Сейсенбі, 26 Қыркүйек 2023
Алашорда 3578 0 пікір 28 Ақпан, 2023 сағат 14:31

Тұңғыш

Темірбек  Жүргеновтің 125 жылдығына

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, Үлкен террор құрбаны Темірбек  Қараұлы Жүргеновтің туғанына 125 жыл толады. Осы 2023 жыл Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының шешімімен Темірбек Жүргенов жылы деп жарияланды.  

Темірбек  Қараұлы Жүргенов   Қазақ АССР-іне  1933 жылы Ағарту жөніндегі халық комиссары боп  келген-тін. Қысқа да нұсқа сөйлеп, көп шаруа тындыруға дағдыланған, алға биік мақсат қоя білетін және соған табандылықпен  жетіп отыратын бұл  адам күллі күш-жігері   мен   қажыр-қайратын алапат ашаршылықтан қалжыраған республикадағы мәдени  революция  ісіне арнаған еді.

Алматыға ауысқанға дейінгі он жылын Жүргенов   Түркістан өлкесінде өткерді. Орта Азия мемлекеттік университетінің (САГУ-дің) қатардағы студенті шағынан түрлі мемлекеттік істерде   шыңдалып, ысылған тәжірибелі қайраткер болды.1929 жылы Тәжік  ССР-і, 1930 жылы Өзбек ССР-і секілді одақтас республикалардың үкімет  мүшесі – халық комиссары дәрежесінде қызмет етті.

Ол САГУ-ге Орынборда жұмысшы факультетін (рабфакты) бітіргеннен соң, 1923 жылы түскен еді. Сол жылы Қазақ АССР-інің Түркістан АССР-індегі толық өкілетті өкілі болып тағайындалды. Мұндай шешім, әрине,  оның Совет өкіметін орнату әрі нығайту ісінде практикалық іс-тәжірибесі барлығын ескеріп қабылданған-ды. Жүргенов 1918 жылы Әліби Жангелдиннің басшылығымен   Советтердің    Торғай   облыстық    съезін өткізуге атсалысқан. Одан кейінгі уақыттарда Ырғыз өңірін ақтардан азат етуге қатысты. Болыстық ревкомның төрағасы, үйездік ревком төрағасының орынбасары, одан төрағасы, үйездік атқару комитетінің төрағасы болды. Большевиктер партиясына 1920 жылы кірді.

Темкең Қазақ және Түркістан республикалары Орталық Атқару Комитеттерінің мүшесі ретінде сол кездегі саяси өмірдің ішінде жүрді. Орта Азияда 1924 жылы жүргізілген  ұлттық-мемлекеттік тұрғыда жіктеп-межелеу науқанының бел ортасынан табылды. Ол Қазреспублика шаңырақ көтергелі алға қойылып келе жатқан мәселені –Түркреспубликадағы қазақ аймақтарын Қазақстанға қосу шаруасының осы науқанда тиянақталуына атсалысты.

Жергілікті халықтардың тұрмыс-тіршілігін Түркістанның этнографиялық картасын жасау мақсатында зерттеген комиссияның  жұмысына Жүргеновтің «Еңбекші қазақ» газеті беттерінде жариялаған очерктері елеулі үлес қосты. Ол қазақтардың жалпы жағдайын, санын, кәсібін, шаруашылығы мен әлеуметтік өміріндегі өзгерістерді, атқарылуға тиіс міндеттерді жеке-жеке қарастырып, орын алған жаңсақ пікірлерді сынаған. Отаршылдардың қайткенде біріктірмеу саясатымен – «Бөлшектеп таста да – билей бер!» ұранымен – қазақтарды ту-талақай етіп Қоқанға, Бұқар әмірлігіне, Хиуа хандығына қосқанын марксист-зерттеуші ретінде жіті сараптап берген-тін. Оның қоғамдық ойды дамытуға атсалыса аларлық қабілетін САГУ-ді бітірерде жазған диплом жұмысы да танытты. «ССРО мен Қазақстанды әкімшілік-шаруашылық жағынан аудандарға бөлу проблемасы» деп аталатын бұл еңбек үздік бағаланып, жеке кітап боп шықты. Ұлттық кітапхана кітапхана қорында тұрған, бүгіндері зерттеушілер қайта бастырған осы кітапқа жазған алғысөзінде университет профессоры бұл диплом жұмысының жоғары мектеп бітірушіге қойылар талаптар деңгейінен әлдеқайда асық дәрежеде орындалғанын атап көрсетіпті.

Жүргенов арнайы орта білімді мұғалімдер даярлайтын халық ағарту институтының – әйгілі Киринпростың орнына тұңғыш рет 1926 жылы Ташкентте ашылған Қазақ педагогика  институтының бірінші  ректоры  болған еді. Осы  алғашқы ұлттық педагогикалық жоғары оқу орнының дүниеге келуіне байланысты, ол сол жылы «Советская степь» газетіне педвуз міндеттері   мен  бүкіләлемдік   мәдениетті   жерсіндіру, жергілікті халыққа жеткізу мәселелері туралы мақала берсе,   келесі   1927 жылы   «ҚАССР-інде   жоғары оқу   орындарын    ұйымдастырудың    нәтижесі   мен болашағы»   деген   тақырыпта   баяндама   жасады.

Баяндамасы «Қазақ педагогика институтының бір жылғы жұмысы»   деген   атпен жеке   кітапша боп басылып шықты. Мұнда  мәдениет   майданындағы   ұлтшылдық пен шовинистік көзқарастарға қарсы күрес жақсы көрініс тапқан. Ұлт нигилистері ол кезде: «Қазақ өз алдына жоғары мектеп  ашарлықтай дәрежеге әлі  жеткен   жоқ,   мына   институт   қазақ халқына бөтен  мәдениетті   тықпалайтын   болады!» – деп үріксе,   шовинистер   жоғары   оқу   орындарын қазақтарға арнап ашудан мүлдем бастарту саясатын ұстанған-тын. Темірбек Қараұлының бұл орайдағы ұстамды, дәйекті пайымдары кемел  сарапшылдығымен таңғалдырады.

Қазақ студенттері үшін Темкең саяси экономия оқулығын орысшадан аударып, бастырып шығарды. Оның сол еңбегі он жыл бойы, сонау қанды қара кұйын тұрған жылдарға шейін, жоғары мектеп студенттерінің, партия, совет, шаруашылық қызметкерлерінің, ғылыми-творчестволық  интеллигенцияның кәдесіне жаратылып жүрді. Және бұл аударма әдеби тіл мен ғылыми терминологияны қалыптастыруға, тәржіме ісінің практикасы   мен теориясын   байытуға қосылған нақты үлес болатын.

Педагогика  институты ұзамай   Алматыға көшіріліп, тұңғыш университет ретінде бой түзеген де, Жүргенов САГУ-дің мемлекеттік құқық бойынша ғылыми қызметкері болып істей берген. Алайда БК(б)П Орталық Комитетінің Орта Азия Бюросы   (Средазбюро)   оны   мемлекеттік  шаруаларға жұмсауды қажет деп тапты. 1929 жылы Жүргенов Тәжік АССР-інің статистикалық мекемесін басқаруға жіберілді. Көп ұзамай ол Өзбек   ССР-інің құрамындағы  автономиялық тәжік республикасын одақтық мәртебеге көтеру жөніндегі комиссия мүшесі қатарына енгізіліп, жемісті еңбек етті. Сөйтіп сол 1929 жылдың қазанында құрылтайшы съезін өткізіп, одақтас   республикаға айналған Тәжікстанның Қаржы  жөніндегі  халық комиссары лауазымына сайланды.

Бұл кезде Өзбекстанның ағарту саласындағы «халық жауларын әшкерелеу» науқаны жүріп жатқан еді. Осы әсіре қудалауды жүзеге асырған  саяси мекеменің қуғын-сүргіні салдарынан Өзбек ССР-інің Ағарту халкоматы басшысыз қалған болатын. Бұл ахуалды назарда ұстаған БК(б)П Орталық Комитетінің ұйғарымымен Темірбек Жүргенов 1930 жылы Өзбек ССР Ағарту  халық комиссары лауазымына бекітілді. Ол осы қызметінде 1933 жылғы жазғытұрым  Қазақ АССР-іне жіберілгенге дейін істеді.

Партиядан жаңа тапсырма алғанда Жүргеновтің өзіне қандай тарихи  миссия жүктелгенін айқын түйсініп, міндетіне асқан жауапкершілікпен кіріскені анық.   Себебі бұл шақта қазақ өлкесі солақай саяси басшылық пен шолақ белсенділердің безербеттіктері салдарынан ұлттық апатқа ұшырап, екі миллионнан астам  адам өмірі мен қырық миллионға тарта  мал басын   шығындаған да, қатты есеңгіреп тұрған. Асыра сілтеу зардаптарын жою кезек күттірмес  мәселе-тін.  Мақсат – тоз-тоз болған  халықтың    еңсесін    көтеру,   күйзелген шаруашылығын түзеу, партияға,   социализмге деген сенімін жоғалтқызбай, бекіте түсерліктей шараларды жүзеге асыру еді. Жіберілген   кемшіліктердің сорақы салдарлары   еш жерде   ауызға   алынбай, себептері – «мал   шаруашылығының   құлдырауы», «азық-түлік қиыншылығы» деген сыпайы сылтаулармен   алмастырылды. Халық өзіне жасалған қастандықты да, қылмысты да жылдам кешті. Таза қазақы ұғым – өлгеннің артынан өлмек жоқ, тірі кісі тіршілігін ойлау керек... Жақсылықтан үмітін үзбеген жұрт жаңа жетекшілердің соңынан еріп, жарқын болашаққа қол созды. Сөйтіп, Ресей Федеративтік Республикасының құрамында шаңырақ   көтеріп, автономиялы қазақ республикасы   болғандарына   мүшел  толғанда  кезіккен кесапаттан шұғыл арылып, тір қалғандардың қайта түлеуі нәтижесінде халық жаңа сапада жаңғырды, ел одақтас республика тәжін киді. Бірақ ол шаққа дейін әлі талай уақыт  бар...

Алматыға келген бетте Қазақ АССР Ағарту халық комиссары боп бекітілген Темірбек  Қараұлы Жүргенов ұзамай БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің бюро мүшелігіне енгізілді. Оның бастамалары Қазөлкекомның бірінші хатшысы Левон Мирзоян мен Қазхалкомкеңес төрағасы Ораз Исаев, Қазатком төрағасы Ұзақбай Құлымбетов тарапынан әрдайым қолдау тауып отырды. Содан бергі үш жыл ішінде Қазөлкекомның бюро мүшесі, Ағарту халкомы Жүргеновтің басшылығымен Қазақстанда аңызға лайық істер тындырылды. Халықты біліммен, мәдениетпен бауырластыру ісі шын мәніндегі революциялық өзгеріске ұшырап, рухани өмір  ерекше қарқынмен дүмпи дамыды.

Республикада мәдени революцияның тап сол шақта қалай өрістегенін көрсететін материал баршылық. Әдебиет пен өнер қайраткерлері, тарихшылар ондаған құнды естелік, зерттеу жазды. Мәдени революция штабының басында тұрған Темкеңнің өзі де түрлі кітап пен мерзімді басылым беттерінде бағалы мағлұматтар қалдырған. Газет тігінділерінде халық комиссары Жүргеновтің сан-алуан мақалалары, сөздері мен берген интервьюлері сақтаулы. Солармен танысу – жоғарыдағы ойды түйе отырып, мына қорытындыны жасауға жетелейді: Темірбек Жүргенов – қазақ еңбекшілерінің революциялық қажыр-қайраты мен мүмкіндіктерін кемсітуден туған, «Октябрь дауылы түк әсер етпей, жанынан зу етіп өте шыққан» делінетін ауылдарда, енді, Ұлы Октябрь жеңісінен бері бір мүшел өткен соң, «қазақ ауылдарында Кіші Октябрь революциясын жасау қажет» дейтұғын барып тұрған дарақы, жалған, бейреволюциялық теория ығында жүзеге асырылған жан түршігерлік қылмыс салдарынан қаңырап босап қалған даланы, әбден тоқырап, тұралаған мәдени-әлеуметтік өмірді дүр сілкіндіре оятып, күмбір-күмбір көңілді де үмітті үнге толтырған, халықты шын мәніндегі рухани жандану жолына түсіруде өлшеусіз көп еңбек сіңірген аса ірі мемлекет қайраткері.

Сол заманнан бері ауыздан ауызға беріліп, ұрпақтан ұрпаққа ауысып келе жатқан мынадай сөз бар: қазақ партия ұйымының жетекшісі Левон Исаевич Мирзоян Жүргеновке қалтқысыз сеніп, әр бастамасын қызу қолдаған екен де, оны қызметтестері арасында ризашылық сезіммен «железный нарком» деп атаған көрінеді. Осы темірдей бекем комиссар атқарған жұмыстарға шағын шолу жасайық.

Ағарту жөніндегі халық комиссариатыпың жаңа нарком келісімен жедел қолға алған негізгі шаруаларының бірі мектеп ісін жақсарту мәселесі еді. Бұл мәселеде Жүргеновтің күрт бетбұрыс жасауға тәжірибесінің жеткіліктілігі жайында «Мектептің түр кемшіліктерін кетіру үшін күрес» деп аталатын Ташкентте басылып шыққан кітапшасы хабардар етеді. Ол Наркомпроста жинақталған ақпарлармен қанағаттанған жоқ. Ауыл-ауылды өзі аралап, оқу-ағартудың жай-күйін өз көзімен көрді. Терең талдауға толы мақалалар жазды. Наркоматтың коллегиясында талқылауға күрделі мәселелер енгізді. Жаппай сауатсыздықты жоюға арналған окулықтар мен көмекші кұралдардың әзірленуін ұйымдастырып, көптеп шығарылуына қамқорлық етті. Алға жаппай орталау және орта білім беру мәселесін шығарды. Мұғалімдер даярлайтын арнайы орта және жоғары оқу орындарын ашуды жүзеге асырды. Мұғалімдердің бірінші съезін шақыруға ұйтқы болды. Съезде жағдайды жан-жақты саралаған проблемалы баяндама жасады.

Қазақстандағы мектептердің құрылымын ретке келтіру, қазақ орта мектептерін көбейту туралы БК(б)П Қазөлкекомы мен республика үкіметі бірлескен қаулы қабылдады. Бұл маңызды құжат Бюро және Үкімет мүшесі Жүргеновтің бастамашылығымен әрі тікелей араласуымен дүниеге келген-тін. Сол қаулыны басшылыққа алу барысында оқу-ағарту ісі жаңа сапалық белеске көтерілді. Егер мектеп қажетіне бөлінген қаржы қаулы қабылданған жылы әр жанға шаққанда 33 сом болса, келер жылдарда 90 сомнан айналды. Республиканың барлық облыстарында мектеп құрылысына баса назар аударылды.  Республикада жүздеген  жаңа мекен-жай оқушыларға есігін айқара ашты. Тек Алматының өзінде 18 мектеп ғимараты салынды. Осы құрылыстар біткенше Темкеңнің жарғақ құлағы жастыққа тимепті. Нысандарды елең-алаңнан аралап, кеңседегі жұмыс сағаты басталғанша құрылысшыларды жігерлендіріп қайту – комиссардың күнделікті ережесіне айналған көрінеді.

Жоғары мектеп қатарын көбейту қажеттігі де көңілден кетпейтін. 1926 жылы Ташкенттегі алғашқы педвузды басқарып  өзі ізашар болған сол істің өрісін кеңейтуді енді  Жүргенов,   халық   комиссары   ретінде,  қайта қолға алуға және   онымен   мемлекеттік   дәрежеде айналысуға тиіс болатын. Түрлі қиыншылықтарды жеңе білу нәтижесінде,  1934 жылы Қазақ университеті, тау-кен-металлургия институты және коммунистік  журналистика   институты  шаңырақ  көтеріп, казақ жастарына есіктерін айқара ашты. Дегенмен, бұлар ұлт кадрларына, түрлі сала мамандарына мұқтаждықты   толық   өтей қоймайтын.   Сондықтан    жастарды Совет Одағының байырғы   оқу орындарына  мақсаткерлікпен жіберіп тұруға ерекше көңіл бөлініп тұрды. Темірбек Қараұлы істеген жылдары республикадан тысқары университеттер   мен   институттардан  3 мың адам мамандық алып қайтты.

Халық ағарту және жоғары мектеп шаруаларымен қатар ұлт тілін дамыту, оның қоғамдық функциясын арттыру, қазақша сан-алуан терминдер жасап, қалыптастыру істері қоса жүргізілді. Ертеректе оқыған интеллигенцияның күшімен жаратылыс ғылымдарының әр саласынан оқулықтар жазғызылды. Тіл-әдебиет окулықтарын жазуға әдебиетшілер үлес қосты. Наркомпрос бұл орайда арнайы мерзімдік басылым шығарды. 1935 жылдың қаңтарында жарық көрген «Мемлекеттік терминдер комиссиясының бюллетені» мамырда  өткен мәдениетшілер съезіне дейін төрт номерін шығарып үлгеріпті. Осы істердің де басы-қасында Жүргенов тұрды. Ол Қазақстандағы тіл құрылысы мәселелерімен лауазымы жүктейтін міндетке байланысты ғана шұғылданған жоқ, бұған оның – ұлт тілінің білгірі, өзекті мәселелер хақында қазақ және орыс тілдерінде публицистикалық мақалалар жазып жүрген көсемсөз шебері, революциялық ойдың түсінікті тілде жеткізілгенде ғана жеңімпаз күшке айналатынына кәміл сенетін қайраткер Жүргеновтің – жеке өз басы да сөз жоқ ынталы болды.

Темкеңді халық жүрегіне айрықша бекем ұялатқан тұс – мәдениет майданындағы, өнерді дамытудағы кесек-кесек істері еді. Соларды атамас бұрын, алдымен, аздап шегініс жасайық. Темірбек Қараұлының мәдениет саласындағы сонша ірі қайраткер дәрежесінде ел сүйіспеншілігіне бөленуі қандай алғышарттармен дәйектеледі? Мәдени революцияның тұтқасын ұстарлық қасиет оның бойында дағдарысқа ұшыраған қазақ өлкесінде істеуді партия тапсырған соң ғана пайда болған ба? Бірде ол өмірбаянында өзін жоғары оқу орнында экономика, құқық пәндері бойынша алған біліміне сай ғылыми жұмыста пайдаланғанды дұрыс көретінін айтыпты ғой?

Жауап Жүргеновтің ғұмыр жолында жатыр: мәдениет қайраткеріне қажет қасиет оның бойына жастай дари бастаған. Бала кезінде Темірбек Бұхара медреселерінің түлегі, әйгілі шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуовтен дәріс алды. Шығыс поэзиясымен, өзбек, тәжік тілдерімен жақындасуы сол ұстазының  ықпалынан екенін ол кейін талай мәрте ілтипатпен еске түсірген көрінеді. Тәжікстан мен Өзбекстанда істеген жылдары Темкең жергілікті халықтармен өз  тілдерінде қарым-қатынас жасаған, ресми жиындарда баяндамалар жасап, сөз сөйлей берген екен. Ал журналистикамен ертеден-ақ бауырласқан-тын. 1918 жылы Орынборда Торғай облыстық Кеңестерінің органы болған «Қазақ мұңы» газеті редакторының орынбасары болды. (Бұл газет 1918 жылғы 16 апрельден шыға бастады да, Орынборды ақтар алуына байланысты уақытша тоқтап, 1919 жылдың 17 желтоқсанында «Ұшқын» деген атпен қайта көрінді. Осы датаны «Егемен Қазақстан» өзінің туған күні деп санайды). Темірбектің баспасөзге келуіне Перовск (Ақмешіт, Қызылорда) жоғары орыс-тузем мектебі қабырғасындағы әдебиет үйірмесінің әсері болуы ықтимал, ал қаламының тез төселіп кетуінде, дау-дамайсыз, «Қазақ мұңының» редакторы Нәзір Төреқұловтың – кейін партия, мемлекет қайраткері, ССРО баспа ісін ұйымдастырушылардың бірі, дипломат (Сауди Арабстанда елші) болған, қазақ, өзбек, орыс, тәжік тілдерінде сөйлеумен қатар араб, парсы, неміс тілдерін білген, шығыстану ғылымында елеулі із қалдырған азаматтың үлесі бар.

Әйтсе де нақты мысалдарға жүгінейік. 1921–1923 жылдары Темірбек Орынбор жұмысшы факультетінде оқыды. Бұл Александр Викторович Затаевичтің сонда қазақ музыкасын жинап жүрген кезі. Оның әйгілі кітабы – «Қазақ халқының 1000 әні» – 1925 жылы шықты. Этнограф кітаптың түсіндірмесінде Жүргеновті Сырдария әндерінің ғаламат білгірі, өзіне Хиуа қазақтары әндерінен бағалы мәліметтер берген байыпты жас казақ-интеллигент деп атап, «өзімнің сонша тырысқаныма қарамастан, осы адамның өз отанындағы ежелгі ән творчествосынан көл-көсір хабардарлығын, өкінішке қарай, мейлінше толық пайдалана алмадым» деген сөздермен құнды пікір білдіреді. Сол кездері 23-24 жастағы Жүргенов тек Затаевичтің информатор-тілшісі болып қана қоймаған. Рабфак оқуы аз алдына, ол қазақ ақындарының өлеңдері мен толғауларын жинастырды. Өзіндей оқу қуғандармен кездесіп тұруға да уақыт тапты. Оны Орынборда оқитын қазақ жастары өздерінің ақылшы ағасындай көрді.

Бұл орайда Серке Қожамқұловтың қызық естелігі бар. Ол Темірбекті ұшқыр ойлы азамат, байыпты әңгімеші ретінде дәріптейді. Татардың халыққа білім беру институты  (ТИНО)  жатақханасына   рабфакшы Темірбек жиі келіп, бәрін жылдам баурап алатын,  көңіл-күйлерін  көтеріп,  жігерлерін   тасытып кететін. Студенттер оны әрдайым қуана қарсы алушы еді, өздері де іздеп барып, көкейлеріндегі мазалаған сауалдарына жауап алатын да, көңілдерін демдеп, мәз болатын.   Серағаңның   көркемөнерпаздар    қатарына қосыла бастаған шағы ғой.  Темкең өзі шығарған «Бастық алдындағы тілмаш»   деген   сықақ өлеңін  оқып бергенде, қуана-қуана жаттап  алыпты. Өлең  1920 жылы «Ұшқын» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде жарияланған-тын.  Қожамқұлов оны  1926 жылы Қызылордада, Ұлт театры тұңғыш шымылдық көтергенде, үлкен сахнадан оқиды. Қатты риза болған көрермендер көздерінен жас аққанша күліп, артисті ұзақ уақыт жібермей қойса керек. Содан «Тілмәш-аудармашы» Серкенің репертуарынан бекем орын тепкен, тіпті 1936 жылғы Мәскеу декадасының концерттік бағдарламасына да енгізіліпті...

Ал Жүргенов Сыр бойы сүлейлерінің туындыларынан құрастырған жинағына кіріспе мақала жазып, қолжазбаны баспаға тапсырған-ды. Кітап «Терме» деген атпен 1924 жылы жарық көрді. Кейін, 1936 жылы, Совет Одағының астанасында өтпек  әйгілі онкүндік қарсаңында, ол жинақты едәуір толықтырып, жаңадан алғысөз жазды да, «Қазақ халық ақындары» деген атпен, екі тілде, Мәскеу мен Алматыда бастырды...

Жаңа басшының ерік-жігері мен қатаң талабы наркомпросты тез арада мәдениет майданының бас штабына айналдырды. Темірбек Қараұлы қарамағындағы қызметкерлерге де, өнер адамдарына да өз иланымын дарытып, оларды тың істерге жұмылдыра білді. Барлық шаруаның басы-қасында өзі жүрді. Әр жаңа лепке мемлекеттік көзқарас танытып, мән беріп отырды. Мәдени революцияның жаңа кезеңі барысында жылт етіп көрінген жаңалықтарды өлкелік партия комитеті мен республика үкіметінің басшыларына шұғыл жеткізіп, солармен бірге қуанатын. Ол қазақ өнерінің көркемөнерпаздар деңгейінде тұрып қалған мимырт тіршілігіне жан бітірді, от қойып, лаулатты. Күллі мәдениет жұмысын өрлеу жолына бет алған елдің рухына сәйкестендіріп, қайта құрды. Және сол қызметі бойынша ол үш жылда үш емтихан тапсырып, үшеуінен де сүрінбей өтті...

Ағарту комиссары міндетіне кіріскен 1933 жылдың алғашқы жартысында Жүргенов халықтың музыкалық мұрасын социалистік мәдениетті өркендету қызметіне жаратуды мақсат етіп алға тартты да, соны біртіндеп шешуге кірісті. Әуелі музыка-драма техникумында қазақ ән-күйін зерттейтін ғылыми кабинет ашты. Ұзамай сол кабинеттің жанынан халық музыка аспаптарын жасайтын шеберхана ұйымдастырып, онда істейтін шеберлерді табуға да өзі тікелей араласты. Ахмет Жұбановтың домбырашылардан оркестр құруына ұдайы қамқорлық көрсетіп отырды. Ұлттық өнер кадрларын баулитын ұстаздарды Мәскеу, Ленинград, Ташкенттен шақыртты. Музыка студиясын ашып, аз уақытта оны музыка театрына ұластырды. Хореография мектебін, қуыршақ театрын ашты. Театрларға арнап сценарий, пьеса, либреттолар жаздыруға ұйтқы боп, жазылған жұмыстарды талқылауға міндетті түрде өзі қатысты, тіпті талқылауларды өзі басқарып, қорытып отырды. Костюмерлерге шейін назарынан тыс қалдырмады, спектакльдерге қажет костюм үлгілерін қазақ тұрмысының, этнографиясының білгірі ретінде өзі түсіндіріп, тігілген киімдердің алғашқы сыншысы болды.

1934 жылғы маусым айында Бүкілқазақстандық   халық өнерпаздарының бірінші слеті болды.  «Казахстанская правда» газетінде Жүргенов слетке орай берген интервью   (24.V. 1934 ж.)    мен слеттің   жабылу рәсімінде сөйлеген қорытынды сөз  (27.VІ.1934 ж.) бар.  Сұхбатында ол  профессионал   өнер   байқауы ретінде слет өткізу идеясы   1933   жылдың күзінде туғанын,    слетке    республика   өнер  шеберлерінің «Шұға»   музыкалы спектаклі,   алғашқы  домбыра оркестрінің,  бишілер  тобының  концерттері  секілді  біршама тосынсый әзірленгенін, сондай-ақ Қазақстанның халық артисі А.В. Затаевичке құрмет көрсетіп, оның   республикадағы   он   жылдық   қызметін тойлау жобаланып отырғанын   айтса,   қорытынды сөзінде қарт ақын Жамбылдан бастап,   жас әнші Ғарифоллаға   дейінгі   халық   таланттарын   қалың жұртшылыққа танымал еткен алғашқы кәсіби өнер   байқауы тәрізді слеттің маңызы мен мән-мағынасына тоқталған.

Еңбекшілерді өнермен  бауырластыру   ісі жаңа қарқынмен    өрістей    түсті.    Облыстарда,   кәсіпорын, өндіріс ошақтары  мен  ауылдарда  көркемөнерпаздар   коллективтері  нығайтылып,   жаңадан   құрылып,   хал-қадерлерінше өсіп-өркендеп  жатты.   Астанада филармония дүниеге келді, оның   құрамында   халық аспаптар оркестрі, ұлттық хор мен би ансамблі, казак-орыстардың ән-би ансамблі жұмыс істеді. Музыка театрында орыс труппасы өнер көрсетті. Көркемсурет галереясы құрылды. Нарком Жүргенов 1935 жылдың мамыр айында өткен мәдени құрылыс қайраткерлерінің бірінші съезінде үлкен баяндама жасады. Халық комиссары мұнда республикадағы мәдени революция бағыттарын дәйектілікпен талдай келе, ағарту істерімен қатар кәсіби өнер және көркемөнерпаздар жұмысына мол көңіл бөліп, шешімін күткен  мәселелерді  көтерді.   Баяндама   жеке кітап болып басылып шықты.

Қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі бірінші онкүндігіне дайындық мәдениетшілер съезінен кейін-ақ басталып кеткендігін Жүргеновтің ұлт өнері, ағарту ісі, мәдениеті, әдебиеті мен ғылымының жетістіктері және проблемалары жөнінде 1936–1937 жылдары жазған көптеген мақалаларынан, берген интервьюлерінен айқын аңғаруға болады. Еліміздің астанасында 1936 жылғы мамырда өткен декада қазақ совет мәдениетінің әрі айтулы мерекесі, әрі одақтық көлемде тапсырған аса маңызды емтиханы еді. Темірбек Қараұлының бұл тұстағы еңбегі көптеген естеліктерде егжей-тегжейлі, үлкен сүйіспеншілікпен баяндалған. Онкүндікке қатысушылардың Кремльдегі Үлкен Сарайда партия және үкімет басшыларымен, астананың өнер қайраткерлері және еңбекшілері өкілдерімен кездесуінде Жүргенов: «Мәскеуде біз көп нәрсені үйрендік, бізге өз жұмысымыздың сапасын одан әрі жақсарту, Қазақстандағы мәдени революцияны күшейте түсу міндеті жүктелетінін ұғып, қабыл алдық», – деді («Правда», 26.V.1936 ж.). Қазақтың социалистік мәдениетін дамытуда сіңірген аса ірі еңбегі үшін мәдениет қайраткері Темірбек Жүргенов республиканың бір топ артист, ақын, жазушысы қатарында (Жамбыл, Күләш, Құрманбек, Сәкенмен бірге) Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

1937 жылдың басында музыка театрын ұлттық опера және балет театры деп атау туралы шешім қабылданды. Темкең енді оған атына лайық ғимарат салғызуды армандады. Қазақ опера театрына жаңа ғимарат салу мәселесінің күллі ресми жағын реттеп, ең арғысы, ғимарат бой түзер орынға шейін өзі таңдады. Онкүндіктен кейін шыққан кезекті еңбек демалысында Одессадағы опера және балет театрына соғып, театр үйінің суреттерін, сызбаларын, құрылысының түрлі құжаттамалары көшірмесін алып қайтқан. Алматыда салынуға тиіс мемлекеттік театрдың бұрынырақта өткізілген бүкілодақтық конкурста бәйге алған алғашқы жобасы соған ұқсас еді. Жобаның авторы мәскеулік архитектор Николай Алексеевич Круглов өте ізденімпаз, тиянақты кісі екен, Қазақ Халкомкеңесінде айтылған пікірлерді ескеріп, жобаның түзетілген нұсқасын ұсынған. Предсовнарком Ораз Исаев та, Наркомпрос Темірбек Жүргенов те оның архитектурадағы авангард пен классика тәсілдерін өзара ұтымды үйлестіріп, біртұтастыққа қол жеткізгенін аңғарды, дегенмен сыртқы көрінісіне аса қанағаттана алмады.

Жүргенов көптеген еуропалық, әсіресе Ленинградтағы опера үйлерінің альбом-кітаптардағы суреттерін қарай келе,  ұлы архитектор Россидің жобасымен салынып, Александринский театр (император Бірінші Николайдың зайыбы Александра Фёдоровнаның құрметіне Александра театры, яғни Александралық театр, Александринский театр) атанған өнер ошағына тоқтады. Исаев екеуі оны сипаттамасымен Мирзоянға алып барып, таныстырды да, ұнатқанын көріп, Бүкілресейлік өнер академиясы жанындағы конкурс жеңімпазы архитектор Круглов істейтін топқа тікелей өтініш білдіріп, жобаны Александралық театр ғимаратына сәйкестендіре, шұғыл түзеп шығуға тапсырма беруін сұрады.

Ұсыныстары толығымен құпталды. Аз уақытта Қазақ партия ұйымының басшысы Левон Мирзоянның директива іспетті өтініші қабыл алынғаны мәлім болды. Алғашқы жобаның авторы Николай Круглов қасына Николай Простаков деген архитекторды алды да, екеулеп қазақ опера театрының жобасын Александра театры үлгісін алға ұстай  отырып қайта қарауға кірісіп кетті. Көп ұзамай жоба қабылданып, Халкомкеңестің құрылыс мекемесі нақты жұмысқа кірісті. Театрдың іргетасына алғашқы кірпіш қалануына орай өткізілген митингті Жүргенов ашып, алғашқы сөзді Мирзоянға берді. Бірақ тағдыр оған бұл өнер ғимаратының салынып бітіп, халыққа, халықтың жаңадан дамып келе жатқан опера және балет өнеріне қызмет етуін көруді жазбады...

Мемлекеттік істерде Темкең танытқан   қажыр-қайраттың барлық қыры осылармен тамамдалмайды. 1936 жылы Наркомпрос Алматыда ұйғыр халқы мәдениет   қызметкерлерінің   бірінші   конференциясын өткізді. «Ұйғыр еңбекшілерінің ұлттық мәдени құрылысы» деген тақырыптағы негізгі баяндаманы  Жүргенов жасады. 1937 жылы Жүргенов Бүкілқазақстандық Пушкин комиссиясының төрағасы   ретінде,   республикада ұлы ақынның қаза тапқанына 100 жыл толуына орай ірі іс шараларын жүзеге асыруды ұйымдастырды.  Баспасөзде көптеген зерттеулер жарық көрді. Жер-жерде ұлы поэзияға халық ерекше ықылас қойып, ақын естелігін атап өтіп жатты. Қазақша аудармаға баса назар аударылды. Қазақ даласындағы  ақын   аяғы   тиген   жерде – Орал   қазақ педагогика   институты,   сондай-ақ   ҚАССР-інің 10 жылдығы атындағы мемлекеттік көпшілік кітапханасы бұдан былай А.С. Пушкин есімімен аталсын деп, республика үкіметі қаулы қабылдады.   Темірбек Қараұлының өзі «Бүкілхалықтық ақын» деген үлкен мақала («Каз. правда», 10.ІІ.1937 ж.) жазды. Мәдениет сарайында Мирзоян бастаған республика басшыларының қатысуымен өткен салтанатты жиналысты қысқа да терең кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды.

Онкүндікке орай 1936 жылы Мәскеуде шыққан «Қазақстан» деген кітапта ол: «Классиктер мен совет жазушыларын аудару қазақ халқын Одақтың  және Батыстың тандаулы әдеби шығармаларымен бауырластырып, қазақ жазушыларының интернационалдық байланыстарын нығайтты», – деді. Мұнда оның өзінің де үлесі бар еді. Ұлттардың рухани жақындасуында тәржіме ісі алар орынға лайықты мән бере білген нарком «Бұқарада оқыған молда» ретінде жергілікті шолақ белсенділер теперішіне түскен Тұрмағамбет ақынды құтқарып, Наркомпросқа ғылыми қызметкер етіп алды. Шығыс білімпазына жан-жақты жәрдем беру жөнінде үкімет комиссиясын құруға мұрындық болды. Дербес пенсия тағайындатты. Фирдоусидің «Шаһнамасын» аударуына жағдай туғызды. Өзіне жасалған қамқорлық шабыттандырған ақын әйгілі дастанды он айда тәржімелеп   шықты...

Ойдағыдай өрістетілген мәдени революцияның арқасында Ресей Республикасының құрамындағы қазақ елі «тәуелсіз социалистік мемлекет» мәртебесіне көтерілді: 1936 жылғы 5 желтоқсанда Советтердің Төтенше бүкілодақтық сегізінші съезінде қабылданған ССРО-ның бірауыздан сталиндік деп аталып кеткен екінші Конституциясы бойынша Қазақстан Одақтас республикаға айналды. 1937 жылдың наурызында өткен Советтердің Төтенше X Бүкілқазақтық съезінде нарком Жүргенов съезд құрған редакциялық комиссияның құрамында Қазақ ССР Конституциясы мәтінін ақырғы өңдеуден өткізуге қатысты. Ал маусымда болған Қазақстан Компартиясының бірінші съезінде Орталық Комитетке мүше болып сайланды. Алғашқы ұйымдастыру пленумында Орталық Комитеттің Бюро мүшесі болды. Ұзамай, Семей сайлау округінен ССРО Жоғарғы Советінің депутаттығына кандидат боп ұсынылды.

Алайда Орталықтан ызғырықты суық жел есе бастаған болатын. БК(б)П Орталық Комитетінің 1937 жылғы ақпан-наурыз пленумында Бас хатшы Сталиннің аузынан заң боп шыққан қате де қатерлі тезис қара ниетін саясатпен білдірмей бояп қоюға шебер шолақ белсенділерге тыңнан қуат берген-ді. «Троцкистерге қарсы күресте қазір ескі әдістер – дискуссия әдістері керек емес, жаңа әдістер, түп-тамырымен құрту, талқандау әдістері керек» екендігі оларға майдай жаққан. «Халық жауларын» «табу» мен жою Қазақстанда айрықша қарқын алды. Шілденің ыстық күндерінде күні кеше Қазақстан Компартиясының бірінші съезі сайлаған Орталық Комитет пен оның Бюросының мүшелері үшін ақпанның мұзды ызғары соқты... 1937 жылғы 2 тамызда Темірбек Жүргенов өз кабинетінде қамауға алынып, республика Ішкі істер халық комиссариатының ішкі түрмесіне жабылды.  Бұл «Барса-келмеске» «қара құзғын» Қазатком төрағасы Ұзақбай Құлымбетовті, егіншілік, қаржы, денсаулық сақтау халық комиссарлары Нығмет Сырғабеков, Ілияс Молдажанов, Хасен Нұрмұхамедовтерді, Алматы облыстық және қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Жанайдар Садуақасовты,    облыстардағы, ірі өнеркәсіп орындарындағы басшыларды бірінен соң бірін тасып әкеліп жатты...

ССРО Жоғарғы сотының Әскери коллегиясы 1938 жылғы ақпан–наурыз айларында Алматыда көшпелі сессиясын өткізіп, 25 ақпандағы алғашқы мәжілісінде Темірбек Жүргеновті атуға үкім етті (бұл күні барлығы 39 қайраткер сотталып, бәрі бірден 1934 жылғы 1 желтоқсан заңына сәйкес ізінше атып тасталған болатын). Араға айға жуық уақыт салып, 22 наурызда, мерзімді басылымдар «ұлтшыл-фашистер, троцкийшілдер мен бухариншілер» – ішінде Темірбек Жүргенов бар 19 партия, совет қызметкерлері – «Отанға опасыздық істеп, Қазақстанды СССР-ден бөліп әкетуге, оны шетел империализмінің колониясына айналдыруға тырысқан әрекеттері, терроршылдық істері, зиянкестік және диверсиялық жұмыстары, шетел мемлекеттерінің пайдасына шпионаж жасаған... қылмыстары үшін» айыпталып, жазаның жоғарғы шарасына кесілгенін және үкімнің орындалғанын хабарлады...

Жүргенов 1957 жылдың 18 сәуірінде ақталды. «Отан опасызының отбасы мүшесі» ретінде еңбекпен түзеу лагеріне сегіз жылға айдалған жары Дәмеш Әмірханқызы Ермекова-Жүргенова азаттық алысымен зайыбы Темірбек Қараұлының адал есімін қоғамға қайтару, еліне сіңірген еңбегін ұрпақ үшін жаңғырту мәселелерімен табандылықпен шұғылданды. Оның қажырлы ұмтылысы нәтижесінде мемлекет және қоғам қайраткері, айтулы мәдениет қайраткері Жүргеновтің саяси репрессия ұмыттырған істері жайындағы деректер тірнектеп жинала бастады. Содан бері сан түрлі зерттеулер, естеліктер  жарық көрді. Деректі фильмдер шығарылды. Қайраткердің өмірі мен қызметін 125 жылдығына орай жұртшылыққа таныта түсу  мақсатымен бұл күнде Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қор елеулі жұмыстар жүргізіп келеді.

Түркілік мәдениеттің ТҮРКСОЙ (аббревиатура «Түрк мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту» ұғымын беретін түрікше тіркестің бас әріптерінен алынған) атты түркі елдерін біріктіретін халықаралық ұйымының (оны түрк әлеміндегі ЮНЕСКО деп атайды) ұйғарымымен биылғы 2023 жылдың «Темірбек Жүргенов жылы» деп жариялануы қайраткерді мейлінше терең танып, еңбегін әділ бағалауға баршамызды міндеттейді.  Жүргеновтің ортаазиялық республикаларға ортақ тұлға болғанын мойындау өз алдына, біз оның бүгінгі мемлекеттік тәуелсіздігімізге даңғыл жол ашқан күрескер екенін қалтқысыз тануға тиіспіз.

Темірбек Қараұлы  Жүргенов алапат ашаршылықтан мүлдем жойылып кетудің аз-ақ алдында қалған қазақты оқумен, біліммен, мәдениетпен бауырластырып, рухын көтерді, сөйтіп, даму мүмкіндігі күдік туғызатын қараңғы жұрт санатындағы халқының биік өнерді меңгеруге қабілетті екенін, озық өркениетпен аяғын тең басып жүре алатынын көрсетті.

Оның жанкештілікпен қысқа мерзімде ұйымдастырып жарқырата өткізген Отыз алтыншы жылғы қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі Декадасы тоталитарлық мемлекет басшылығын аң-таң қалдырып, республиканың автономиялық мәртебесін одаққұрушы тәуелсіз социалистік мемлекет дәрежесіне көтеруіне ықпал етті.

Тұрғылықты, жергілікті халқының саны күрт кеміп, дәстүрлі экономикасы тұралап қалған ел осы жылы өмірге келген сталиндік негізгі заңмен жаңа сапаға жоғарылатылуының арқасында 1991 жылы мемлекеттік тәуелсіздігін жариялай алды. Сондықтан да біз бүгін Темірбек Қараұлы  Жүргенов аруағы алдында бас иіп, ерекше ілтипатпен қол соғуға тиіспіз. 

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алашорда

Тіл жанашыры – Нәзір Төреқұлов

Бағлан Ташимов 2116
Білгенге маржан

Хилда Хукхэм. Ұлы қолбасшылар...

Бейсенғазы Ұлықбек 2069
Ақмылтық

Билік мыңқ етпеді

Ғаббас Қабышұлы 2420