Жұма, 17 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3415 0 пікір 9 Сәуір, 2013 сағат 03:52

Жанат Ахмади. Дүрбелең (жалғасы)

Төртінші тарау

1

Төртінші тарау

1

Мақсұттар Құлжаға келіп жатқалы он бес күндей уақыт болған, Осы күндер ішінде Мұхабай губернаторға зорға бір рет кірді. Шеру арызын қытай тілінде Сы-лың-бу деп аталатын губернелік штабтың генерал-губернаторы Лю бин идің өзіне енгізіп, Күренің бүкіл мәселені шешпей отырғанын ашып айтқан. «Қырғыз-қазақ ұйышмасының» атынан дәйекті іс етіп қойған-ды. Генерал Күре уездік үкіметін басқарған полковникпен телефон арқылы сөйлескенде, Ма шяньгон анадағы Гүлназым қолымен жазылған қолхатпен қосып, Шеру еліндегі Керімбек дейтіннің ерте күннен үкімет назарындағы «бүлікшіл» адам екенін тіркеп, ресми қатынас хатын бері жолдады. Бұл енді Керімбектің өз басын да жауапты етерлік жол жасау әрекеті болатын. «Ел бүлдіруші, жалақор» деген акт қағаз келіп түсті. Және бүкіл Шеру руын тарату туралы Ма шяньгонның Лю бин иге ерте күннен жолдап қойған ресми байланыс қағазы бар. Онда Керімбектің аты ерекше қадағаланған. Мұхабай жақтап отырған осы Керімбек. Сол үшін Лю бин и өз қарындасының күйеуі - Ма шяньгонның емеуірінімен қазақ қызын сұрақшының қалай әкетуі жайлы бәлендей мән беріп, шіміріккен жоқ... Қайта, Ма шяньгоннен әлгіндей кері қатынас жетіп, Керімбек істеп жүргеннің бәрі оның «үкіметке іштей қарсы, қастандық пиғылы» екенін бірталай қауып-қатерлі дәлелмен шоғырландыра тіркей жазғанда, бұл жұмыс тіпті енді Мұхабайдың өз басына да сұрақ тудырғандай болды... Күмәнды сауал өз-өзінен туған. Оның не себептен бұл арызды өзі көтеріп, соңындағы арыз иесі болған күдікті қазақтарды дүрбелеңдетіп бастап жүргенінен қаһарлы генерал енді анық іш тартты. Керімбек дегеннің кім екені жайлы, Мұхабайды көзге шұқығандай етіп бұның өзіне тергеу салғанда, аймақтық бір үлкен мекеменің бастығы - Мұхабай шынымен саса бастаған. Мұхабай өз жауабында біріншіден, қазақтың мұндай жөн-жобаны және тілді білмейтіндіктен, соның мұқтажына қарауға «Қырғыз-қазақ ұйышмасы» жауапты екенін, үкімет бұның өзін арнайы сондай жұмыстар үшін қойып отырғанын, екіншіден, олардың алғашқы арызы бойынша «Қырғыз-қазақ ұйышмасы» жіберген байланысқа Күре жете назар аудармағандықтан кірісіп жүргенін тілге тиек еткен болды. Жол нұсқап, айтарын жеткізіп қана беру мақсатында екенін дәлелдей алмай терледі. Сондай тұста ендігі өз халінің де анық мүшкіл екенін аңдаған. Ма шяньгонды жамандаумен Лю бин идің ішін жылыта алған жоқ.

- Әлде, Ма шяньгон оңбағырдың саған істеген бір жазығы бар ма? - деп, аса шәргез адам екені бірден байқалатын губернатор Мұхабайға өтірік аңқаусып қарады.

Күреге құлақ асқан Лю бин и Мұхабайдың осы «қыстырылуы» туралы ертеңгі сағат сегізде түсінік жазып келуін бұйырып, оны өз алдынан кәрленіп шығарған. Мұхабай осы күні дін назаратына - Әліхан төреге барып жолығуға мәжбүр болды. Себебі Әліхан Шерудің дін назаратына берген анадағы арызын қолына алып, өз төтесімен генералға бармаса болмауға айналған. Мұхабай Әліханға келіп осыны өтініш етті. Сонымен ертеңіне таңертең өзге бір жұмыстарды да сылтауратқан боп Мұхабайдан бұрын Әліхан төре келіп, губерния бастығына кірген.

Бірақ Ма шяньгонның дегені дегендей шығып, бұл жұмысқа дін назаратының да білінбей бүйірлеп араласқанын андағанда, Лю бин и Керімбек туралы Ма шяньгон айтып жатқан беті теріс дәлелдерге толығырақ көз жеткізе түскендей болды. Бұлардың ұйымдаса бастағаны қитығына шыңдап тиді. «Қырғыз-қазақ ұйышмасы!», «Дін назараты!» мұсылмандар барлығы сыбырласып алған сияқты. Бұл «анық қатерлі бет». Сонымен қазақ, татар бірлескен ұйымшыл арызды бұл жақта Мұхабай қолдап жатқан болды. Ол барынша «теріс» адам екендігінен сезік алдырған-ды. Лю бин и Ысқақбекке телефонмен «Мұхабайдың орнына уақытша отырасың» дегенді хабарлады. Бұл сөз Мұхабайды тек қоймай, қамауға алуға айналған сыңайды аңғартқан. Қамауға бір алынды деген сөз Үрімжіге айдалып, Мұхабай атты адамның су түбіне кеткен болады.

Аз ұлттың оқыған адамын азайта беруге сылтау, желеу керек. Мәселен, бүгін осы Мұхабайды ұстайтын болса, қалған ұйғыр, қазақ, қырғызға «қылмыскердің» айыбын еселеп, құзғындата жариялайды. Тырп етуге ешкімнің шамасын келтірмейді. Біріне соны істесе, қалғанына жол ашыла түседі. Генерал осы орайда Шеру туралы Ма шяньгон жазған қатынасты мұқияттап қайта қарады... Полковник Керімбек пен Шеруден аяп қалған қаралығы болмай, бұл елдің заманнан бергі «істеп» келе жатқан сан түрлі тынышсыз айтыс-тартысын: үкімет адамы жекелеп барса, із-түзсіз жоқ етіп өлтіру сонан шығатынын, әкімшілік қызметкері барса сабау содан туатынын, төбелес салу мен топтанып арыздану тағы сонан қоздап өретінін бір айтқан.

Соған қоса Мамозы деген Күренің өкімет үшін оң көзіндей болған жақсы қызметкердің қызын алып қаштырып, күні бүгін таптырмай, жоғалтып отырғанын жазған. Дүңгендерді екіге бөліп, кедейлерді «инабатты» кісілеріне құтыртып айдап салып отырғанын ділгір сөздермен жеткізген. «Әсіресе алым-салық жанжалы осы Шеруде» деген. Бұл Жаң қай шы үкіметінің жанына әсіресе шындап тиетін жері. Осыдан кейін Лю бин идің қабағы Мұхабайға мүлде теріс боп, іс беті енді күн райындай шұғыл бұзылған. Анада Мұхабайға сенім артқан Фатихтар жұмысының жоспарына енді анық зор нұқсан келуге айналды! Әсіресе міне, осыған келгенде Ысқақбек, Фуже, Мақсұттың жаны дәл мұрнының ұшына келе састы... Ысқақбек, Фуже, Мұхабайлардың Шеру ішінде өткізілген жасырын жиынды естігелі бергі тіл жетпес қуаныштары су сепкендей басылды. Үшеуі енді ақыл қорыту үшін бас қосып, жасы үлкен Әліхан төреге келді. Бұл жолы Керімбектер тауда қалған. Шілденің ішінде биыл Құлжада күн ыстық болғандықтан жайлаудан түсе алмап еді.

- Мені де тауба-қазығыма байлай ма деп едім, ел ішіндегі кәдірімізге қарап тиісе алмай қоя бергенін сездім, - деп бастады Әліхан сөзін: - Бұған енді бүркіттің қоясын түсіру үшін құрым кигіз асатқандай бірдеме керек...

Бір оңға басса, ісің сонда басар, көріп тұр.

- Ана біз куәлікке әкелген татар жастарын қабылдамай отыр! Тым құрса, солардың куәлігін тыңдап, айтарын ауызба-ауыз естігенде де, Мұхабай ағамыздың бұл ісіне сәл жеңілдеу қарар ма еді? - деп Мақсұт арман ете сөйледі. Әліханның ол да ойында екен.

- Соның бәрін, іштегі қоясы түскен соң, құлпырып шыққан әлгі бүркіттей, көңілдендіріп алып қозғалуыңа болады. Анық қыбы қанып кетсе, татар қыздарды ермек үшін тыңдап көруі де әжеп емес... Солар арқылы Гүлназымға да себі тиіп кетуіне болады, - Әліхан осындай пікірлерді айта отырып енді тек «пәре» керек екенін қорыта сөйлеген. Ысқақбек қостап:

- «Алтын көрсе періште жолдан таяды» деген ғой, - деп еді, діндар Әліхан оның сөз саптасына келіспеген қияпатпен әуелі азырақ күліп алды да, енді ашық ренжіген үнмен:

- Міне, бізді мұсылмандықтан шығаратын осындай дүмше ұғым!.. Бұл сөздің мағынасын ешбір мұсылман білмей айтады! Надұрыс, қате! Періште алтынды көрген соң Алланың сәулет, нұрымен жаратқан жақсы нәрсесін аттап кетпейтін, басып кетіп надан болмайын, - деп құрметтеп жолдан қашып еді. Сендердің әлгі «жолдан шығады», «жолдан таяды» деп сәуегейсіп жүргендерің сол! - деп, шамданыңқырап сөйледі: - Жүзін құбылаға, ниетін құдайға берген мүһмін-мұсылман баласы жаңағыдай қолдануға қатты-назар, болмайды! - Өте тетір, тетір! Одан халас болу керек! - деді, қызарақтап. Үш жігіт амалсыз үндей алмай, жүйеден ұтылғандарын ұялып қалды.

Лю бин идің адютанты, әрі тілмашы, сөзге жүйрік майор дүңген Үрімжіде әскери мектепте Ысқақбекпен бірге оқыған. Және екеуінің әр кез дұрыс ұшырасымы да болатын. Лю бин и сол арқылы пәрені қатты жейді деуші еді. «Пәре» атты адамды өз рухының былғаныштығына орай, «құлақ кесті құл» етіп алуға болатын «ғылым» Гоминдаң үкіметінің тұзын татқан барлық шенеуніктер үшін дұғалық суындай.

Ысқақбек сол адютантқа екі-үш қайта барып құпия айналдырды.

...Лю бин и былтыр еліне көшкен Шыңжаң үкіметінің басшысы Шың шы сайді шығарып салуға Үрімжіге барғанда, Шығыс Түркстан өлкесінен, 1933 жылдан 1943 жылға дейін он жыл ішінде, жетпіс машинаға үй-мүкәмал, алтын-күмісін артып көшкенін өз көзімен көрген... Сонда бір жағынан жағасын ұстап, таңырқаса, екішпі жағынан мұның ішін өртеген үлкен қызғаныш та кіргендей, Құлжаға тынышсызданып қайтқан. Сонымен қорытынды сөз пара асату болды. Сол хабар бойынша Тайлақбай Шеру жиынына ақыл салып, Гүлназым жөнінде керекке жараса жаратыңдар деп анадағы Молтан қосқан торы қысырақтың үйірін ауылдың Арыппай бастаған жігіттеріне айдата жіберген. Осыдан кейінгі екі-үш күнді Мақсұттар қаланың Дөң-мазар дейтін жағындағы үлкен мал базарында өткізді. Мал бағасына қанық генералдың табыстауымен әлгі адъютант тілмәш «әрбір жылқы 300 сомнан кем болмасын» деп отыр деген сөзді Мұхабайға қатаң сыбырымен ескерткен. Жылқыны шалма соғып қараңғы түнде ұстайтын Арыппай, Қарымсақтардың қолында сымға тартқандай ширықтыра, ту құйрықтан ешкі қылы қосыла есілген, қолды қимайтын қара қыл арқан бар. Базардағы көп жаяуларды таңырқатып жылқы ұстау басталған. Асаулар дүркіреп бері қарай жосылғанда тұра қашатын, жүн кеуде қашқарлықтар, тараншы ұйғырлар да Арыппайдың шалманы бір соққаннан ұстайтын қырандығына қарап бұл қазақты жылқының піріндей көріп алған.

- Алла-акбар! Бұларға арғи атты, пайталларны тұту қойның қозысыдек екендә! - деп таңырқасатын. Мал базарының кең тақтақ қорасында көп асауды жосылтып, алушының көрсеткен жылқысын Шеру жігіттері бір бүйірге тықсырып тығып, арқанды ат үстінен толғап кеп, үйіре ұрып тастағанда, әнеугүнгі Молтан әкелген жас  қылқына түсіп құлындағы даусы шыға шыңғыратын. Шетінен шу асау, мойнына туғалы ноқта-құрық түсіп көрмеген өңшең тағы болып шығатын.

Мақсұт пәре мен дау даулауға өз ішінен ежелгі намысқой ызасы келіп, сүйегі қорланғандай көрсе де, үнсіз шыдап көнген. Топты жылқыны ауылдан бері алып шығарда да ары-ұжданы жетпей, намыстан ашуы келіп, бір нәрсені сылтау қып жолдастарынан бөлініп кеткен. Бұл уақытқа шейін өз бойында болмаған, осынау жаман дағдыға енді бір күнде ар-намысы жетіп, қалай мойынсынып келе жатқаны ойына әлсін-әлі орала берген. Және соған сәл де болса көндігу емес, өзіне мезі күйде, ішкі лағнет-наласын арнаумен ғана шектелген. Әліхан төренің Лю бин иді қомағай құстың ең бір сәтсіз кезіне келістіре теңеп шенегенін естігенде, сол сөзге шын сүйсініп, Лю бин иді анық жиренішпен жек көрген. Бүгінге шейін кірсіз ардақтап келген, өз басын өзіне табындырған төрені жекпе-жекке шақырардай ызалы еді.

Лю бин и алдына өзі келіп тіленіп тұрған бір шоғыр жылқыны қылғудан тайынып жаңылған жоқ. Сабындалған құрым киізді ортан қолмен ары айдап тыққанда қылғып салған бүркіттей түйілмей жұтты. Осыдан кейін Әліхан сөзі данышпанның мегзеуіндей шығып, асқақ генерал өз адъютантын аудармашы, тілмәш етіп, татар қыз-жігіттерін де тыңдап көруге алдына келтірді.

- Не болды? - деді, босағада шеттерінен жерге қарап тізіліп тұрған: Ғазиз, Ләтиф, Әсіма, Гүлгәналарға. Жыршы Ғазиз тіл қатып:

- Болғаны сол, біз үшеумізді арбадан ұрып түсіріп, бір далаға апарып байлап тастады. Гүлнәзкейді (бұлар Гүлназымды осылай атап алған) алып кеткендерімен тұрмай, қалған қыздардың бәрісіне жеті адам білгендерін істеді! - деген.

- Сен қыздарды ол кезде көзіңмен көрмеген болсаң, анығын қайдан білесің? Мына ұялмас, тозған бет, қыздарың қазақпен бірлесіп жала жабуы да мүмкін.

- Ішінде міне, менің сүйген қызым - Әсіма бар... Жалған болса, бұл маған мақтанғалы, сүйінші сұрағалы айта ма?

- Сен онымен бұрын жыныс байланысын жасап па ең?

Ғазиз бұл тұста не дерін білмей қызарақтап:

- Жоқ... Бізде... бізде той болады... Тойға сахлап жүрген ем, - деді сасып қалып. Қыздар жерге кірердей, құттары қаша, төмен қарасты. Жалпақ қара қасты, шой қара генерал қатуланып:

- Қыз деген сыр айтар досын дұшпандай санаса болатын халық... Ар-намысы сондай. Адамзатта өз тағдыры үшін ең көп ойланатын да қыздар... Олар ойлай-ойлай, сайтан таппағанды табатынын сен білесің бе?.. Бұрын айырылған намыс парасатынан осындай кезде «жаңа айырылған» кісі болып алуы да мүмкін! - деген. Ғазиздің өзін масқаралағысы келген. Қаскөй генералдан шыққан бұл сөз мыналар үшін бейне айдаһардың ысқырығындай жат сүркей еді. Ысқақбектің төменгі жағында отырған Мақсұт «шойын қара, шойын қараның ойын қара» деген мәтелді еске алды. Бар сөз осы болды. Маңына жуытқан жоқ.

...Лю бин и Күреге қатынас жазды. «Бұл ойланарлық мәселе, қазақ қызы өздеріне қайтарылсын» деген қатынасты губернатор Ма шяньгоньге жіберді де, қуғыншылардың қолына штаб мөрі басылған, екі басты айдаһар суретті белгісі бар рұқсат-нама қағаз берді.

Лю бин идің мұны істеуіне көбірек себепші болған, қазақ жайын жақсы білетін, адъютант, өз көңілдесі - Ысқақбектің өтінішін мұқият ескеріп губернаторға:

- Тақсыр! Сол қазақтың қызына құзырыңыздан рақым етіп, бар сауабын алсаңызшы! Маймыл адамның бергенін алады, қайта сұрасаң ұяларлық шамасы жоқ, бермейді... Қолынан ешнәрсе шықпайтын, мырзалығы жоқ, тар адам да соның бір көрінісіне ұқсамас па еді... Ал егер сіз өз мүмкіндігіңізге би болғыңыз келсе, кімді жарылқап, кімнің көз жасын құрғатпас едіңіз?! - деген. Бұл анығында, осындай әрі паң, әрі асқақ басшыға тек мына адъютанттай жентек «сыбаға» асата алатын епті адамның ғана аузы барып айтар батылдық болатын.

Әліхан төренің «көріп келі» бардай, Мұхабайды да енді еркіне қоя берді. Сөйтіп бір ай шамасында Мақсұт тобы Күреге қайтып келді. Бірақ бұл уақытта үйездік үкімет алдында көршілес Сүйдін дуанының арызшы қазақтары қаптап жүргендіктен, Мақсұттар он күндей Ма шяньгонның босауын күтті.

 

2

 

Ма шяньгон есіктен кірген екі қазақ жасына шаншылып қарады. Бұлардың кімдер екенін екеуінің соңында келе жатқан тілмәштан сұрап білді. Мақсұт қолындағы тігінен жазылған үш-төрт қана сөзі бар «қыз қайтарылсын» деген штаб қағазын Ма шяньгон үнсіз ұсынып берген-ді.

Асау ояз қағазға қарай салып тілмаштан бұл екеуінің Керімбектің несі, кімдері екенін шаншылып сұрады. Мақсұттың көзіңе салқын зиынмен қарап:

- Ни ды баба - Ке-лым-бе-кы? - деді. «Сенің әкең Керімбек пе» дегенді айрықша ынтамен сұрағандай.

Мақсұтпен бірге кірген қабағы түксиген Мамыртай да Керімбектің «баласымын» деді. Өзі анасынан қырқынан шықпай қалған, Қаніке бағып өсірген жиен. Қаніке бұны Мақсұтпен қатар... екеуін тең емізіп, бірдей ғып бағып асыраған-ды.

Ма шяньгон Керімбектің Құлжада «Білім жұртын» бітірген баласының бар екенін білуші еді. Мемлекет қауіпсіздігінің үйездік тізгінін өз қолында ұстап отыратын полковник, аймақтағы үлкен мектепте оқитын, өзінің қарамағындағы, аз санды ұлттар балаларын сонау оқуға кірген күнінен бастап қадағалап... біліп отыруға тиіс еді. Бұның кәрінен тайсалмаған Мақсұттың бар қимыл-қозғалыс, тұрған-тұрысына қадала көз салып, қойын жазбасын алып бір тұсты екі-үш аудара қарап жіберді де:

- Сенің атың Мақсұт па? - деп сұрады: - Мен сенімен бір рет сөйлеспек едім, міне, өзің келдің... Сенің қандай адам екеніңді осында, біздегі жың са жүйдің (полиция) жүйжаңы айтқан. Үкімет сендерді не үшін оқытқан? - Ма шяньгон Мақсұтқа «жауап бер» дегендей қарады. Мақсұт бірден ешнәрсе айтқан жоқ. Сөз аяғын үнсіз тосты.

- Немене... Керімбек енді соңындағы ізбасар бөлтіріктерін шаптырды ма!? - деп Ма шяньгон қайта сөйлегенде, Мақсұт осы тұстан саңылау тапқандай болып:

- Керімбек қандай болса, біз де дәл сондай адамбыз ғой, құрметті Шянь-гон. Адам айдамай, жұмыс реті айдаған соң, өзіміз кетуді де ойлаймыз ғой, - дегенде одан бұндай жүректілік күтпеген полковник жас жігітке сәл таңданып та қарағандай. Өйткені оны өзінің алдыңғы зілді сөздерімен тойтарып тастадым деп ойлаған.

Ма шяньгон жаңа бұлар келген соң, осында жүрген Мамозыны шақыртып алған. Әзір, міне, түрегеп тұрған екі жігіттің қарсы жағында үнсіз отырған. Мамозы Мақсұттың мына сөзі үстінде Ма шяньгонге қарай қытайшалап, Керімбектің атын қосып бірнеңе айтып жіберді.

Ма шяньгон Лю бин идің алдына қазақтың қалай бара алғанын, тілдерін қайтіп өткізе алғандарын білгісі келетінін іште жасырып қала алмай:

- Губернаторға барған, ол кісінің өз алдына кірген кім? Керімбектің өзі ме? - деп қалды. Мамыртай:

- Ол кісі ешкімге құлақ аспаушы еді дейсіздер ме? Әділ басшы біздің де айтқанымызды тыңдады, - деп қойды, әлі тік тұрған бойы. Ма шяньгон бұған көз тастағанда:

- Керімбек деген соно-оу тауда жатыр, - деді, қолын алысқа сермеп, Мамыртай сөзін лыпыл қаққан шапшаң тілмәш дәл аударды. Бұл кезде Мамозы қытайшалап жіберді:

- Не, сонда сендердің бұл сөздерің бойынша мұнда отырған Ма шяньгон тақсырда әділдік жоқ деген ұғым тумақ па?

Ма шяньгон бұл сөзге аңырып қалды. Мамозыдан:

- Бұлардың қызы қайда? - деп сұрады. Өз тілдерімен сөйлесіп, Гүлназымды бұл маңда, тіпті Іле аймағының көлемінде ұстамай қазақ жоқ жаққа әкеткенін айтысты. Сонау Манас Сауандағы, Мамозымен дос дүңгендерге түсіріп кеткені білінді. Ал Манас, Сауан деген Үрімжімен екі ортада. Алғашында Құлжаға жетіп бекінген сұрақшы мен Рахим Үрімжіден штабқа келген бір машинаға белгілі дүңген адъютант арқылы сөйлесіп, Гүлназымды сонымен әкеткен. Құлжа мен Үрімжі арасына машина өте сирек қатынайды. Жеткілікті етіп ақы төлеп, түн ортасында жасырынып жолға түспек болғанда, брезент жапқан жүк машинасының үстіне қызды итермелеп көтеріп салғаны білінген. Бұл қыздың бұралып, әлсіреп қалған адам екенін көрген адъютанттың өзі Рахимның дүңген екенін біліп:

- Бұларың баратын жеріңе жетпейді. Ілінгенше өліп қалады ғой, көмуге ғана апара жатқан болмасаңдар қинамай, жіберсеңдер болмай ма? - деген кеңес берген-ді. Әнеугүні пәре тұсында сол адъютант өз көргенін генералға сыбырлап айтып білдірген. Қазақ қызына жаны ашығаны анық еді... Соған қоса Ысқақбектің жабыса айтуымен әнеугүні генералға шындап бата сөйлегені сол.

Ма шяньгон Мамыртайларды өз алдында көп тұрғызған жақ. Мамозыны да сөзге келтірмей:

- Қыздарыңды әкеліп береді... Хабарды осында келіп тілмәштан алып тұрасыңдар... - деп «бар, шығыңдар» дегендей белгі байқатты. Солармен ізбе-із Ма шяньгон тілмәшті де қайтарды. Мамозыны өз қасында оңаша қалдырғысы келгендей... Жаңағы «Қыздарыңды әкеліп береді» дегені шығарып салма сөз еді. Құлжадағы генералдың айтқанын орындайтын кісі болып көрінген.

 

3

 

Мақсұт пен Мамыртай пәтерлеріне асығыс жетіп, «қуаныш хабарды» өз қасындағыларына әкелгенде, Арыппай:

- Апыр-ай, осы рас па екен? Шындары-ақ па? Әй, кім білсін, аржағында бірдеңе боп жүрмесе...- деп көзі әлі толық жете алмағандай, Мақсұтқа бар зейінімен аңтарылып қарап, ойланып қалып еді... Бұлардың түскені, ұйғыр саудагері Абдол-Қашырдың үйі. Ұйғырлар осындай: «Абдол-қашыр», бәлен-бұғаз, түлен-тоңғыз» деген сияқты ат қоюға ұста.

Терістік беттегі алма бау жақ терезені аштырып, қонақтар көлеңкелі, кең бөлмеде отырған. Түскі шайға дүкенінен үй иесі Абдол-қашыр да келген. Керімбек ауылында бұның қоспа малы бар:

- Қанапияның хал-ахуалы қандақ? - деп өзге елден бұрын Керімбектің мал-шаруаға иелік ететін баласын сұрады. Барса-қайтса малын соған табыс ететін. Өзі енді-енді баий түскен, аса малсақ. «Жаңа байығаннан қарыз алма, ұйқысын бұзасың» дегендей-ақ көзге ыстық ақшасынан біреуге қарыз берсе, Абдолдың да ұйықтай алмауы кәміл. Бұл отырғанның ішінде өзгеден гөрі шаруа жайын жақсы білетін Мамыртай. Абдол қазір көбінесе осыған сөйлеп:

- Һә, Мамыр-ахун, қызың шоң болды ма? Келін башқа тұғмады ма? - деп алып, соған жалғастыра: «Бізнің көк арғи семіріпті мә? Қара пайтал иорға тұғыпты ма? Мамыртай ашұ қашқа пұқа асқап қалған-дұ. Пұты сақайыпты ма, өзі? - дей түседі. Нүсіпбек, Арыппайлар Абдол-қашырды өзді-өз ішінен сынап, шолақ байды әжуаға салып отырса да, турашыл Мамыртай жөнін айтып:

- Жақсы, бәрі де жақсы, мен малыңыздың барлығын көздеп, байқап қойып жүрмін, - деп еді, Абдол күлім көзденіп, сақал-мұртын түзетіп, сипақтап қалды. Бал салған ыдысты Мамыртайдың алдына таман ысырынқырап, «жеп-іш» - дегендей тықпалаңқырап қозғақтатып қойды.

Мақсұттар елге қуанышты «сүйінші» хабар айтып жіберіп, өздері Гүлназымды әне келеді - міне келедімен он-он бес күндей осында болған. Ара-арасында зеріккенде атқа мініп, Күренің шығыс терістік бетінде қалың көк ағашы мұнартып көрінген Сүйдін қаласына барып қайтады. Мақсұт осы күндердің бірінде Сүйдін қаласы ақ патша генералы - Дутовтың өлтірілген жері екенін өз қасындағы ауыл адамдарына аса қызықты етіп әңгімелеп берген.

Құлжа «Білім жұрты» оқу ордасында құрылған Мақсұттардың жасырын «Тау түлегі» ұйымының құпия документ қорында Дутов өлімі жайлы «Іле» газеті 1921-жылы жариялаған қиынды сақтаулы.

Кезінде қолайы туып басылып кеткен тарихи оқиға куәсі бұл уақытта өте қатаң тыйым салынған, Гоминдаң өкіметінің шамына тиетін құбылысқа айналған. Жаң қай шы патшаның мерейі үшін «тауда бұғының мүйізі сынса, ойда сиырдың мүйізі сырқырайды» дегендей әңгіме еді. Газет қиындысында:

«Құлжа, 10 февраль. Алтыншы февраль күнгі кеште Сүйдіндегі Дутов тұратын пәтерге аттылы алты адам келді. Оның үшеуі күзетшілерден оңай өтіп Дутов тұратын үйге кірді.

Адъютантты жалғыз оқпен жайратып салып, Дутовты қайта үйірге қосылмастай жаралады. Екі күзетшіні табан аузында өлтіріп, келген адамдар белгісіз бір жаққа тайып берді. Сол түнгі сағат екілер шамасында Дутов жан тапсырды» делінген. Газет шамасы осыған ғана келгенмен іс барысы өте ұрымтал, қызық болған-ды. Қасымхан Чанышев пен ұйғыр Махмуд Хожамияровтар басы сергелдеңге түскен жансебіл Дутовтың өз маңындағы адамдар арқылы оның сеніміне әбден кіріп алған-ды. Өзінің бір хатында Дутов Қасымханға: «Хатыңды алдым. Енді жаңалықтарыңды баяндайын: атаман Анненков Хамиға кетті. Қалғандардың бәрін Қытайда өз төңірегіме топтастырдым. Америка елшісі Врангельмен байланысым бар. Істің беталысы өте жақсы. Ақша жіберіліпті, таяу күндерде алып та қалармын. Шекарадағы әскердің санын хабарла. Ташкент түбіндегі жағдай қалай? Иргашбаймен* байланысың бар ма?» деп, дәмеленген. Тегінде, Дутов басымен осындай генералдың өзін іштей мазақ етіп жүрген адамға - Қасымхан Чанышевке бұлай ақтарылуы сорлылықтың ең шегіне жеткен жері екенін алтын иық мырза біліп үлгермей қаза тапты. Оның халі ұядағы саңырау құрдай еді.

 

* Иргашбай - Ферғанадағы басмашылар бастығының бірі.

 

Өз кезінде бүкіл дүниені елең еткізген сол бір тарихи оқиға болатын түні Дутов пәтеріне кірген, жиырма сегіз жастағы ұйғыр жігіті Хожамияровтың бетке ұстап келгені Қасымханның Дутовқа түрмеден жазған тағы бір хатын тигізу... Дутовтың ұйғырдан жалдаған пәтері үш бөлмелі болатын. Кіре беріс, бөлмеде ажалына санаулы минуттар қалған алпауыт бандиттың әйелі кешкі шай қамына кірісіп жатқан кезі екен. Одан кейінгі бөлмеде адъютант бар. Осылардың алдына бір аяғын ақсап басып, өз досы Мұхайдың «сүйеуімен» кірген Махмұт даусын жайбарақат шығара:

- Аяғымды ат теуіп сындыра жаздағаны! - деп, түпкі бөлмеге қарай өте берген. Бұнда осы уақытқа дейін қолында тұрғанның бәрін жайпап, жалмап келе жатқан аса қауіпті, ақ гвардия атаманы отырғаны белгілі. Жасынан Құлжадағы Мұсабаев көн-былғары зауытында әбден пысып-қатып тесік өкпе болған жалшы жігіт өзінің әйгілі атаманды өлтіргелі тұрған минутына шейін сезік алдырмай, сасу дегенді білмей, түпкі есікті ашып, қанқұйлы Дутовты көре бере қойнындағы хатты суырып:

- Қасымхан Чанышев «досыңыздан!» - деп ұсынған. Генерал қолын қағазға үнсіз созып алып оқымас бұрын Махмұтқа бір қарап қойды. Арқалы орындықта тәкаппарлана отырып басқы сөйлемдерін өте сақ қимылмен оқи бастап көзінің астымен тесіле жігітке тағы бір қарап алды... Дәл мынандай сәтте, екі шоқып бір қараған құзғынның мүлт баспас, сақ назарында тұрған Хожамияров үшін өз қойнындағы револьверді шығару да айдаһардың үңгірімен ойнаудай болған. Осы бір қыстың қыраулы кешінде өзінің жан достары: Көбек Байсақалов пен Мұхай үшеуі ақылдасқанда алдымен қорған қақпасындағы екі қарулы күзетшіні жайғастырып, бір-ақ кірейін десе өз бастарына қауіп төнетін болған-ды. Мұхай Махмұтты үйге сүйеп енгізіп тастаған соң, ешқандай күдік алдырмау үшін қайта шығып, қазір Көбек екеуі күзетшілердің қасында махорка бұрап тартысып тұр... Ал Махмұт өзі Дутов пен адъютант екі бөлмеде болатындықтан істі қалай, қайдан бастауы үшін, алдымен осылай, үй ішінің мән-жайін бағдарлап алуы керек.

Дутов осыдан жеті ай бұрын, яғни 1920-жылдың шілде айында Ферғанадағы басмашылар бастығы Иргашбай құрбашиға жазған хатында: «Қазір мен Қытай мен Жаркенттің арасындағы шекаралық Сүйдін қаласында тұрып жатырмын. Құрамында алты мың адамым бар отрядым о да өз қасымда. Тек Жаркентке тарпа бас салатын сәтті ғана күтіп отырмын. Бұл үшін сендермен тығыз байланыс, тұтас қимыл керек» деген. Ол хаттың сыры Чанышев пен мына тұрған Хожамияровқа мәлім еді. Осындай Орта Азиядағы басмашыларға дейін құрығы жеткен әйгілі атаман Жетісудағы теріс төңкерісші, контрреволюциялық жасырын ұйымдарды да көтеру ниетін өткен 20-жылдың қазан-қараша айларына белгілеген жерінен іске асыра алмай қалған. Қасымханмен Махмұт бастаған топ әзіргі хат оқып отырған патша генералын қолға түсіру үшін дәл бүгінге дейін алты рет әрекетке кірісіп, бірақ ойларын іске асыра алмай келген. Есесіне Дутовпен «достаса» түскен.

1919-жылы полковник Сидоров бастаған ақ гвардияшылар Қорғасты басып алып Жаркентке шабуыл жасағанда, қызыл армия қатарына кірген Махмұт өткен 20-жылғы партизан отряды құрамында Жаркент-Пржевальск уездерінде ошарылған ақ бандаларды құртуға қатысып, сыннан өткен адам екенін Дутов білмегенмен қоса бұларға мүлде сенім де артпайтын. Иә, сонда да бәрібір қапы кетті... Чанышев төндіріп жазған хатқа сенбеске лажы қалмай тереңдеп оқи бастаған кезінде майға алданып уды қоса қылғып алғандай бір сәт өтті. Көз алдындағы қағазға бар зейінімен беріліп кеткен. Міне, осы бір секундтарды алтыннан қымбат бағамен пайдаланған Хожамияров қаруын қолданып үлгерген-ді. Желкесін қаси бере қойнынан лып еткізіп суырып алған оқтаулы тапаншаны суық көзі енді ғана жалт етіп қараған «мырзаның» өңменіне кезей бере-ақ, «шаңқ» еткізіп үлгерді. Дәрі буымен жанып тұрған ондық шамның жарық шишасы қарауыта түтіндеп, бар денесі солқ етіп қалған генерал қолындағы хат бірден түсіп кеткен. Есіктен жүгіре кірген адъютанттың қандай ойға келгені белгісіз. Бірақ, әрине, ол да шалқасынан кетіп, өзі кірген табалдырықтан басы ары аса құлады. Револьвердің бірінші үні шыққанда ас үйден орта бөлмеге ұша жүгіріп кірген... Ол өз күйеуі Махмұтты атты екен деп ойлаған. Бірақ дәл өз алдына қарай жығылған адъютантты көргенде жан дауысы шыға шыңғырып, екі қолы ербеңдеп сыртқа қарай қашқан. Бұл секундта оны патшаның асқақ қолбасшысының ханымы болды дегенге кісі сенбегендей.

Қорған қақпасындағы екі қарулы күзетшіні үйден алғашқы мылтық үні шығысымен Мұхай мен Көбек те тапаншаларымен қатар атып үлгерген...

* * *

«Тау түлегі» ұйымының Мақсұт бастаған құпия мүшелері осы әңгімені өзара айтысқанда бұлардың өздері де күннің күнінде Құлжа генерал-губернаторын осылай жайратсақ... дегенді бір біріне дес бере жоспарлайтын.

Бірде кешкі салқынмен Сүйдіннен келе жатқанда Қарымсақ, Арыппай, Нүсіпбек, Әкімдер өздерінше бір жеке бара жатты да, Мамыртай Мақсұт екеуі оңаша кейінірек қалды. Осы кездерде Мамыртай неге екені белгісіз, әлде қалай өз-өзінен дел-сал, ойбасты адамдай болып жүрген... Мақсұт бұдан бұрын мұның бұйыққан жайын сұрағанда ашылып ешнәрсе айтпай, «жай әшейін» дегендей сыңайда, сүйей салды етіп қоя салғаны бар... Серігі таңырқаған да қойған. Ол бүгін енді ғана Мақсұтқа бір нәрсе айтқысы келгендей болып, бас-аяқсыз:

- Мақсұт мен осы қайта-қайта бір жайсыз түс көріп жүргенім!.. - деді. Өзі салындысы суға кетіп мұңайыпты. Жолдасы бұған тіксініп қарағанда серпілмеген бойы қайта тіл қатып:

- Көзім ұйқыға барса, шықпай қойды жаман бір ыбырсық түстер... Сол жабысып еңсемді көтертпейді, Осындай жүргеннің өзінде де көңіліме бір қорқыныш туа береді, - деген. Мұның жүзіне туысқаны кірпігі түріле қарап, әлденеге оқыс сескеніп, секем ала көз салған. Тегінде, Мақсұт Мамыртайдың мұндай сәтін елеусіз қалдыра алмаушы еді... Екеуінің ортасында өздеріне бұрыннан белгілі бір қызық «сәуегейлік» болатын еді. Ең басы бұл екеуі балалық шағында бір күні, Мамыртай асық ойнап жатады да, Мақсұт бір асау таймен бел асып кетеді. Бір сәтте Мамыртайдың көңілі өз-өзінен жабырқап, бұзыла бастайды. Ол әдетте қатты қызығып, еңсе бұрмай ойнайтын асыққа қарауға зауқы тартпай алағыза береді. Ойынды тастап, жаңағы белге жүгіріп шықса, ар жағында сай табанында өзімен түйдей жасты он бір жасар Мақсұттың аяғы мертігіп жатыр екен... Ауылға хабарды Мамыртай бермегенде қашан біреу үстінен түспесе Мақсұттың қандай күйде болары мәлімсіз. Дәл осындай бір күй Мақсұтты Мамыртайға шын табындырып былтыр тағы қайталаған. Мақсұт Қамарды алғаш көріп, сүйген шағында бұл сырын ешкіммен бөлісе алмай, жалғыздық көрген. Мамыртай ол кезде қыстаулықта ауыл шөпшілерімен бірге пішен шауып жатқан. Бір күні түсінде Мақсұт бұның алдына әлдеқайдан тентіреп арып-ашып, кеп тұрады. Мамыртай жалт қараса телімі шыққан Мақсұттың жалаңаш іші кіндік тұсынан қап-қара болып кеткен екен... Мамыртай бірден шошып кетіп: «саған не болған» деп сұраса анау өкпелеген адамға ұқсап жауап бермейді. Мамыртай «айтсаңшы, айтсаңшы! Не болды саған?!» деп Мақсұтты жұлқылай түсіп, өзі жылай бастайды. Ояна кетсе жастанған шапаны шылқыған жас болып қалыпты.

Түс артындағы құйыннан өкпесі аузына тығылғандай болып орнынан түрегеледі. Пішенжайда, далада шөпшілермен қатар жатқан жерінен ыршып тұрады. Таңғы мезгіл екен, со бойда көзі шырақтай жайнап, ұйқысы шайдай ашылып алады. Сол күні жұмысты қасындағыларға табыстап, ерте атқа мінеді де, ара қонып төр жайлаудағы Мақсұтқа жетеді. Келсе Мақсұттың «іші-бауыры қарайғандай» болып жүргені рас екен. Мақсұт Мамыртайға деген тіл жетпес ризашылығын немен айтып, немен өтеп жеткізерін біле алмаған халде болады. Күлімсіреп тыңдап тұрғанында көзінен жас тамшылап кеткен. Өзінің Мамыртайдай жанашырының барына, сол жолы анық қайран бола төбесі көкке жеткендей сүйінген. Қазір соның бәрі дереу есіне келген Мақсұт Мамыртайдың әзіргі мына айтқанына ішінен кенет күдіктеніп қалған...

Бұл шақта тамыз айының аяғы болып, жайлаудағы елдің алды бауырға түсе бастаған кез. Мақсұттың да енді бөгелмей мектеп дайындығын көретін уақыты жеткен. Биыл Шеру елінде 2-класс ашылатындықтан соған орай едәуір жұмыстары бар-ды. Осы күні кештетіп Күре Мын-ха шотаңы (Маңғұл-қазақ мектеп интернаты) дейтін бес кластық мектеп арқылы Мазы мектебі оқулық құралдарының жөнін білу үшін осындағы оқу-ағарту бөлімінде болған. Жергілікті ел «мағарып бөлімі» деп айтатын, үйездік оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі, елге аты мәлім, сауатты адам Шыныбек Керімбекпен жақсы таныс болғандықтан, Мақсұтты үйіне ертіп апарған. Екеуі әр жайдан әңгіме қозғап отырып Мақсұт түнделетіп қайтқан-ды. Ол пәтерге кіргенде Абдол қонақтарына бір әңгіме бастап отыр екен. Сәндеп шырпыған қырықпа сақалы бар, қайқыш кеуде, бет-бейімінен бір шабытты мақтанпоздық білініп тұратын Абдол малдасын құрып, оң жақ тізесін қос қолымен тарақтай ұстап алып, әңгімесін сырғытып отыр.

Былтырғы өткен жазда мұның үйіне түс ауа бере екі атты кісі жетіп келеді. Бірі - ер тұрманы түзу, астына жақсы ат мінген, қасындағы соның атқосшысы сияқты. Жөн сұрасқанда анау «Шерудің Бірсоғар деген зәңгісі* боламын» дейді. «Зәңгі» десе дегендей үстіндегі киімі су жаңа... Абдол: «Ондақ болса хош келіпсіз, ғожам» деп, атаққұмарлықпен шылауына оралып үйге түсіреді. Өзі паң, құла жирен мұрты сабаудай бір шіренген сары... Қасындағысы да құп табылған көсе неме екен... Қожасының киімін іліп, қамшы, қалпағын қыстырып, құрақ ұшады. Абдолдың алтын тісті әйелі шаншыла отырып шәй құйған кезде қонақ шәйді бірер ұрттап тамсанады. Ауызын дәмдеп көріп:

 

Зәңгі - старшын дәрежелес лауазым.

 

- Жақсы бәйбіше, айып етпесеңіз шәйнегіңізді төгіп жіберіп, мына бір шәйдан демдеңізші, - деп ірге жағындағы кілем қоржынға қол салып, үш-төрт «әшмүшке» қағаз шай домалатып тастайды:

- Таңертең біз аттанғанша жетер? - деп қояды... Жұпар иісті, таптырмайтын шәй тәуірі сол еді. Өзі Құлжадан шығып келе жатқанын айтып: «мынау бәйбішеңізге, мынау қызыңызға базарлық болсын» деп дастарқан шетіне бағалы жүзік, ширатпалы, нарықты, күміс білезік алып қояды... Арт жақта келе жатқан бес-алты түйе - тоғанақ керуені барын жай сөз арасында «қыстырып» ескертеді... Бірақ, сол орайда үй иесінің аужайын қалт жібермей бағып отырады...

Бұл жерге ертең жетпек сол жүгін «Ортақсарының арасанында» болатын үлкен жәрмеңкеге әкетіп бара жатқанын да елеңсіз ғып сездіреді... Абдол - «қашыр» атанатын себебі баға қойғыш, өте пайдакүнем саудагер. Ол енді ішінен есеп ойлап, «керуеніңде «бәлен бар ма, түген нәрсе бар ма...» - деп сұрастыра бастайды. «Табылады ғой» деп сыздаусыған емеурініне қарағанда сұрағанының біразы бар сияқты... Екеуі бапты шай аяқталғанша бағасына келісіп, үй иесі есеп шот қаға отырып, аздаған зат айырбастайтын болып шығады...

Біраздан соң зәңгі палау дайын болғанша, Абдолдың дүкенін барып көрмек болады. Үлкен дүкен сөресіндегі кездеменің әртүрлі асылынан бірнеше тобын «көпес сары» бері таман алдырта береді. Екеуі бұған керуен келген соң, есептесетін болып, әзірше тек нарқын шотқа соқтырып тұрады. Сомасын екеуі де қағазға жазады. Абдол енді оған қолқа да салады. Екеуі қыза-қыза келіп, аяғы жәрмеңкеге бірге бармаққа уағда байласады... Қазақ-қалмақ ортасында өтетін ұлы шулы, дырдулы жәрмеңкеге «бірсоғар зәңгі» өз жүгінен Абдолға екі түйе босатып беруге зорға келіседі. Азырақ қынжылып... амалсыз көнген кейіппен мақұлдайды... Сөйтіп «сәтімен» түскен жақсы мейман бұл үйде төрт қабат жаңа, таза көрпеде көк торғын жастықтарға шірене шынтақтап әңгіме соғады. Ерекше күтімді сый көріп, қона жатады. Жалғыз-ақ төсек салынысымен тез үні өше бетін бүркеніп, теріс түсіп жатып қалады... Ең соңғы сөз, Абдол:

- Зәңгі шаршаған екен, тынықсын! - деп шамды өшіріп шығып кетеді...

Бірақ таң атқанда шайға тұрғызайын деп қараса, екі қонақ жын ұшырып әкеткендей орнында жоқ болып шығады. Мейманхана бөлме жым-жылас... Кешегі топ-топ асыл кездемелерді салып қоржынды босатқан да, ішінен шыққан тері шалбарды жүнін сыртына қарата теріс аударып, аяқ жаққа тастап кетіпті... Көрінеу мазақтай кеткен. Абдолдың күйгені сонша, әйелін шақырып келіп бөлме ішінде мұншалық түрдегі құбыжық суретті көрсете:

- Ә, анаңның! - деп, қатты боқтықпен талтайып жатқан шалбарды ашасынан теуіп кеп жібереді. Ашудың соңы бірер күннен кейін көршілер арасында амалсыз күлкіге айналады. Бұны істеуші Шерудің белгілі адамы - Құлайғыр еді. Өткен күзде дәл осы Аболдың үйінде баяғы шеріктің мылтығы жөнінен қамаудан шығып отырған сары-жирен мұртты - Құлайғыр сол болатын. Соның жөнін Қарымсақ Абдолдың өз аузынан естімекке қызығып айтқызып отыр екен. Кедей Құлайғыр Құлжаға барып үстіне бір қабат киім алып киген соң, өзінің жаз жарымында зорға құтылып отырған қырықпа жүнді, тері шалбарын жаңа кілем қоржынға шиыршықтап, нықтап тығып, бергі бет жағына бағанағыдай тәуір заттармен шай-шақпытын салып, көрер көзге қоржын толған құнды бұйымдай етіп алған. «Келе жатқан керуенім бар деп» Абдолдан шотқа қақтырып алған көп кездемені әкетеді. Сол күні Абдол көрші-қолаңды шақырып әкеп шалбарды қолымен ұстамай, жеркене, аяғының ұшымен түрте тұрып:

- Маны қараң! Жыланға ұқшаш, қапықын ташлап қашыпты әмесмә, кәпір-қазақ! - деп айналасын күйгелек мінезімен неше күн күлдірген.

Кейін «Шеруде сондай адам бар ма!» деп сұрастырылғанда оны істеуші Құлайғыр екені білінген. Керімбек екеуін ақыластырып, айып-қиыбымен шығыстырып қойған. Құлайғыр шеріктің мылтығына содан кейін ұрынған-ды. Қамаудан шыққанда шылп етпестен қайта сол Абдолдың үйіне соғып, екі-үш күн демалып ауылына сонан соң аттанған.

Жас қонақтар бұл әңгімені неше жерде амалсыз күле түсіп, қызулы көңілмен «еһе», «еһе» десіп, үй иесінің оңбай алдануына сай, бәрі де ентелей қызықтап тыңдаған.

Бұлар осылай әңгімеге айналумен бағана ымырт жабыла ат арқандап келуге кеткен Мамыртайды енді осы уақытта бір-ақ жоқтады. Серігінің қайда екенін Мақсұт сұрағанда, барлығы оның келетін уақыты алдақашан болғанын енді айтысып, дабырлап, бірден үдерісіп қалды. Өстіп алаңдай түсіп тағы біраз тосып көріп еді, жуырмаңда келер болмады... Мақсұт шынымен сасайын деген... Кешегі Мамыртай сөзі қалт көңіліне ұрып, өз денесімен оғаш күдік, үрей сезгендей бола бастады. Ортадағы дөңгелек үстелге шынтағын тірей, сақ көтеріліп алған қалпында әлде бір тың тыңдап қалғандай шытынып, аңыра түсіп:

- Апырым-ай осы қалай болды өзі?! - деп елегізи берді. Бейне алыстағы бір еміс сарынға құлақ тосқан адамдай, бейғайып нұсқамен аңыра ойланып:

- Тұрыңдаршы! Не біліп омалып отырмыз?! - деп бұйыра сөйлеп өзгелерге де ес таптырмай, өзі орнынан түрегелді. Дәл не істейтіндерін ойламаса да, бұнынен қатар көтерілген басқалар үнін жайма-шуақ шығарып:

- Е, құдай сақтасын! Өзің секемденгендікі шығар, - десіп бейғамсытқан болса да, мұнша кешігерліктей ешнәрсенің қисыны жоқ болатын. Мақсұттың өзгеріп алған түсіне қарап олар да енді өз іштерінен еріксіз қобалжи бастаған. Бәрі тез тұрып, киімдерін киіп, сыртты байқауға қамданысты. Ана жақ-мына жаққа тобымен жүріп, шақырып іздеді. Бірақ Мамыртайдың маңайда жоқ екенін амалсыз мойындап, енді шынымен біржола бел шешіп іздеуге шықты. Барлығы шұбырып алдымен ат арқандалатын батыс жақ шетке беттеген. Ауыл сыртында, жазықтағы шилеуіт түбекте ара-тұра жайбарақат пысқырып қойып, қамсыз жайылып тұрған аттарға тақап келіп, Мамыртайдың арқандаған атын көрді. Ол өзі мінген сар-теңбіл атқа Нүсіпбектің қасқыр соққыш, талтақ керін құсбаулап, қосып арқандапты. Мақсұттың жаяуларды атпен бастап келгендегі бар үміті осында еді... Осы маңда Торғай руына Шеру ішінен ұзатылған бір Тойбалқан деген қыз бар-ды. Соның оң жақта отырған күнінде Мамыртай екеуінің көңілі жақын болады. Ол осыдан үш жыл бұрын, соңғы рет Мамыртаймен қимай қоштасып, қатыны өлген Бисары деген біреуге кете барған. Енді екі ара жақындап келген соң әнеугүні сол ауылға жай қыдырған кісі болып Мамыртай барып қайтқан. Мақсұт бір ойында Мамыртайды бозбалалық қып сондай бір жаққа түн қата тартып кетті ме деп ішінен ойлап еді. Міне, енді аты тұрғанын көргенде, шындап күмән ойламасқа шарасы болмады.

Жоқ жігітті осы іздеу - іздеу болды... Аттардың барлығына ер салынды. Қалың түннің ішінде жер қоймай желе жорта жүріп, жан-жақтарға дауыстап, Күренің тек сейпіл ішінен басқа жерін: шағын-шағын көшелерді, сырттағы қойнау ағаш үйірімдерін, арық-арық бойлары сияқты көз тоқтарлық тұйғыларды жағалап, қалдырмай адақтап, түгел кезіп шықты. Бір жақтан өзі кеп қала ма деп түн ауғанға шейін әлі де соқыр үміт дәмесімен байланған. Ат арқандауға екі кісі болып бармағандарына енді өкіністі. Бұл маңда басқа барар жерлері қалмай, адасқан адамдай сенделіп, ақыры бұлар таңды да атқызды. Таң аппақ атқанда, бұл топ енді не істейтінді білмей, аз ақылдасып, ес жиып алмақ болып үйге жетіп түскендері сол еді. Осы кезде Абдолдың ерте тұрып бадаға сиыр қосқан әйелі қақпадан ішке қарай аптыға басып жүгіріп кірді. Жан таппай далбырай ұмтылып келеді екен. Бағымға сиырын қоса шыққан әйел аса бір сұмдық хабар естіп келе жатқан! Таң-азаннан түрегеп атына барған бадашы батыс шеттергі бір шилеуіт тұғылда көрген жан шошырлық жаманат хабарын айтыпты. Атын алуға ғана мұршасы келіп, жақындап қарамастан артына бұрыла қашыпты. Әйелден адам өлген хабарды естігенде, Мақсұттар ес таппай тапырақтап, тіпті, бірін-бірі біле алмаған күйде абыр-сабыр атқа міністі. Аталған жерге аттарына қамшы ұра асыға жете береді. Іштерінде түнімен бірге жүрген Абдол да бар. Бәрі тобымен келіп жеткенде, бұлар өз көздеріне өзі сенбегендей болды... Шыныменен-ақ қанға боялып жатқан Мамыртай денесі!... Топтанып келген аттының барлығы бірден көрді. Мұндайлық күйді кешкенде бар тілектері кесіліп, әркім өз алдына, үміт, мақсат күл-талқан бола қираған, сорлылық халге ұшырап еді.

Көре бере тас төбеге ұрғандай, ат үстінде сілелеп, бәрі де қалт тоқтап тұрысып қалған... Мақсұттың тұла бойы у жұтқандай, табанынан басына дейін дүр етіп, төбе құйқасы бейне киіз бола тұтасып қалды. Қобалжыған бір сезім жүрегін ауызына лоблыта тыққан сәтте талып кетпес пе екемін деген жанама ойды сезген. Бұларды шошытқан дене - бассыз еді!

Ел осылай ақыл таппай, алғашқы секундтарға арбалып қалғанда зор денелі Нүсіпбек кеңкілдеп, жылап кетіп, бар дауысы жарқаштана:

- Қарағе-ем! Не болдық! Не көріп тұрмын, ойбай! - деп аттан аударылып түсе берді. Өзгелер де осы кезде ес жиғандай тегіс шуласып бауырым салып жіберді. Бірақ бассыз денені ешкім бас сала алған жоқ. Бауырым сала аттан жапырлап түскен бойлары, қанға боялған өлікке мінбелей төніп келіп жыласқан бойы тұрып-тұрып қалған.

Қарымсақ шидің түбіне еңкейіп, домаланған қан-жоса басты қос қолымен көтеріп ала бергенде, оған көзі енді түскен қалған топ алғашқы ессіз қалпынан тағы да өзгере, тұтас шулап еңіреп жылады. Жалғыз Әкім ғана тізгінін екі қолымен артқа ұстап, міз бақпай қарап тұрып қалған.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2103
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2517
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2202
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1624