Сенбі, 27 Сәуір 2024
Ақмылтық 2273 11 пікір 5 Желтоқсан, 2022 сағат 14:42

Сауалнама: Қазақстанға АЭС-ті кім салады?

«Қазақстанда АЭС салынуы керек» деген сұрақ аясында ызу-қызу талқы болып жатқанына да біраз жылдың жүзі болды. Өткенде Abai.kz порталында «Қазақстанға АЭС-ті кім салады?» деген тақырыпта егжей-тегжейлі шолу жарияладық.

АЭС әлемде көптеген елдерде бар және тиімді іске асып жатқан технология. Алайда АЭС-ті салуды кімге тапсыру қажет екені де маңызды. Мысалы, бұрын Чернобыль апатын жасаған және АЭС салу бойынша өзіне күмәнді репутация алған Ресейге ме, әлде, Франция, Канада, Италия, АҚШ немесе Жапония сынды елдерге ме? АЭС құрылысын қолдайтындар да, оған қарсы тарап та жетерлік. Қоғамда осы тақырыпқа қатысты талқы ызу-қызу жүріп жатыр.

Біздің бұл тақырыпта қаузауымызға президент Тоқаевтың жуырда ғана алдымен Мәскеуге, сосын Парижге жасаған мемлекеттік сапары болды. Париж сапарында дәл осы АЭС құрылысы жөнінде талқы жасалып, Францияның «Assystem» компаниясымен өзара әріптестік бойынша меморандумға қол қойылды. Бұл құжат АЭС-ке қажетті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді, сәйкесінше, АЭС құрылысын Франция атқаруы мүмкін.

Осыдан соң біз «Usbanov arnasy» телеграм каналында арнайы сауалнама жүргіздік. Респонденттерге: «Қазақстанда АЭС-ті кім салуы керек?», - деп сауал тастадық.

Сауалнамаға Қазақстанның әр аймағынан 3741 респондент қатысты. Жауап нұсқалары ретінде 7 мемлекет көрсетілген. Олар: Ресей, Қытай, Франция, АҚШ, Канада, Италия және Жапония.

Респонденттердің 46 пайызы (1735 дауыс) «Қазақстанға АЭС-ті Жапония салуы керек» деп жауап берсе, сауалнамаға қатысушылардың 29 пайызы (1084 дауыс) «АЭС құрылысын Францияға тапсырған жөн», деп таңдапты.

АЭС құрылысын тапсыруға сенімді үштікті АҚШ түйіндеген. Респонденттердің 14 пайызы (516 дауыс) «қазаққа АЭС-ті АҚШ салып берсін», дейді.

Сауалнамаға қатысушылардың 3 пайызы (122 дауыс) Ресейге сенім білдірген. Тағы 3 пайызға (108 дауыс) жуық респондент «АЭС салуда Канадалық технологияға жүгінген дұрыс» деген нұсқаны айтады.

Респонденттердің 1 пайызы (49 дауыс) «АЭС-ті Қытай салсын» десе, тағы 1 пайызға жуығы (26 дауыс) «Италия технологиясы» деген нұсқаны таңдаған.

Сауалнама қатысушыларының 1 пайызға жуығы «Қазақстанға мүлде АЭС керек емес», - деген нұсқаны таңдаған. Олардың пікірінше, «АЭС құрылысы – кезекті ақша жымқыру схемасы ғана». Сондай-ақ, респонденттер: «АЭС-ті көрші елдерге салдыруға мүлде болмайды», - деп пікір білдірген.

Қазақстан билігі тарапынан АЭС-ті қай мемлекет салатыны туралы нақты ақпарат айтылған жоқ. Алайда, Қазақстан билігінің позициясы: «Қазақстанға АЭС керек». Сондықтан, АЭС салу мәселесі әлі де талқыға салынары анық. Әлі сан елмен меморандум жасалуы да мүмкін. Алдағы уақытта ол келісімдер жайлы да жаза жатармыз...

Abai.kz

11 пікір