Жұма, 26 Сәуір 2024
Билік 2224 0 пікір 12 Ақпан, 2023 сағат 10:57

Қазақстанның демографиялық ахуалы қандай?

Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бастап бүгінге дейін демографиялық дамудың бірнеше сатысынан өтті. Алғашқы жылдары бірқатар әлеуметтік және экономикалық қиыншылықтармен бетпе-бет келді. Атап айтсақ, нарықтық экономикаға көшудің қиындықтары, халықтың өмңр сүру деңгейінің нашарлауы, мемлекет тарапынан жасалатын жәрдемнің күрт түсіп кетуі тағы да басқа мәселелер болды. Бұл ретте жүйелі демографиялық саясат айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуге және ел дамуының жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік берді.

Қазіргі уақытта Қазақстанда демографиялық қауіпсіздік мәселелерін, сондай-ақ әр отбасын қолдаудың кең тетігі мен тәсілдерін қарастыратын институционалдық орта мен нормативтік құқықтық актілер жүйесі қалыптасқан.

Біз Қазақстанның демографиялық даму кезеңін үшке бөліп қарастырсақ болады. Алғашқысы ұзақ уақытқа созылған экономикалық дағдарыс пен кейінгі жаңғырту реформалармен сипатталған кезең – 1991-1999 жылдар аралығы. Бұл кезде халық саны 1,3 миллион адамға азайды. Себебі, елде эмиграция үрдісі қатты жүрді. Жалпы жұрттың 2,6 миллионнан астамы шетелге көшіп кетті. Көші қон сальдосы теріс – 1,8 миллион адамды құрады. Сондай-ақ туу мен өлім-жітім процесі де жағымсыз нәтижеге жетті. Туу көрсеткіші 38,5%-ға төмендеп, өлім-жітім көрсеткісі керісінше 9,7%-ға артты. Осылайша табиғи өсім 1991 жылғы 218,8 мыңнан 1999 жылғы 72 мың адамға дейін азайды. Елдің өмір сүру ұзақтығы де кері кетіп, орташа есеппен 3 жылға қысқарды. 1990 жылы орташа өмір сүру ұзақтығы 68,7 болса, 1999 жылы 65,7 жасты құрады. Бөлек алғанда ерлердің жасы – 3,3 жылға, әйелдер жасы – 2,2 жылға қысқарды

Әйелдер мен ерлер арасындағы өмір сүру ұзақтығының алшақтығы 9,2 жастан 10,3 жасқа дейін көтерілді.

1990 жылдардағы экономикалық және әлеуметтік реформалар кейін өз жемісін бере бастады. Қазақстан өмірі айтарлықтай жақсарып, демографиялық және көші-қон үрдісіне оң ықпалын тигізді. Халықтың әл-ауқаты көтерілген соң, денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістер пайда болды. Бұл туу көрсеткішін көтеріп, өлім-жітімді азайтты. Халық саны көбейе бастады.

Осылайша, 2000-2013 жылдар аралығында халық санының қысқаруының теріс тенденциясының біртіндеп жойылды. Халықтың өсімі 13,5% (немесе 2 млн. адамнан астам) құрады, халық саны 16,9 млн. адам шегіне жақындады.

Ал 2021 жылға қарай Қазақстан халқының саны 19 миллион адамға жетті. Сол жылы қазақстандықтар 248,5 мың адамға өсіп, 2022 жылдың 1 қаңтарында олардың саны 19 миллион 125,6 мың адамға жетті.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2020 жылы Қазақстан халқының табиғи өсімі  263 012 адам болса, 2021 жылы 267 295 адамды құраған екен.

2021 жылы Қазақстанда 450 652 бала дүниеге келіп, 183 357 адам қайтыс болды. Елімізден 32 209 азамат кетсе, 10 952 адам келген. Сондай-ақ, 140 256 неке және 19 280 отбасы бұзылған.

Тұрақты демографиялық көрсеткіштерді және ұдайы өндірістің қарқындылығын қолдау еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыты болып қала береді және бүгінгі күні оның стратегиялық маңызы бар.

Елдегі табиғи өсім соңғы 5-6 жылда артқан. Қазіргі күні бір әйелдің басына 3 баладан келеді. Мем­лекет басшысы Қ.Тоқаев 2023 жылдан бастап бала күтіміне бай­ланысты төлемдердің мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзартуды Үкіметке тапсырған еді. Президенттің сөзінше, бұл ата-аналарға ең маңызды уақытта сәбидің қасында ұзағырақ болуға мүм­кіндік береді.

Статистикаға қарасақ, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында елімізде соңғы 10 жылда бала туу көр­сет­кіші 25 пайызға өскен. Қазақстанда күнде мыңнан астам бала дүние есігін ашады. Ғалымдардың болжауынша, осы туу қарқын сақталатын болса 2050 жылы халық саны 24 миллионнан аспақ. Еліміздегі бала туу көрсеткіші артқанымен, пышақтың екі жүзі бар дегендей, ажырасу мәселесі алдыңғы орынға шыққан. Қазір әрбір үшінші отбасы ажырасуға жақындап қалған. Сарапшылар, бұл мәселені шешу үшін Отбасы институтын дамыту керек дегенді айтады.

Мәселен, «Қазақстан отбасылары-2022» ұлттық баяндамасының нәтижесіне сүйен­ер болсақ, Қазақстанда ер адамдар балаларына көп көңіл бөлмейді. Әкелердің тек  17 пайызы ғана бос уақытын бала-шаға­сына арнайды екен. Бала-шағаға қарау, баптау, тәрбиелеу көбіне аналарға артылады. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі баяндамада отбасы институтының негізгі проблемалары мен трендтері анық­талып, еліміздегі отбасы саясатын жетілдіруге арналған практикалық ұсы­ныстар әзірленгенін айтады.

«Зерттеуге сүйен­сек, қазіргі қоғамда әкелердің отбасын­дағы рөлі негізінен қаржылық және мате­риал­дық табысқа байланысты екен. Әрине, қаржылық жағдай өте өзекті, алайда әкенің балаға бөлетін уақыты мен назары одан да маңыздырақ. Ұлттық баяндамада осындай түрлі зерттеулер кеңінен қамтылған»,-дейді министр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында еліміздегі демографиялық ахуалдың күрделі екеніне тоқталып, бұл бағыттағы жағдайды жақсарту үшін Үкіметке бірнеше тапсырма берген болатын.

«Отбасылық-демографиялық ахуал – зор алаңдаушылық тудырып отырған мәселе. Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көрсеткендей, отандастарымыздың 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негіз болатын елеулі себеп деп санайды. Біріккен Ұлттар Ұйымының еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда көңіл көншітпейді. Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырамын. Экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту қажет», – деді мемлекет басшысы.

Қазақстан барған сайын маңызды шешімдерді талап ететін жаңа демографиялық міндеттерді мойнына алуы керек. Жалпы, соңғы он жылда еңбекке жарамды халық құрамы азайғаны, еңбекке қабілетті жастан асып кеткен, егде және тым жас халықтың үлес салмағының артуы байқалған. Бұл – елдің демографиялық қартаюының бастапқы кезеңіне келгенін көрсетеді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, Қазақстанда алдағы бірнеше онжылдықта 65 жастан асқан халық айтарлықтай өседі деген демографиялық болжамдар бар.

2050 жылға қарай егде жастағы халық саны 2,2 есеге артып, 14%-ды құрамақ. Бұл көрсеткіш 2020 жылы 7,9%-ды құраған.  Бұл ретте егде жастағы адамдар үлесінің ұлғаюы балалар үлесінің төмендеуімен қатар жүреді. 2050 жылға қарай балалар санының үлесі 29%-дан 2050 жылы 23%-ға дейін төмендейді деген жорамал бар.

Халық құрылымының өзгеруі әлемдік еңбек нарығын, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін, зейнетақы жүйесін жаңа жағдайларға бейімдейді.

Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы жетекші маманы Айеша Вауда Қазақстан халқын тұрақты өсіргісі келсе, әл-ауқаты төмен өңірлер мен халықтың осал топтарының қажеттіліктерін қанағаттандыруы керек. Сондай-ақ білім беру сапасына, ересектердің өмір сүру дағдысына, олардың өмір сүру ұзақтығын дамытуға назар аударуы керек. Адами капиталдың сапасын арттыру мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының негізгі векторына айналуға тиіс. Бұл ретте халық туралы деректерді жинау мен талдау жүйесіне және ел азаматтарының нақты мұқтаждықтарын ескере отырып, әлеуметтік қолдау тетіктерін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуі тиіс.

 

Abai.kz

0 пікір