Сенбі, 18 Мамыр 2024
Жаңалықтар 1333 0 пікір 27 Ақпан, 2023 сағат 11:48

Түркиядағы зілзала: Қазақстанынң көп этносты халқы бауырлармен бірге!

Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамда болып жатқан жайттарға ешқашан бей-жай қараған емес. Ұйым үнемі азаматтық ұстанымын білдіріп отырады. Соның бірі ел-жұртты дүр сілкіндірген, Түркия мемлекетінде таяуда болған жойқын жер сілкінісі. Соған орай Ассамблея атынан «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі гуманитарлық көмек ұйымдастырды.

Апатты оқиғадан қан жұтып отырған бауырлас түрік халқына қазақстандықтар, этномәдени бірлестіктердің өкілдері және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері оқиғаның алғашқы күндерінен бастап Түркия елінің халқына гуманитарлық көмек жинауға дереу кіріскен болатын.

Алғашқы күндері Қазақстан халқы Ассамбелясының этномәдени бірлестіктері  Түркияның зардап шеккен қалаларына 28 млн теңге көлемінде қаржылай көмек, сонымен қатар 34 млн теңгеден астам ақшаға алғашқы қажеттілік тауарларын жинап, жіберді.

Сондай-ақ, «Ахыска» Түріктер бірлестігінің төрағасы Махмуджон Мираддинұлы Давришевтің айтуынша, аймақтық этномәдени бірлестіктері, ҚХА мүшелері, меценаттар, діни бірлестіктердің өкілдері, аудандар, жалпы жұртшылық атсалысуымен Жамбыл облысынан 84 млн 400 мың теңге қаржылай, 24 фура 480 мың тонна азық-түлік және алғашқы қажеттіліктегі құралдар жиналған.

Үйлестірушілер көмегімен оның 4 фурасы – Сирияға, 20 фурасы – Түркияға жөнелтіліп, ал жиналған қаражат көмек Дүниежүзілік түрік-ахыска қауымдастығының (DATÜB) арнайы шотына жіберілген.

Мұның бәрі 26 ақпанда Тараз қаласында «Ахыска» түріктер этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен «Күшіміз бірлікте» іс-шарасы үстінде айтылды. Іс-шара қайырымдылық ас беру форматында өткізілді.

Жиынға облыс, қала әкімдігі, облыстық, қалалық ішкі саясат басқармасының өкілдері, өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени бірлестігінің мүшелері, білім, спорт саласы қызметкерлері мен қоғам қайраткерлері, дін өкілдері мен БАҚ тілшілері және Ассамблея жастары қатысты.

Шаһардағы этнос өкілдері – этносаралық достықты сақтау, өскелең ұрпақтың бойына патриотизмді дарыту, мәдени және тарихи мұраларымызды оларға аманаттау, қайырымдылық істерінде өз миссиясын лайықты орындайтын жандар. Сонымен қатар, бірлікті, этносаралық және дінаралық келісімді нығайтуға да баға жетпес үлес қосуда. Солардың бірегейі бүгінде – «Ахыска» түрік этномәдени орталығы болып отыр.

Шара барысында облысқа белгілі бірқатар азаматтар апатты аймаққа қол ұшын бергендерге алғысын білдірді. Олардың қатарында «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбәрак Қасымқызы да аймақтық Ассамблея атынан өз тілек-рахметін айтты.

«Ахыска» Түріктер бірлестігінің төрағасы Махмуджон Мираддинұлы Давришев:

«Мен барша жамағатқа зор рахметімді айтамын! Бауырластықтарыңызға мың алғыс! Ауызбіршілігіміз нығая түссін, ағайын! Алапат зілзала, пәле-жаладан Қазақстанымыз аман болсын! Асымыз қабыл болсын!» - деп ерекше ыстық ықыласпен өзінің жүрекжарды тілегін білдірді.

500 адамға дайындалған қайырымдылық асының мақсаты да көмегін аямай, қолұшын берген жандарға Алғыс айту күнінің қарсаңында ризашылық білдіру және апатта шейіт болғандарға құран бағыштау, аманшылыққа дұға ету болатын.

Айта кетейік, ақпанның айының басында Түркия мен Сирияда болған 7,8 балдық жойқын зілзала 50 мыңға жуық адамның өмірін қиды, 23 миллионға жуық адам зардап шекті.

Сол кезде әлем елдерімен қатар Қазақстан да түрік еліне көмек қолын созудан қапы қалмады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Түркия Республикасына гуманитарлық көмек ретінде $1 млн аударды. Сонымен қатар жалпы салмағы шамамен 55 тонна болатын киім-кешек (жылы күртешелер мен шалбарлар), қысқы шатырлар, металл кереуеттер, төсек-орын жабдықтары және басқа да күнделікті қолданысқа қажетті заттар гуманитарлық көмек ретінде жіберілді.

Қазақстандықтардың Түркиядағы жойқын зілзаладан зардап шеккендерге 3,6 млн доллардан астам қаражат жинап берді.

«Жер сілкінісінен зардап шеккендерге арналған көмек шотына бүгін Қазақстанда жиналған 216 мың АҚШ доллары AFAD-тың (Түркияның төтенше жағдайлар басқармасы – ред.) ресми шотына аударылды. Осылайша, қайырымдылықтың жалпы көлемі 3 млн 616 мың АҚШ долларын құрады», - делінген Түркия Елшілігінің 16 ақпандағы мәліметінде.

Сондай-ақ баспанасыз қалғандарға Қазақстан тарапынан жалпы саны 100-ге жуық киіз үй жеткізілді. Еліміздің құтқарушылары Түркияға аттанып, 7 адамды құтқарып, 88 адамның мүрдесін үйінді астынан шығарды. 19 ақпанда олар жұмыстарын аяқтап, елге оралған болатын.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2142
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2547
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2331
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1653