Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
46 - сөз 1998 3 пікір 28 Желтоқсан, 2022 сағат 13:47

Рух реинкарнациясы

Желкілдеген жеңімпаз тулардай боп,
Желтоқсанда бір ана туғандай боп -
Тура осы алаңда тұрған едік,
Тағы тасқа соғылды қу маңдай кеп!

Тағы Алматы.
Тағы да сол алаңда
Атыс-шабыс, жарылыс, зобалаңда,
Ту көтерген кім екен, - НАМЫС ТУЫН
Соғу керек ескерткіш сол адамға!

Бойындағы асау күш бермей тыным
Болса, шіркін осындай ЕР дейтінің.
Ол қазақтың РУХЫ - мың сан түлеп
Оқтан, оттан кейін де өлмейтұғын!

Қанға бөкті осынау алаң қанша,
Билікке ақыл кірмеді, амал қанша.
Азаттықтың ақ таңы туады әлі,
Ту ұстайтын жігіттер аман болса!

Әбубәкір Смайылов

Abai.kz

 

3 пікір