Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3654 0 пікір 1 Сәуір, 2013 сағат 10:34

Жанат Ахмади. Дүрбелең (жалғасы)

Сегізінші тарау

1

Былтырғы өткен жаз еді. Керімбек ауылы қаз қалпында бүгінгі дәл осы қоныста отырған болатын. Түс ауған шақта табиғаты алмағайып Жоңғар жазының көк шатыр аспаны ап-ашық тұрып, бір мезетте Сымтастың биігіне түңіліктей қара бұлт шықты. Сол-ақ екен, әп-сәтте таудың басын түнертіп, әне-міне дегенше жайлау аясын сатырлаған қалың нөсер, сел жуып кетті. Жып-жылы бір жауын шүмектеп құя жөнелген. Қызық еді. Тағы біразда тіпті тау үстінің тұтасқан күн күркілі әлі басылмай жатып-ақ, мына жақ қайтадан шайдай ашылып, жарқ ете түсті. Өлкені енді бір өткінші, кесек-кесек нұр жанбыры алып тұрды. Күліп шыққан күн сәулесінде айрықша ірі, сирек тамшылар гауһардай жалтырауда. Өтер бір дәуреннің шаттық көші, елесі тәрізденген. Осындай бір жүрекке қуаныш толтырған көркем шақта үлкен ауылдан қос бойжеткен шығып, сейілдеп оралуға бара жатты. Бас жақта анау көрініп тұрған «Моншалы сайға» таман аяңдаған...

Аспан-жер, тау-табиғат әу басынан қайтадан жаралғандай бола жуылған. Жайлау, жаратылыс құлпырып, көркіне енген, кіршіксіз сұлу дүние. «Моншалы сайдың» кіре беріс ауызында көз тартып, жауыннан соңғы бір көкбоз мұнар торланған. Қарағайлы, қайың, терек, орманды сайдың шыға берісіндегі қапшағай-қысаңға ілінген көкшіл құрым, тозаң пердесі күн шұғыласымен бозғалданып тұрды.

Сегізінші тарау

1

Былтырғы өткен жаз еді. Керімбек ауылы қаз қалпында бүгінгі дәл осы қоныста отырған болатын. Түс ауған шақта табиғаты алмағайып Жоңғар жазының көк шатыр аспаны ап-ашық тұрып, бір мезетте Сымтастың биігіне түңіліктей қара бұлт шықты. Сол-ақ екен, әп-сәтте таудың басын түнертіп, әне-міне дегенше жайлау аясын сатырлаған қалың нөсер, сел жуып кетті. Жып-жылы бір жауын шүмектеп құя жөнелген. Қызық еді. Тағы біразда тіпті тау үстінің тұтасқан күн күркілі әлі басылмай жатып-ақ, мына жақ қайтадан шайдай ашылып, жарқ ете түсті. Өлкені енді бір өткінші, кесек-кесек нұр жанбыры алып тұрды. Күліп шыққан күн сәулесінде айрықша ірі, сирек тамшылар гауһардай жалтырауда. Өтер бір дәуреннің шаттық көші, елесі тәрізденген. Осындай бір жүрекке қуаныш толтырған көркем шақта үлкен ауылдан қос бойжеткен шығып, сейілдеп оралуға бара жатты. Бас жақта анау көрініп тұрған «Моншалы сайға» таман аяңдаған...

Аспан-жер, тау-табиғат әу басынан қайтадан жаралғандай бола жуылған. Жайлау, жаратылыс құлпырып, көркіне енген, кіршіксіз сұлу дүние. «Моншалы сайдың» кіре беріс ауызында көз тартып, жауыннан соңғы бір көкбоз мұнар торланған. Қарағайлы, қайың, терек, орманды сайдың шыға берісіндегі қапшағай-қысаңға ілінген көкшіл құрым, тозаң пердесі күн шұғыласымен бозғалданып тұрды.

Сай ішінен жотаға қарай доғалана асып кемпірқосақ құрылған. Түс жібектей, күлгін, көкшіл, сарғылт, қызғылт жолақтары жүйеңді қытықтардай жарқырай созылып тұр.

Жаңағы осылай қарай жақындаған екі қыздың бірі Керімбектің бәйбішесінен туған қызы - Гүлназым еді. Бір мезетте ол сай ішіне қарай оқыс елең етіп, шұғыл тына тоқтап қалды да, қабағын кенет шытына, қасындағы қызды да қолына қаға бере:

- Тоқта! Тоқташы! - деп әлденені аңтарыла тыңдай қалды. Гүлназым есіткен үнді қасындағы қыз да аңдап қалған екен:

- Бұ не?.. Бұ не? - деп, о да қатты аңыра құлағын тіге қалған. Ойда-түсте жоқта иен сай ішінен бұларға әлде бір таң-тамаша ғажайып үн жеткен... Қыздар ә дегенде тұтқиылдан үркігендей, секем алысып қап еді. Соңынан сәл ес жия беріп аңғарса, айтылып жатқан гормонға - сырнайға қосылған, әлде бір ән екен... Айрықша сұлу, егіле, сыңғырап әйел үні шығады... «Бұ не, не хикімет» деп ойлағанша соншама бір тәтті үн еліктіріп әкетіп бара жатты. Орындарында қалт тоқтап, тырс етпей қатып тұрып қалған екі қыз есі шыққандай, әлі де:

- Бұ не?! Бұ қайдан?!

- Қайда? Қайдан шығып жатыр?! - десуге ғана мұрша тапты.

Белгісіз бір сыбыс сезген үйірлі елік жусап жатқан орнынан қас қаққанша атып-атып түрегеп шоқтай үйіріліп, үркердей бола қалмаушы ма еді. Қыздар тап сондай болған. Осы сәтте екінші қыз жұлып алғандай:

- Ой, айтпақшы, ноғай... Ноғай келді деген! Бүгін осында ноғайлар келді деп еді ғой, - деді.

- Е-е, патипон! - деп Гүлназым да саңқ етті. Бұлардың «ноғай» дегені жаны бар сөз болатын. «Моншалысай» - табиғаты тамылжыған, аса бір көркем жер. Осында Құлжадан татар жігіттері мен қыздары жаздық демалыстарын өткізбек үшін, әрі жаз бойы алма-өріктен, таңқурай, қарақаттан қақ жайып, тосап - варенье қайнатуға келген... Ауылдағы біреу бағана күн жаумай тұрып солардың арбамен жетіп түскенін хабарлаған.

Жауын алдында бастарына шатырларын тігіп үлгеріп, сай ішіне солар орныққан-ды. Қыздарды қайран қалдырған жаңа басталған ән - патефон әні еді. Ол атақты татар әні - «Зүлайха» болатын. Гүлназым Құлжада таныс татар үйінен патефонды көргені болғанмен дәл мынадай гармонмен айтылған сырлы әнді әлі естіп тыңдамаған. Назды әуен қазір бірден-ақ Гүлназымның құлағына емес, жүрегіне шарпылғандай болған-ды. Сөзі ұғылып жатпағанмен ән сонша бір тәтті мұңменен емірене қалқып шырқалған. Тез бітетін «Зүлайха» аяқтап барып үзіле бергенде:

- Ойпырым-ай! Бұл не ғажап өзі! Осы шынымен-ақ адам баласының айтып жатқаны ма?! - деп Гүлназым тынши алмай тұр. Қолы ұшымен кеуде тұсын басып, аңырып қалыпты. Егер ұжмақтың сыңғыраған әншісі туралы асқан дәріптеу уағызы айтылса, соны «осындай-ақ болар» деуден тайынбастай халде-тұғын.

Гүлназым бұл сайдың ішіндегі адамдарды осыдан екі күн өткенде көзімен көрді.

Күншығыс бетте сыңсыған орманды «Көкшұңқыр» дейтін ну орманды жер бар. Жеміс-жидектің молы сонда. Ертеңгі шақта ноғай жастарының жаяу тобы солай беттеп бара жатты. Бары оншақтыдай екен. Жігіттер қасында еркін жүріп, қызылды-жасылды сәнді киінген мынау ерікті қыздар өздерінің осынау сейілді, бейбіт бойларымен Гүлназымдай қазақ қызы көзіне өзгеше бір жастық, жарастық көркімен ұшырағандай еді. Әнегүнгідей әнді айтқызып, осындай азат, күндеусіз тазалықта жүрген ұлт жастары Гүлназым үшін бейне ертегі адамындай көрінген. Көңілдері сол асыл, саз-әуендер сырына толы, ерекше жандардай сезілген-ді. ...Кейде қоңыр кештерде тыныштыққа мойынсұнған дүниені мұңға батырып, құлази аңырап, Моншалы сай ішін гармон мен ән тұндырады. Өлкенің түнге айнала ғайыптан туатын әлдене тіліндей жұлдызды аспан астында жалынды сырын ашқандай болады. Мұнан бұрын Гүлназымның өзіне де белгісіз болған әлдебір құпия арман ынтығын, өрісін ашқандай етуші еді...

Бірақ бұл шақ ұзаққа созылмады. Аз күнде жердің оты қашаңдап, ауыл таудан-тау асып, төр жайлау «Майқанға» көшіп кетті. Шеру елінің шынайы «ұрып жығар» қымызды ішіп, бағлан қозыны майқандап жеп қайтатын, ең шыған жайлауы; аю жүн бетегесінің қалыңдығы кілем түгіндей осы Майқан. Гүлназым өзі айтулы әнші болатын. Ендігі уақытта сол өзі айтатын әндерге оңашада, өзінше отырып шырқап салғанында бұрынғыдан көп өзгеріс тапты. Ол өзін барынша құштар әншімін деп білгенімен, сол ән кұдіретін анық шындап енді ұққандай еді. «Әннің мұңы, зары болады екен-ау» деп ойлады.

 

* * *

 

...Жаз өтті. Күз өтті. Енді, міне, қыс та жарымдап бара жатты. Бірақ уақыт озғанымен сезімшіл әнші көңілі сона бір ғажап әнді ойдан өшіріп, ұмыта алмады. Ұзақ сарылған ақ қарлы қыстың кей салғырт күні жасыл желек жамылған шат-думанды жазды еске түсірсе, сонау бір Моншалы сайдың шыға беріс, қысаңына тұнған көкбоз мұнар тозаңымен, сондағы сағынышты сұлу әнімен қаз қалпында әкеп көз алдыға тартатын.

Сөйте келіп ақыры биылғы осы жазға ілінді. Ауыл байырғы жұрттарына қайта қонды.

Арада бір он-он бес күн өткенде былтырғы татар жастары да төрт дөңгелекті бәз-баяғы қалпында қайта жетті. Гүлназым ауылда үлкендер жоқ бір күні, түс ауған мезгілде қасына жолдас қызын ертіп Моншалы сайға қарай бара жатты. Беті жабылған үлкен ағаш табаққа толтырып құрт, ірімшік, сықпа, май салған. Ноғай жастары бұл қонақтарды шын қуанып қарсы алды. Қыз-жігіті демей қарбаласып бірі су әкеп, бірі от жағып, әбігерленіп қалды. Шәй дайындаған. Қатарлап бал, әр түрлі тосап қойған дастарқанға қонақтарын шайға отырғызды. Қазақ қыздарының қарсылықтарына қарамай тездетіп палау да басылайын деді. Биылғы келгендер алты-жетеу ғана екен. Үшеуі қыз. Бір-біріне алғаш мейман болысып, екі басқа ұлттан бас қосып отырған осындай сыйлы жастар екі ақ шатырдың ортасындағы кең көгалға жақсы төсеніштер төсеп жайғасқан-ды. Гүлназымдарға ноғай жастары бір түрлі қызық көрінеді. Түрлеріне, болмыстарына қарай, әлдебір басқашалықтары бар сияқтанатын. Өзгеше сезім сыпаты бардай. Бәрі де тетік, сергек, дәм тағамдарын қонақтарының алдына таман ысыра түсіп, әсіресе қыздар жағы:

- Ашаңыз! Ұялмай ашаңыз! - десіп, барынша жігі-жапар бола өтініп құрмет көрсетеді. Қазақ қыздарына оқыс, ерсі көрінген бір жай - қыз біткеннің барлығын секитіп жігіттерден жоғары отырғызып қойған.

Гүлназым іштей қысылып «тасқа шыққан ешкідей болдық-ау» деп отырды. Осындай түрдегі бір-бірлеріне ғайыптан пайда болған екі ұлт жастары екі жақтың киім киіс үлгілерін де іштерінен қызық көріп қарасады. Білдірмеген болып жәй көз салса да, қала тәрбиесімен киінген татардың жас, өрім тобына қазақ қызының кестелі етек, қос етек, ақ көйлегі тосын шалынады. Етек-жеңіне желбір салып қатарған, қос етек, ұзын, кең көйлек пен қынай бел қара кәмзол оқшау көрінеді. Ал олардың қазақ ішінде «шолақ етек ноғай» деген аты бары Гүлназымдарға да енді түсінілген. Өздеріне үлкен көңіл сыйын көрсете келген қонақтарының тосырқап, қымсынғандарын аңғара, бұларды қадір тұта, жиі-жиі дәм алғыза отырып, ноғай жастары өзді-өзімен қыз демей, жігіт демей жарыса, жапырласа сөйлесіп кетіседі. Кейде тіпті бір-бірін тоспастан ерсілі-қарсылы жамыраса дауласып, әлдене үшін көңілді, қызу айтысып та кетеді. Қыздары да сондай сөзшең. Бірақ бұлар өз іштеріне мынадай қонақ келгенге өте көңілденіп, сонша ырза болса да, мейман қыздардың шәйді аз ішкен тартыншақтықтарына қанағаттанбай қалысты. Шат шырайлы достықпен қауметтеген дастарқан басы шай шолақ аяқтай бергенде оп-оңай солғын тарта қалды. Гүлназым ноғайдың сезімді жігіт, қыздары өз пейілдерін өткізе алмағандай болып, тосаңсып қалған кезде, ортаға олар ойламаған өзге бір көңілділікті өзі шақырып, дәл осы арада күтілмеген оқшау тілеу айтты. Әрі бұл отырған татар жастары күтпегендей өткірлікпен, бәрін де қайтадан елең еткізіп, жақсы тілмен, орынды тілегін аңғартып:

- Сіздерге біз риза болайық, қадірлеулеріңізге зор рақмет! Сіздердің бізге көрсеткен үлкен құрмет, сыйларыңыз сол болсын, патипондарыңыздың өлеңін, жақсы ән-жырын естігелі келдік, - деп еді, олар қайта жамырасып:

- Ә-ә, патефонны әйтә икән.

- Вот, мінә, көрәсің мә! - десіп, патефонды биыл алып шықпағандарын, осы жерде өте қатты өкініш ете сөйледі.

Гүлназым өз ойын әлі анық білдіре:

- Былтыр жазда сіздердің гармонға қосылып айтқан жақсы әндеріңізді әр кеш сайын тыңдайтынмын. Қайран қалып тыңдайтын едім. Әсіресе, бір қыз бен жігітке кезектестіріп айтқызатын жырларыңызды мен өзім жаным қалмай, жақсы көруші ем. Күнде кеште ауыл сыртына, төбеге жалғыз шығып отырып, осы сайдан жыр тыңдайтынмын, - деген.

Гүлназымның мынандай таңдандырарлық тілегін естіген ноғай қыздар кідіріссіз араларындағы бір жігітті қолқалай кетісті.

- Ғазиз, гармон, гармон ойна!

- Әсімә екеуің жырлаңдар, - десіп, тіпті дәл сол сәттің өзінде қыздың біреуі орнынан ытқып түрегеп, шатырға қарай ырши басып жүгіріп те кетті. Гүлназым оның пәруәнә бола ойнақтап жүгірген қимылына қарап «байланбаған құлындай...» дейтін сөзді еске алған.

Гармон келіп жаңағы Ғазиз атты жігіттің қолына тиген соң, іштеріндегі бағанадан сөзге көп қосылмай сызылып қана отырған салмақты қыз сәнді қимылмен көтеріліп, Ғазиздің оң жақ жанынан кеп сыпайы жанаса жайғасты. Жаңағы Әсіма аталған қыз осы еді.

Жыршы-Ғазиз әшекейлі көкала аккордионмен сыңғырлата сағынышты «Зүлайханы» бастай берді. Көзі ойлы, мінезді жігіт екені бірден білінеді.

Әлде бір заманда, әлдеқандай - Зүлайха атты ару қыз үшін туған әсем саз гармон тілінде бірден-ақ ыңыранып басталды.

Осы кезде Гүлназым былтыр өзі алғаш рет естігенінен аудартпай, сонша бір сезгір, әсем сыңғыр, күміс үнмен мөлдірете Әсімә шырқап кетті. Ән - әлдебір асыл махаббаттың улы мастық шегіне жеткен жерден басталатындай. Іштегі бітіп болмас ынтызарлықтың тілімен жүректен шырқап кеткенде, жүректі таппай қалмастай. Соншалықты сұлу, таза сырымен, бар табынтқан нәзік мұңды назымен келіп, айтушының өзі бауырыңа кіргендей.

Гүлназым тыныс тартпай, дем алмай қалған адам секілді. Тіпті орманды тау да бір сәт іш тартып, тынып қалғандай.

Осыдан екі-үш күн өткенде Гүлназым ноғай қыздарын ауылға қонаққа шақырды. Өз үйінде оларға барынша жақсы сый көрсетіп, шын қимас меймандары етіп қайтарған-ды. Содан былай Гүлназым кейде қасындағы Ибадат деген қыз екеуі бірге әр барғанда мол ғып қымыз ала барып, Әсімәдан «Зүлайха» әнін үйрене бастады. Ән ырғағы жібек талдай сұлу да, наз киелі. Нәзік, шырқау, тіл жетпестей дірілді сезіммен еміренген тебіреніске толы. Әсімә шырқап салғанда өлшеу бермес ғашықтық қасыретімен мұңға бата аңырап кетеді. Ми мен жүректі сезім тікеншелерімен шабақтағандай. Тамыр ұйып, талықсып бой балқып бара жатқандай етеді. Сансыз толқып, өксіп кеп, кейде өзінен қамыға сабыр тілеп, күрсінгендей болады. Өзіне-өзі жұбату, көңіл айтардай. Жүректі мұңға, назға, қиялға толған тәтті мастық уымен тек махаббат, ынтызарлық үшін ғана жаратқандай етеді. Гүлназым: «Тіліңді емес, жанды сөйлеткендей!» - дейтін. Тілдің ұшымен айтылатын, жіңішке орамы көбірек татар сөзі де тосыннан тыңдаған Гүлназым құлағына:

 

«Көзім тұшсә көңілім тұшми,

Сенән башқа бөтенгә», -

 

деп бір түрлі әдемі, қайтарылардай болушы еді.

Бір жолы Гүлназым Ғазиз екеуі алғаш рет «Зүлайханы» қосылып айтып шықты. Бұл әнді оттай жанған, шексіз құмар ынтықтығымен айтқан қазақ қызының сол өлшеусіз таза сезімін ән құдіреті тудырған. Сонау баста, ең алғаш рет өз Зүлайхасы үшін жырланғандай, соншалық құштарлықпен сезініп айтқан-ды. Гүлназым өзінің сол сәттегі бұл күйін өмірінде ешкімге дәріптеп айтып жеткізе алмас та еді.

Бірақ осы уақыттарда тау қызының бұндайлық құштар, ыстық жүрегі сонша сезімді бола тұра, оның қара қойын тағдырына бақытсыздық араласты.

 

3

 

Гүлназымды бір күні Әсімәлар үш қыз болып өзі іздеп келіп ертіп әкетті.

Байырғы екі сүйікті қонағын бұндағылар шұрқыраса, қуанысып қарсы алды. Гүлназым десе бір Әсімә емес, ана сол жақ шетте отырған үкінің баласындай дерлік тостаған көз ақсары қыз Роза болмасын, немесе тісі ақсиып, үнемі күліп жүретін, жиреншаштау секпіл бет қыз - Гүлгәнә болмасын, немесе екі жақтап «бәраңгілерін» аршып жатқан орыс өңдес, шегіршек сары жігіт пен жыршы - Ғазиз болмасын, бәрі де шынайы достық көңілдерін қонақ қыздарына жасаған ізгі ниет борыштылықтары етіп сыйлайтын. Анау қазан астын еңкейіп алып үрлегіштеп, от тамыза алмай жатқан ойнақы мінез, сыбызғышы Ләтиф те Гүлназым өтінсе, қазір-ақ қиқылдатып беліндегі сыбызғы қурайын үрлей жөнеледі.

Татар қыздар жұмысты көбінесе жігіттерге жасатып қойып, өздері мына жақта қонақтары қасында қымыз ішіп, қамсыз отырады. Гүлназымның көзі осыған үйрене алмайды.

Қыздардың қасына арсаңдап, белінде осы сайдан кесіп алған сыбызғы қурайы бар Ләтиф келді. Кішкене бойлы, кейкі мұрын, көзі күлімдеген қара-торы жігіт ұшқынды жас екені беп-белгілі. Ол қыз біткеннің бірі емес, бәріне солардың кәдік бірнеңесін біліп, бір кәкірін шығарғалы тұрған адамдай көздеріне тесіле, күлімдей қарайтын. Гүлназымның қасындағы қарақат көз, Ибадат Ләтиф жаңағыдай қарап тұрып қалғанда өзгелерден ұялғанынан:

- Е, немене! - деп, бетін Әсімәнің қалқасына далдалап барады. Гүлназым сезгір қабағын сәл шытына езу тартып:

- Ләтіп, сыбызғыңды тартып берші! - деді. Қанікеге ұқсап келген қызғылт сары жүзіне аңғарымды естілік беріп тұрған сабырлы қоңыр көзі бар, сүйкімді Гүлназымды Ләтиф жақсы көріп сыйлаушы еді. Гүлназым жаңағы өтінішті айтқанда, ол сөзге де келген жоқ. Өз ішінен бір күйді тауып алды да сыбызғының бұйығы үнін қиқылдата, қылғынтып үрлей жөнелді. Сарала қаз үніндей қамығып шығатын әуезге Ләтиф өз ішінен күй қосып, қабағын неше алуан құбылтып тартады.

Бір кезде екі шықшыты талып, жағы да әбден қарысты білем, қолдарын төмен қарай бір-ақ сілки түсірді. Гүлназым сыбызғының жапан түзден құлазып шығатын үніне сүйсінсе де, Ләтифтың жаңағы қиялданып тұрғанын қызықтап, бір түрлі дәрменсіз тірліктей сезініп:

- Қурайың не айтты, Ләтіп? - деп күліп жіберді. Көзінен сыр іздегендей ау-жәй бағып қараған. Ләтиф бір сәт те бөгелместен жауап орнына жырлай жөнелді. Қолындағы аспабын ән ырғағымен қоғамдай қозғап:

 

«Тал тұбінде ятамын,

Ғыж-ғыж қурай тартамын» -

 

дей келіп, қураймен отырған қыздарды бастарынан асыра жайқай көрсетіп:

 

«Пайдасы иоқ шол қызларның,

Хасірәтләрін тартамын» -

 

деп әйтә дегенде, қыздардың барлығы ду күлісіп жіберді. Әсіресе жігіттер жағы қатты шулай күліп, қолдарын да шапалақтай қостады. Қыздар алғашында күлсе де, ес жия келе қызарақтасып:

- Әй, син міскін шұлай ойлайсың ма, ни?

- Қара бұны! Көзләрін тұтырып қарар икән - дә, бізгә, - десіп жатыр.

Ләтиф енді аяқ астынан жеңіліп қалған кісінің мойындай қойған бәсең сыңайымен:

- Ни әйтәсің инді. Қызны көрген жігіт қойны көрген бөрі кібік боламыз, - деп қыздарды әлі де қу тілмен тақымдарынан шымшый түскендей болды.

Гүлназым Ләтиф жырына еріксіз күлген. Оны жаңағы ең алғашқы ойымен әлде бір ғаріп, мүсәпірдей сезіндірген көңілі енді тұп-тура, дәл келгендей болып, «тал түбінде қурай үрлеп» жатқан кезі де көз алдына елес ұрған-ды. Тапқыр жігітті өз ішінен жақсы достай таза көңілмен ыстық көре түсті. Міне, осы күні Әсімә Гүлназымнан бір нәрсеге келісім сұрады.

Осы айдың ішінде болатын татардың «саман тойына» Құлжаға қонаққа шақырды. Соған қалайда бірге барып қайтуды Гүлназымды құшақтап тұрып, бетінен сүйе, жабысып өтінді... Бұны Құлжадағы өз үйімен таныстырып, осы жолы анық дос боп қайтпақ ниеті барын білдірді. Енді дәл бір аптада жүрмек екен.

Гүлназым «болмайды» демей үйінен сұранып көретінін сездіргенде, жалғыз Әсімә ғана емес, ноғай қыздарының бәрі де «ура-а-а!» деп қол шапалақтап жіберген. Татар әні үшін Гүлназым да Әсімәмен жердің түбіне бірге кетуге бар. Бұл тілекті Гүлназым ең алдымен Қанікеге айтып көрген-ді. Ер мінез Қаніке қызының көңілін жықпады. Қазақ ауылы екі қызды секитіп өздерін ғана жібере алмай, қастарына төркіні сол Құлжада тұратын бір жақын, жанашыр жеңгелерін қосып беріп «барсаңдар, барып қайтыңдар» десіп жолға салды.

Түс ауған мезгілде салқын түсе салтанат құрып, қос-қос атты, жез қоңыраулы екі жеңіл, сәнді арбаға тиелген, қыз-қырқынды шұбар топ Моншалы сайдың аузынан өзенді жағалай жол тартып жүріп кеткен. Шығарып салушы топ-топ ер-әйел, бала-шаға тамашалап, дабырласа сөйлеп, арбалар көзден ұзап кеткенше қарап тұрып қалған. Бұл елде жоқ сән-сәулеті қызықтырған, әтір исін аңқытқан қоңыраулы арбаларын дүрілдете тартып кеткен жолаушылар шынымен-ақ көз өтердей әрі оқшау, әрі көңілді еді.

 

4

 

Міне, осы күні бұлар бір жан шошырлық апатқа ұшырады. Қос арба қалың түннің ішінде Мұштайзыдан төмен өтіп, ел шетінен ұзаңқырап жазық далаға ілінген. Түн тыныштығында «мен мұндалап» бара жатқан қоңыраулы «сылқым» арбаға төтеннен бір пәле килікті. Айлы түнде батыс жақ бүйірден, дәл өкпе тұстан айқасып, сойылдары қағысқан әлденендей топ атты сап ете түсті! Ерте күннен қам етіп, жолды күте торып жатқан болды. Жер астынан шыққандай дүркіреп, сатырлата шапқылап, үрейді ұшыра жеткен бойдақ, бөгеліссіз тие берді. Үнсіз жау екіге бөліне қос арбаны қамай тоқтатты. Бір жағы арбадағы аттарды шаужайдан ұстап, қалғандары тұс-тұстан арбаның жақтау ағаш арқалығын сойылмен ұра жолаушы біткеннің зәресін алып жіберді. Бұл бетте тірі қалады екеміз деп ешқайсысы ойлаған жоқ.

- Түс! Түс! - деп шолақ, қатал қайырып арбадағы еркектерді бір-бір ұрып, ес таптырмай, үш жігітті ілезде жерге түсірді. Әшейінде сәл нәрсеге жылап жібергіш әйелдердің дымы шықпай қалған-ды. Сол ес таптырмаған бойда екі арбаны жетектеп бір шетке әкетті... Үш жігітті жолдың екінші жағына, жаңа өздері келген бетке таяқпен жоталарынан нұқып, үнсіз түртіп айдап берді. Бұларды жолдан бір шақырымдай жердегі шилеуітке бүкектетіп апарып қол-аяқтарын байлап тастады. Ауыздарын тығындады. Екі арбаны жолдың екінші жақ сыртына қарай жетелеп, шеттетіп бара жатқан. Жолдан бұларды да бір шақырымдай қиыстатып апарып, қалың шилі бір қойнауыт түбекке иіріп түсіре бастап еді... Өздері сарт-сұрт түсіп, аттарын тегіс арбаға байлап жатыр. Бұлар өзге қимылдың бәрінен бұрын алғашқы бетте-ақ Гүлназымды жұлқи сүйреп, шыңғыртып әкеп бір боз атқа көтеріп сала берген. Екі-үшеуі оны ер үстіне етпетінен салып тапжылтпай басып тұрды да тағы біреуі көз ілеспес жылдамдықпен атқа қонып та үлгірді. Сол сәтте бұлар екеу болып ат басын әлде қайда түзеп жосытып тарта берді... Гүлназымды алдына өңгеруші Мамозы інісі - Рахим еді. Қасындағы Күре полициясының белгілі тергеушісі, көзілдірікті қытай жігітіне қолды етіп, шығарып бара жатыр. Осы іс үшін қанқұйлы сұрақшы Күреден өз жанына арнайы жеті шерік алып шыққан. Жаңағы бір үнсіз топ солар. Гүлназымды өз қолдарына осылай түсірген сұрақшы мен Рахим өзге «қызыққа» қарамай тартып кетті...

Сұмдығы арт жақта болды. Жеті шерік төрт қыз, бір келіншекті шилі түбектің үйірім-үйірім қойнауына бес бөліп әкетті! Жеке-жеке сүйреп, итермелеп үн-түнсіз бөле бастаған. Бұлардың ортасында тілге келген іштеріндегі жасы үлкендеу жалғыз келіншек Гүлназым мен Ибадаттың жеңгесі Дақан ғана еді. Өзі байдың қызы болғандықтан ауылда әр-әркімге тілі тигіш, қайын-қайнағаның да бетінен алғыш. Сол мінезі мұнда да байқалып:

- Ой, біздей боп жағалай жайрап қалғыр-ай! Кім еңдер бұ! Бізге көрсетпегің ылайым, қыз-қатыныңның алдына келсін құдая! - деп, баж-баж етіп бара жатты. Шаңқылдағанына қарап қарсылық шықса осыдан шыға ма дегендей боп, сөзін түсінбесе де, шеріктің екеуі екі жағынан осыған жабылды. Мұнан арғысы таң қылаң бергенше, болмыс-қылмыс атаулы аяспастықтың шегіне жеткен жезді шеңгелімен шешілді.

Рахим Ғазизбен таныс болатын. Соңғы жылда татар жастарын осы жайлауға келтіріп жүрген де сол. Былтыр алғаш «Моншалы сайға», оларды өзі орналастырған. Осындай орайда ол Керімбек қызы - Гүлназымның татар қыздарымен жақсы болғанын естіп, дереу Мамозыға жеткізген. Сол сәтте-ақ Мамозының өзегіне тыз етіп от тұтанған.

- Аналар «саман тойына» Керімбектің қызын қонаққа шақырсын... Қалайда алып шығатын болсын!..- деп, анық сойқанды ойын сонда-ақ бірден білгізген. Сонымен Рахим Әсімә қызға:

- Ана қазақ қызы, достыңызды саман тойларыңа неге қонаққа шақырмайсың?.. Солай етіп, тығыз таныс боп алсаңдар «қазақбайдың» зияны тимейді, - деп ақыл берген адамның шырайымен сөйлескен. Әсімә әуелі аңқайып қалып, сонан соң Рахимның өзінен бұ жөнінде кеңес сұрай сөйлескен.

- Қазақ қызы менің Құлжаға шақырғаныма бара ма?

- Міне, әңгіме осында, - деген Рахим төне түсіп: - Есіңде болсын, мықты адамның қыздары қорғаншақ болмайды... Мәселе сенің қандай дәрежеде қолқа өткізе алуыңда... Ең ашығы беделіңде...

- Онда, егер тек сол бару мүмкіндігі ғана рас болса, ол қызды, Гүлназымды үйге апаруға мен де сонша құмарланған болар ем! Ой, қандай матор қыз десеңші. Ойымда жоқ нәрсені қалай айттыңыз!

- Онда шақырып достас... Әкесіне малдарыңды әкеп қосқызсаң, көбейіп, өсіп мына тауда жүре береді. Қала байлары сөйтіп байиды. Егер, тіпті болмаса құшақтап жыласаң көндіресің.

Әсімә «малдарыңды қосасың» дегенді естігенде «қолымнан ол келсе, әке-шешеме қандай пайдам тиетін болар еді» деп, ішінен сүйсініп кеткен. Соңынан Гүлназымды өтінішіне көндіргенде сүйінгенінен Рахимды данышпандай көрді. Оның мықты адамдар қызы жайлы айтқан шынайы сәуегейлік сырын еске түсірді.

Кейін осы хабарды арнайы білуге келген Рахим сыр бермей, үндемей отырды. Сол кезде Әсімә:

- Сізге зор рахмет! Бізге, Ғазиз екеумізге қандай жақсы дос едіңіз! - деген, Ғазиз алдағы күзге Әсімәмен үйленбекші еді. Сондықтан Рахим Ғазизге қандай болса, Әсімәға да сондай еркін.

Тегінде, Рахимның Ғазизбен таныс болуы бір қызық жайдан туатын. Дүңгеннің сері жігіті өткен жылы көктемде Құлжаға барады. Қаланың «Ноғай город» деген жағында ол өзінің бір жолдасымен екі атты боп келе жатады. Қолындағы сәнге қондырып жүретін көк қаршығасы бір үйдің алдынан өтіп бара жатқанда ашық қақпа ішіне қарай кенет мойнын соза үңіліп, басын қылп-қылп еткізе қалады да, аңдаусызда лып беріп ішке қарай шүйіле жөнеледі. Екі жігіт дереу аттан түсіп кіргенше барқылдап жүрген жылтыр көз көкала үйректің мойнын қайырып салады. Үй осы Ғазиздікі болып шығады. Есті жас екен, өз үйіне ғайыптан мына келген байбатша жігіттердің қысылғанын байқап:

- Бүгін түстікке өзім де дәл осыны сойғалы отыр ем, өте жақсы келдіңдер. Қаршығаларың мүлде киелі болса керек, енді сорпасын ішпей кетпейсіңдер! - деп, бұларды болмай үйге кіргізеді. Толық танысады.

Әсімәні сүйіп жүрген кезі екен... Өзі көктем шағы... Махаббат дүниесі кеңдік, сабыр, кешірімге көңілін толтырған шағында жыршы жігіт қонағынан «сүйген қызыммен жаз жайлап қайтуға жақсы жер тауып бересіз бе» дегенді сұранады. Рахим өз ағасы Мамозының уездік өкіметте үлкен қызыметкер екендігін айтып уағда етеді. Соңынан былтыр осы татар жастары уағда бойынша Мұштайзыға жеткен соң оларды «Моншалы сайға» Мамозының қос-қос ат жеккен жеңіл арбасымен жеткізген.

Ал биылғы жылы Рахим қарындасы Патиманы Әлидің інісі алып қашқалы Керімбекке тісі басулы. Адам алысу жақсы болса Керімбек қызы ауылынан қия басып қыдыра шықса көрейік деген сұрқия сертті байламмен Ғазизге келгіштеп тұрды. Бұл ауылдың көзіне түспей, кешке келетін. Және бұл орайда Рахимға өте ұрымтал келерлік Керімбек ауылының өзінде бір жансыз бар... Ол қысы-жазы осы ауылымен қоңсы отыратын Өмірбек деген адам. Негізінде қазаққа қаны шикі, Өмірбек, өз аты «Өмер». Дүңген баласы еді. Бұдан он екі-он үш жыл бұрын әйгілі «дүңген қашқан» деген төңкерісте Өмер 9 жасар бала болды. Гоминдаң өкіметі барлық ұлттарды дүңгенге қарсы аттандырған топалаң заман орнағанда Өмердің әке-шешесін қазақтар бірінен соң бірін қолға түскен нәрсемен қуалап жүріп ұрып өлтіріп жатады. Уақиға Құлжанның үстіндегі Ноғайты - Ойманбұлақты мекендеген Ерғазы ауылында болады. Ерғазының талабымен оның немере қызы бесіктегі Ұлжақанды келіндікке айттыра келген Керімбек шырқырап қашқан осы Өмерді көреді. Жас баланы қолына есіктің таянышын алып қуған есер қазақ байқалады. Керімбек құлындағы дауысы шыға, шыңғырып бара жатқан баланың бір жақ бүйірінен дауыстап:

- Ай, балам бері, бері қаш! - деп қойнын аша тосып тұрады. Жан ұшыра, шырылдап жеткен сәбиді шапанының етегіне орап қалады. Оны сол ауылда екі күндей өз қасына алып жатып, қайтарында міңгестіріп ауылына әкеледі. Оған көп алдында «Өмірбек» деп ат қойып, бала ғып алады. Кейін ержеткен соң, өзіне лайықтап қазақтан қыз әпереді. Басына қос тіктіріп береді.

Бірақ Өмекең соңыра таман қазаққа деген ішкі қанды кегін ұмыта алмай, Мамозымен астыртын жалғасып танысады. Анығында араға адам салып азғырған Мамозы болады. Өзі әлі күнге қазақ ауылынан олай-бұлай көшіп кеткісі келмесе де, биылғы жылы Рахимның хабаршы-тыңшысы болуға да ептеп жарап келе жатты. Керімбек қызы бір жаққа қыдырса, Өмірбек алдымен байқайды. Көреген Мамозы осыны ерте ойлап білген. Керімбек болса, ақиреттік достық көрсеткенге қияметтік қиянат етер демеген. Адам ұлы деп Керімбектен басқа ешкім тоғыз жасар Өмерді бейкүнә өлуден ажыратып қалуға бел шешпеген, шешпек те емес-ті. Ол күнді Мамозы Өмірбекке ұмыттырып отыр. «Жолаушы қыздар ертең жүргелі жатыр» деген күні кешке сол хабарды Өмірбек Рахимге жеткізген. Сөйтіп бақыт тасы өрге домалаған Мамозы сияқты адамда болатын сәтшіл қисынмен Гүлназымды құрулы тұзаққа сырттай реттеуші күш өзі әкеліп түсірді. Тек, бірақ Керімбек өз қызының арбамен жолаушылап кеткенін сезбеген. «Бала соққан кездіктің басы жарық» демекші, ақылды деген әйел Қанікенің еркектерден жасырын істеген «ерлігі» міне осыған соққан.

Таң құланиектеп келе жатқан мезгілде қыздарды түбекке қалдырып, аттарына мінген қарулы әскерлер түнде байлап тастаған үш жігітті келіп шешті. Шыбын жаннан осы кезде ғана үміт еткен үш татар жігіті қоңырау үні ара-тұра шіңгірлеп, талып естіліп, көмескі ғана білініп тұрған арбаға жетіп қыздарды тауып алды.

Өмірде сыртыңнан ешнәрсе білінбей тұрғаны болмаса әр адамда орайсыз қылық аз емес... Қыздар бір орынға жиналып отырғанмен олар өзара ешбір сөзге келе алмай, бірі-бірінен ұялғандай боп, тек өздерінің осы жолаушылық сапарын іштен қарғап, тынып отырып қалысқан. Дахан не дегенмен өзін он екіде бір гүлі ашылмаған мыналармен салғастыра ойлағанда, шүкіршілікке келгендей болып сөз бастады... Не сөз бастасын?! Жанында бойжеткен қайын-сіңлісі отырғандықтан «ұялған тек тұрмастың» кебі болып енді соны қажағысы келген. Қасында бір шөкім боп, екі иығын қыса, қушиып, бозарып, өз көңілімен өзін тонап, барынша жұтап отырған Ибадатты көзінің қиығымен бағып:

- ...Жаның жәй тапқырлар, не болса ол болсын, жанымызды терезе таптыртып кетті ғой...- деп, шынымен-ақ жетісіп отырған адамдай, жырқылдай күлді. Қыз өз өмірінде естірмін деп күтпеген мына сөзге жүрегі жаншылып екі беті дуылдап кетсе де, естімеген кісі болып еді.

- Жаның кенелгірлерді айтам да, - деп, әйел лас сөзін тағы қыстыра берді. Бұ жолы Ибадат оны шапалақпен беттен салып-салып кетті. Өзі өмірінен орны толмас өкініш тауып, күйіп отырған, қарақат көз, бейбақ қыз мына сөзге төбесінен жай түскендей боған. Бірақ жеңгесі соққы оңбай тиген бетінің ашуын енді анық қайтарғысы келіп:

- Үйбай, үйбай! О несі?! - деді, бетін ұстап: - Өзгені білмеймін, өзімді айтқызбаушымең? - дей бергенде, Ибадат беті ашылған, тұрпайы әйелді енді кеудесінен қатты итере, шалқасынан жығып түсірді де, бассалып төмпештей жөнелді. Бейбас жеңгені осы сәтте бар жанымен жек көре, шын тұтана соққылаған. Дахан болса қорғанып, алысып жатып, әлі де ішегі қата күліп:

- Қой енді, мен бе? - деп, онан сайын қитығына тиіп: - Ойбай мақұл, қойдым! Сені айтпаймын, ағатай!.. Ойбай, қойдым... өтірік пе енді, - дей түсіп, шек-сілесі қата алысуды бастаған. Бірақ өкіріп жылаған қызды енді жалынып та жұбата алмады. Мұнан кейін татар қыздар да бір-біріне «саман тойға барайық деп, сен-сен!» - десіп жатты. Бақытсыздыққа неден ұшырағандарын осы қазірден бастап шешкілері келгендей.

Жігіттер сәтсіз сапар бетін амалсыз теріс бұрып, арбаны тау жаққа қайта қайтарып еді. Ғазиз алдыңғы арбаның жандақ атын шығарып мініп, жайдақ құламен Керімбек ауылына асығыс хабар жеткізіп, тізгін ұшымен ілінгенде, таңғы ұйқыдан оянған қатындар түңіліктерін енді ашып, сиыр желі басына, жаңа ғана шыға бастаған. Гүлназым қолды болғанын әйелдердің алғаш естуі осылай еді.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар