Сәрсенбі, 1 Мамыр 2024
Ақмылтық 2709 3 пікір 10 Наурыз, 2023 сағат 12:07

Ит болудың қиыны-ай!

Орысқа отарланғаннан бастап қазақтың итінің тұқымы да өзгерді. Қора күзетіп, қой жаятын маң төбеттер мен қояннан тартып қасқыр алатын тазылардың саны сиреп кетті. Сиремеген деші?! Иесімен бірге не көрмеді дейсің?! Ақтар мен Қызылдардың қырғыны, отырықшылық, ашаршылық, соғыс аздырмай қайтсін?!

Соңғы отыз жылда да аузынан ақ іркіт ағатын армандағы күйге жеткен жоқ. Тоқыраудан тозып шығып, жаппай жекешелендірудің, жабайы капитализмның зардабын тартты. Ауылдан қалаға ағылған елмен бірге «маргинал» атанды. Қала сыртындағы саяжайларды, кеңес заманынан қалған ескі нысандарды паналады. Сергелдең күй кешіп, аштықтан бұралып, жүрегі қарайып, қауқарсыз балаларға әлімжеттік жасай берген соң, үстінен шағым көбейіп, ақыр аяғы өкіметтің басқаруына өтті. Ел бюджетіне масыл болды. Одан да бүйірі шыққан жоқ.

Жемқорлардың салықтан жиналған ақшадан бөлінген қаржыны итаяқтарына жеткізбей аузынан жырып әкетіп жатқанын айтып шағымданайын десе, тілі жоқ. Оңашаға барып ұлып, тісін ақситып, құр ырылдағаннан басқа көрсетер қауқары жоқ. Тұқымдастарының бірі тапа-тал түсте қан көшеде атылып, бірі тірідей ұйтылып, енді бірі машинаға сүйреліп, көресіні көргенін қалай ұмытсын?! Жүрегі беріштенбей, қатыгезденбей не оңсын?! Шетелдік құқық қорғаушылар көріп жатқан қорлықтарын жіпке тізбелеп, айдай әлемге жария етіп, араша түспеген де тұқымы бір жолата құрып кетер ме еді қайтер еді?!

Солардың қарша боратқан шағымынан кейін «Жануарларға жауапкершілікпен қарау таралы» заң қабылданды. Енді ешкім ескертусіз оқ ата алмайды. Бұрынғы «ату» сөзінің орынын «аулау» сөзі басқанымен, әлі де қауіп сейілген жоқ. Адамнан айла асқан ба?! Шымкент пен Астана бастамашы болып, педофилдерге химиялық кастрация жасаған сияқты иттерді піштіруге де қыруар қаржы ажыратты. Қарап тұрсаң иттерді тәртіпке салуда қып-қызыл ақша! Өкімет өңірлерге жылына ит аулау үшін миллиардтар бөледі. Ол ақшаны игеру үшін кәдімгі жол, мектеп салған сияқты мүдделі мекеме сметалық құжат дайындайды, тендер ойнатылады.

Әй, иттердің өздерінде де бар. Шетелдің иті сияқты заманауи тірлікке, жылы бөлмеде, диванда көгілдір экраннан мультфилм көріп, адамша тірлік кешуге көнбейді. Даланы, кезбелікті аңсап тұрады. Заманауи өмірге үйренген тұқымдастарын көре алмайды. Талап тастағысы келіп тұрады. Бәрін айт та бірін айт: ит болудың қиыны-ай?!

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар