Жұма, 26 Сәуір 2024
46 - сөз 2585 14 пікір 17 Наурыз, 2023 сағат 18:19

“Жасы үлкенді кәрі итке теңеген саясаткерсымақтан не күтуге болады”

 

 


Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаровтың «Хабар» арнасындағы дебатта айтқан сөзі әлеуметтік желі қолданушыларының ашуын туғызды.

Мәселен, белгілі журналист Тоқтар Жақаш партия жетекшісінің мәдениет деңгейіне күмәнмен қарайтынын мәлімдеп отыр.

«Айдарбек мырзаның жеке бас мәдениетінің деңгейін мына сөзінен-ақ аңғаруға болады: «Очень важно быть энергичными. Должны быть новые люди, с новыми подходами. Старую собаку новым трюкам не научишь». Бұл – оның «Қатарларыңызға ақсақалдарды алу керек емес пе?» деген қарапайым көрерменнің сұрағына берген жауабы.

Ол бұл сұраққа «Біздің партияның ақсақалы – менмін, 7000 адамды басқарып отырмын, ал біздің партияның орта жасы – 37» деп менменси жауап берді. Одан әрі «1990 жыл мен 2005 жылдар аралығында туғандарды санасақ, 5 миллион адам екен, ал жасы 60-тан асқандарды санасақ, 1,5 миллион адам екен...

Бізге жаңа адамдар керек. Кәрі итті жаңа нәрсеге үйрете алмайсың» деді. Сонда жасы 60-тан асқандарды тікелей айтқанда «кәрі ит» деп тұр ғой?
Қысқа қайырғанда, ол және оның партияластары адам екен және «жаңа адамдар» екен де, қалғанымыз – ит екенбіз. Әсіресе, жасы 60-тан асып кеткендер», - деп жазды Т.Жақаш өзінің Facebook-парақшасында.

Журналиске Respublica партиясы төрағасының халық мәдениеті туралы айтқаны да ұнамапты.

«Хабар» телеарнасындағы дебатты Қазақстан халқының мәдениетімен теңестіргені қай сасқаны? Ол дебатты бәріміз көрдік. Бірақ дәл соған бола халықты «мәдениетсіз» деп сөгу ешкімнің ойына кіріп-шықпапты. Білсеңіз, ол дебаттың шарты солай болған: алты спикер бір адамның сөзін бөлуге рұқсат алды. Егер ұнамаса, онда арызыңызды ұйымдастырушыларға айтуыңыз керек еді! Бірақ тұтас халықтың, ұлттың мәдениетіне тиіспеңіз», - деп жазды журналист.

Еске салайық, 16 наурызда «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде Мәжіліс сайлауына қатысып жатқан жеті партияның жетекшілері арасында дебат өткен болатын.

 

Abai.kz

14 пікір