Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Билік 1334 0 пікір 11 Ақпан, 2023 сағат 13:40

Діни толеранттылық: Қазіргі жастардың ойы бөлек!

Толеранттылық (лат төзімділік, көнушілік)- басқа ойға, көзқарасқа, наным-сенімге, іс-әрекетке, әдет-ғұрыпқа, сезім-күйге, идеяларға төзімділік, жұмсақтық көрсете білу қасиеті. Толеранттылық – адам құқығы мен бостандығы, плюрализммен қатар негізі демократиялық принциптердің бірі болып есептеледі. Ол қоғамның жалпы және саяси мәдени деңгейінің көрсеткіші.

Ұлтаралық татулық пен дінаралық толеранттылық – Қазақстандағы тұрақтылық пен дамудың басты кепілі болды.

Толеранттылық дегеніміз – өзгелердің діни сеніміне  шыдамдылық пен төзімділік таныту ғана емес, сонымен қатар олардың сеніміне сый-құрметпен қарау .

Қазіргі таңда Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен 20-ға жуық конфессия өкілдері өмір сүреді. Бұл дегеніміз біздің елімізге толеранттылық ұғымы жат емес. Тәуелсіздік алған күннен бері қазақ елі көптеген ұлт пен ұлысқа пана, үлкен шаңырақ болып келді және солай да жалғаса бермек. Мұндай дінаралық және ұлтаралық татулық сипатты ұстау оңайға соқпайды, алып империялы елдердің өзінде дискриминациялық әрекеттер зардабын тартып келген ұлттарды, дін өкілдерін көріп, естіп келеміз. Бұл әрекетке менің ойымша, нағыз қараңғы адамның баратын ісі. Қазіргі заманға қарай отырсақ, әр елге жолымыз ашық болып келді, осы тұста басқа елде жүріп сыйластық таныта білген адамның ойы тереңде жатқанын білуімізге болады.

Қасиетті Құран Кәрімде « Уа,адамдар! Шүбәсіз сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың (һәм біріңе-бірің қамқоршы дос болып, өзара жәрдемдесіп, тату-тәтті өмір сүрулерің әрі жер бетін көркейтулерің) үшін сан алуан ұлыстар мен руларға бөлдік... » (Хужурат сүресі, 13 аят) делінген. Яғни, Аллаһ тағаланың өзі әр ұлт пен ұлыстың біріге өз елін, жерін көркейтуін қалаған. Олай болса, рулық бөліске салынып, ұлтшылдық пен діншілдік жасаған адамды нағыз қараңғылықтың адасуында жүрген адамға теңейміз.

Қазіргі заманғы жастардың ойы бөлек. Әр адаммен араласуда оны ұлт пен ұлысқа бөлмей, алдымен адамгершілігіне, ортақ ойда болуына қарап бағалайды. Ортаны бөлген, бұрынғы ойда қалған руды бөліп, жүзді бөліп қазақилыққа салынған өкілдер. Одан қалса, ру мен жүзді қойып, ұлты мен дініне қарап, түрі мен түсіне қарап, келер ұрпағына, балаларына осыны насихаттаған адамдарымыз. Үлкен буын өкілдеріне қарағанда, жастар ақылды  деген ой осыдан туындайды...

Егер Қазақ елінің болашағы жарқын болуын қаласақ, ұлтшылдық пен нәсілшілдікті артта қалдырғанымыз жөн. Қазақ жұртының шаңырағында болатын Діндеркөшбасшылары съезінің мақсаты да дінаралық және ұлтаралық татулықты сақтау. Толеранттылық идеясын алға қойып, әлемдік деңгейдегі глобалды проблемаларды шешу. Әлемнің тыныш болуын, елінің тыныш болуын қалаған әр азамат, алдымен өзін, одан кейін өзгелерді жөндеуі керек. Қараңғылық алысқа алып бармайды.

Дінаралық татулық пен толеранттылық – еліміздің жарқын болашағы!

Батырхан Шапағат Артыққызы,

Жамбыл облысы әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» дінтанушысы

Abai.kz

0 пікір