Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
46 - сөз 26513 4 пікір 16 Желтоқсан, 2022 сағат 12:38

Желтоқсан көтерілісі

бүкіл кеңестік аумақтағы ұлттық қайта серпілудің бастамасы ретінде тарихта қалды 

Жетпіс жылдай өмір сүрген тоталитарлық жүйе қанша жерден әрекеттенгенімен адамдардың ой-пікір бостандығын біржолата тұншықтыра алмады. Кеңестік жүйенің ұлттар мен халықтардың мәдениеті мен тарихын және ұлттық сана-сезімін тұншықтыруға бағытталған әрекеттеріне қарсы жаңа наразылық пен жаңа күш туып келе жатты. Бұл күш 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде айқын көрінді.

Желтоқсан оқиғасының басталуына республика басшылығын ауыстыру жөніндегі Мәскеудің әміршілдік әрекеті ғана себеп болған жоқ. Жаңа басшылыққа республика халқына мүлдем таныс емес Колбиннің келуі жылдар бойына жинақталған ашу-ыза мен наразылықтың буырқана сыртқа атылып шығуына түрткі болды.

Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы сапалық жаңа сипатқа көтерілу  болып табылады. Республика халқы бұл кезде  екі таңдаудың алдында тұрды: не  Қазақстандағы «кіші Қазанды» қайталауды таңдау, не ұлттық өзін-өзі билеу құқығын таңдау керек болды, ол  республикада басқарушыны сырттан әкелушілік институтын тоқтату талабынан көрініс тапты.

Алматыдағы оқиғалар Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Пленумында Д. Қонаевтың  қызметінен алынуы және  Сібірден келген партиялық функционер, «сыбайластыққа қарсы қатаң шараны қолдаушы» ретінде белгілі және осы стандарттарға сәйкес «реформатор» болып көрінген Г.В. Колбиннің сайлануы туралы ресми хабарлама берілген сәттен бастап қарқын алды. Колбиннің кандидатурасы тағы бір маңызды сипаттама бойынша Горбачевтың  таңдауына сай келді – оның  ұлты орыс болатын. Дүрбелеңге толы үш күн бойына, 1986 жылдың 16 желтоқсанынан 18 желтоқсанына дейін болған оқиғалар сол кездегі ресми дереккөздер бойынша мынадай белгілі хронологиялық дәйектілікпен түзіледі.

Қазақ КСР  Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің деректері бойынша театр-көркемөнер институтының 12 студенті 1986 жылғы желтоқсанның 16-сынан 17-сіне қараған түні қаланың алты жоғарғы оқу орнының және С.М. Киров атындағы зауыттың жатақханаларында насихат жұмыстарын, яғни алаңға шығып наразылық білдіруге шақырған. Олар, Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті агенттерінің мәліметтері  бойынша, жастарды манифестацияға қатысуға көндірген,  ұрандар мен плакаттарды дайындап, көшеге алып шыққан.

17 желтоқсанда таң ата қала  жастары өз бетінше, ал кей жерлерде ұйымдасқан түрде көшелерге шықты. Шеруге шығушылардың сап түзеген қатарларында: «Лениннің идеялары жасасын!», «Әр халыққа-өз көсемі!». «Бірде-бір  халыққа, бірде-бір тілге ешқандай артықшылық берілмесін!», «Біз халықтардың күштеп емес, ерікті жақындасуын жақтаймыз!», «Қазақстан жасасын!» деген ұрандар көрінді.  Кейіннен,  Жоғарғы Кеңес Төралқасының  Желтоқсан   оқиғаларына түпкілікті баға беру жөніндегі комиссиясы атап  көрсеткеніндей, ұрандарда этностық-центристік мазмұн болмаған және өзінің сипаты жағынан марксизм-ленинизмның ұлт мәселесі жөніндегі теориясының мәнін білдірген, «шеруде күлкі естілген, жігіттер мен қыздар ән айтқан. Шеру алаңға қарай жүрген. Бәрі де бейбіт шеруді еске салған...»

Жастардың алғашқы  топтары 17 желтоқсанда таңертеңгі сағат 7-8-ге қарай Компартия Орталық Комитетінің алдындағы алаңға мөлшері 200-300 адам Орталық Комитет Пленумының шешіміне қарсы наразылық білдірген ұрандар ұстап жиналды. Республиканың жоғары басшылығының келісуімен милиция мен ішкі әскерлер күштері алаңды қоршап алды. Алматы гарнизоны бойынша №1 ұрысқа дайындық жарияланды, теміржол вокзалдары, әуежай, қала аралық автомобиль жолдары жабылды.

Шеруге  қатысушылардың алдына шығып, манифест жариялаушылардың талаптары жөнінде түсіндіру жұмысын жүргізу ұйғарылды.  Жастардың талаптарында республиканың бірінші басшылығы қызметіне Колбиннің сайлануына  наразылық  білдірілді. Қонаевтың олардың алдына шығып, ашық  түсінік беруін талап етті. 11 сағат 30 минутта алаң біршама босады, жастар қала көшелеріне бет алды. Шеруге Ішкі істер министрлігі мен оның  бөлімшелері құрамының  жеке күштері ілесіп отырды.

Түстен кейін Алматының Брежнев есімімен аталатын алаңына студент және жұмысшы жастардың әлдеқайда көп бұқарасы жиналды. Олардың саны түрлі деректер бойынша 5 мың адамнан 30 мың  адамға дейін өзгеріп отырған. Шеруге  жиналушылар қатарларының толығуымен бір мезгілде күш құрылымдарының қызметкерлері де шоғырлана түсті. Алматы  оқиғаларының аяқталар күніне қарайғы жазалаушы корпустың саны  жөнінде тарихи сипаттамалар мен ҚазКСР Жоғарғы кеңесі Төралқасы Комиссиясының қорытындысында  айырмашылықтар бар. 19-24 мың тәртіп сақтау күштері адамдарының орнына 50 мың әскери қызметшісі, 20 мың милиционер және 16 мың дружннник (жасақшы) деген цифр келтіріледі.

Шеруді қуып тарату үшін  Алматы мен облыстардан және Фрунзе, Ташкент, Челябинск, Новосибирск, Уфа, Свердловск мен Тбилиси қалаларынан  ішкі әскерлердің арнайы бөлімдері топтастырылды. Операция «Метель-1986» деген шартты атаумен КСРО Ішкі Істер  министрінің №0385 бұйрығы негізінде әзірленген және елдің жоғары басшылығы мақұлдаған оперативтік  жоспар бойынша жүзеге асырылды. Жазалау әрекеттері КОКП ОК саяси бюросының мүшесі, бір кезде қазақстан Компартиясы ОК-нің 2-хатшысы қызметінде өзінің арына дақ түсірген М.С. Соломенцевтің жеке қатысуымен және тікелей  басшылығымен жүргізілді.

Басып-жаныштау әрекеттерін дайындау кезінде «қара жүздікшілер» қағидаты бойынша құрылған халық жасақшыларына ерекше орын берілді. Әрбір аудандық комитетке 2000 адамнан отрядтар жасақтауға нұсқау берілді. Колбин  жасақтарды байырғы этностың  адамдары қатарынан құруға кеңес бергенімен, зауыттар мен мекемелердің ұжымдарында  қазақ емес ұлттардың  басым болуы себепті мұны жасау іс жүзінде  мүмкін болмады. Олардың қарулануы үшін қаланың зауыттарында арматура мен  құбырлардың кесінділері, арматураланған кабельден сойылдар дайындалып, партияның қалалық комитеті мен аудандық комитеттерінде таратылды.

Митингілік бой көрсетулер кезеңінде шерушілер  мен жасақтар арасындағы  нақ осы  қоян-қолтық  айқас желтоқсан  оқиғаларына ұлтаралық жанжал реңкін берді. Кейіннен шеруге шығушыларды, кездейсоқ жүргіншілерді жаппай ұрып-соғуды ақтау  үшін басшылық жалған айтып, бұрмалауға барды.  Жұмысшылар отрядынан  тартып  алынған осындай қол қаруы кейіннен қылмыстық және саяси зерттеуде шерушілердің зұлым ниеттегі мақсаттарының айғағы ретінде көрсетілді.

Алаңды құрсауға алуға: ешкімді шығармауға және ешкімді кіргізбеуге бұйрық берілді. Толқудың қақ ортасына жақындаған шерушілердің жаңа топтары қоршауды бұзды, қақтығыс туды. Қоршаудың ішіндегі адамдар жаңадан келгендердің қоршауды бұзып  кіруіне көмектесті.

Шиеленістің шегіне жетуі ҚазКСР Ішкі істер министрі Князевтің басып-жаныштауды бастауға бұйрық беруіне  алып келді. Қалқан, сойыл және сапер күрегін ұстаған солдаттар шерушілерді қуып таратуға кірісті. Адамдар қаша бастады. Жөңкілген қалың тобыр бір-бірін қысып-жаншып, кейбіреулер аяқ астында қалды. Шерушілердің құқық қорғау органдарымен қақтығысы қиян-кескі арпалысқа ұласты. Шерушілерді қуып тарату үшін өрт сөндіретін  және арнайы құралдармен жабдықталған техникалар қолданылды. Түн ортасына қарай шерушілерді  қуып тарату операциясы аяқталу сатысына жетті. Адамдардың жиыны сейілді, соққыға жығылып асфальтта жатқандарды жинап алып, тиеп әкетті. Алаңнан қашқандарды соңына түсіп қуу іргелес көшелерде, тұрғын үйлердің кіреберістерінде, жатаханалардың жаңында жалғастырылды, мұнда із кескіш  иттер пайдаланылды.

Қазақ жастары 1986 жылдың желтоқсаны күндері ондаған жылдар бойы үстемдік құрып келген тоталитарлық   режимге батыл қарсы тұрды, сөйтіп бұрынғы КСРО кеңістігінде ұлттық-демократиялық   қозғалысты дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Оқиға басқа халықтарға қарсы бағытталмаған-ды, бұл елдегі екі күштің: буыны қатпаған демократия мен ол кезде қылышынан қан тамып тұрған әкімшіл-әміршіл жүйенің тұңғыш қақтығысуы болатын. Желтоқсан көтерілісінің бастауында Қ. Рысқұлбеков, Қ. Айтмұрзаев, Б. Иманғожаев,  О. Сейтембеков, А. Қаметов, Е. Көбесбаев, Е. Сыпатаев, Л. Асанова, С. Мұхамеджанова, И. Дәуренов және т.б. болды.

Көтерілісшілердің өте қатал жазаланғанын ерекше атап өту керек. Жедел жәрдемнің 20 бригадасы зардап шеккен 540 адамды емдеу мекемелеріне жекізді, 209 адам ауруханаға жатқызылды, 1722 адам дене жарақатын алды. Жоғарғы Кеңес Төралқасы  Комиссиясының  бағалауынша, ұсталғандардың жалпы саны 8500 адамға жуық. Прокуратурада 5324 адамнан, МҚК-нде 850 адамнан жауап алынған. 900-ге жуық адам соттардың, милицияның және кәсіпорын әкімшіліктерінің қаулысы бойынша әкімшілік тәртіппен жазаланған (қамауға алынған, айыппұл  төлеген, сөгіс алған, т.б.) 1400 адамға қатаң ескерту берілген.

Ресми дереккөздер мәліметі бойынша 264 студент оқу орнынан шығарылған. Халыққа білім беру министрінің анықтамасында (1990 жылғы тамыз) оқудан шығарылғандардың саны 309 болған. (Денсаулық сақтау министрлігі мен Қатынас жолдары министрлігінің жүйесіне кіретін оқу орындарының студенттері мен оқушыларын есептемегенде). Бүкілодақтық Лениншіл Коммунистік Жастар Одағының желісі бойынша оның 1922 мүшесі жазаланған (758 мүше комсомол қатарынан шығарылған, 1164-і қатаң сөгіс алған). Партия  қатарынан 53 адам шығарылған, 210 адам партиялық тәртіппен жазаланағн. Оқиғаларға қатысқан 319 адам жұмыстан қуылған. Соттың үкімімен 99 адам сотталған, оның екеуі ату жазасына кесілген.

Алайда жария етілмеген деректер де болған-ды. Комиссияның төрағасы, халық ақыны Мұхтар Шаханов желтоқсан оқиғаларынан кейін бір жыл бойына 58 адам жерленген, жерленгендердің аты-жөні көрсетілмеген және тіпті нөмірлері жазылмай көмілген деп тұжырымдады.

Бұл деректер  Желтоқсан оқиғаларына байланысты кейбір құпия мән-жайлардың бетін ашқанын айта кету керек. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасына «Батыс» зираты туралы, оқиғалардан кейін 58 адамның жерленгендігі, олардың аты-жөндерінің белгісіз екендігі туралы мәліметтер  берілген. Зираттың бірнеше қызметкері, сонымен қатар олардың басшылары да бұл ІІМ-нің жасырын жерлеулері екені жөнінде куәлік бергендігі туралы ерекше анықтама табыс етелген.

ҚазКСР Жоғарғы кеңесі Төралқасы комиссиясының Төрағасы М. Шаханов кейіннен былай деп атап көрсетті: көтеріліс тар аядағы ұлттық бағытта болған жоқ, оған орыстар мен ұйғырлар, татарлар және қырғыздар да қатысқан. «белгілі бір топтар, - деді ол бір сұхбатында,  - бұл  фактілерді арнайы жасырды, алаңға тек қазақ «ұлтшылдары» ғана  шықты деп дәлелдеуге тырысты. Бейбіт жастардың шеруін негізінен бір ғана ұлттың – орыстардың өкілдерінен құралған қарулы жасақшыларға қарсы қою  арқылы «ұлтшылдық» сипат берілді: олар осылай республика халықтарының ұлтаралық қатынастарына елеулі жарықшақ түсіруге қол жеткізді».

Оқиғалардың желтоқсаннан кейінгі өрбуі орталық және  республикалық баспасөзде бүкіл қазақ атаулы мен қазақтың билік жүргізуші элитасына  жаппай насихаттық шабуыл жасауымен сипатталды. Сөз жүзіндегі осындай айыптаулардан кейін Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғалары жайлы Кеңестік негізгі құжат қабылданды. 1987 жылы 16 шілдеде КОКП ОК «Қазақ республикалық партия ұйымының еңбекшілерге  интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмысы туралы» қаулы қабылдады. Онда жоғарыда айтылған айыптаулардың бәрі келтірілді және орын алған оқиғаларға: «өткен жылдың желтоқсанында Алматы қаласында болған тәртіпсіздіктер қазақ ұлтшылдығының көрінісі болды» деген баға берілді,

КСРО Министрлер Кеңесінің Төрағасы Н. Рыжков Хельсинкиде болғанда  Алматы  оқиғаларына : «біз оларды жөнге  саламыз. Өзіміздің дұрыс жасағанымызға көздерін жеткіземіз, ал түсінбегендер – қоғамнан сырттатылады, ондайлар бізбен бірге бола алмайды» деген түсінік берді. 1989 жылдың маусымында  Бонндағы сапарында Горбачев, көтеріліс болған сәттен екі жарым жыл өткен соң, оны «артта қалған, реакциялық және қайта құруға дұшпандық әрекет» ретінде сипаттады.  Оның бер жағында ішкі насихат үшін Горбачев Алматы оқиғаларын әлеуметтік–экономикалық дамудағы таза кемшіліктер ретінде түсіндірді.

Мәскеу мен оның жергілікті жердегі өкілі Колбиннің Желтоқсан оқиғасынан кейінгі қызметінің басты бағыты қазақ интеллигенциясын жаныштауға бағытталды. Республика басшылығындағы қазақтар мен жоғары оқу орындарындығы жергілікті ұлт оқытушылары және зиялыларының есебі алынды. Тіпті қазақтар көп шоғырланған оңтүстік облыстардағы студенттердің басқа ұлт өкілдерінен көптігі де сарапқа салынды. Жоғары оқу орындарындағы қазақ жастарының көбеюі де орталыққа жақпады. Ұлт тілінде тек өз республикасында ғана білім алуға болатындығы ескерілмеді. Жоғары оқу орнына қабылдауда жергілікті ұлт өкілдеріне шектеу енгізілді.

Колбиннің «Үшінші Қазаны» - Қазақстанды біржолата қазақтық сипаттан айыруды мақсат тұтқан қызыл империяның ең соңғы және шешуші зор майданы еді. Бұл майдан да ең алдымен ұлтты рухани жаныштаудан басталды. Студент жастарды, ұлттық интеллигенцияны, қазақ баспасөзін, тіпті ұлттық бюрократияны да жүйелі түрде тоқпақтау осындай мақсатты көздеді. Бірақ саяси күреске үлкен серпін берген Алматы оқиғасын және оның қорытындыларын тұншықтыруға Орталықтын шамасы келмеді. Желтоқсан оқиғасы бүкіл кеңестік аумақтағы ұлттық қайта серпілудің басында тұрды. Бұған Баку, Тбилиси, Сумгаит, Ферғана, Ашғабат, Рига, Вильнюс, Душанбе, Жаңа Өзен оқиғалары жалғасты.

Тоталитаризмнің мызғымайтындай болып қатқан мәңгілік мұзын алғаш рет жібіткен Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына әлі күнге дейін толыққанды баға берілген жоқ. Өйткені, сол кездегі оқиғалардағы шындықтың айтылмауына мүдделі адамдар әлі де бар. Уақыт өте келе бұл оқиғаға да тарих өз бағасын бере жатар. Қалай болғанда да Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы кеңестік жүйедегі екі күштің: жаңа басталып келе жатқан буыны қатпаған жас демократия мен сол кезде әлі де өз күшінде тұрған әкімшіл-әміршіл жүйенің алғашқы қақтығысы еді. Желтоқсан көтерілісі бұдан әрі бүкіл КСРО-дағы қызыл империяға деген наразылықтың өсуіне алып келді. Яғни Желтоқсан көтерілісі КСРО-ның ыдырауы мен мен оның күйреуінің бастамасы болды.

Баспасөз және ғаламтор материалдары негізінде дайындалды.

Бекмырза Сырымбетұлы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар