Жұма, 17 Мамыр 2024
46 - сөз 1723 4 пікір 29 Қараша, 2022 сағат 14:47

Әділ Қазақстан орнатушылардың құлағына алтын сырға!

Таңғы серуеннен қайтып келе жатқам. Жаяу жүргіншілер жолындағы кеше түскен қалың қарды күреп жүрген өңкей қазақ әйелдеріне назарым ауды.

- Армысыздар! Істеріңізге береке берсін! - деп, қастарынан өте бердім.

Кенет шаршаңқы жүзін әжім торлаған, қимылы басқаларға қарағанда баяулау, қартаңдау әйелді көзім шалып, өтіп барып кілт бұрылдым.

- Жасыңыз біраз жерге келіп қалғанға ұқсайды, мына жұмыс сізге ауырлау емес пе? - деп сұрадым.

- Ауыры ауыр ғой, шырағым, бірақ басқа амалым бар ма? Ауылда жұмыс жоқ. Кенже қызым ауруханада. Төрт жиен немеремді өзім бағып отырмын. Төрт кішкентай баласымен қызымды күйеуі тастап кеткен. Басқа әйелге үйленіп кетті. Қызым күйеуімен загске отырмаған еді, алимент те төлемейді, - деп қарт ана маңдайынан аққан терді жеңімен сүрте берді.

"Шырағым" деп сөйлегеніне қарағанда, жасы менен де үлкен болғаны ма? Шықпай жүрген жаны-ай! Бұл кісінің орнында мен болсам, ана темір күректі жарты сағат ұстап тұрғанның өзіне белімнен шойырылып, тоңқалаң асар едім деп ойлаған сайын, жүрегіме шаншу қадала берген.

- Айып болмаса, айтасыз ба, жасыңыз қаншада?

- Алпыс төртке толдым.

Сонда мына кісі мені өзінен кіші деп ойлағаны ма? Тұрмыс тауқыметі адамның тәнін ғана емес жанын да қартейтіп жібереді екен-ау! Обалдағы-ай!

Өзі бір ашық жан екен, салдырлап, ішіндегі барын ақтарып-ақ жатыр.

Осы маңайдың қарын күреп жүрген кәрі-жасы бар, он сегіз адам Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, "Тескенсу" деген ауылдан келген болып шықты. Күнде таңертеңгісін автобуспен екі сағат жүріп, қалаға әкеледі екен. Кешке дейін жұмыс істетіп, кешкісін тағы екі сағат жүріп отырып, ауылына апарып тастайды. Күндік ақысы - 4 мың теңге. Күнделікті қолма-қол төлеп отырады. Мың теңгесіне түскі тамағымызды ішеміз, 3 мың теңгесін үйімізге апарамыз дейді.

Финанстық заң бұзылғаны көзге ұрып тұр.

Осы арада әңгімеге екінші жастау әйел араласты.

-Негізінде біздің күндік ақымыз 9 мың теңге көрінеді. 4 мыңын бізге беріп, 5 мыңын өздері қалталарына салып алады екен, оңбағандар!

- Оны сізге кім айтты?

- Аноу, жолдың ар жағында жүрген көк кәстүмді жігіт айтты.

- Ол жігіт кім?

- Осы арадағы жұмысты басқарып жүреді.

Жұмысшы әйелдің берген ақпараты рас болса, алаяқтық пен адам қанау фактісі айғайлап тұр.

- Рұқсат етсеңіздер, сіздерді видеоға түсіріп алсам.

- Түсіре беріңіз! Телевизордан көрсетіңізші! - деп жатыр әлгі әйел.

Жанқалтамнан смартфонымды шығарып видеоға түсіре бастағаным сол екен, жолдың ар жағында жүрген әлгі көк кәстүмді жігіт "Неге түсіресіз? Түсірмеңіз!" деп айғайлап, жанұшыра маған қарай жүгірді. Маған жете берді де, камераны өзіне қарай бұрғанымды байқап, жүзін көрсеткісі келмеді ме екен, теріс қарап кетті.

Неге екенін қайдам, смартфоным да дәл сол арадан түсіруін тоқтатыпты. Видеоның бас жағы да толық жазылмай қалыпты.

Осы постты жазғандағы айтпағым не?

Ауылда жұмыс болса, осынау 18 адам күнде әрлі-берлі 4 сағат жол жүріп, болымсыз тиын-тебен үшін осылай тентіремес еді.

Дамыған елдердегідей екі арада электричка қатынаса, мүмкін 4 сағат бір сағатқа қысқарар ма еді.

Мемлекеттің балаларға төлейтін жәрдемақысы мен зейнетақысы мол болса, қарт ана бейнетінің зейнетін көрер шағында бұлайша арқа еті арша, борбай еті борша болып жүрмес еді.

Жемқорлыққа тұсау салынса, адамның адал ақы, маңдай тері ардан безген алаяқтарға жем болмас еді.

Шыли армандап кеттім-ау деймін. Армандар орындалады дейді ғой. Мен соған сенем.

Ал әзірге әділ Қазақстан орнатушылардың құлағына алтын сырға.

 

Гүлмария Барманбекова

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2107
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2520
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2214
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1625