Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3188 0 пікір 11 Наурыз, 2013 сағат 08:59

Қожаберген Қадыров: ...Өліп кетейін, әртіссіңдер

 

Алматы облыстық И.Нүсіпбаев атындағы  №4 мектеп-интернаттың 10-сынып оқушысы Жақсылық Әйгерімнен редакция поштасына келіп түскен «Қожада нелері бар?!» деген тақырыптағы шағын материалын 8 наурыз күні жариялағанбыз. Онда автор «Ұлан» газетінен «Менің атым - Қожа» фильміне тыйым салмақ екенін оқып, соған орай өз ойын жазған.

Қожаның төңірегіндегі хикаяның басы Мәжілісте «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы талқылаудан басталғанға ұқсайды.

«Айқын» газетінің тілшісі Елдос Сенбай заң жобасына байланысты құрылған жұмысшы топтың кезекті отырысынан материал дайындап, ол «Менің атым - Қожа» енді көрсетілмеуі мүмкін» деген тақырыппен газеттің 12 ақпан күнгі санында жарық көрген.

Ал, арада бір апта өткенде «Ұлан» газеті   «Менің атым - Қожа» фильміне тыйым салынуы мүмкін бе?» деп тақырып қойып, «Айқын» газетіндегі мақалада сөз болған жайттың ақ-қарасын айыру мақсатында заң жобасына байланысты құрылған жұмысшы топтың жетекшісі Алдан Смайылдан қысқа сұхбат алып, газеттің 19 ақпандағы санында жария еткен.

Сұхбатта депутат: «Газет журналисінің «Менің атым - Қожа» фильмін мысалға келтіргені дұрыс емес. Ол мақала маған заң жобасымен толық таныспаған адамның сөзі сияқты көрінді. Жоқ жерден жік шығарып отыр», - дейді.

 

Алматы облыстық И.Нүсіпбаев атындағы  №4 мектеп-интернаттың 10-сынып оқушысы Жақсылық Әйгерімнен редакция поштасына келіп түскен «Қожада нелері бар?!» деген тақырыптағы шағын материалын 8 наурыз күні жариялағанбыз. Онда автор «Ұлан» газетінен «Менің атым - Қожа» фильміне тыйым салмақ екенін оқып, соған орай өз ойын жазған.

Қожаның төңірегіндегі хикаяның басы Мәжілісте «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы талқылаудан басталғанға ұқсайды.

«Айқын» газетінің тілшісі Елдос Сенбай заң жобасына байланысты құрылған жұмысшы топтың кезекті отырысынан материал дайындап, ол «Менің атым - Қожа» енді көрсетілмеуі мүмкін» деген тақырыппен газеттің 12 ақпан күнгі санында жарық көрген.

Ал, арада бір апта өткенде «Ұлан» газеті   «Менің атым - Қожа» фильміне тыйым салынуы мүмкін бе?» деп тақырып қойып, «Айқын» газетіндегі мақалада сөз болған жайттың ақ-қарасын айыру мақсатында заң жобасына байланысты құрылған жұмысшы топтың жетекшісі Алдан Смайылдан қысқа сұхбат алып, газеттің 19 ақпандағы санында жария еткен.

Сұхбатта депутат: «Газет журналисінің «Менің атым - Қожа» фильмін мысалға келтіргені дұрыс емес. Ол мақала маған заң жобасымен толық таныспаған адамның сөзі сияқты көрінді. Жоқ жерден жік шығарып отыр», - дейді.

Біз редакцияға хабарласқан әріптестеріміздің өтініші бойынша, төменде екі газетте жариялаған мақалаларды беріп отырмыз.

Abai.kz

«Менің атым - Қожа» енді көрсетілмеуі мүмкін

Талай қазақ баласы көріп өскен, ұлтымыздың «алтын қорына» енген «Менің атым - Қожа» фильмін балалардың көруіне енді тыйым салынуы мүмкін. Бүгінде Парламентте жас қазақстандықтарды, олардың денсаулығына және дамуына зиян келтіретін ақпараттардан қорғауды қарастыратын, тыйым қоятын заң жобасы қаралуда. Әрине, депутаттар: «оған бара қоймас!» дегенді айтады. Бірақ заң қабылданған соң, шешімді олар емес, уәкілетті орган тартатын сарапшылар шығармақ. Ал заң жобасында «баланы қоғамға жат және құқыққа қарсы іс-әрекеттерге арандататын - баланың... психотроптық немесе есеңгірететін заттарды пайдалануына, ... қаңғыбастықпен және қайыршылықпен шұғылдануына түрткі болатын ақпараты» бар туындыларға тыйым салу көзделген.

 

Ендеше, ұстазының сөмкесiне бақа салатын, сыныптасына сияны рогаткамен ататын, балыққа барып, көршiнiң ауын «ұрлайтын», iргелес ауылдағы бейтаныс үйде бүлдіршінді алдап соғып, етiн жеп, қымызын iшiп кететiн Қожаның қылықтарын сарапшылардың «қоғамға жат және құқыққа қарсы іс-әрекеттер» деп бағаламасына, фильмнің басты кейіпкерін ұзынтұра Сұлтанның темекі тартуға үйреуін - «психотроптық немесе есеңгірететін заттарды пайдалануға түрткі болу» деп таппасына, тіпті басты қос кейіпкердің үйден қашып, ел кезуін - «қаңғыбастықпен шұғылдану» деп айыптамасына кім кепіл? Сұрақ көп. Сондықтан болса керек, осы заңды пысықтайтын жұмыс тобына жетекшілік ететін ұлтжанды депутат Алдан Смайыл, осы топтың кешегі өткен отырысында, дау туғызар көптеген позициялар бойынша шешім қабылдауды кейінге қалдырды, ол Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетіне әлгі баптарды және соларға қатысты депутаттардың енгізген түзетулерін мамандармен жеке қарап, бірыңғай ұстаным-байлам түзуді ұсынды.

Отырыс барысында бірқатар депутаттар балаларды теріс ақпараттардан қорғауда батыстық озық үлгілерге сүйенуді, тіпті кейбірі Ресейдің осының алдында қабылданған заңының жақсысын алуды ұсынған. Бірақ жұмыс тобының жетекшісі Батысқа жалтақтаудың жақсылық әкелмейтіндігін ұғындырды:

- Менің шошитын бірдеңе бар, - деді әріптестеріне қайырылған Алдан Смайыл. - Осы заңды талқылағанда естеріңізде болсыншы! Таяуда ғана Франция парламенті бір жынысты некелерді мақұлдады. Америка президенті кандидат болғанда, сондайды жақтап шықты. Енді елді осыған дейін жеткізбеу үшін бірдеңе істеуіміз керек! Осы заңның мағынасы да сол. Еуропа-Еуропа дегенде, оның жеткен жері жаңағы болып отыр. Масқара! Франция парламенті бүкіл адамзатқа қарсы, Алланың жаратылысына қарсы шешім қабылдады. Осыдан кейін шошынасың. Осыдан кейін біздің қолда бар мүмкіндікті мына заңға енгізуіміз керек. Ештеңеден қалтырамай, жасқанбай.

Еуропа демек, еліміздің Сыртқы істер министрлігі ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі өкілі Д.Миятович офисінің осы заң жобасына қатысты түсініктемесін жолдапты. Онда еуропалық осы ұйым тартқан сарапшы: «аталған заң жобасы цензура ретінде бағалануы мүмкін тыйымдар мен шектеулерді ендіруге жол ашады» деген «ортақ қорытындыға» келіпті. Демек, бұл құжат айналасында алда талай пікірталастар жүретінге ұқсайды.

Бұл заңның қабылдануын кешіктіруі мүмкін тағы бір қызықты жайт мәлім болды: жұмыс тобының жиынында оның жобасының орыс тіліндегі мәтініне қатысты кейбір түсінбеушіліктер туындаған. Мұның мәнісі мынада болып шықты: «Балаларды денсаулығына және дамуына зиян келтіретін ақпараттардан қорғау туралы» заң жобасы - қазақ тілінде жазылған заң екен! Кейін оны орыс тіліне аудару кезінде сәйкессіздіктер кеткендігі хабарланды. Осы орайда аудармашыларға жұмыс табылып отыр.

Бұл заңның тыйымдары тек телеарна, радио және баспасөзге ғана емес, интернетке де таралуы мүмкін. Осыған байланысты жобадағы біраз бапты «орындау мүмкіндігінің жетіспеушілігіне орай», алып тастау ұсынылған. Бұған жұмыс тобының жетекшісі қарсы шықты. «Жалпы, кодтау арқылы баланың теріс ақпараттарды көру мүмкіндігін шектеуге болады,- деді Алдан Смайыл. - Бұл - техникалық жағынан мүмкін дүние. Ал оны ата-аналардың барлығы бірдей істей ала ма, жоқ па, ол - басқа мәселе. Бірақ заңда осыны бекітеміз бе, жоқ па, мәселе сонда».

Депутаттың пікірінше, баласының «жоғарғы, ақпараттық» құралында әлгіндей «сүзгіні» орната алмайтын ата-ана¬ларға провайдерлер көмекке келуі қажет. «Интернеттен хабар тарататындардың өздері балалардың бәленбай уақытта көруіне, тағы басқаларына өз тараптарынан шектеу қоя алады. Сондай келісімдер бар» деген Алдан Смайыл министрлік өкіліне бұрылды: «Мысалы, Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстандағы интернет таратушылармен осындай келісімге отыра аласыздар. Ондай мүмкіндік бар. Еуропада 32 ірі интернет-провайдерлермен келісімге отырған: «балаларға мынадай-мынадай ақпараттарды көрсетуге мүмкіндік бермейсіздер» деп. Мына мәселе содан алынып отырған дүние. Ендеше, неге Қазақстанда мүмкін емес?! Бәрі мүмкін!» деп шорт кесті топ басшысы.

Елдос СЕНБАЙ

«Айқын» газеті

 

 

«МЕНІҢ АТЫМ - ҚОЖА» ФИЛЬМІНЕ ТИЫМ САЛЫНУЫ МҮМКІН БЕ?

«Талай қазақ баласы көріп өскен, ұлтымыздың алтын қорына енген «Менің атым - Қожа» фильмін балалардың көруіне енді тыйым салынуы мүмкін». Бұл үзінді «Айқын» газетінің өткен аптадағы №25 (2180) санында жарияланған «Менің атым - Қожа» фильмі енді көрсетілмеуі мүмкін» деген мақаладан алынды. Сонда қалай болғаны? Талай жылдар бойы балалардың көзқуанышына айналған Қожатаймен қош айтысамыз ба? Парламентте талқыланып жатқан «Балалардың денсаулығына және дамуына зиян келтіретін ақпараттардан қорғау туралы» Заң жобасы Қожаға неге қарсы болды? Егер экраннан «Менің атым - Қожа» фильмі алынып тасталар болса, онда осы уақытқа дейін түсірілген көптеген киноларымыздан айырылып қалатын түріміз бар.

Мәселен, «Жаужүрек мың бала». Қантөгіс бар ма, бар. Кешегі «Аңшы баланы» алайық. Бала қолына қару ұстап жүреді. Демек, бұлар - балалар үшін зиянды көрініс. Қожаның да кейбір қылықтарын біреулер ұнатпауы мүмкін. Бірақ, балалықта кім шалалыққа бармайды? Соған бола Қожаға қарсы шыққанымыз қалай? Қазақ балаларын тәнті еткен Қожаны қорғай алмасақ, Бердібек Соқпақбаевтың, Абдолла Қарсақбаевтың бүкіл шығармаларын жоққа шығарғанымыз емес пе? Бұл мәселеге бей-жай қарай алмағандықтан, заң жобасының авторларының бірі, Мәжіліс депутаты Алдан Смайылға хабарластық. Ай-күннің аманында депутаттар елді бұлай неге дүрліктіргенін сұрадық. Сөйтсек, заң жобасына сүйікті Қожатайдың мүлдем қатысы жоқ екен.

- Газет журналисінің «Менің атым - Қожа» фильмін мысалға келтіргені дұрыс емес, - деді Алдан аталарың. - Ол мақала маған заң жобасымен толық таныспаған адамның сөзі сияқты көрінді. Жоқ жерден жік шығарып отыр.

- Демек, Қожаның «кінәсі» жоқ қой?

- Әрине, жоқ. «Айқындағы» мақаланы оқыған адам депутаттар «Менің атым - Қожаға» шабуыл жасап жатыр деп ойлауы мүмкін ғой. Сол фильмді мысалға келтіріп тұрып жазуға бола ма екен?

- Әріптесім мақаласында Қарсақбаевтың киносындағы кейбір көріністерді мысалға келтірген екен. Заң жобасы сол көріністерді айыптамасына кім кепіл дегенді айтып отыр.

- Былай мақаланың мазмұны дұрыс. Бірақ біз балалардың психикасына, мінезіне кері әсер ететін ақпараттан қорғау туралы айтып отырмыз. Оның ішінде қатыгездік,  анайы сипаттағы көріністер бар. Қазір жиіркенішті мазмұндағы компьютерлік ойындар, фильмдер көбейіп кетті. Интернетте суицидті насихаттайтын сайттар көп. Үй, мекен, отбасы, Отан... игіліктің барлық түрін жоққа шығаратын діни ағымдар бар. Солар өздерінің ақпаратын түрлі жолдармен таратып жатыр. Бұл күнге дейін бізде осылардан қорғайтын заң жоқ. Мынау жасалған заң жобасы балаларды сондай ақпараттардан қорғауға арналған.

- Заң қабылданса, балаларды түрлі зиянды ақпараттардан толықтай қорғай алатынымызға сенуге бола ма?

- Әрине, заңдық тұрғыдан тыйым салынады. Оған техникалық жақтан да мүмкіндік бар. Заң бойынша ақпараттар балалардың жастарына лайықталып жасалады. Мәселен, 6 жасқа дейінгі, 6 жастан кейінгі, 10 жасқа, 12 жасқа арналған деген сияқты. Сосын бұйымның қорабында немесе бейнежазбаның титрінде осы белгі көрсетілуі керек. Ондай белгісі болмаса, эфирге жіберілмейді. Егер титрге жазып қойып, заңда айтылған талаптарды сақтамаса, онда заң алдында жауап береді.

- Білуімше, мұндай заңдылық Ресейде бар. Себебі, соңғы кездері бұл елдегі балаларға арналған кітаптарда, мультфильмдерде «6+», «10 +» дегендей таңбалар көрсетіліп жүр. Солай бола тұра, ол заңдылық сақталып жатқан жоқ. Белгі қойылған бейнежазбаларда әлгінде сіз айтқандай көріністер қылаң беріп қалып жатады.

- Дәл біздегідей емес, бірақ осы тектес заңды Ресей 2011 жылы қабылдады. Осыдан келіп кеңес заманында шыққан мультфильмдердің өзін «сорттап» жатыр қазір. Әрине, кішкене асыра сілтеулері де бар. Бірақ, меніңше, бұл - дұрыс қадам.

Серікбол ХАСАН

«Ұлан» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1423
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1259
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1020
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1079