Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2320 0 пікір 14 Ақпан, 2013 сағат 11:43

Шикі бағдарламалар «шетінеп» кетті

Үкімет қолданыстағы қаптаған бағдарламаларға ревизия жасамақшы. Кеше экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев заң актілерін Қазақстанның Мемлекеттік жоспарлау жүйесімен сәйкестендіруді қамтитын құжатты Мәжіліске бірінші оқылымда мақұлдатты.

Үкімет қолданыстағы қаптаған бағдарламаларға ревизия жасамақшы. Кеше экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев заң актілерін Қазақстанның Мемлекеттік жоспарлау жүйесімен сәйкестендіруді қамтитын құжатты Мәжіліске бірінші оқылымда мақұлдатты.

Бұған дейін қаптаған, бірін-бірі қайталайтын бағ­дарламаларды сынға алып, Елбасы Үкіметке «осылардың оңтайлысын қалдыр, өзгесін бірдеңе қыл» деп қатаң тапсырып еді. Соған орай, қол­да­ныста жүрген стратегиялық, бағдарламалық, сала­лық құжаттардың бәрін сараптап, сапырып шыққан экономика және бюджеттік жоспарлау министрі бірқатар жайтқа қанығыпты. «Қолданыста ішіндегі нормалары бірін-бірі қайталайтын бағдарламалар көп-ақ. Солардың бәрін саралап, біртұтас бағдар­ла­маларды қалдырып, қалғанын, керексізін сылып тас­тағалы отырмыз», - дейді Ерболат До­саев мырза. Оның айтуынша, ендігіде үлкен ау­қым­дағы бағдарламалар ғана қолданыста қалып, са­ла­лық құжаттар бір-бірімен үйлеседі, сосын бәрі стра­тегияның төңірегіне топтасады. Бұдан бөлек, «Қа­­зақстан-2020» бағдарламасын қайта қарап, он­дағы орындалған меженің бәрін сылып тастау көз­деледі, сосын қалған құжаттар «Қазақстан-2050»-ге қарап бой түзейтін болады. Бір сөзбен айт­қанда, 2020-ға дейінгі стратегиялық жос­пар­лардың барлығы тұтастай өзгеріске ұшырайды. Мұны мәжілісмендер де құптайды. Алайда алдағы қадамның барынша сауаттылығына назар аударудың қаперде ұсталғанын сұрайды.

«Бағдарламадағы мақсаттардың бәріне бірдей қол жетіп жатқан жоқ. Алайда бұған қайғыратын адам да жоқ, ешкім жауап та бермейді. Тіпті кейбір ми­нистрлік міндеттердің орындалмау се­бе­біне де үңілмейтін секілді. Олай дейтін себебім, бір бағдарлама аяқталмай жатып, екі-үш жылда жа­ңасы қабылданады, сосын тағы сол жүріс қай­таланады. Нәтижесінде бәрі шала, нәтиже жарты», - дейді депутат Орал Мұхамеджанов. Мәжілісмен бұл арада облыс пен аудандардағы шаралардың бұдан бетер былыққа батып жатқанын да алға тартады. Мәселен, депутаттың айтуынша, өңірге жа­ңа келген әкім бұрыннан қолданылып келе жат­қан бағдарламаны бұрынғы басшысымен бірге ар­хив­ке аттандырып, өз дәуірін жаңа бағдарламамен бастауды әдетке, мақтанға айналдырған. «Сөйтіп, бір әкім - жол жиегін жаңалауды, екіншісі - ағаштың балағын ақтауды, үшіншісі үйдің көшеге қарайтын тұсын бояуды ермек қылады. Нәтижесінде ешбірі тү­бегейлі орындалмайды. Мұндайға қазақ «ба­рымен - базар» деп қарауға әбден үйренген тәрізді», - дейді Орал Байғонысұлы.  Мәжілісменнің мә­се­лесін министр де мойындады. Ендеше, мақұлданған құ­жат та сондай олқылықтың болмауына қарсы тұр­са игі.

Сынақтар мен кемшіліктерге сүйеніп алға жылжу бұл тиімді жол емес

Айтпақшы, экономист министр Ербо­лат Асқарбекұлы  мәжілісмендер алдына жә­не бір заң жобасын ұсынып, ол бойынша мемлекеттік жекеменшік әріптестіктің жаңа нысандарына қатысты өзгерістермен та­ныс­тырған еді. Құжаттың астын үстіне төң­ке­ріп, 45 минут бойы талқылаған қа­лау­лылар әупірімдеп отырып, мұны да бірінші оқы­лымда мақұлдады. «Әупірімдеп» дей­ті­німіз,  министрліктен шикілеу келген заң жо­басына қызды-қыздымен  айдар тақ­қан­дар да болды. «Өмір ағысы біздің заң жобаларымызды шаң қаптырып келеді. Со­ның салдарынан шығар, кейде біз сал­мақты әрі өміршең заңдармен бір жарым ай ғана жұмыс істеуге мәжбүр болып жа­тырмыз. Менің ойымша, бұл заң жобасы Ел­басының бизнестің әлеуметтік жауап­кер­шілігіне қатысты жүктеген міндетін мой­нымен көтеруге тиіс еді. Ал мына жоба со­ған жауап бере ме? Жоқ. Тек осылай бо­луы мүмкін дегенді ғана аңғартады. Өкі­ніш­ке қарай, заң жобасы кәсіпкерлер мен биз­нестің бастамасын, мүддесін еш қа­растырмайды», - деді Владислав Косарев. Со­сын коммунистер басшысы әріптестерін асық­пауға үндеп, заң жобасын ма­құл­да­май, кері қайтаруға шақырған еді. «Же­тіл­меген заңды жетектеп болмас. Өмір әл­де­қайда алға озып кетті. Сол үшін мынадай «құ­­быжық»  құжатты қабылдағанша, асық­­пай күте тұрайық», - деп салды Вла­ди­с­лав Борисович. Алайда өзінің Мәжі­ліс­ке мәпелеп әкелген заң жобасының «құ­бы­жық» аталуына министр Ерболат Досаев қар­сылық танытты. «Қолданыстағы кон­цес­сия туралы заңмен отырсақ отыра бе­ре­міз, түкті де жүзеге асыра алмаймыз. Сол үшін жаңа заң редакциясын әзір­ле­ген­ше іске кірісе беруге тиіспіз. Мемлекеттік же­­кеменшік әріптестікті дамытуды қол­дай­мыз десеңіздер, заң жобасын да қол­даңыздар», - деп мәселені төтесінен қой­ды министр Ерболат Асқарбекұлы. Сосын министр «жетілмеген жерлерін келешекте жетілдіруге» уәде берді.

Осындай ұзын сонар талқылаудан соң ком­мунистердің «қайтару керек» деген талабын дауысқа салмас бұрын сөзге спи­кер Нұрлан Нығматуллиннің өзі де араласып кеткен болатын. «Жалпы, кез келген мемлекетте экономиканы дамыту кезең-кезеңімен жүзеге асатыны белгілі. 90-шы жылдың өз қиындығы болды, тіпті еліміздің қарапайым қаржы жүйесін қа­лыптастыру міндетін шешу күн тәртібінде тұр­ды. Сосын барып барлық бюджет қыз­меткерлерін жалақымен қамтамасыз ету мәселесі көлденеңдеді, даму, өндірісті әртараптандыру кезеңі де болды. Ендігі күні жаңа саты - мем­лекеттік-жекеменшік әріптестік формасы алдыда тұр. Мұнда әріп­тестік мәселесі ғана емес, оны кеңейту де өзекті. Ендеше, мұндай ауқымды жұ­мыста арнайы заң қабылдамай, құр қайталанған сынақтар пен кемшіліктерге сүйеніп алға жылжу бұл ең тиімді жол емес», - деді Мәжіліс төрағасы. Сосын заң жобасын әлі де пы­сық­тай түсу турасында ай­тылған пікірге спи­кер толық қолдау біл­дірді. Дей­тұрғанмен, Нұрлан Зай­рол­лаұлы әлі күнге дейін жақсы жазылған заңдардың ке­йіннен дұрыс заң актілерінің бол­ма­уы­нан, оны орындауға жауап­ты­лық­тың жоқ­ты­ғынан «ақсап» қалатынына ке­йіс­тік біл­дір­ді. «Бұл ретте бізге ең алдымен мем­­лекеттік жекеменшік әріптестік фор­ма­сына көбірек үңілу қажет шығар. Осы үшін бизнес-қауымдастықты тарта оты­рып, заң жо­басын екінші оқылымда ке­ңінен тал­қы­лауға болады. Біз бұған да­йынбыз. Заң­ды шынайы өмірге барынша жа­қын­датуға тиіс­піз, өйткені мұнымен ме­м­ле­кет­тік инс­ти­туттар ғана емес, ең бастысы, биз­нес-қауымдастық жұмыс істейтін болады», - деді спикер.

Автор: Қанат ҚАЗЫ, Астана

"Айқын" газеті

0 пікір