Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3816 0 пікір 27 Ақпан, 2013 сағат 04:57

Интерент-конференция: Дүйсен Қасейінов (жалғасы)

 

Интернет-конференциямыздың кезекті қонағы «ТҮРКСОЙ» Түркі мәдениеті халықаралық ұйымының төрағасы Дүйсен Қасейінов оқырмандар тарапынан келіп түскен сауалдарға жауап беруін аяқтап отыр.

Дүйсен  Қорабайұлы конференция барысында «түрік» және «түркі» атауларына қатысты ойын жеткізе келіп былай дейді: ««Түрік» деген бір сөзді екіге бөлген бөгделер. «Түрік» те «түркі» де бір ұғымның екі баламасы. Қазіргі қолданыста «түрік» бір ұлттың атауын, «түркі» суперэтностың атауын береді. «Түркі» - кейін шыққан сөз. Радлов кезінде "Опыт словаря турецких наречий" деп атаған атақты еңбегін. Өйткені, ол кезде "тюркский" деген (яғни, «түркі» деген) ұғым мүлде болмаған. Барлық түркі халықтарының жалпы атауы «түрік» болған. Кейін Түркия Республикасы құрылғасын (1923 жылы), біздерді түріктерден ажырату үшін «түркі» атап кеткен. Түбі бір атауға тоқтағанымыз абзал. Қазір, өкінішке қарай, «түрік - түркі» баламаларын дереу бір ізге түсіру қолымыздан келмейді. Әркім өз білгенінше қолдана берсе  -  еш өрескелдігі жоқ деймін».

- Түркі жұртында екі тіл қазақ тілі мен түрік тілінің бірі жетекші болуы керек деседі біреулер. Осы өзі арандатушы пікір емес пе, әлде мұнда бір шындық бар ма?

 

Интернет-конференциямыздың кезекті қонағы «ТҮРКСОЙ» Түркі мәдениеті халықаралық ұйымының төрағасы Дүйсен Қасейінов оқырмандар тарапынан келіп түскен сауалдарға жауап беруін аяқтап отыр.

Дүйсен  Қорабайұлы конференция барысында «түрік» және «түркі» атауларына қатысты ойын жеткізе келіп былай дейді: ««Түрік» деген бір сөзді екіге бөлген бөгделер. «Түрік» те «түркі» де бір ұғымның екі баламасы. Қазіргі қолданыста «түрік» бір ұлттың атауын, «түркі» суперэтностың атауын береді. «Түркі» - кейін шыққан сөз. Радлов кезінде "Опыт словаря турецких наречий" деп атаған атақты еңбегін. Өйткені, ол кезде "тюркский" деген (яғни, «түркі» деген) ұғым мүлде болмаған. Барлық түркі халықтарының жалпы атауы «түрік» болған. Кейін Түркия Республикасы құрылғасын (1923 жылы), біздерді түріктерден ажырату үшін «түркі» атап кеткен. Түбі бір атауға тоқтағанымыз абзал. Қазір, өкінішке қарай, «түрік - түркі» баламаларын дереу бір ізге түсіру қолымыздан келмейді. Әркім өз білгенінше қолдана берсе  -  еш өрескелдігі жоқ деймін».

- Түркі жұртында екі тіл қазақ тілі мен түрік тілінің бірі жетекші болуы керек деседі біреулер. Осы өзі арандатушы пікір емес пе, әлде мұнда бір шындық бар ма?

- Өз басым бұндайды естіген емеспін. Алайда, нақты жағдайға қарасақ, соңғы жылдары түрік тілінің қолданылу аясы тез кеңейіп келеді. Ал, қазақ тілі, өкінішке орай, өз мемлекетіміздің ішінде жетекші тілге айнала алмай отыр. Мұндай жағдайда екі тілді салыстыру орынсыз.

- Сіз басқарып отырған ұйымға белсенді қатысатын қай мемлекет, қалыс қалатындары бар ма?

- ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының құрушы мүшелері 6 тәуелсіз түркі мемлекеті. Олар: Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан. Түркіменстан және Түркия. Бұларға Ресейдің 6 автономиялық республикасы (Алтай, Башқұртстан, Хакас, Татарстан, Тыва, Саха), Гагауыз Йері (Молдова) және Солтүстік Кипр Түрік Республикасы бақылаушы мүшелер ретінде қосылады.  Жалпы саны 14 республика. Мәртебесіне қарамастан шараларымызға барлық мемлекеттерді қатыстыруға тырысамыз. Бұдан бөлек ТҮРКСОЙ-ға мүше болмаған түркі ұлыстарымен де тығыз қарым-қатынастамыз. Мәселен, Ресейдегі қарашай, балқар, ноғай, құмық, шуваш, Украинадағы қырым татарлары, қарайым, Қытайдағы ұйғыр халықтарымен мәдени байланыстамыз. Бүгінге дейін ТҮРКСОЙ-дың ең көп, ең көлемді шаралары Түркия, Қазақстан, Әзірбайжан республикаларында өткізілді. Оған қарамастан, баршаның хұқығы да, дауысы да, міндеттемелері де тең, ешкімнің басымдығы жоқ, бәрі бірдей.

- Былтыр Елордамыз Түркі мәдениетінің астанасы болыпты ғой, соны кешелі бері естіп отырмын.Түркі мәдениетіне астана болып Астанамыз не бітірді?

- Ақпарат алу үшін өткен жылғы газет-журналдарды қарасаңыз болады. Астана әкімдігінен, Мәдениет және ақпарат министрлігінен мәлімет алыңыз, қажет болса. Қыруар шара, көп жұмыс атқарылды. Теледидардан да, БАҚ-тан да көрініс тапты кезінде. Қысқа айтсам, бір жыл ішінде Астанада ТҮРКСОЙ Суретшілер кездесуі, ТҮРКСОЙ фотосуретшілер кездесуі, ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердің ЮНЕСКО ұлттық комиссияларының 3-ші отырысы, Түркі әлемі Әдеби журналдарының конгресі, Мүсіншілер биенналесі, түркі халықтары музыкасына қатысты бірнеше фестиваль т.б. өткізілді. Ұлт мәдениетіндегі жаңалықтарды, елде отырып естімегеніңіз қызық екен.

- Дүйсеке, Түркияның іргесіндегі Араб елдерінде үлкен қоғамдық-саяси өзгерістер болып жатыр. Бұл толқулардың себебін қауымдастық біле бастады. Әлем үлкен өзгерістің алдында тұрғанын барлығымыз сезіп жүргендейміз. Құдай бетін ары қылсын, бірақ егер анау - мынау жағдай болып кетсе, бүгін бірін-бірі бауырым, қандасым деп отырған Түркі елдері бір-біріне "жау" болып шыға келеді. Себебі ОДКБ-ның кез-келген еліне соғыс ашылса, қалған мүшелері одақтасы жағына шығып, соның сойылын соғуға міндетті болады (ОДКБ шарты солай). Ал Түркия сияқты түркі елі мысалы НАТО-ның мүшесі... Сонда деймін де, жағдайымыз қалай болады ертең!? Дүйсеке, жаман ырым бастайын деген ойым жоқ! «Айтсам тілім сырқырайды, айтпасам ділім сырқырайды» -дегендей жағдайда отырмын. Рахмет !

- Сіз айтқандай қауіптердің бары рас. Сондай жағдайға душар болмау үшін Елбасымыз бастап, Қазақстан үкіметі жүргізіп отырған көпвекторлы саясат аса қажет бағыт деп білем. Біздің географиялық жағдайымыз осыған мәжбүрлейді. «Түркі елдері бір-біріне жау болады» деп қорқудың қажеті жоқ. Біз біржақтылықтан адамыз. Түркия НАТО мүшесі бола тұра, түркі республикаларымен ынтымақтастығын жылдан-жылға күшейтіп келе жатыр. Біз Кеден одағына кірсек те, Түркиядан бас тартқанымыз жоқ.

- Дүйсеке, "түркі" ме, әлде "түрік" пе?  Сіздің қазақшаңыз Олжастың ар жақ, бер жағындай дейді. Рас па?

- «Түрік» деген бір сөзді екіге бөлген бөгделер. «Түрік» те «түркі» де бір ұғымның екі баламасы. Қазіргі қолданыста «түрік» бір ұлттың атауын, «түркі» суперэтностың атауын береді. «Түркі» - кейін шыққан сөз. Радлов кезінде "Опыт словаря турецких наречий" деп атаған атақты еңбегін. Өйткені, ол кезде "тюркский" деген (яғни, «түркі» деген) ұғым мүлде болмаған. Барлық түркі халықтарының жалпы атауы «түрік» болған. Кейін Түркия Республикасы құрылғасын (1923 жылы), біздерді түріктерден ажырату үшін «түркі» атап кеткен. Түбі бір атауға тоқтағанымыз абзал. Қазір, өкінішке қарай, «түрік - түркі» баламаларын дереу бір ізге түсіру қолымыздан келмейді. Әркім өз білгенінше қолдана берсе  -  еш өрескелдігі жоқ деймін. Бірақ бірте-бірте жөнге келеміз деп ойлаймын. Ал менің қазақшам туралы мені жақсы танитындардан сұраңыз. Қазақша сөйлейтін отбасында туып өстім. Рас, орыс мектебінде, ЖОО-да орысша білім алдым. Мәскеуде оқыдым. Мексикада жұмыс істедім. Қызметте де ылғи орыстілді ортада болдым. Алайда, ешқашан ана тілімді ұмытқан емеспін. Менің қазақшамды сынағыңыз келсе, +903124910100 телефонына Анкараға, ТҮРКСОЙ штаб-пәтеріне хабарласыңыз.

Түркі тілдерін зерттеуші ғалым, талантты ақын ретінде әлемге танылған Олжас Сүлейменов ағамызды да «тіл білмейді» деп тұқырта берудің жөні жоқ. Қазақта он Олжас жоқ, бір-ақ Олжас бар. Бардың қадірін білейік, ағайын.

- Дүйсен аға, Президент Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылған жалпытүркілік халықаралық ұйым Түркі Кеңесінің болашағы қандай? Оның қатары басқа елдердің есебінен толығуы мүмкін бе? Жалпы түркі интеграциясының болашағы бар ма?

- Түркі Кеңесі туралы пікірімді жоғарыда айттым. Оған қоса айтарым, түркі интеграциясы саласында нешетүрлі ұйымдар көбейе берсе жаман болмайды. Жұмыс бастан асып жатыр ғой. Әр бағыт бойынша қаншама жұмыс істелуі керек. Бірігуді мәдениеттен, ғылымнан, өнерден, тіл-әдебиеттен, экономикадан бастау керек, саясиландырмай-ақ.

- Дүйсеке, армысыз! Сіздің түркі әлеміне абыройыңыз бен беделіңіз жеткілікті. Сізге ұсыныс: Быйыл Наурызды Астанада түркілер үшін фестиваль ретінде өткізейік. Көп шығын керек етпейді, тек түркілердің жастары мен өнерпаздарын жинасақ жеткілікті. Наурыз - кемінде төрт мың жылдық тарихы бар мереке, парсыдан гөрі түркілердің қатысы орасан. Ол жайында біраз зерттедім. Бірақ Наурызды тірілту жалғыз менің қолымнан келер емес. Бірігейік. Серік Ерғали, мәдениеттанушы. Астана. http://www.facebook.com/serk.yergali

- Секе, мақалаларыңызбен таныспын. Наурызды әр түркі республикасы жеке-жеке өткізуге кедергі жоқ. Оған олардың жағдайлары да жетерлік. Астана әкімі Имекеңе келсек, ол азамат бұндай істердің елдік мәнін терең түсінетін кісі. Астана әкімшілігі тарапынан нақты ұсыныс түсіп жатса, қолдауға дайынбыз. Ал, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының ең басты бағыттарының бірі де осы Наурыз мерекесін әлемдік деңгейге шығару. Осы мақсатта 2010 жылы Европада Брюссельде, Парижде, ЮНЕСКО орталығында,  2011 жылы Нью-Йоркте, Вашингтонда,   БҰҰ орталығында  8-10 түркі елінің 150-ден астам өнерпазының қатысуымен Наурызды атап өттік. Биыл Наурызды түркілердің Бас мейрамы ретінде әуелі Түркияда, содан соң Англияда (сондағы түркі диаспораларының қатысуымен)  өткізуді жоспарлап отырмыз.

- Дүйсеке, былтыр Түркі елдері әдеби басылымдарының бас редакторлары форумы Астанада өтті. Ол биыл да өте ме? Өтсе, қай қалада,  қай елде?

- Ия, Түркі елдері әдеби журналдары Бас редакторларының 5-ші конгресі 2012 жылы 23-24 қарашада Астанада өткізілді. Биылғы конгресті күзде Түркияның Ескішехир қаласында өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл қала биыл «Түркі мәдениетінің астанасы» етіп жарияланды. 2014 жылы Татарстан астанасы Қазан қаласында өтеді. Жоба осылайша жалғаса береді.

- Түркілердің Қазақстанда өтетін шараларына туыс халық, аз халық ноғайларды да шақырсаңыздаршы.Н.М.М.

- Жоғарыда айтқанымдай, біз ұйымдастырған шараларымыздың бәріне ноғай, құмық, қарашай, балқар т.б. бауырларымызды қатыстыруға тырысудамыз. Мәселен, 2010 жылы балқар ақыны Казым Мечиевтің, 2011 жылы қарашай ақыны Исмайыл Семеновтың мерейтойларын Түркияда және Ресейде өткізуге атсалыстық. Қырым татарлары мен ноғайларға ортақ «Мамай» дастанын түрікше, ноғайша басып шығардық. Дегенмен, бұл іске бізден де басқа қоғамдық ұйымдар, жеке кісілер, диаспоралар атсалысса өте дұрыс болар еді. Туыстарымызды халық болып қадірлеп, бауырымызға тартсақ қана шынайы достық орнайтынына сенемін.

- Дүйсеке! Қазақстанда латын қарпінің бірнеше нүсқасы бар.Соның ішінде IT ең жаңа тәсіліне негізделген және басқа түркі елдеріндегі әліпби қиындықтарын жоюға көмектесетін профессор Алтынбек Шәріпбай нұсқасы ерекше деп білеміз. 80 млн түрік ұлты да бұрын бекітіліп кеткен алфавитін әлемдік компьютерлік бағдарлама жүйесіне кіріктіре алмай отыр деп есептейміз. Ал, әзірбайжан, өзбек, түркімен артық әріп кіргіземіз деп, ХХІ ғасырда өз ІТ мамандарының күлкісіне қалып отыр. Мәселе - ХХІ ғасырмен, ғаламданумен қатар жүруде. А.Шәріпбай 100 млн сөз енген қазақ прозасындағы тексті қазіргі ІТ мүмкіндігін пайдаланып қай дыбыс қай дыбыспен неше рет байланысады, тіркескен әріптер (sch) жасалса қандай "ботқа" болатынын т.б. математикалық, информатикалық тұрғыдан зерттеп шыққан. Біздің тілші-ғалымдар жақсы, бірақ біреуі де ІТ жаңа, болашақ мүмкіндіктерін білмейді. Кабинетте отырып, әзірбайжанның алфавит жасаған ғалымдары секілді әріптерді асты-үстіне келтіріп, өз нұсқаларын ұсынады (Бакуде бір сыйлы ғалымның "арқасында" латын алфавитіне "ә" деген әріп кіріп кеткен). Кезінде советтік түркілерді сорлатқан кириллицаның әркелгілігі еді. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты А.Ә.Шәріпбай нұсқасы үлкен реформалық қадам деп есептейміз. Сұрағым: 1) Осы мәселеге көзқарасыңыз? 2) А.Шәріпбаймен Қазақстанға келгеніңізде кездесіп, нұсқасы туралы білгіңіз келеді ме?

- Бұл мәселемен, меніңше, тілші мамандардың шұғылданғаны жөн. Олардың ішінде білікті маман жетерлік. Әр мәселеде мамандардың пікірі бірінші орында болуы керек. Әрине, жалпы көпшіліктің де көзқарасын, қоғамдық пікірді де есепке алған дұрыс. Уақытым жетсе ғалыммен кездесуге қарсы емеспін.

- Дүйсен аға! Жақында бізге Тәжікстанда туып, Өзбекстанда жұмыс істейтін Ресей азаматтығын алған бір тарихшы ғалым келді.Тәжікте қазаққа ұқсайтын (қыпшақ) кешегі күнге дейін қымыз ішіп, киіз үйде тұрған лақай деген ұлт бар екен. Әлемде 950 мыңбыз, Орта Азияда 500 мыңбыз дейді. "Қазақ" болуға әзір. Сіздердің тізімде осы ұлт бар ма?Аты-жөнін тарихшы Ж.О.Артықбаевтан алуға болады. Біз неге лақайды білмейміз? Осындай "жасырын" түркі ұлттары бар ма? Е.Ақбура

- Түркілердің, оның ішінде қыпшақтың ұрпағы қалмаған, бармаған жер аз болар. Европа мен Америкаң да, Кавказ, Балқандарыңыз да, Қытай, Индия да... Тәжікстан ежелден Түркістан құрамында болған ел. Лақайлар ондағы ірі түрік диаспорасы. Олар туралы мағлұмат мамандарға жақсы таныс. Қосымша ақпарат беретін, лақайдың белгілі қайраткерлері мен біздің ұйымның арасында  байланыс құруға үлес қосқысы келетін ағайынға алғыстан өзге айтарымыз жоқ.

- Дүйсеке! Сіз анекдот айтудың шеберісіз.Әсіресе түркі халықтары мен өзіміз туралы.Соны кітап етіп шығару ойда жоқ па? Арман

- Анекдот айтуды жақсы көретінім рас. Қазіргі заманғы фольклордың ең қысқа, әрі ең танымал жанры ғой. Оны арнайы жинап, бастырайын деген ойым жоқ. Қажет еткен кісілерге айтып берермін(әзіл).

- Дүйсен ағатай! "Ов" сияқты басқа елден келген қосымшаны фамилиядан алып тастауға қалай қарайсыз?Немерелеріңіз фамилияда қай вариантты алғанды қалайсыз? Жеңгеміз өзге ұлттан екен, отбасыда дін және діл, тіл мәселесін қалай шештіңіз?

Саламат Ахмет, Қарағанды

- «Овта» тұрған ештеңе жоқ, бүгін бар, ертең жоқ. Мәселе сыртқы  көріністе емес, ішкі мазмұнында емес пе? Біз - аға ұрпақ осылай кететін шығармыз. Себебі, аты-жөніңді өзгертсең бүкіл құжаттарды өзгертуге тура келеді. Осы қиындықтан қашып, талай ағаларымыз баспасөзде «овын» алып тастағанымен нақты куәліктерінде әлі ескі фамилияларын қолданып жүр. Ең бастысы, жас ұрпақтың аты-жөнінің дұрыс жазылуы ғой.  Жеңгең басқа ұлттан болса да, балаларым қазақ. Немерелерім тіпті қазақы. Екі немерем - Айша мен Әлихан республикалық «Көкіл» мектебінде білім алады. Домбыра да тартады, ән де салады.

- Дүйсеке! "Көрші хақысы - Құдай ақысы" деген сөз бар. Осы Алматыда, Қазақстанда "ұйғыр жайы" көп айтылады. Қытай бұл ұлтты ұнатпайды. Не үшін екені түсінікті. Ал, біздің қазақ бауырлар Қытайдағы және шекарадағы ұйғырлар қиналса, басқадай жағдай болса БАҚ-та біртүрлі, біржақты материал жазады. Өткенде Түркия ханзу еліне үлкен талап қойды. Советтен шыққан, кеше ұйғырдай қалыпта жүрген түркі елдері үндемеді. Біз әлемдегі барша ұлт, соның ішінде түркі ұлттары ел болып, мәдениетін, дәстүрін дамытқанын қалаймыз. Жасасын әлем ұлттары! Осы жөнінде ойыңызды білейік деп едік.

Ерлан Алтай

- Ерлан, пайымдауыңыз дұрыс. Өте маңызды мәселе көтердіңіз. Пікіріңізді толық қолдаймын. Бұл бағытта ТҮРКСОЙ да біраз істер атқаруда. Өткен жылы Қытайдың Мәдениет министрімен кездесіп, осы елдегі түркі халықтарының мәдениетін дамыту туралы келісімге келдік. Ұйғырлар - түркі халықтарының ішінде мәдениеті бай, тарихы терең халықтардың бірі. Оларға қолымыздан келсе ұлт болып жәрдем етуге тиіспіз.

Өзім жас кезімнен бастап ұйғыр достарыммен көп араластым. Кезінде Алматыдағы Ұйғыр музыкалық драма театрының жеке отау құрып, материалдық базасының нығаюына септігім тиді. Қазір де ТҮРКСОЙ-дың кез-келген шарасына ұйғыр бауырларымызды қатыстыруға тырысамын. Кытай ұйғырлары қатыса алмаса, Қазақстан, Өзбекстан ұйғырларын шақыртамын. Мәселен, 8 түркі мемлекетінің басты консерваторияларындағы ең талантты 22 студенттен құралған ТҮРКСОЙ Камералық оркестрінің дирижері - ұлты ұйғыр, қазақстандық белгілі музыкант Әнуар Акбаров. Бұл оркестр қазір түркі елдеріне ғана емес, Европаға, Америкаға танымал болып үлгерді.

- Дүйсеке! Бакудегі шаһиттер қабірстанына барғанда не күй кешесіз? Түркі әлеміндегі ең даулы мәселелер қандай? Оны шешудің жолы бар ма?

Аппаз

- Сұрағыңызды түсіндім...Бакудегі шаһиттер қабірстаны - жақын тарихымызда жасалған, Кеңес Одағы дәуіріндегі ұлт құрбандарына арналған ескерткіш. Ол жерде болғанда Қазақстанда Ұлттық пантеонның жоқ екені есіме түседі. Кеңес заманында қазақ ұлдары әзірбайжаннан да көп құрбан болды. Көбінің моласы жоқ. Барының сүйегі арысы Сібірде, берісі Мәскеуде жатыр. Ұлт рухын көтеру үшін қайраткерлерімізге арнап Астанадан Ұлттық пантеон ашу туралы ұсынысты қолдаймын. Ең болмағанда, Алматыдан Желтоқсан құрбандарына осы секілді мәңгілік ескерткіш жасалу керек еді.

Соңы

Редакциядан:

ТҮРКСОЙ Түркі мәдениеті халықаралық ұйымының төрағасы Дүйсен Қорабайұлы оқырман тарапынан келіп түскен сауалдарға дерліктей жауап берді. Мәртебелі мейманымызға мазмұнды әңгімесі үшін рахмет айта отырып, кезекті интернет-конференциямыздың аяқталғанын хабрлаймыз. Қосымша сауалы, айтары бар азаматтарға Дүйсен Қасейінов мырза сұхбат барысында  өзінің байланыс телефонын (+903124910100) берді. Осымен Abai.kz ақпараттық порталы арқылы қонаққа сұрақ беру тәмам, алайда  көзқарастар мен пікірге есік ашық.

Abai.kz

 

0 пікір