Сенбі, 27 Сәуір 2024
46 - сөз 2608 2 пікір 30 Қараша, 2022 сағат 15:59

Бұлар да аз қалды…

Бұлар да аз қалды...
Бұрын министрліктің тізгінін ұстап, түкірігі жерге түспесе де, оқығаны мен тоқығаны мол сексеннің сеңгірінен асқан көршім көрген жерде ағынан жарылды.
- «Алматы ақшамынан Қали Сәрсенбай кетіп қалыпты ғой. Жүре бергені дұрыс еді.
- Ол республикалық газетке бас редактор болып өсіп кетті.
- Жүре бергені дұрыс еді. Сол кезде «Ақшамды» үзбей оқушы едім.
- Енді «Ана тілін» оқыңыз.
Ол қаққан шегедей тесіле қарады да:
- Осы жазу жазғанның бәрі журналист пе? – деді.
- Жоқ. Оның ішінде газет шығару деген журналистің журналисі ғана шыдайтын тірлік.
- Біз кезінде газеттің бас мақаласынан қорқушы едік. Оған ақ болып іліксең – ақсың, қара жағылса, сүрте алмай әуреге түсесің. Газеттің рөлі күшті еді.
- Қазір де әлсіз емес, тек оқу керек, жазылу керек.
- Шерханның шекпенінен шыққан журналистер мықты дейді ғой. Қали да соның бірі ме? Енді «Ана тіліне» жазылам, - деп әулие кісі тығыршықтай боп томпаңдап кетіп бара жатты. Құдай біледі, пошта бөлімшесін бетке алды.
Бұлар да аз қалды...

Қуандық Түменбай

Abai.kz

2 пікір