Жұма, 26 Сәуір 2024
Мәдениет 2012 3 пікір 29 Наурыз, 2023 сағат 14:40

Қазақтың әр шаңырағында музыка бөлмесі болсын!

Мұрат Шеризатұлы Қытайға танымал бес аспап өнер иесі. Әнші, сазгер, аранжировшік, гитарист. Алғашқы шығармашылық жолын елден өзгешелеу рок бағытында бастап, қазіргі күні халық музыкасының нәсихатшысына айналған. Миллиард тұтынушысы бар Қытайдың бәсекеге толы шоу-бизнес индустриясынан жол тапқан азамат. Өнер иесімен Алматыда аз-кем әңгімелескен едік.

- Сұхбатты өнер жолыңызбен танысудан бастасақ?

- Мен 1992 жылы қытайдағы әйгілі өнер ордаларының бірі Сиан консерваториясының композиторлық мамандығын бітірдім. Сол жылы Үрімжідегі аз санды ұлтттардың өнерін насихаттауды мақсат еткен «Шынжаң дыбыс-кескін баспасына» музыкалық редактор болып жұмысқа тұрдым. Атажұртқа қоныс аударғанға дейінгі аралықта өзіміздің қазақ әншілермен қатар Ұйғыр, Қырғыз, Моңғұл, Дүңген ұлты өнерпаздарының ән альбомдарының оранжировкасын жасадым. Өңірдегі қазір атағы дүркіреп тұрған Айтылла (ұйғыр), Дасың (Монғұл) қатарлы әншілердің танылуына қосқан азды-көпті еңбегім бар. 90 жылдардың басында Қытайда рок музыка қатты дамыды. Бейжіңде құрылған «Қара қаблан», «Таң хандығы» тобының атағы алысқа кетті. Монғол әншісі Тенгрдің «Көкжал», Ұйғыр әншісі Асқардың «Көк бөрі» тобы да кеңінен танымал болды. Намысым қамшылап, олардан қалыспайық деп, жігіттердің басын қосып «Қара тұлпар» рок тобын құрдым. Мұқағали Мақатаевтың «Моцорт. Жан азасының» «Жетімдер» тарауына әуен жазып орындадық. Асан қайғы бабамыздың «Еділ бол да, Жайық бол» нақыл жырына үндестіріп «Ертіс бол да, Қыран бол» деп толғадық. 2003 жылы қара шаңыраққа табан тіреп, азаматтық алдым.

- Әйгілі әнші Майра Мұхаммет, Отанбек Еңсеқан, биші Шұғыланың елге келуіне Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей ықпал еткенін жұрттың бәрі біледі. Өзіңнің «Қара тұлпардағы» әріптесің гитарст Мамыржан Райысқан да Назарбаевтың қабылдауында болған деп естиміз.

- Иә. Мамыржан 2004-2005 жылдары «CHINA MUSIC LAB TOUR» аясында Францияда екі мәрте өнер көрсеткен. Тұңғыш президент Қытайға барған бір сапарында сол жаңалықты оқып, онымен кездесуге ниет білдірген екен. Кездесу өте жылы, қазақы қалыпта өтіпті. Мамыржанның өз аузынан естуімше, қонақ бөлмеге кіргенде Нәкең мемлекет басшысы сияқты емес, ауыл ақсақалдарының әдетімен: «Кімнің баласысың? Атың кім?» деп жөн сұрапты. Басында тартыншақтай кірген Мамыржан қазақша таныстықтан кейін, өзін еркін сезініп, қысылмай, өнерін көрсетіп қайтыпты. Өзімнің елге оралуыма келсек, 2000 жылдардың басында «Тәңіртау кино студиясы» түсірген «Қанас хикаясы» филымыне музыка жаздым. Киноға арқау болған әуендерімді Алматының студияларында таспаласам деген ой туды. Сол мақсатпен өзім сырттай білетін халқымыздан шыққан алғашқы ән әрлеушілердің бірі Мұрат Құсайынов ағамызды іздеп келдім. Ол кісі жылы қарсы алып, киноға музыка жазуға әбден машықтанған әйгілі композитор Қуат Шілдебаев ағамыздың студиясына ертіп барды. Қуат ағамыз шығармашылығыма қолдау білдіріп, «Бұлақ-Қыз» әнімді Марқұм Батырқан Шүкеновқа тыңдатты. Жол солғы сапардан кейін атажұртқа қоныс аударуға бел байладым.

- Байқасам сіз Қазақстанда кәсіби музыканттар арасында танымал болғаныңызбен былайғы жұрт біле бермейді. Ел алдына Қытайда шығып жүрсіз. Бейне баяндарыңыз да сол жақта түсірілген. Осыған тоқтала кетсеңіз?

- «Музыкада шекара жоқ» деп жатады ғой. Менің миллиардтар елінде танымал болуыма қытай консерваториясын бітіруім бір себеп болса, бастысы бабаларымыздан бізге жеткен ұлттық ән-күй мұрамыздың арқасы деп ойлаймын. Халқымыздың 62 қоңыры (ән-күйлері) Қырғыздың «Манасы», Ұйғырдың «Он екі мұқамы» сияқты қытайдың материалдық емес байлықтар санатына енген. «Батыс өңір ән патшасы» атанған ВанРуобин деген кісі Майраның, Мариам Жагор қызының әнін, «Қайран жалған» қатарлы халық әндерінің мәтінін қытай тіліне аударып танымал еткен. Бұл үрдіс әліде жалғасып келеді. Маған 2011 жылы Қытайдың оңтүстіктегі сауда қаласы Шынжындағы үлкен компаниядан әнші Гауиіңның жаңа альбомына музыкалық продюсер болу ұсынысы түсті. Қуана қабылдап, үш айда жарыққа шығардым. Ән таңдаудан бастап, оранжировкасына дейін өзім атқардым. Ән альбомға халық әні «Дайдидауды», «Қарай көзімді», Ахмет Жұбановтың «Қарлығашын», бауырлас Ұйғыр, Қырғыз ағайындардың әнін қостым, атын да «DaiDiDao» деп қойдық Бұл альбом сатылым жағынан да, музика мамандары жағынан да жоғары бағаға ие болды. Музыкалық хитпарадтарда «2012-жылдың үздік ән альбомы» жүлдесін алды. Гау Иің Италияның Каррара қаласында өткен «Premio Lunezia 2014» байқауында «Үздік әнші» марапатына ие болды.

- Музыкалық продюсерліктен бөлек, Кино фильмдергеде арқау музыка жазып жүр екенсіз. «Кеспе» деген толық метражды киноның саунтрегі хит екен. Қазақстан астыққа бай болғанмен, ұннан жасалған тағам жайында киноны қойып, бейне баян түсірілгенін естімеппін. «Кеспе жыры» жайында айта кетсеңіз?

- 2012 жылы ұстаздарымды, достарымды көріп қайтайын деп Сиан қаласына ат басын бұрып едім. Сол жолы ұсыныс түсіп, Бірден екі компаниямен музыкалық келісім-шартқа отырдым. Сонда студия жасақтап қызу жұмысқа кірісіп кеттік. Қытай жұрты тамақ мәдениетіне ерекше көңіл бөлетін халық. Әр өңірдің өзінің сүйіп жейтін тамағы, жергілікті бренды бар. Оңтүстігінің теңіз өнімдерінен жасалған тамағы, Шынжаңның лағманы, қой етінен жасалған кәуабы өте танымал. Шанши кеспесі біздің туралған ет сияқты әйгілі бренд, Қытайлардың сүйіп жейтін асы. Киноға Шанши кеспесін дайындау дәстүрін жалғастырған бір әулеттің үш буынының әр дәуірле бастан кешкен хикаясы арқау етілген. Киноны әнмен, ұлттық әуенмен әрледім. Ән мәтіндерін режиссер жазды. Дүниенің қай бұрышына барсаңыз Қытай асханасы бар. Олар көркемөнердің сиқыр күші арқылы өзінде барын, ұлттық өнерін әлемдік аренаға шығарып отыр. Біздің де үйренуімізге татиды.

- Мұқаба стилі ерекше, Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиімен жазылған «Үш тал дән» күй альбомыңызды Қытай музыка сарапшылары «Мұрат халықтық музыкаға жаңа мазмұн беріп қана қоймай, домбыраның қағыс тәсілдерін қолданып, гитара аспабының жаңа мүмкіндіктерін ашты» деп бағалаған екен. Осы күй жинаққа тоқталсақ?

- Өзім гитара күйі деп атаған бүл жинақ 2020 CD диск форматында басылып, сатылымға шықты. Альбом аты үш тілде: Латын, төте жазу, кытай иероглофымен жазылды. Өзім өңдеген Тәттімбеттің «Сары жайлауы», Раздықтың «Аңшының зары», Нұрқұйса Тілендиевтің «Көш-керуен»,«Ата толғауы», Секен Тұрысбеков ағаның «Ақ жауын», «Көңіл толқыны», Ақан серінің «Қара торғайы» және өзімнің «Үш тал дән», «Сағым дала» шығармаларым енді.

Қытай рок музыкасының 30 жылдығына орай көптеген шаралар ұйымдастырылды. Өзгеше стилді музыканттардың өнерін нәсихаттайтын «Modern Sky Wold Music» компаниясы Шынжаңның алдынғы буын рокері ретінде мені де іздеп келді. Төрт жинақ шығаруға келістік. Екеуі ән, екеуі музыкалық албом. «Үш тал дән» соның алғашқысы. Қытайдың Дали қаласында өткен роу музика кешінде тұсауы кесілді. Қалған үш жинақта дайын тұр. Біреуі оркестрге, жеке аспаптарға жазған музыкалық шығармаларым, қалған екеуі өз орындауымдағы қытайша, қазақша әндер. Карантинге байланысты музыкалық сапарлар тоқтап қалды.

- Нобел сыйлығынан үміткер әйгілі ақын Байдаумен шығармашылық байланысыңыз жайында өз аузыңыздан естісек?

- Әйгілі ақынмен танысуыма өзім жасаған «DaiDiDao» альбомы себепші болды. Жинаққа ақынның сөзіне жазылған «Мандарин пісті» әнін де қосып едім. Әннің ұлттық нақышпен әрленуі де, әншінің орындауы да ақынға қатты ұнапты. 2013-жылы Ганконкте, Шынжын қаласында өткен әлемдік деңгейдегі ақындар, өнериелері қатысқан поэзия кешіне ақын бізді де қонақ ретінде шақырды. Мен гитарамен қазағымыздың күйлерін орындадым. Сол сапарда жақыннан таныстық. Көп жыл отанынан сыртта жүрген ақын шынайы көңілінен туған «Жағалау», «Кете бер» деген екі өлеңін өз қолымен жазып берді. Әсерлі туындыға ән шығардым. Алдағы жинаққа енеді.

- Жұмыс визаңызды қайта аштырып отыр екенсіз. Алдағы жоспарлар?

- Өткен жылы визаның бітуіне байланысты қайта аштыру мақсатында елге келіп едім. Карантин шаралары қатаңдап, бір жыл күтуге тура келді. Қарап жатпай, өзім гитараға өңдеген күйлерді нотаға түсірдім. Коронавирус адамзаттың тағдыры ортақ екенін, бір кемеде екенін көрсетті. Кейбір елге ол да сабақ болмай, жазықсыз қан төгуде. Әлемде бейбіт өмір, тыныштық болсын деген ниетпен «Біз біргеміз» деген ән шығардым. Жас әншілерді, балалар хорын қосып, әлемге ортақ ағылшын тілінде орындадық. Бейне баянда дайын болды. Үлкен сахна болмасада, өнер ордаларының концерт залдарында кеш өткізсем деп едім. Тағыда сол шоу мен тойдан басқа музика индустрияның дамымауы алдымнан шықты. Баяғыда сөресі толған кітап бөлмесі бар адам абыройлы, мәдениетті саналса, қазір Қытайда үйден музыка бөлме жабдықтау сәнге айналды. Интернеттен тыңдау қолайлы болса да компакт диск форматы сақталып қалды. Патепон табақшаларына жазу да қайта етек алды. Дали қаласында жергілікті музыка жанкүйерінің үйінде қонақта болдық. Музыка бөлмесінің кемелдігіне таң қалдым. Дыбыс зорайтқыш аспабының өзі 100 мың доллар тұрады. Бұл халықтың түрмыс деңгейінің, мемлекеттің экономикалық қуатының көрсеткіші. Бізде сол күнге тездеп жетсек деп тілеймін.

Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Есбол Үсенұлы

Abai.kz

3 пікір