Бейсенбі, 16 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3844 0 пікір 17 Сәуір, 2013 сағат 05:37

Есбол Өміржанов. Жаңа заман «жырауы»

Қазақ тарихында халық арасынан шыққан ақын-жыраулардың хандар мен сұлтандарға өз ойын ашық айтып, кезі келгенде қателігін мойындатып, өз пікіріне мойынсұндыра алғандығы жөнінде көптеген жайттарды кездестіруге болады. Кезінде Бұқар жыраудың:

-  Ай, Абылай, сен он бір жасыңда
Әншейін-ақ ұл едің.
Он бес жасқа келгенде
Арқада Әбілмәмбет төренің
Түйесін баққан құл едің,
Абылай атың жоқ еді,
Сабалақ атпен жүр едің,

Қазақ тарихында халық арасынан шыққан ақын-жыраулардың хандар мен сұлтандарға өз ойын ашық айтып, кезі келгенде қателігін мойындатып, өз пікіріне мойынсұндыра алғандығы жөнінде көптеген жайттарды кездестіруге болады. Кезінде Бұқар жыраудың:

-  Ай, Абылай, сен он бір жасыңда
Әншейін-ақ ұл едің.
Он бес жасқа келгенде
Арқада Әбілмәмбет төренің
Түйесін баққан құл едің,
Абылай атың жоқ еді,
Сабалақ атпен жүр едің,

- деп басталатын Абылай ханға айтқандары осының бір дәлелі бола алады. Уақыт өте келе қазақ хандығы бодандық қамытын киген тұста  да өз пікірін тайсалмай айтып, әділдік жолында бай-сұлтанға қарсы шыққан ақын-жыршылар көптеп саналды, кешегі Махамбет, Жаяу Мұса, Мәди  сынды көптеген ақындар мен жыршылар өз заманының әділетсіздігі мен ел басқарушылардың жіберген қателіктерін тайсалмай бетіне басып, азаматтық ұстанымдарынан тайқымай, ашық күреске шығып отырды. Бұл үрдіс тек кеңес заманында ғана репрессияның әсерінен тоқырауға ұшырап, сол кезеңдегі ақын-жазушылар өз заманына қатысты сынды астарлап болса да жеткізуге тырысты. Кеңестік кезеңдегі қазақ үшін тәуелсіздік күресінің жаршысы болған  Желтоқсан оқиғасы халық арасынан өз пікірін ашық айтып кеңестік билікке қарсы тұрар ақындардың ортаға шығуына ықпал етті. Осынау, әлі де болса кеңестік билік тағынан тая қоймаған шақта Жұбан Молдағалиев,  Мұхтар Шаханов, Қайрат Рысқұлбеков сынды қазақтың жоғын ашық жоқтаған батыл да айбатты ақындар қатарына қазақтан шыққан тұңғыш бард ақын Табылды Досымов та қосылған еді.

Табылды Досымовтың қоғам мен саясат турасындағы көзқарастарына тоқталмас бұрын, ол  жайлы аз ғана ақапарат бере кету артық болмас, ақын 1965 жылы 15 шілдеде Атырау облысы, Индер ауданы, Индербор поселкесінде туған. 1982 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тамамдаған. 1983-1985 жылдар аралығында Германияда әскери борышын өтеген.
1990 жылы арнайы жолдамамен Атырау телерадиокомитетіне келіп, жаңа облыстық телевизияның қүрылуына атсалысқан. 1992 жылы облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы мемлекеттік филормонияда шығармашылық жүмыстармен айналысқан. «Желтоқсанның жебесі» атты жас талаптар тобының жетекшісі, 1993 жылы Индер аудандық тіл басқармасының бастығы, 1995 жылы облыстық дәрежедегі Махамбет қорының директоры қызметін атқарған. 2000 жылдан бері аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы. «Жанарымның жарқылы» (2000), «Ұнатамын мен сені» (2002) жыр жинақтарының авторы. Республикалық «Үкілі үміт» байқауының дипломанты, облыстық Жастар сыйлығының лауреаты (2000), Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған (2003).

Желтоқсан оқиғасы бард ақынның шығармашылығына үлкен өзгеріс әкелді деп нық сеніммен айтуға болады, сондықтан, Табылдының өнернамасын негізінен желтоқсан көтерілісіне дейінгі және одан кейінгі деп екі кезеңге бөлуге болады. Ол 1986 жылға дейін отыздан астам лирикалық әндер шығарды (Ж. Құлиев. Алып кет мені ауылдан аға... Алтын Орда, 13 қазан  2011 жыл,  № 41 - 10 б.).  Желтоқсан оқиғасының қатысушысы болған Табылды Досымов оқудан шығып қалған соң  аулына барып бір жылдан соң ғана қайта оқуын жалғастырады. Желтоқсан оқиғасынан соң  ақын  ұлтжандылық сипаттағы, қазақы патриоттық  сарындағы, елінің мұңын шертетін, жерінің жоғын жоқтайтын биік ойлы шығармаларын дүниеге әкелді (Қ. Байдаулетова. Халқым үшін қан додаға кірмей, қалай жай табам. Айқын 16 желтоқсан 2010 жыл, №234 - 8 б.).  Оның Желтоқсаннан кейін туған әндер қатарына «Қазақ едім дегенше...», «Желтоқсандағы жыр ән», «Тұңғыш балықшылар Гурьевтердің әкесі Гурий Назарьев ақсақалдың  рухына ашық хат», «Жалғыздық», «Асан қайғыны аңсау», сияқты өлеңдерін  жатқызуға болады. Кеңестік режим ұлттық мүдде жолында бас көтерген қазақ жастарын жазалап, қуғындап жатқан тұста ол отаршылдар туралы ащы шындықты өз шығармаларына арқау етіп, елдің азаттық турасындағы көзқарасының қалыптасуына өзіндік үлесін қоса білді. Осындай өлеңдердің бірі  «Тұңғыш балықшылар Гурьевтердің әкесі Гурий Назарьев ақсақалдың  рухына ашық хат» еді, онда ақын отаршылық саясат ықпалымен қазақтың қаласының атын иеленген балықшы шалдың рухына ашық хат арнайды.

Сен келіп, малы төсінде ойнаған

Даламды менің үркіттің.

Соңынан малдың көшуді ойлаған

Бабамды менің үркіттің.

Жауады бүгін сұрақтың бәрі,

Сауалы болып өткеннің.

Балықты мықтап ұнаттың дағы,

Халықты иттен жек көрдің.

Су асып, қаңғып келген орыспен,

Жауласып қазақ бұзылды.

Қулығың сенің кеудеңе түскен,

Сақалың құсап ұзын ды...

Кездерге сол бір өкінеді елім,

Құра алмай қалған қақпанды.

Төрт ғасыр тайдай бекірелерім

Ресей жаққа аттанды.

Катерлер ұқсас қара албастыға,

Аулары бейне қайғы мұң.

Ұрпағың сенің оралмас сірә

Каспийдің құртпай байлығын...

Осындай елі мен жерінің басқыншылар қолына өтуі жайлы тарихи шындықты ол өзінің «Сарайшық» атты өлеңінде барынша батыл сипаттайды.

Көңілім ауып осынау ғаріп қалаға,

Түбінде жатқан түмендей тас тұмандардың.

Сарайшық барсам сартап мұң сарып санама,

Бабалар қолын созады астынан жардың.

Сарайшық барсам, зұлымдар қиратқан, алып,

Сүйектер қалған көмусіз қатарға беттей.

...Тұншығып жатам түсімде зиратта қалып,

Сол құрбандардан арылып, шаһарға жетпей...

Тәуелсіздіктің маңызын жете түсінген ақын сол тәуелсіздіктің қаншалықты маңызы бар екендігін, елдің еркіндікке қол жеткізуі ғасырлар бойғы күрестің нәтижесі болғандығын тәуелсіздік жолында жан пида еткен Махамбеттің рухына өлең арнау арқылы өзгелерге жеткізеді. «Сенің атың Махамбет» өлеңінде ол ғасырларға созылған азаттық күресінің ақыры оң нәтижеге жеткенін мақтан тұтады.

Тәмәм боп ханның қастандықтары,

Бізге де бір бостандық таңы атар деп,

Жүрекке қайғы байлаған едің,

Ақынға сөйтіп айналған ерім Махамбет!

Замандар өліп көзге мұң қатқан.

Ойран болғасын өздерің жатқан абақты.

Желтоқсанда да аһ ұрып едік,

Тәуелсіздіктің ақыры келіп, таңы атты

Табылды Досымов кеңес дәуірінде орын алған адамдар санасындағы дүниеқоңыздық, материалдық байлықты  басқадан биік қою сияқты теріс мінездерді сынға алды, өмірдің мәнінің жиған дүниеде еместігін жаңа заман тілінде, гитара ырғағымен тыңдар құлаққа жеткізуге тырысты. Кезінде данышпан Абай Ескендір жайлы поэма жазып оқырманына өмірдің мәні байлықта емес екендігін мысалмен түсіндірсе, Табылды ақын дүниенің мәні жайлы ойларын «Табылдың әні» шығармасында  заманауи тілмен жеткізе білді.

Сол жаққа аттанасың бәрі барған,

Қалады көкірегіңде алып арман.

Қалады ауызыңда сары тісің,

Қалады гаражыңда сары «Волгаң».

Біреуде ақшаң қалар қарыз алған,

Мұрныңды, шақшаң қалар, зәрі жарған.

Он бөлме үйің қалар, қиын болар,

Өйткені бәрі жалған, бәрі жалған...

Бұл қазақ мол байлықты текке іздейді,

Ақшаңды миллионға жеткіз мейлі.

Сенімен бұл құдайым о дүниеге,

Сом түгіл, соқыр тиын өткізбейді.

Жаңа заманда рухани байлықтан тұл болып, тек материалдық байлықты пір тұтқан қоғамда орын алып жатқан ерсі қылықтар мен жаппай рухани азғындау орын алғанына күйінген ақын, дүниенің жалғандығы, адамдардың өз әрекеті үшін түбінде жауапқа тартылатындығы жайлы ойларын  «Рух» өлеңінде жалғастырады.

Мен бұрынғы саудагермін салқын қан,

Бақырыңнан бақыт іздеп шарқ ұрған.

Таразыдан талқан ұтып жүргенде,

Қарғыс алып қалып едім халқымнан.

Мен де жердің перзенті едім арынды,

Байлық үшін салып едім барымды.

Бір ақ түнде Әзірейіл келді де,

Жаһаннамға аттандырды жанымды.

Алла маған жазғаннан соң өлуді,

Лас тәнімді салып қалды көр улы...

Өмір бойы өліп өшіп жинаған,

Ақшам қалды мазарымда көмулі.

Жаным менің ұшып барып жыраққа,

Аһиретте азап көрдім бір апта...

Жерде қылған күпірлігім үшін де,

Құдай мені жіберген жоқ жұмаққа.

Жалпы, кеңестік саясат салдарынан қазақтың бар жақсы мен жайсаңынан айрылып, ел тұтқасын кедей ұрпағының ұстауы, коммунистік партияның жасақтаған билеуші тобының ұлттық мүдде мен ұлттық арманнан жырақта қалғанын, тек мансап пен лауазым жолында кездескен кедергіні жайпай өтіп, дегеніне жетпей тынбайтын кеңестік заман шенеуніктері  жайлы ақын өз ойын «Замани зар» өлеңінде өзгеше өрбітті.

Асау ұлдары арманға жетпей, биікке жетпей тү-у асқар,
Төрт-бес шаңдығын тозға сап тозып, жүнжіп кеткенде жуастар.
Қайын атасын кәмпескелетіп, көк етік киіп бәлденді,
Ауызы асқа жарымай өскен, шұлғаудан шыққан шуаштар,

- деп  келетін жыр жолдарындағы «Шұлғаудан шыққан шуаштар» компартияның басында отырған билікшіл топ еді. «Барлық елдің пролетариаты бірігіңдер» ұранымен құрылған тоталитарлық жүйеде билікке дәстүрлі қазақ элитасының өкілдері, қалыптасқан тіркеспен айтқанда «жақсы мен жайсаңның» емес, кедей таптың өкілі келетін ереже болған (Н. Лаханұлы. Тәуелсіздік кезеңіндегі қарсылық әндер. www.azattyq.org/content/blog/2193804.html.).

Табылды Досымовтың өзін жыраулардың жалғасы деп санауында үлкен мән бар, себебі, ол кезіндегі қазақтың ұлы жыраулары салған жолмен жүріп, өз заманында ешкімнен тайсалмай ойын ашық түрде ортаға сала білген аз ғана азат ойлы жанның бірі еді. Осы тұста ақынның курстасы Серік Жанболаттың пікірін келтіре кету артықтық етпес деген ойдамын, «Табылдың ерекшелігі - жыраулық дәстүрдегі рухты бүгінгі заманға бейімдегендігінде. Оның гитарасы қазақтың рухымен сөйледі. Ақындығы бар, орындаушылығы бар, сазгерлігі бар осының бәрі қосылған кезде нағыз жыраулық дәстүрдің бүгінгі заманғы бейнесі емес пе? Қазақтың жыраулық дәстүрі эпостарда, дастандарда неге қалып қоюы керек? Ерлік, өрлік рухы бүгінгі заманға бейімделуі керек. Табыл соның бастауында тұр» (Ж.Жүрсін. Ақтөбеде Табылды Досымовты еске алды. azattyq.org). Ол өзі куә болған жайларды өлеңге қосты, елде орын алып жатқан жағдайларға бей-жай қарай алмады,  кеңестік кезде қалыптасқан жарамсақтық пен ұлтсыздықты, мансапқорлық пен сатқындықты ашық сынға алды.

Маңдайға жазған тағдардың соры - қазаққа ғана қазақ қас,
Сондықтан зармен, табақтас болды, азапты мініп тозақ қас.
Терегің қурап, текті ерің тулап итжеккенге асып кеткенде,
Теңселген елге сен төре болдың, тексізден туған тезекбас.

Сол бір тексіздер дастархандарды теуіп бір кетсе төрден кеп,
Жарамсақ қулар жүйткіді талай Мәскеуден ұшқан «орден» боп.
Қара ЗИМ-дердің алашаңдағын шампанмен жуып тазартып,
Төрелерге арнап құлын сойғандар тірі жүр әлі өлген жоқ...

Жаңа заман келіп, тәуелсіздікті қолға алғанмен де басшы орындарда сол баяғы коммунистердің орнығып, елдің санасының жаңаруы мен рухының көтерілуіне қатысты мәселелердің көтерілмеуін, тіл, дін, діл мәселесінде айтары бар тұлғалардың нақты әрекет жасауына мүмкіндіктің болмауын ақын күйіне отырып, «Желтоқсандағы жабырқау» атты өлеңге қосты.

Шамырқағасын шаршаған менің миымдай,

Көкірегімде шер шемен көшті тиылмай.

Әлі де қанша бейнет шегесің туған ел,

Өз асылдарың өз қажетіңе бұйырмай?!.

Жалпы шығармашылық адамының көп жағдайда өзгелерге түсініксіз болып, өмірден көп таяқ жейтінін, шындықты айтам деп аяғына шырмау түсетінін, өр мінезділердің шырмауға түсіп, өрге аяқ баса алмайтынын ақын келесі жыр жолдарында күйіне баяндайды:

Болмысты кезіп байқасаң, жаймен аңғарып,

Дүние-жалған, ақылмен ойлағанға анық.

Қай тентегіне тектілік танытар дейсің,

Махамбетінің басымен ойнаған халық...

Алдында ардың ақтығың санаттан өшіп,

Сәтсіздік-сайқал жатқанда тамақтан осып.

Шайыр біткендер шырмалып шырмауық-мұңға,

Жұтады сосын қайғыны шарапқа қосып...

Бардтық өнер қазақ топырағы үшін де жат еместігін, оның жыраулық өнердің жалғасы болып табылатындығын насихаттаудан жалықпаған ақын адамдардың өмірдің өткінші екендігін естен шығармауын тіледі, адамның өлімнің барлығына сеніп өз ісіне жауапкершілікпен қарауын жақтады. «Бауыржан дос...» өлеңі оның жалпы қазақ қауымына арнаған үндеуі секілді...

Тауым қайтып опасы жоқ,

орындалмас арманнан,

Мен де бір күн жөнелермін мынау

фәни жалғаннан.

Мендік жүрек сөнер ме екен,

семер ме екен мәңгілік,

Талай сеніп, талай рет алданған...

Достар сонда қабіріме келмеңдер,

Тірілерді танымайды өлгендер.

Достар сонда көз тікпеңдер табытқа,

Мен сендерді күтем ылғи тамұқта...

Өлмеңдер,

Ерлеңдер...

Бірге оқыған жолдастарының, достарының естеліктерін оқи отырып Табылды Досымовтың ұлтжанды, ұлттық намысты өзгеден жоғары қоя білген, өр мінезді азамат болғанына көз жеткіздім. Өзгелерден Табылды Досымовты ерекшелейтін тағы бір жайт оның өмірін ауылда өткізіуі болса керек, ол ата анасының жалғыз ұлы болғандықтан оқуды бітіріп ауылға қайтады. Өмірінің соңына дейін өзі туған елде әртүрлі қызметтер атқарады. Әміржан Қосановтың берген пікіріне сүйенсек, «Ауылда жүріп Табыл творчество адамдарына тән кейбір теріс қасиеттерден, руға, жүзге бөлінушіліктен, әсіре көреалмаушылықтан, лауреаттықтар мен сыйлықтарға таластардан алыс болды» (Ә. Қосанов. Ауылға барған зиялы. Жас қазақ. 29 қазан  2010 жыл, № 42 - 7 б.). Ақынның қаланың қым қуыт тірлігінен алыста болуы оның санасының өзге ұсақ нәрселермен уланбай, ел ішінде жүру арқылы халықтың бастан кешіріп отырған халін ұғынып, ұлттық ой бағытында шығармалар тудыруына себеп болғандай.

Жалпы,  Ұлттық кітапханадан қанша іздегенмен, Табылды Досымовтың өлеңдер жинағын таба алмадым, баспасөз беттерінен де тек оның курстастары, замандас достары жазған естеліктерден өзге жарытымды материал да кездестірмедім. Тіпті, ақынның өлеңдерінің бір топтамасының бірнеше газетте қайталанып жарияланғаны болмаса өмірінің соңғы жылдары жазған дүниелері баспасөзде жарияланбаған-ау деген пікір қалыптасты менде. Бауыржан Бабажанұлы бұл турасында былай дейді: «Қазақтың тұңғыш бардының не жөні түзу кітабы шықпапты, Астана мен Алматыны былай қойғанда, өзі туған облыстың орталығында да жеке концерті ұйымдастырылмапты. Тіпті өз ауданындағы концертте де шетке қағылыпты бірде...» (Б. Бабажанұлы. Өмірді мынау, қалқам ау мәңгілік деме. Айқын 19 сәуір 2012 жыл, № 71  - 22 б.). 2007 жылы қазақ радиосының «Атамекен аспанымен» жобасы бойынша Атырауға барып Дабылды Досымовтың ән  жинағын ала келген журналист Алтын Иманбаева оның әндерінің көркемдік кеңестің талабынан шықпай эфирге берілмей қалғанын, сөйтіп Табылды әндерінің радиодан берілуіне рұқсат берілмегендігін еске алған (М. Әбсаттар, Табылсыз өткен бір жыл... Алаш айнасы, 14 қазан 2011 жыл, № 182 -  5 б.).

Өмірінің басым бөлігін ауылда өткізген ақын өзін жете түсіне білмеген сол ортадан да мезі боп бір уақ Алматыны аңсағаны жайлы оның «Алып кет мені ауылдан, аға» атты өлеңінен хабардар боламыз.

Алып кет мені ауылдан, аға,

Сені аңсап біраз шет жүрдік.

Мен өмір сүрген қауымға қара-,

Айналысқаны боқ тірлік.

Жанымды салма зарлатып отқа,

Болмысым сені күтті әр күн.

Алып кет мені Алматы жаққа,

Азаптан сүйтіп құтқарғын.

Рәсуасы болып ессіз ғаламның,

Дендерім - туған жерімде.

Махамбет құсап

Бассыз қалармын,

Қараойдың қара көрінде.

Алматыға сағыныш, қазақтың зиялы қауымының құт мекені болған шаһарды аңсау ақынның келесі өлеңінде жалғасын табады:

Алматысыз жетпейтіндей бірдеңе

Қайғы-құмда қайырлаулы жыр-кеме

Тума бауыр тапса-дағы көңілін

Торығумен өткізуде өмірін

Туған ауыл дейтін "Ұлы" түрмеде...

Өз басым бұрын шығармашылығымен таныс болмаған бард ақын Табылды Досымовтың бірнеше өлеңін интернет бетінен оқып, оның өлеңдерінің ел мен жерге деген сүйіспеншілікке толы, ешкімнен тайсалмайтын өр сипатын көріп осы мақаланы жазуды ұйғардым. Ақынды өзгешелейтін қасиеті оның бір өлеңмен үлкен бір дәуірде ұлттың басынан кешкен қиыншылықтарын толықтай бере алуында және ешкімнен тайсалмай өз ойын ашық білдіре алатын батылдығында деп топшылауға болады. Меніңше, кеңестік саясат кесірінен өрліктен айрылған ұлттық рухты жаңғыртуда, халықтың құлдық санадан құтылып азаттықтың мәнін түсінуіне Табылды Досымов жырлары өз үлесін қоса алары ақиқат.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2068
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2496
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2105
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1608