Сенбі, 27 Сәуір 2024
қазақ! 2272 1 пікір 2 Ақпан, 2023 сағат 13:42

«Қазақ» газетіндегі кітап жарнамасы

Қазақ баспасөз тарихын Ташкентте шыққан «Түркістан уалаяты» газеті (1870-1882) мен Омбыдан шығып тұрған «Дала уалаяты» газетінен (1888-1902) бастау алатыны белгілі. Бұл екі газет те патша үкіметінің жергілікті басқару органдары арқылы шығып тұрған басылым еді. 1905 жылы бірінші орыс төңкерісінен соң «Серке» және «Қазақ газеті» деген ұлттық басылымдар шығып, ұзаққа бармай жабылып қалды. Тек, 1911 жылы шыққан қазақтың тұңғыш журналы «Айқап» және Ордада шыққан «Қазақстан» газетінің ғұмыры ұзақтау болды.

«Халықтың қай дәреже алға кеткендігі халық арасында таралған газет, журнал һәм кітаптарынан білінеді» – деп, «Айқап» (1911-1915) журналының тұңғыш санында журналды шығарушы Мұхаметжан Сералин айтқандай немесе, «газета- халыққа білім таратушы, олай дейтініміз газетадан жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, іс те жеттікпекші» – деп, «Қазақ» (1913-1918) газетінің тұңғыш санында Ахмет Байтұрсынұлының жазғанындай, екі басылым да осы бағытта ұлтты ұйымдастырып, өз миссияларын адал атқарды.

«Қазақ» газет классикалық үлгіде шығып: «Бас мақала», «Сыртқы хабарлар», «Ішкі хабарлар», «Ел арасындағы хабарлар»,  «Анау-мынау», «Оқшау сөз», «Өлең-жыр», «Ашық хат», «Тілшілерден», «Газеттерден», «Басқармаға келген хаттар», «Басқармадан» деген айдаларға бөлініп, жазбалар жарияланған. Бұлармен қатар газеттің бас бетінде және соңғы беттерінде әр түрлі «жарнамалар» мен «хабарландырулар» басылып тұрды. Жарнамалардың қатарында әр түрлі тігін машинасы, шөп шабатын машина, машина тырма, шөп жиатын машина, сүт машиналарына арналған жазбалар болса, арасында ең көп кездесетіні кітаптар жарнамасы мен мұғалімдер туралы хабарландырулар еді.

Газеттің ең алғашқы санынан бастап кездесетін кітап жарнамасы, газеттің соңғы сандарына дейін үзіліссіз берілді. Газеттің тұңғыш санында «Жақын арада басылып шыққан һәм  шығатын кітаптар» атауымен Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» атты үш кітабының шығатыны жайында хабар басылып, «Байаншы» кітабының дайын екендігі бағасы почта ақысыз 5, почта ақысымен 7 тиін екендігі хабарланады. Көп кешікпей, гезеттің №9, №14 сандарында «Оқу құралының» келесі кітаптары дайын екендігі және бағалары көрсетіліп, хабарландыру басылды. 1) «Байаншы». Бұл кітап қазақ тілінде қандай дыбыстар бар; ол дыбыстар қандай хәріпбен, қалай жазылмақшы һәм ұсұл сотие жолымен оқытуды қалай бастау абзал болатын жәйін түсіндіреді. Бұл кітап балаларға емес, мұғалімлерге арнап жазылған; - басылып шықды, бағасы почта ақысымен 7 тиін. 2) «Әліфба». Бұл қазақ тілінде жазылатын һәм оқылатын хәріфлерді үйрететін бірінші кітап. Бағасы почта ақысымен 16 тиін. 3) «Әліфба». Қазақ тілінен басқа, мысалы; басқа түркі, араб, парсы сөздеріне жазылатын хәріптерді үйретуге шығарған бірінші әлфбадан соң оқылатын екінші кітап.; Бұл кітабде балалар хәріптерді оқи білгеннен кейін қыраат төселуіне ыңғайлап жазған қазақша мақалдар, жұмбақдар, баталар, өлеңдер, ұсақ-ұсақ қара сөздер бар. Басылып шықды, бағасы почта ақысымен 15 тиін. 4) Әліфбадан кейін оқылатын үшінші кітап. Мұнда жазылған ғибратлы сөздер, өлеңдер, мысалдар, ертегілер, мақалдар һәм хикаиелар. Бұл кітап тез арада басылып шығады, бағасы басылып болғансоң иғлан етіледі. Көпдеп алдырушыларға баға кемітіледі. Әдрес мынау: Орынбург. Редакция газеті «КАЗАК». А. Байтурсунову («Қазақ» газеті. 1913. №9).

1913 жылғы газеттің кей сандарында Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал» өлеңдер жинағының екінші рет басылғаны, кітаптың «ҚАЗАҚ» емлесі бойынша шығарылып, бірінші басылғанда кірмеген сөздер қосылып басылғаны айтылады. Бағасы 25 тиін, почтамен 30 тиін. Кітап саудагерлеріне 30% шегерілетіні ескертіледі. Сонымен қатар, Міржақып Дулатовтың «Азамат» өлеңдер, Ғұмар Қарашевтің «Тұрмыш», «Өрнек», «Бала тұлпар» атты өлең-жырлары «Қазақ» газеті басқармасы арқылы сатылымға шыға бастайды. Бірлеп, екілеп почтамен кітаптар алдырғанда мәрке жіберу абзал, әйтпесе наложмен қымбат түсетіні алдырушыларға ескертіледі.

Көп кешікпей бұл кітаптардың қатарына Шәкерім Құдайберді ұлының «Қалқаман Мамыр» (өлең), «Жолсыз жаза» (өлең), «Қазақ айнасы» (өлең), «Қазақ шежіресі» сынды кітаптарының да жарнамасы қосылады. «Абай өлеңдері», «Жиған терген» (өлең) Бекет Өтетілеуов, «Бақытсыз Жамал» (роман) Міржақып Дулатов, «Қазақша қыраат кітабы» Міржақып Дулатов, «Есеп құралы» бастауыш мектепде бірінші жыл оқылатын (оқулық) Міржақып Дулатов, «Есеп құралы» бастауыш мектепде екінші жыл оқылатын (оқулық) Міржақып Дулатов, «Қарақыпшақ Қобыланды», «Жастық жемістер» Акрам Ғаилмов, «Кеңес» Бөкейлік Ахмет Мәметов, «Иман һәм намаз» Мұстақым Малдыбаев, «Уақ-түйек» Сәбит Дөнентаев, «Құран құралы» шығарушы Нығыметолла Күзембаев, бастырушы Жанұзақ Жәнібеков, «Пайғамбар заманы» Мәннән Тұрғанбаев, «Имам ықтығад» Жүсіп Темірбеков, «Иман-ислам» Нұғыман Манаев сынды кітаптардың жарнамасымен толыға түсті. Бұл кітаптардың еш кімге ақшасыз иә талонсыз жіберілмейтіні, бірлі жарым кітап наложбен жіберілсе, алдырушыға өте қымбатқа түсетіні, сондықтан тиісті бағасына лайықтап марка жіберу  тиімді болатны ескертіледі. Арасында  һәм 10 кітаптан артық алдырушыларға сомнан 30 тиін кемітілген.  Соңында, «Қазақ» басқармасынан кітап алдырушылар бұл жарнамада болмаған кітапты сұрамауларын өтінеді. Жоғарыда кейбір кітаптарды скидкемен таратып отырды. Себебі, ол кітаптар «Азамат серіктігі» арқылы «Қазақ» басқармасы тарапынан бастылылған еді.

«Қазақ» газетінде «Абай өлеңдері» кітабы өте көп сатылған басылған еңбекке айналды. Газеттің «Жаңа шыққан кітаптар» деген бөлімде Абай өлеңдері туралы: «Неше түрлі нәсихат өлеңдер – Қазақтың атақты ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңдері. Бағасы 50 тиін» («Қазақ» газеті. №8. 1913), деп жарнама ретінде беріліп отырды. Жұрт жаппай сатып алып, кітаптың сатылымда таусылып қалғаны туралы да хабарлар басылды. «Басқармадан: Шаһмардан Жалмұхамедұғылына: Ибраһим Құнанбайұғлы һәм Шакәрім Құдайбердіұғылының кітаптары Семейде өз үйінде тұратын Көпбай Байысовтан басқа жерде сатылатынын білмейміз, Орынборда жоқ («Қазақ» газеті. №33. 1913.) Сондай-ақ, Абай кітабын сұраушылардың сұрақтарына арнаулы жазба арқылы  жауап берілді. Алғашқы кезде Абай кітабының бағасы 50 тиынан болған. 1914 жылы тағы да «Абай өлеңдері келді» деп, «Қазақ» басқармасына арнаулы түрде кітаптардың келгені һәм бағалары  хақында айтылады. «Алаштың бірінші ақыны марқұм Ибраһим Құнанбаев жазған өлең кітабы. Бағасы 75 тиін. Поштасымен 80 тиін, скидкесі бар. Адрес: «Қазақ» басқармасы» («Қазақ» газеті. №47. 1913). Кітап туралы хабарлар мұнан басқа газеттің №72, №74, №76, №77 сандарында басылды. Нарық бағасына қарай кітап бағасы көтерілген болса да, халық жаппай сатып алып отырған еді.

1914 жылы басталған бірінші жаһан соғысы қазақ қоғамына да әсерін тигізбей қоймады. Кітап сатылымы мен қатар газеттің таралымы да кеми бастады.  1915 жылдан бастап аптасына екі мәртеден шығаруға талпыныс болып, жарты жыл аптасына екі мәртеден басылды. Жыл ортасынан бастап қайтадын аптасына бір мәртеге түсті. Газеттің Ахмет Байтұрсынұлы (231 санын), Міржақып Дулатұлы (33 санын), Жанұзақ Жәнібекұлы (2 санын) шығарды. «Қазақ» газетінің алғашқы 40 санын Мұстафа Оразаев бастырса, 41 санынан бастап «Азамат серіктігі» бастырды.

«Қазақ» газетінің 1916 жылдың соңына 31 декабр шыққан №211  саны, сатылатын кітаптар туралы берілген бір жарнамада 8 кітаптың атын айтып, басқа кітаптардың сатылып біткенін, енді басқрамада жоқ екенін ескертеді. Қымбатшылық пен қағаз кемдіктен баспахана ісі де тұралап қалады. Газеттің 1917 жылғы 27 майда жарық көрген №231 санында Міржақып Дулатұлының «Қыраат кітабы –екінші басылуы, 128 бет, бағасы 70 тиін, почтамен 76 тиін; «Есеп құралы» –екінші жылдық. Шығарған бағасы 25 тиін, почтамен 30 тиін; Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл құрал» –екінші жылдық. Шығарған бағасы 30 тиін, почтамен 35 тиін» - деп, үш кітапты ғана атап өтеді. Соңында: «Осы үш кітаптан басқа кітап басқармада жоқ, сатыдып бітті, нұсқасы таусылған. Кітаптарды соғыс тоқтамай тұрып қайта басылуы да мүмкін емес. Жоқ кітапты сұратып келген ақшалар иелеріне қайтарылады. Әдрес мынау: Орынбург. Редакция газеті «КАЗАК». Осылайша кітп жарнама ісі басқармадағы сатылатын кітаптардың таусылуымен сирей бастайды. Бұл жарнама газеттің келсі сандарында да қайтала басылады.

«Қазақ» газетінің жалпы 266 нөмері жарық көрді. Алғашқы саны 2 ақпанда (ескі календер бойынша) басылды. 1913 жылы  44 саны, 1914 жылы 48 саны, 1915 жылы 71 саны, 1916 жылы 48 саны, 1917 жылы 46 саны, 1918 жылы 9 саны шықты. Қазерше зерттеушілер қолына түскен соңғы №266 саны – 1918 жылы 26 қыркүйекте (жаңа календар бойынша) жарық көрген еді.  Таралымы алғашқы жылы 3000 тираждан асса, шарықтау шегінде 8000 тиражға жетті. Газеттің 1913, 1914, 1915 жылғы сандары жинақталып, жеке кітап болып басылып шықты. «Қазақ» газет беттерінде ұлттық және мемлекеттік мәселелер көтеріліп, ұлтты ұйысуға, мемелкеттік тұтастануға үндеді. Жоғарыда тек, газет беттеріндегі кітап жарнамларына ғана тоқталдық. Алаш аманатына адал болған ұлттық басылым «Қазақ» газетіе 110 жыл толып отыр. Кешегі Алаш аманаты, бүгінгі – тәуелсіз Қазақстан. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз ғұмырлы, Алаш туы биіктей берсін! «Қазақ» газетінің 110 жылдық мерейтойы құтты болсын!

 

Абай Мырза

Республикалық "Мұнара" газеті. №2(80). 31.01.2023

Abai.kz

1 пікір