Сенбі, 27 Сәуір 2024
46 - сөз 2532 7 пікір 21 Желтоқсан, 2022 сағат 14:16

Қытай Қазақстан егемендігінің кепілі бола ала ма?

Биыл қыркүйекте Қытай басшысы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгені белгілі. Бұл оның COVID-19 пандемиясынан кейінгі шетелге жасаған алғашқы сапары болды.

«Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, біз Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауда табанды түрде қолдау көрсетуді жалғастырамыз», - деді сол кезде Си Цзиньпин.

Көрші Ресей Украинада соғыс жүргізіп жатқан кезде Си Цзиньпиннің Қазақстанды қолдап сөйлеуі біраз резонанс тудырған күшті мәлімдеме болды. Дегенмен, Қытай расымен де Қазақстан егемендігінің кепілі бола ала ма? Қытайдың Қазақстан мен Орталық Азияда көздегені не?

Си Цзиньпиннің осындай мәлімдеме жасауына кем дегенде үш себеп бар.

Біріншіден, Си Цзиньпиннің Қазақстанға баруды таңдаудың өзі символдық мәнге ие. Си Цзиньпин 2013 жылы, Қытайда саяси билікті қолға алған алғашқы күндерінде, Қазақстанда «Белдеу және жол» мегажобасының тұсауын кескені белгілі. Ал пандемиядан кейін осы қыркүйекте Қазақстан мен Өзбекстанға жасаған сапары «іске оралу» туралы сигнал беруге және Пекиннің аймақтағы ықпалын нығайтуға бағытталғанын көрсетеді.Осы сапар Қытайдың сыртқы саясатына пандемия еш әсер етпейтінін көрсетуге және Бейжің Орталық Азиядағы негізгі геосаяси ойыншы болғысы келетінін көрсетуге мүмкіндік берді.

Екіншіден, Ресей экономикасы соғыс пен Батыстың санкцияларынан әлсіреп жатқандықтан, оның сенімді экономикалық серіктес ретінде тартымдылығы азайып, керісінше Қытайдың тартымдылығы күшейіп келеді. Яғни, Пекин болашақ жобаларды қаржыландыру үшін экономикалық күші жеткілікті сенімді аймақтық ойыншы ретінде өзін көрсетуге қадам басуда. Қаңтарда Ресейдің Қазақстан билігіне ОДКБ арқылы қолдау білдіргеніне қарамастан, Орталық Азияның экономикасына инвестиция салатын, сол арқылы аймақта ықпалатын жүргізетін Пекин болмақ.

Украинадағы жалғасып жатқан соғыс Қазақстанды экспортта, әсіресе мұнай тасымалдауда Ресейге шектен тыс тәуелділіктен арылу жолдарын іздеуге мәжбүр етті. Қазақстан халықаралық нарыққа шығу үшін арқа сүйейтін Ресейдің бақылауындағы мұнай құбырында «жөндеулердің» салдарынан экспортты шектеуге мәжбүр.

Сондықтан Қазақстан КТК мұнай құбырын айналып өтетін Каспий теңізі арқылы өтетін жолдарды іздестіруде. Ал Ресейдің Украинамен басы қатып жатқан кезде Пекин Астанаға көмек көрсету мүмкіндігіне ие болуы мүмкін. Өйткені Қазақстанның Қытаймен көлік және табиғи ресурстар саласында тығыз байланысы терең. Орталық Азияның ең үлкен экономикасы ретінде Қазақстан Қытайдан Ресей арқылы Еуропаға автомобиль және теміржол экспортының батыс бағытын, сондай-ақ Каспий теңізі арқылы балама жолды ұсынады. 2021 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты сауда 25 миллиард долларды құрап, пандемияға дейінгі деңгейге жетті. Қытай, сонымен қатар, мұнай-газ, жел электр станциялары мен көлік құрастыру зауыттарына қызығушылық танытып келеді, сол арқылы Қазақстан экономикасының маңызды инвесторы саналады.

Үшіншіден, Қытай Орталық Азиядағы әр елмен екіжақты қарым-қатынасты ғана емес, Пекин мен аймақтың қарым-қатынасын күшейткісі келеді. Қазір Қазақстан мен Орталық Азия елдері Қытаймен БҰҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) және «Орталық Азия-Қытай» моделі сияқты көпжақты ұйымдар аясында тығыз ынтымақтастықты жалғастырып келеді. Кейде баспасөз беттерінде ШЫҰ мен АӨСШК миссиясы тоғыспайтын ұйымдар ретінде сипатталады. Пекин мен Орталық Азия елдерінің ресми позициясы бойынша, ШЫҰ мен АӨСШК миссиясы бір-біріне қайшы емес, керісінше бір-бірін толықтырады.

Сондай-ақ Шыңжаңдағы «қайта тәрбиелеу лагерлеріндегі» мұсылман азшылықтарының тағдыры мәселесі Қытай мен Орталық Азия елдерінің қарым-қатынасына әсер етуі екіталай. Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссарының жақында жарияланған баяндамасында Шыңжаңдағы ұйғырлар мен басқа да мұсылмандарға (қазақ, қырғыз, өзбек) қатысты зорлық-зомбылық фактілері айтылған. Бірақ Орталық Азия елдерінің биліктері алаңдаушылық танытпады. Сондықтан бұл Қытайға экономикалық тәуелді басшылардың Си Цзиньпинге қысым жасау мүмкіндігі аз деген сөз.

Қытай мен Ресей биыл «шексіз» достыққа берік екенін жариялады. Бірақ бұл екі ел Орталық Азияда бір-біріне есесін жіберіп қояда деген сөз емес. Сондықтан алдағы уақытта Бейжің Батыс пен Кремльдің Орталық Азиядағы ықпалын әлсірету үшін эконимикалық, инфрақұрылымдық, логистикалық жобаларды бастауы мүмкін. Яғни, «Белдеу және жол» аясында жаңа жобалар пайда болуы мүмкін.

Демек, алдағы уақытта Қытайдың аймақтағы экономикалық белсенділігі артпаса, кемімейді. «Орталық Азия үкіметтері ұлттық мүддені қорғай ала ма?» деген сұрақтың тууы заңды. Си Цзиньпиннің «тәуелсіздігімізге кепіл болуы» экономикалық тәуелділіктің соңы саяси тәуелділікке апарып соқпасына кепіл бола алмайды. Сондықтан аймақтағы ел басшылары кезінде британ премьер-министрі У.Черчилль айтқандай, «Еліміздің досы да жауы да жоқ. Тек мүддесі бар» деген ұстанымда болуы керек. Соны іс жүзінде жүзеге асыруы керек.

Ауыл Ағасы

Abai.kz

7 пікір