Жұма, 26 Сәуір 2024
Ақмылтық 2548 11 пікір 17 Наурыз, 2023 сағат 12:36

Ресейге құлдық ұруды қашан қоямыз, Әлихан мырза?!

Қазақстан Ресеймен тең дәрежелі мемлекет деп жазғанымызбен, экономикалық-сауда байланыстарында, стратегиялық мүддеге саятын әріптестік салаларда ұпайымыз түгел деп айта алмаймыз. Жерімізді сынақ алаңына айналдырған орыстың әскери полигондарын айтпаған да, «қазақ ғарышкерлерін аспанға ұшырды» деген Байқоңырдың түйткілдері шаш етектен.

1964 жылдың 23 қазаннан бастап 1999 жылдың 27 қазанына дейін зымыран тасушы кемелердің жиырмасы Қазақстанның «тас төбесінен» құлаған екен. Оның зардабының қандай екенін бағамдау үшін мына бір мәліметке көз жүгіртсеңіз жеткілікті.

Мысалы: «Протонның» сыртқы темір құрсауының салмағы – 50 тонна, жағатын отыны яғни, кететін жанармайының салмағы – 662 тонна. Барлығы – 712 тонна. Оған жоғарғы және төменгі орбитаға алып ұшатын 25 тонна жүгін қосыңыз. Ресей тарабы уағда етілген жалға алу ақысын уақтылы төлеу былай тұрсын, әр реткі сәтсіз ұшу салдарынан болған экологиялық апаттарды мойындамай келеді. Табиғи ортаға ғасырлар бойы кететін ойран жасап отырғандарын ресми түрде жоққа шығарып келеді. Зымыран құлау қаупі бар облыс халқының мұңын тыңдау былай тұрсын, Байқоңырда жұмыс жасайтын қазақстандықтарды медсақтандырудан бас тартқан. Атап айтқанда Қызылорда облысының Байқоңыр қаласында, Төретам және Ақай кенттерінде тұратын, оның ішінде Ресей Федерациясының зейнетақы жүйесінен зейнетақы төлемдерін алатын Қазақстан Республикасының азаматтары да дәрігерлік жеңілдіктен қағылған. Ресей тарабы үшін олардың еңбегі адал, денсаулығы қадірсіз болып тұр деген сөз.

Бұл мәселені сенат депутаты Ақмарал Әлназарова орыстың өктемдігін көріп отырған жұрттың арызын Үкіметтің алдына төте қойыпты. Премьер-министр Әлихан Смайылов сенаторлардың сауалына қайтарған жауабында жоғарыда аталған өңір азаматтырына МӘМС аясында жеңілдетілген көмек берілуі мүмкін екенін, сол мақсатта «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңына тиісті түзетулерді енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізіпті.

Әдеттегідей қазақ билігі Ресей тарабына мәселені төтесінен қойып, мүддесі тапталған азаматтарға төлем алып берудің орнына, жауапкершілікті өз мойнына алып, келтірген шығындарды салық төлеушілердің есебінен өндіруді жөн көріпті. Ресейге құлдық ұруды қашан қоямыз, Әлихан мырза?!

Abai.kz

11 пікір