Сейсенбі, 7 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2246 0 пікір 12 Ақпан, 2013 сағат 11:54

Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ. ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЛАРЫ «ҚОРАҒА» КІРДІ

Бір жылдан бері ел арасын дуылдатқан «зейнетақы безгегіне» ем табылған сияқты. 23 қаңтарда Мемлекет басшысы елдегі зейнеткерлік салымдардың бәрін бір қорға біріктіріп, мемлекет қарамағына беруді тапсырды.
Соңғы жылдарда зейнетақы қорларының шығыны кірісінен көп. 15 жыл бойы бүкіл халық болып жиған-тергенімізді шашау шығармай сақтаудың талай амалы айтылған. Оның біріншісі - зейнет жасын көтеру «бастамасы» жаппай наразылық тудырды. Ол туралы бұрын да жазғанбыз («Мерекелік сыйлық: зейнетке 63 жасыңызда шығуыңыз мүмкін». №18-19, 6 наурыз, 2012, «Зейнетақы қорлары демігіп тұр...» №96, 4 желтоқсан, 2012). Екіншісі - міндетті салымдарды 10 пайыздан асыру жайлы айту тіпті ерте. Не керек, «алтын бастар» ойласа келе көп қордың бәрін бір «қораға» тығатын болып келісіпті. Оның уақыты да белгіленіп қойды. 2013 жылдың 1 шілдесі. Ал қарапайым халық «Ұлар Үміттегі» ақшамның жайы не болады?» деп алаңдай бастады. Не керек, қордың ең пысығы «Капитал» болып шықты. Салымшыларына «есепшотындағы қаражат бір тиынына дейін сақталады» деген мазмұнда хат жазып жатыр. Яғни 10 зейнетақы қорында шашырап жүрген 20 млрд. долларымыз «тырнағы да қисаймай» бір қазанға құйылады. Енді ол қазанды қалай сапырса да Ұлттық Банктің өз еркі.

Бір жылдан бері ел арасын дуылдатқан «зейнетақы безгегіне» ем табылған сияқты. 23 қаңтарда Мемлекет басшысы елдегі зейнеткерлік салымдардың бәрін бір қорға біріктіріп, мемлекет қарамағына беруді тапсырды.
Соңғы жылдарда зейнетақы қорларының шығыны кірісінен көп. 15 жыл бойы бүкіл халық болып жиған-тергенімізді шашау шығармай сақтаудың талай амалы айтылған. Оның біріншісі - зейнет жасын көтеру «бастамасы» жаппай наразылық тудырды. Ол туралы бұрын да жазғанбыз («Мерекелік сыйлық: зейнетке 63 жасыңызда шығуыңыз мүмкін». №18-19, 6 наурыз, 2012, «Зейнетақы қорлары демігіп тұр...» №96, 4 желтоқсан, 2012). Екіншісі - міндетті салымдарды 10 пайыздан асыру жайлы айту тіпті ерте. Не керек, «алтын бастар» ойласа келе көп қордың бәрін бір «қораға» тығатын болып келісіпті. Оның уақыты да белгіленіп қойды. 2013 жылдың 1 шілдесі. Ал қарапайым халық «Ұлар Үміттегі» ақшамның жайы не болады?» деп алаңдай бастады. Не керек, қордың ең пысығы «Капитал» болып шықты. Салымшыларына «есепшотындағы қаражат бір тиынына дейін сақталады» деген мазмұнда хат жазып жатыр. Яғни 10 зейнетақы қорында шашырап жүрген 20 млрд. долларымыз «тырнағы да қисаймай» бір қазанға құйылады. Енді ол қазанды қалай сапырса да Ұлттық Банктің өз еркі.
6 ақпанда вице-премьер Қайрат Келімбетов те соны айтты. «Қазақстанда құрылып жатқан Бірегей жинақтаушы зейнетақы қорының (БЗЖҚ) иесі - Қазақстан Үкіметі, ал активтерін басқару Ұлттық Банк еншісінде. Есесіне қазіргі зейнетақы қорлары түгел таратылмай, инвестициялық портфельді басқарады», - деді толықтырып. Сонда енді қорлар немен айналысады дейсіз ғой. 7 ақпанда Григорий Марченко зейнетақы қорларының үш «варианты» бар екенін ашық айтты. «Зейнетақы қорлары басқарушы компанияға айналуы мүмкін (Келімбетов мырза айтқандай - ред.), немесе тек қана ерікті салымдармен жұмыс істейтін зейнетақы қоры ретінде жұмысын жалғастырады, я болмаса өз еркімен таратылып, нарықтан кетеді. Өзін-өзі жойғысы келетін қорлар активтерін сатып, бастапқы капиталын қайтарып ала алады. Бұл енді қордың өз шаруасы».
Бұл жағдайдан айқын ұтылып тұрған бір тарап болса, ол жинақтаушы зейнетақы қорлары. Біз хабарласқан қорлардың өкілдері әзірге түсініктеме беруден бас тартып отыр. Соған қарағанда, аяқ астынан мұндай шешім қабылданарын өздері де күтпеген сияқты. «Қызметкеріміз қысқарып, елді жаппай жұмыссыздық жайлайды» деп қорқытып қоятындар бар. Бірақ шындықтың көзіне тура қарасақ, салымшы, яғни сіз бен біз «паразит» қорды асырағымыз келмейді ғой? «Көп қордың болуының артықшылығы - таңдау еркіндігі» дейді  білгіштер. Бірақ жасырып не қыламыз, жеме-жемге келгенде қазақтың қаржылық сауаты айлығын санап алудан аспайды. Ауылдағы кез келген мұғалімнен сұраңыз, «Директордың айтуымен «Атамекенге» (шартты түрде алынып отыр- ред.) кірдік қой» дейді алаңсыз. Кезінде аудан, ауыл басшылығына қай қордың «қолы» бірінші жетсе, халықтың ақшасы соның алақанында кетті. Ал зейнетақы қорларының инвестициялық табысын есептеп, жинағын еселеуді ойлайтын «көзі ашық» кісілер 2-3 пайыздан аспайды.
Яғни қоғамда қорларға жаны ашып бара жатқан ешкім көрінбейді. Күні кеше Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева: «Зейнетақы қорларының комиссиясы өте жоғары. Халықарарық сарапшылардың есебінше қорлардың комиссиясы бүкіл салымның 25-30 пайызын қамтыған. Жинақтаушы қорлар комиссия белгілейтін кезінде өзінің табыс деңгейімен, елдегі инфляция деңгейімен санаспайды», - деп уайымдаған болатын. «Ұлар Үміттердің» «дарынсыз менеджментін» де аяусыз сынаған.
Белгілі қаржыгер Ораз Жандосовтың пікірі де «өздеріне де сол керек»-ке саяды: «Зейнетақы қорлары біздің салымдарымызды өте жақсы басқарды деп айта алмаймын. Тіпті нашар басқарды деуге болады. Біз жалақымыздың 10 пайызын береміз, олар өздеріне аспандатып айлық белгілейді, ал инвестициялық табысы инфляциядан аса алмайды. Міндетті салымдарға сеніп алған зейнетақы қорлары ерікті зейнетақы салымдарын іздегісі келмейді. Әйтпесе олар үшін салық жеңілдіктері 1997 жылы-ақ қарастырылған. Енді олар нарықтық экономика шарттарымен жұмыс істеп көрсін», - деп қулана жымиды. Сингапур, Малайзия, Оңтүстік Корея сияқты елдерде халықтың салымдарын мемлекет басқаратынын да, «онда тұрған ештеңе жоқ» екенін де Жандосов мырзадан білдік.
Енді ойлайсың. Тәуелсіз сарапшылар жинақтаушы жүйе өзін ақтамады, бұрынғыдай солидарлық жүйеге көшу керек дегенді айтады. Сонда жаңа жүйенің солидарлық жүйеден айырмашылығы қайсы? Мемлекетке беріп отырған зейнетақы салымдарының - қарапайым салықтан не өзгешелігі бар? Ақыры мемлекетке, ақыры міндетті түрде аударасың, ол ақыры осы мемлекеттің экономикасына құйылады, ақыры қайтарымын да мемлекеттен ғана күтесің. Бұл - салықты көбейтіп, көзбояу үшін «зейнеткерлік салым» атай салудың бір жолы емес пе?.. Соңғы кезде бюджетті толтырудың небір қитұрқы әрекеттерін байқап жүрміз ғой әйтпесе...
«Жинақтағы ақша бұрынғыдай «жабулы қазан» болмайды. О дүниелік болған, шет ел асқан 750 мың салымшының ақшасы да жекелеген кәсіпкерлердің қалтасында қалмайды», - деп қуанады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов. Елді уайымдап, «жекелеген кәсіпкерлерге» жем болмасын дейді ғой. Ал біздің уайым - «жекелеген кәсіпкерлердің» уысынан шығып, жекелеген шенеуніктерге тұтылмаймыз ба деген уайым. Ертең желдің қай жақтан есіп, тағы қандай реформа боларын кім білсін. Әйтеуір халықтың әзіргі ойы - «айдаладағы кәріс пен орысқа желінгенше, туған өкіметіме желінген жақсы» дегенге саяды. Қанша дегенмен, үйреніп қалдық қой...

Тақырыпқа орай
Айдар Әлібаев, Зейнетақы қорлары ассоциациясының президенті:
ЗЕЙНЕТАҚЫ САЛЫМДАРЫН ШЕНЕУНІКТЕРДЕН АЛЫС ҰСТАУ КЕРЕК
- Мемлекеттің қандай қаржыгер екенін жақсы білеміз. Ұлттық Банк қарамағындағы қаражатты қалай басқарады, оны да аздап болжай аламыз. Мысалы, Ұлттық Қордың қаржысы табысы өте төмен батыс қағаздарында жатыр. Сондықтан Ұлттық Банк бір күнде өзгеріп, зейнеткерлерді барақатқа кенелтеріне күмәнім бар. Жинақтаушы жүйенің алғашқы жемісі кем дегенде 40 жылда белгілі болады. Ал ел үшін ең қиын кезеңдерде Үкіметтен көмек сұрамай, дағдарыстан өз күшімен шыққан жүйеге, 15 жыл бойы жұмыс істеген жүйеге күрт өзгерістердің керегі жоқ еді. Меніңше, зейнетақы салымдарын шенеуніктерден алыс ұстау керек.

Серік Оспанов, Мәжіліс депутаты:
БАЙБАЛАМ САЛАТЫН НЕГІЗ ЖОҚ
- Президент тапсырма бергендіктен, бұл қалай да іске асырылатын шаруа. Үкімет пен Ұлттық Банк нақты механизмдерін айқындап алған соң халық қалаулылары - біздің, депутаттардың алдына келіп ол ұсыныстарын жеткізу керек. Бұл  - Үкімет өз бетімен шешім қабылдай салатын мәселе емес деп санаймын. Қазір елде он зейнетақы қоры бар, олардың әкімшілік шығыны бар, жарнамасы бар, шығыны аз емес. Инвестициялық табысына қарасаң, қорға сақтағаннан гөрі банктердегі депозитке салған пайдалы. Негізгі себеп сол. Зейнетақы қорларының қазіргі көңіл-күйі белгілі. «Ойбай, не болады?» деп аттанға көшіп жатыр. Ең бастысы, бұл өзгерістер халықтың қамы үшін жасалып жатыр, халықтың салымдарына нұқсан келмеуі керек. Қорқатын, байбалам салатын негіз жоқ

«Халық сөзі» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1599
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1501
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1249
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1219