Жексенбі, 23 Маусым 2024
Әне, көрдің бе? 2135 15 пікір 24 Наурыз, 2023 сағат 10:59

Рысбек Сәрсенбайұлы: Парламенттің сайлауы қайтадан өткізілсін!

Бірмандатты округтер бойынша мәжіліс депутаттығына сайлауға түскен кандидат, саясаткер Рысбек Сәрсенбай өткен сайлаудың әділетсіз өткенін айтты. Бұл туралы үміткер өз пікірін «DАТ» басылымына жариялады.

«Мен, Парламент мәжілісінің депутаттығына Алматы облысындағы № 11 сайлау округі бойынша кандидат Сәрсенбай Рысбек, 2023 жылғы 19 наурыздағы сайлауға байланысты көпшілікке төмендегі жағдайды мәлімдеймін.

Кезектен тыс сайлау кезекті ұрлықпен, қараулықпен, заңсыздықпен өтті. Бұған Қазақстан бойынша дәлелдер жеткілікті.

Бұл округтегі теңсіздік сайлаушылармен кездесу кезінде әкімдіктердің белгілі бір кандидаттың шашбауын көтеріп, қолайлы ғимараттар бөліп, адамдар жинап беруінен басталды. Дауыс беруге қатысушылардың санын қолдан көбейтті. Оны «Аманат» партиясы мен биліктің өзі қалаған кандидаттың пайдасына бөлді.

Облыста сайлауға қатысушылардың негізгі көрсеткіші 10–18 пайыз көлемінде болды. Алайда Қонаев қаласындағы, Талғар аудандарындағы кейбір сайлау учаскелері бюллетень алды дегендердің көрсеткішін 65-тен 96 пайызға дейін өсіріп көрсетті. Соған сәйкес, билік жақтасқан кандидатураға дауыс бергендердің саны аспанға шықты. Қонаев қаласындағы аурухананың, әскери бөлімдердің 100 пайызы тек бір ғана кандидатқа қолдау танытқаны таңданарлық жәйт. Бұл қала бойынша барлық сайлаушылардың саны 48 502, ал дауыс беруге қатысты делінгені – 21 900. Нақтылы дауыс берушілердің саны 10 870 адам.

Құзырлы комиссия 11 030 «өлі жанды» санаққа қосқан. Сол арқылы маған қарсылас жасаған адамының, билік партиясы жақтастарын рекордтық мөлшерде көбейткен. Осындай толып жатқан қолдан жасалған көрсеткіштер, бұрмалаушылықтар – жоғарыдан түскен тапсырма, нұсқаудың салдары екені даусыз.

11-округтік сайлау комиссиясының төрайымы Әмирова мәжіліс депутаттары кандидатының сенімді өкіліне, тіпті кандидаттың өзіне хаттамалар тапсырылған аудандардың мәліметін беруден бас тартты. Алайда барлық аудандардың жинақталған қорытындысы шықпастан, хаттамасы жасалмастан бұрын, кейбір ақпарат құралдарында бізден жасырған деректер хабарланды. Қоғамдық пікірді алдын ала өздері ойластырған жоспарға бейімдеу үшін, билік осыны істеді. Комиссиядағылар сайлау учаскелеріне аяқ аттап баспаған, сайлау атаулыға сенімсіздікпен қарайтын азаматтардың даусын өздерінің лас мақсаттарына пайдаланды. Яғни, иесіз қалған дауыстарды ұрлады.

Оны ар-ұяттан гөрі, депутаттық мандатты иемденуді көксегендерге тарту етті. Билікке қарсы шығып жүрген, сынға алатын, ақиқатты айтатын, әділеттілікті талап ететін азаматтарды Парламентке өткізбеу үшін, осындай арамзалыққа барды. Кезектен тыс сайлауды өткізушілер саяси өзгерісті қаламайтындығын, авторитарлық билік жүйесін, жемқорлық пен сыбайластықты сақтап қалуды көздейтіндігін айқын аңғартты. Олар өз дегендеріне жетті.

Мен бұған үзілді-кесілді қарсымын! Ұрлық жолымен құралған билік, яғни Парламент ұры-қарылардың мүддесін қорғайтын, соған қызмет қылатын орда болады. Бұған өткен кезеңдер толық дәлел. Осындай Парламент халыққа керек пе? Әрине, жоқ!

Қадірлі халайық, маған үміт артқан ізгі ниеттегі баршаңызға, шынайы қолдаушыларыма, қоғамды өзгертуге білек сыбана кірісіп жүрген белсенді азаматтарға, достарым мен жақындарыма мың рет алғыс айтамын! Сіздердің маған көрсеткен көмектеріңіз орасан зор! Сіздер жақсы өмір сүруге кедергі келтірген, тозығы жеткен назарбаевтық, тоқаевтық жүйеден арылуды қаладыңыздар. Сол үшін маған дауыс бердіңіздер. Менің бағдарламамда бұл ашық көрсетілді.

Міне, сондықтан да сіздердің дауыстарыңызды азшылыққа айналдырды. Бұл сайлауда біз жеңілген жоқпыз. Әділетсіз төрешілер менің әлсіз қарсыласымның қолын жоғары көтерді. Мұндай келеңсіз жағдайлар спортта да, сайлауда да кезігеді. Мұның аты – әділетсіздік, қиянат.

Сайлау комиссияларын, олардың басшылары мен мүшелерін Сайлау туралы заңды бұзғандығы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етемін. 11-округтағы сайлауды заңсыз, әділетсіз деп есептеймін.

Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің сайлауы қайтадан өткізілсін! Мен осыны талап етемін! Біздің талабымыз орындалуы үшін, мені жақтаған және басқа да өзін-өзі ұсыну жолдарымен кандидаттыққа сайлауға түскен барша азаматтарды қолдап, қажет болған жағдайда алаңдарға барып, митингілер өткізіп, бүкіл халық болып, талап етуіміз керек»,-деп жазды қоғам қайраткері.

 

Abai.kz

15 пікір