Жұма, 26 Сәуір 2024
Түйткіл 2822 12 пікір 27 Қаңтар, 2023 сағат 13:40

Делдал дүние

Бүгінгі балалар білмеуі мүмкін. Кешегі кеңестік кезеңде қылмыстың «спекуляция» деген түрі болған.  Қазақшасы – алыпсатарлық. Яғни, бір жерден тауарды арзанға сатып алып, екінші біреуге қымбат бағаға сататындарды осы бап бойынша жауапқа тартып жататын. Өзі түк өндірмей, ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп пайда табатындарды қазақы қоғам да, ислам ілімі де құптаған емес. Мұндай кәсіп – ардан безген, моральдық азғындаған адамдарға тән деп есептелінетін.

Тәуелсіздікпен бірге табалдырығымыздан аттаған нарықтық қатынас бұрынғы құндылықтарымыздың көпшілігін күресінге шығарып тастап, жаңа түсініктер қалыптастыра бастады.  Бұл қоғамда жаңағы айтқан «алыпсатарлар» енді басқаша кейіпке еніп, «іскер», «епті» адам аталып жүр. Енді оларды жұмсақтап «делдал» деп, кей жағдайларда «коммерсант» деп әспеттейтін жағдайға жеттік. Ал, бізше болғанда, атын қалай түрлендіргенімен алыпсатардың аты – алыпсатар.

Қалайда ақша тауып, баюды басты мұраты санайтын капиталистік құрылымда делдалдыққа жол ашық. Десе де, оларда осы кәсіппен айналысатын адамдарға қандайда бір шектеулердің бар екенін де білеміз.  Саланың өзіне тән заңы мен мәдениеті қалыптасқан. Ал, бұл үрдіс бізге келгенде жабайыланып, жағымсызданып шыға келгенін көріп жүрміз. Қайда барсаң да алдыңнын арсалаңдап шығады да тұрады. Жай ғана таксиге отырғыңыз келді ме, әлдебір зат алу үшін базарға бас сұқтыңыз ба, жоқ әлде мемлекеттік қызмет алуға келдіңіз бе, сіз ең алдымен делдалға жолығасыз. Иненің көзінен өткендей пысық жігіттер мен қыздар асты-үстіңізге түсіп, бәйек болады да қалады. Ақшасын артығымен беріп, қолын майлап жіберсеңіз, шаруаңызды тастай қатырып тындырып тастайды.

Жуырда Алматыдағы автокөлікке арналған қызмет көрсету орталықтарының біріне барғанмын.  Кезек көп екен, біраз күтуге тура келді. Қарап отырмай жан-жағыма зер саламын ғой, баяғы. Әбден әккіленіп алған жігіттер кімге көмек керек екенін де айнытпай табатын сияқты. Көлігіңізді кезексіз тіркеу ме, жүргізуші куәлігі ме, мемлекеттік номір ме, дәрігердің анықтамасы ма, құдай-ау, бәрі солардың қолында сияқты. Тек ақшаң болса болғаны...

Атышулы «Алтын Орда» базарына ауылдан малын әкелген шаруалар  өздігінен кіре алмайтынын талай естігенбіз. Алдымен делдалға беріп, одан сатушыға жеткенше тауар бағасының еселеп өсіп кеткенін аңдамай да қаласың.  Сатушы ғой, сатқан еңбегіне қосады, ал пайданың көбі ол малды өсіру үшін саусағын да қимылдатпаған делдалдың қалтасына түседі. Екі ортада тауар өндіруші мен тұтынушы, былайша айтқанда қарапайым халық зардап шегіп жатады.   Осындай көріністі бүгінгі өміріміздң кез-келген саласынан кездестіруге болады.

Біздің қоғамымызды жегідей жеген бірінші індет – жемқорлық пен парақорлық десек, делдалдықты солардың қатарына қоюға болатын шығар.  Себебі, елімізге, мемлекетке зәредей де пайдасын тигізбейтін, халықтың денесіне кенедей жабысып алып, қанын теспей соратын осындай сорақы құбылысқа тосқауыл қойылмай баға да шарықтап, тұралаған қалпымыздан айнымайтынымыз ақиқат.  Осындайда, әлгінде айтқан «спекуляция» туралы заңды қайтадан қалпына келтіру керек шығар деген ойға қаламын!...

Қуат Қайранбаев

Abai.kz

12 пікір