Жұма, 17 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2751 0 пікір 3 Сәуір, 2013 сағат 06:02

Қазақстан авиациясы «қара тізімнен» қашан шығады?

Көлік һәм тасымал - экономиканың күретамыры. Осы саладағы сапалы әрі тынымсыз қозғалыс - елдің әлеуетін арттыруға бірден-бір септік. Ендеше, Батыс пен Шығыс арасында орнығып, екі әлемді бір-бірімен жалғастырып отырған Ұлы даланың келешек транзиттік әлеуеті де зор болмақ. Алайда дәл қазіргі көлік инфрақұрылымы тағдырдың өзі алға тартып отырған транзиттік дамуға жауап бере ала ма?  Кеше Мәжілісте көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев депутаттар алдында есеп беріп, сала дамуының жай-жапсарын баяндаған болатын.

Көлік һәм тасымал - экономиканың күретамыры. Осы саладағы сапалы әрі тынымсыз қозғалыс - елдің әлеуетін арттыруға бірден-бір септік. Ендеше, Батыс пен Шығыс арасында орнығып, екі әлемді бір-бірімен жалғастырып отырған Ұлы даланың келешек транзиттік әлеуеті де зор болмақ. Алайда дәл қазіргі көлік инфрақұрылымы тағдырдың өзі алға тартып отырған транзиттік дамуға жауап бере ала ма?  Кеше Мәжілісте көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев депутаттар алдында есеп беріп, сала дамуының жай-жапсарын баяндаған болатын.

Тоқтала кететін жайт, осыдан біраз бұрын депутат Серікбай Нұрғисаев елдегі жолдың жағдайына алаңдаушылық білдіріп, Қазақстан жол сапасы жағынан 144 елдің ішінде 117-орында тұрғанын айтып дабыл қаққан-ды. Бақсақ, жол саласында бәсекелестікке еш төтеп бере алмасымыз анық екен. Жолы жол болудан қалып, жолсызын қайраң басқан шалғайдағы шенділердің күні түсе бермейтін ауылды қойыңыз, республикалық маңызды делінетін жолдардың өзі кейде сын көтермейтіні айқын. Сонда қалай, әлемдегі озық 30 елдің қатарына кірудің қамында жүрген Қазақстан үшін жол сапасы ең төменгі сатыға сырғып отыр ма? Дегенмен олай айтуға да келмейді. Өйткені қазір басқасын айтпағанда, халықаралық дәліз саналатын «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» мегажобасының қарқыны қызу. Ал жалпылама автожолдар туралы айтсақ, жол жөндеу қарқыны да кеміген емес. Дегенмен сапасыз жолдарды жасап тауысу да мүмкін болмай отыр. «Былтыр 5,5 мың шақырым жол жөнделді. Тұтастай алғанда, барлық жол 4 пайызға жақсарып, нәтижесінде транзиттік тасымал 20 пайызға артты. «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» дәлізі бойынша биылғы жылы 806 шақырым жол салынады. Сөйтіп, бұған 40 мыңға тарта адам жұмылады», - дейді көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев. Дегенмен өңір-өңірдегі жол сапасы күннен-күнге құрдымға кетіп барады. Ауылдағы ағайынның айтары да - сол. Астанадағы депутаттар да аймақтағы ахуалға алаңдаулы. Дегенмен жолдар мен жолсыздарға қатысты министр Жұмағалиевтің жауабы әзір: «Қаражат қолбайлау. Қазір елімізде бетін асфальт көрмеген жолдардың өзі 10 мың шақырымды құрайды. Соны түгел жасап тастау үшін қыруар қаражат керек, оны бюджет көтермейді. Сондықтан біз біртіндеп жол жасауды қолға алмақпыз, сосын кешенді бағдарлама қабылдауға тырысамыз», - деп ақталды министр.

Әйтсе де көлік пен коммуникация са­ла­сын басқарып отырған білікті басшы­ның мұ­ны­сымен қалаулылар келісе бермейді. «Жергілікті жол желілерінің болмауы әлеу­меттік тұрғыдан келеңсіз әсер етіп, жұмыс­сыздыққа себеп болып отыр, ал жергілікті тұрғындар өздерін өркениеттен қол үзіп қалғандай сезінеді», - дейді Сейітсұлтан Әйімбетов. «Сонымен қатар саланың бас­ты проблемасы - жол төсемдерінің көтеру мүмкіндігі. Бұған объективті себептер де бар. Елдегі жолдардың 86%-ы өткен ға­сыр­дың 60-80 жылдары салынған. Ол кезеңнің нормативтік талаптары да бас­қа. Өйткені өткен ғасырда жолдардағы рұқсат берілетін жүктеме 6 тоннадан ас­пайтын», - дейді С.Әйімбетов.

Сапаға сай келмейтін авиакомпаниялар жұмысы тоқтайды

Баяндама барысында министр Асқар Жұма­ғалиев ерекше тоқталған сала азамат­тық авиация мен ұшу қауіпсіздігіне қатыс­ты болды. Мәліметтерге сүйенсек, 2008-2013 жылдар аралығында 21 авиациялық оқиға орын алған. Оның 15-і ұшу техни­ка­сын бұзу, яғни адам факторының салдары­нан орын алып отыр. «Осыған орай, ұшу­лар­да адам факторынан болатын жағдай­ларды төмендету мақсатында ұшу қауіп­сіздігін қамтамасыз ету және қауіпсіздік жұмысын қадағалау үшін былтыр Үкімет басшысының өкімімен ИКАО аудитінің ескертпелерін жою жөнінде ведом­ство­аралық жоспар бекітілген. Сонымен бірге ИКАО-ның (Халықаралық азаматтық авиа­ция ұйымы-авт.) Техникалық ынты­мақ­тастық бюросымен техникалық және кеңес беру туралы келісім жасалды», - дей­ді Асқар Жұмағалиев. Айтпақшы, өт­кен жолы министр Мәжіліске көлік сала­сы­на өзгерістер енгізетін заң жобасын тап­сырып кеткен болатын. Айтуынша, әлгі өз­герістердің бір парасы да дәл осы авиа­циядағы ұшу қауіпсіздігіне, ондағы талап­тардың ИКАО халықаралық стандарттары­на сай болуын қарастырады. «Ең бастысы, биыл еліміздегі авиакомпаниялар мен әуе кемелері ИКАО стандарттарына сәйкес, аталған ұйым өкілдерінің қатысуымен қай­та сертификатталады. Сертификаттар бойынша жолаушы тасымалымен тұрақты айналысатын авиакомпаниялар міндетті түрде IOSA-ның аудитінен өтеді. Ал ИКАО-ның болжауы бойынша қайта сертифи­каттау нәтижесінде кейбір авиакомпания­лар өз жұмысын тоқтатуы ықтимал. Бұл ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, Қазақ­стан авиациясының «қара тізімнен» шы­ғуы­на зор ықпалын тигізетін болады», - дей­ді Асқар Жұмағалиев. Дегенмен депу­таттар «қара тізімнен» шығу үшін бір ИКАО-­ға күні қарап қалмауын ескертеді. Бұл мақсатта қалаулылар ең әуелі әуе кемелерінің техникалық жай-күйін бақы­лауды күшейтуді талап етеді. «Әуе тасы­малы қауіпсіз болуға тиіс. Бұл авиакомпа­ниялардың және әуе кемелері меншік ие­лерінің кез келген экономикалық негізде­ме­лерінен басым болуы шарт», - дейді Сейітсұлтан Әйімбетов.

Тоқтала кететін жайт, қазір мемлекеттік тізілімде 497 азаматтық әуе кемесі тіркел­ген көрінеді. Ал сарапшыларға сенсек, әуе кемелері паркінің тозығы 80%-дан асқан. Олардың басым бөлігінің пайдалану мер­зімі 20 жылдан асады. Кемелердің қызмет етуінің белгіленген мерзімі 30 жылдан ас­пауға тиіс екенін ескерсек, отандық азамат­тық авиацияның үлкен кемшілігінің бірі сол - тозу. Ал қалаулылар «қара тізім­ге» қатысты проблемаларды бұнымен шек­те­мейді. Ал жалпылама алғанда, авиаби­лет­тердің қымбат болуы, бәсекеге қабі­лет­тіліктің дамымауы, қанағаттанарлық­сыз сервис, рейстердің жүйелі кешігуі және отан­дық авиакомпаниялардың «қара тізімге» ілінуі - осы саланың өзектісі.

Сейітсұлтан ӘЙІМБЕТОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазақстан әлі де болса транзиттік әлеуетті аз көлемде, негізінен аймақ елдері арасындағы (аймақтық транзит) сауда-экономикалық байланыстарды қамтамасыз ету кезінде ғана пайда­ланып келеді. Көлік-коммуникациялық кешеннің дамуы Еуропа мен Азия ара­сындағы транзиттік көпір болып табы­латын елдің геостратегиялық тұрғыдан орналасу артықшылығының толық кө­лемде пайдаланылуын қамтамасыз етуге тиіс. Мысалы, сараптама ұйымда­ры­ның деректері бойынша тек қана Еу­ропа одағы мен Қытай арасындағы сау­да көлемі 2009 жылы 296,3 млрд евроға жетті. Бұл миллиондаған тонна жүк тасымалданып жатқанын білдіреді. Егер қолайлы жағдай жасалса, олар­дың бір бөлігін Қазақстан арқылы өте­тін құрлық және теңіз жолдарымен тасы­малдауға болар еді.

Тақырыпқа тұздық:

Мамандардың пайымынша, бүгінгі таңда Қазақстанда қозғалыс жылдамдығының азаюы, жолаушылардың жолда болу және тауарларды жеткізу уақытының ұлғаюы, көліктік пайдалану шығыстарының артуы және ең сорақысы, жол апатының көбеюі орын алуда. Мәселен, 2011 жылмен салыстырғанда 2012 жылы жол-көлік оқиғаларының саны 18%-ға өсіп, 14 мың жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 3 мыңнан астам адам қайтыс болды. Ал соңғы бес жылда еліміздегі көлік саны көбейіп, 4 млн бірлікке жетті. Олардың 80%-ынан астамының пайдаланылу мерзімі жеті жылдан асқан. Бұл ретте жолаушыларды автокөлікпен тасымалдау үлесі 99,1%-ды құрайды.

Қанат ҚАЗЫ, Астана

"Алаш айнасы" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2115
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2527
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2226
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1629