Сенбі, 27 Сәуір 2024
Ақмылтық 2325 7 пікір 16 Желтоқсан, 2022 сағат 12:35

Горбачев пен Путин: Желтоқсан мен Қаңтар

1991 жылдың 8 желтоқсанында Борис Ельцин, Леонид Кравчук, Станислав Шушкевич Минскі маңындағы Беловеж орманындағы өзара келіссөзден кейін Кеңес одағының тарағанын жариялағаны белгілі.

Арада 30 жыл 2 ай 15 күн өткенде Ресей президенті Путин демократиялық жолға түскен Украинаға соғыс ашты. Кеңес одағының соңғы президенті Горбачевтың қазасы Путиннің Киевті басып алуы былай тұрсын, әбден діңкелеген кезіне тура келді. Біреуі Кеңес одағының күйреуіне мұрындық болған, енді біреуі келмеске кеткен ескі одақты қалпына келтіруді армандайтын қарама-қайшылықты екі тұлға осылайша әлем ақпаратының зерттеу обьектісіне айналды.

Орыс билігінің әр кезеңіне уәкілдік ететін екі тұлғаның қазаққа да тікелей қатысы бар екені айдай ақиқат. Әлемдік БАҚ Горбачевты ядролық қарудан бас тартқан, Шығыс Еуропадан орыс танклерін алып кеткен, бейбітсүйгіш тұлға ретінде сипаттағанымен, оның аты аталса халқымыздың көз алдына «Желтоқсан оқиғасы» оралады. «Қайта құруды» желеу еткен Горбачев Кеңестік өндірістің тұралауына жергілікті басшылардың біліксіздігі кінәлі деп, патша заманынан орысты шикізатпен қамдап келе жатқан қазақ еліне алғыс айтудың орнына Дінмұхамет Қонаевқа сөгіс жариялады.

Сын садағын туысқан Әзербайжан елінің басшысы Әлиевке де бағыттады. Бұның бәрі мақсатты әрекет еді. Саяси жүйедегі қайшылықты ұлттық қайшылыққа айналдырып, тығырықтан шыққысы келді. Соңының не болғаны белгілі. Қақаған қыста бейбіт ереуілге шығып, өз талаптарын қойған азаматтардың қалай жазаланғанына куә болған қазақ халқы Захаровты тұтқыннан босатып, Нобель Бейбітшілік сыйлығын алған Горбачевты кемеңгер тұлға деп бағаламады. «Горбачев қоры» басшысы: «Оның Путинның Украинаға алып барған арнаулы операциясына пікір білдіретіндей жағдайы болмады», - деп ақталғанымен, Горбачевтың көзі тірісінде Путиннің Қырымды тартып алуын қолдауы оның да орыс шовнизмның жақтаушысы екенін көрсетсе керек.

Ол ақтаған Путиннің Украинаны бөлшектеу әрекеті Кремль қожайынының Кеңес одағын қалпына келтіру жоспарының басы екенін уақыт көрсетті. Орыс билігінің Еуропаға қаратқан саясаты Сталин кезінен бастап Путинге дейін түрлі сипатта өзгергенімен Орта Азияға, әсіресе Қазақстанға деген жымысқы стратегиялыры мүлде өзгерген жоқ. Батысқа сүйкімді Горбачев та одан сырт емес. Патша жарлығына қарсы уәж айтқан қазақ белсенділерін қарумен жаныштаған Николай патша сияқты ол да ұлттық басшы тағайындауды талап еткен қазақ жастарын аса жауыздықпен жаныштады. Ельцин кезінде Шығыс Еуропа жұртының демократиялық ереуілдерін танкімен таптаған «Варшава шарты ұйымының» «Ұжымдық қауыпсіздік шарты ұйымы» болып қайта бой көрсетуі оның да бір ойлағаны бар екенін көрсетеді. Нақтырақ айтқанда Путиннің демократилық бас көтерулерді айыптап, бұрынғы КСРО кеңістігінде диктаторлық режимнің өмірін ұзартуына жол салып берді. Оның айқын көрінісі «Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде елімізге Ресей басшылығындағы ҰҚШҰ әскерінің кіргізілуі еді.

Путин Горбачевты ғана емес, өзін өсірген Ельцинның саяси шешімдерін мансұқтаушы тұлға ретінде де көзге түсуде. Оған Ельцин кезінде бекітілген шекарамызға ақпараттық шабуыл ұйымдастырып, көз алартуы дәлел. Бірақ оның импершіл идеасы әлем жұртының қатаң қарсылығына тап болуда. Соғыс басталған кезде ырықсыз орында болған Украина бүгінде Батыс елдерінің әскери көмегімен бейбіт сүйгіш әлем жұртының рухани демеуінің арқасында ырықты орынға шықты. Демек Горбачев Кеңес одағының күйреуіне куә болған өтпелі тұлға болса, Путиннің де орыс шовнизмның құрдымға кеткенін өз көзімен көретін, өз амбициясының құрбаны болатын күні де алыс емес деген сөз.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

7 пікір