіріндегі қазақтардың қарасы қалың болды. Олардың саны елу мыңға жетіп жығылды. Елге елеулі азаматтардың бірі Әбдіғапар Жанбосыновты хан көтерсе, оның сардарбегіне Амангелді Имановты сайлады. Міне біздің бүгінгі тақырыбымызға арқау болып отыран Амангелді Үдербайұлы осы елу мың жасақтың бас сардары болатын.

Амангелді қара дүрсін батыр емес, айлалы, ұлт-азатық қозғалысының тарихын, дәстүрін өте жақсы білетін, қолбасшылық дәрежесіне даярлығы болған ел ағасы болатын. Атасы Хан Кенесарының сардарбегі болған атақты Иман батырдан дарыған қасиеті болса керек, Амангелді өз заманасының атақты қолбасшысының бірі болды. Ол 1916 жылы бүкіл орталық Қазақстаннан ағылған жігіттерден азғана уақыт ішінде, 50 мыңдық қосын жасақтады. Патша өкіметінің жазалаушы қосыны сол заманның қару-жарағымен қаруланғанын ескеріп, партизандық күрес әдісін шыңдады. Бүкіл Торғай өңірін шеңбер-шеңберге бөліп, жау қолын тосты, барлау ұйымдастырды, телеграф линиясын істен шығарып, жаудың байланыс тобын талқандады. Алайда патша тақтан құлап, ақ-қызыл болып азамат соғысы басталғанда саяси жағдай мүлде күрт өзгерді. Қазақтың азаматтары екіге жарылды. Бірі уақытша үкіметпен ымыраласса, екіншісі қызылдардың етегінен ұстады. Міне осы саяси жағдайдан кейінгі ушыққан әскери қатығыстардан соң орын алған ауыр жағдайлар қазақ арасына үлкен алауыздықтың ұрығын септі. Осындай оқиғалардан кейін тарихымызда «Аманкелді және оның дүниетанымы» төңірегінде бүгінгі күнге дейін жалғасқан өте даулы мәселе басталған-ды. Бұл «Амангелдінің өліміне кім себепкер?» деген сауал төңірегіндегі дау-дамай.

Тарихшы ғалым Манаш Қозыбаев: Барша әдебиетте Алаш идеологиясымен Амангелді үзілді-кесілді жау есебінде қаралып келеді. Ал шындығына келсек ғасыр басында Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұхамеджан Сеалин батаған алаш қозғалысы – реформаторлық ағым. Қазақ елінің есті адамдарына олардың осы ісі әсер еткені мәлім.Оның үстіне Ахмет пен Міржақып батырмен елдес. Міржақыптың «Оян қазағы» Торғай даласына кең тараған шығарма. Аманкелді істі болған кезде Міржақып талай рет қолының ұшын бергені туралы құжаттарда баршылық. Көзі ашық, көңіліне нұр сәулесі төгілген Иман немересі осы бір ағымның қазақ халқына шапағаты таралуына тілектес жанның бірі болатын. Ал жол ауырық – бөліну 1916 жылы басталды. Алаш идеолгтары, «Қазақ» патшаның жарлығына бағынуға, қан төгіс жасамауға шақырды. Міне осы тұста Амангелді Алаш азаматтарымен айырылысты, баррикаданың екінші бетіне өтті» дейді өз еңбегінде.

Иә, Ресейде қанды қол патша тақтан құлатылып, азамат соғысының оты тұтанғанда қазақтың даласы шайқас алаңына айналмасын деп қауіптенген алаш арыстары сол кезде қазақ жігіттерінен алаш жасағын жасақтаудағы қызметті жеделтете түсті. Әлихан, Ахметтер қауіптенгендей қазақ сахарасы ақтар мен қызылдың соғыс алаңына айналды. Ақтар да, қызылдарда жазықсыз қазақ ауылдарына аса қатыкездік танытты. Билікке таласқан қос анархиялық күштер тіпті кей ауылды еңкейген қартымен қоса, еңбектеген сәбиге дейін қырып салды. Міне осындай жантүршігерлік оқиғалар белен алып бара жатқанда алаш қайраткерлері қол қусырып қарап отыра алмады. Алаш әскери кеңесі жедел шаралар қолданып Колчак және большевиктердің әскерімен айқасуға тура келді. Алашордалық қайраткерлер зардап шеккен халық үшін барлық жағдайға барды. 1917 жылдың 25 қазанында Санкт-Петорборда бастау алған қазан төңкерісі анархиялық сипатта азамат соғысына айналып қазақ даласында жалғасты. Қазақ ұлтының азат ел болуын көксеген Алашорда өкіметі күннен-күнге сан құбылған азамат соғысындағы саяси жағдайды бағамдай отырып, бірде Ақтармен одақтасып, кейде ақтардың саяси тұрақсыздығынан большевиктермен ымыраласуына мәжбүр болды. Өйткені, соғысып жатқан ақ пен қызылдардың кесірінен қазақ халқының жойылып кету қауіпі туды.

Бұл кезде де қазақтың сүйегіне сіңіп қалған айықпас дерт «алауыздық» деген жегінің әсерінен қайраткерлер мен белсенділердің арасы мәз емес болатын. Ел ішіндегі зиялылар мен атқамінерлер екі топқа айырылып, бірі ақ, енді бірі қызыл болып сойыл көтеріп, қару кезеніп, бұрын бірін-бірі өкпеге қиса да, өлімге қимайтын қазақ, енді өз-өзін қазаға ұшыратып жатқан заман болатын. Біздің мақаламызға арқау болып отырған Аманкелді батыр осы замананың құрбаны.

Большевиктер үстемдік құрған дәуірде бұл өлімнің жауапкершілігін ұлт ұстазы Ахметке аударуға талай әрекет жасалды. Кейін бұл қазаның кінәсін алаш ардақтысы Міржақыптың мойнына арқалатып жіберді. Содан бері түйіні шешілмеген дау-дамайға айналып келеді.

Рас, алаш қозғалысы большевизмге белсеніп, күрес жолына шыққан кезде Торғайдағы  Алаш-Орданың әскери кеңесінің шешімімен 1916 жылдың қаһарманы Амангелді батыр өлім жазасына кесілген. Ендеше бұл Алаштың әскери кеңесінің шешімі, оны бір кісіге арқалатуға болмайды. Мысалы, академик Манаш Қозыбаев дәл осы жағдайды былай баяндайды: «Ол кезде ояз әкімшілігінін билігі Омар Алмасовта болатын, оның белсенді көмекшісінің бірі Мұзафар Қасымовтың есімі 1919 жылдың аяғында аталғанды. Басы ашық мәселе Ахмет Байтұрсынұлы большевиктермен келіссөз жүргізу үшін Мәскеуге аттанғанды. Бұл кезде үкімді орындап, батырдың түрме ішінде мойнына қыл арқан салып, ат құйрығына сүйреткен 18 жасар алашорданың 2-атты полкінің вахмистрі Б.Сисекенов, 10 жыл жазасын кейін түрмеде өтеген» дейді.

Ал Міржақып Дулатұлы 1929 жылы ОГПУ тергеушілерін берген көрсетіндісінде: «Келісім жүргізу үшін Торғайға Байтұрсынов және мен бардым. Келісімнің нәтижесінде біз уақытша кеңес өкіметі жағына шығатын болдық, ал біздің түбегейлі шешім қабылдауымыз үшін Байтұрсыновты Москваға жіберу керек деп шештік, келесі күні Байтұрсынов Москваға жүріп кетті. Келісім бойынша Торғай қаласына кірдік, өз отрядымызды жергілікті қызыл армия отрядымен біріктірдік, біздің біраз адамдарымыз совдептің құрамына кірді. Бұл 1919 жылдың көктемінің бас кезі еді. Торғай уезіне барымташы ретінде аты әйгілі болған Амангелді Иманов деген біреу әскери комиссар болып тағайындалыпты. Бірде біздің назарымызға: Иманов бізді тұтқындағалы жүр екен, оның үйінде Қостанай жақтан келе жатқан әлдебір отрядтың барлаушысы тұрады екен деген мәлімет түсті. Осы мәліметті алысымен Біз Имановты және оның үйінде жатқан белгісіз адамды тұтқындадық та, өзіміз жасақтың бір бөлігін ертіп Торғайға беттеп келе жатқан отрядтың қарсы алдынан шықтық. Қауесет шын боп шықты, Бұл Таранның партизан отряды екен, Ал Иановтың үйінде жасырынып жатқан белгісіз адам – Таранның өзі екен. Торғайдан шыққан соң отыз шақырымдай жерде әлгі отрядпен бетпе-бет келдік, ешқандай қарулы қақтығыс болған жоқ, оларды казак полкінің қуғындап келе жатқанын сол жерде білдік. Біз, алашордалықтар, бұл отрядты қайтпек керек деп өзара кеңестік, егерде оны Торғайға қарай өткізіп жіберейік десек, Имановтан сескендік, өйткені әлгі отряд бізден гөрі солардың сөзіне сенеді де, Иманов ойындағысын жүзеге асырып тынады. Бұл бір. Мәселенің екінші жағына келетін болсақ, егерде біз отрядты Шалқарға қарай ешқандай ұрыссыз әрі шығынсыз өткізіп жіберсек, онда оларды өкшелеп келе жатқан казак полкі жергілікті халықты сөзсіз қырып-жояр еді де, ең бірінші кегін бізден алар еді. Осының бәрін ақылға салып, біз отрядты қарусыздандырып, адамдарын өз еркімен қоя берейік дегенге бәтуаластық және солай істедік те. Шарасыздықтан мәжбүр болған бұл әрекетті сол арада отрядтағыларға түсіндірдік. Келесі күні Торғай қаласына кештетіп жеткеннен кейін ғана бізден бөлініп қалған жастар аласапыран кезінде Иманов пен Таранды мерт етіпті. Осыдан кейін біз казак полкінің келуін үрейлене күттік, себебі, біздің жасағымыздың саны 400-дей ғана адам еді, оның көпшілігі әлі әскери шайқасқа қатыспаған тәжірибесіз жасақтар еді» деп түсініктеме берген.

Не десекте қым-қиғаш қиянатқа толы қиын кезеңде осындай ауыр жағдайларды кешегі кеңес өкіметі ұтымды пайдаланды. Қазақ мың өліп, мың тірілді. Өлтірген жат елдің отаршылдары, қайта тірілткен қазақтың сол баяғы арыстай ер мінезді азаматтары. Мейлі олардың нәсілі бір ұлт бола тұра саяси идеялық қарама-қайшылықтан туған пікірлер аясындағы келіспеушілік болсын немесе жеке бас араздығы болсын дерлік бәрібір де бұл өз ұлтына, өз отанына қызмет еткен тұлғалар ретінде тарихтан алар орны бар екендерін ұмытпауымыз керек. Ал бүгінгі уақытта «батырдың қазасына нақты кім кінәлі» деген даулы мәселеге нүкте қоятын кезіміз келді-ау деп ойлаймын. Тасада тұрып, тұлғаларға тас ата беруімізді, аруақтармен айтысуымызды доғарғанымыз жөн.

 

Мадияр Ералыұлы

Қазақстан журналистер одағының мүшесі    

Abai.kz        

11 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1473
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1333
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1083
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1127