Жұма, 26 Сәуір 2024
975 2 пікір 16 Наурыз, 2023 сағат 13:11

«8 жылда ұлттық қор қаржысы 73 млрд доллардан 57 млрд долларға дейін азайған»

Бүгін Сенат отырысында 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет нақтыланды. Спикер Мәулен Әшімбаев Ұлттық қор активінің кемуі туралы пікір білдірді.

«Жалпы біз базалық инфрақұрылымды және стратегиялық шығындарды ұлттық қордан қаржыландыру керектігін қолдаймыз. Бірақ сонымен бірге ұлттық қор қаржысын 100 млрд долларға дейін жеткізу туралы Президент тапсырмасын да орындауымыз керек. Қазір біз ұлттық қор қаржысының төмендеу тенденциясын көріп отырмыз. Кейінгі 8 жылда ұлттық қорымыздың қаржысы 73 млрд доллардан 57 млрд долларға дейін түскен. Яғни, төмендеу тенденциясына куә болып отырмыз», - деді ол.

Сенат төрағасы кейінгі ұлттық қор қаражатының мөлшері кейінгі екі жылда тұрақтана бастағанымен, жалпы төмендеу тенденциясы бәсеңдемей тұрғанын айтты.

«Міндетіміз - ұлттық қор қаражатын ұлғайту арқылы балалар шотына бөлінетін ақшаны көбейту болып тұр. Осыған байланысты бәрімізге алдағы кезеңде қаржылық тәртіп керек шығар. Алда Мәжілістің жаңа депутаттары келеді, жаңа партиялар, жаңа күн тәртібі алға шығады. Жаңа бастамаларға ақша сұрайды. Олардың өз міндеттері бар екені түсінікті. Дауыс берушілерге жұмыс істеп жатқанын көрсетуі керек. Бүгінде ұлттық қор қаражатын пайдалану мәселесі, жалпы экономиканың дамуы оңай болып тұрған жоқ. Сондықтан бәріміз қаржылық тәртіпке келуіміз керек», - деді Мәулен Әшімбаев.

 

Abai.kz

2 пікір