Сенбі, 27 Сәуір 2024
46 - сөз 2577 1 пікір 18 Қараша, 2022 сағат 14:54

Түрік елінің  шығу тегі туралы үш ауыз әңгіме

Бұл үшін  біз алдымен  Еуразия түркілерінің ауызша дәстүрінде жақсы сақталған Уыз хан туралы деректерді қарастыруымыз қажет. Жазба әдебиетте  Уыздың  Оғыз болып аталатын ескертіп алайық, сол себепті біз бір жерде Уыз, екінші жерде Оғыз деп жаза береміз, айырмасы жоқ.  Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарих», Әбілғазы бахадүр ханның «Түрік шежіресіне», «Оғыз наме» дастанына қарасақ Уыз хан дәуірі Еуразияның ұлы даласын мекендеген түрік текті тайпалардың  алып империя құрған, төрт құбылаға тұтас билігі жүрген, әлем халықтарын тізе бүктірген өктем шағы. Уыз хан туралы әңгімелер Ұлы дала билеуші әулетінің генеалогиялық құқығын дәлелдеу және мемлекет құрылымы туралы мол деректер береді.

Әбілғазының айтуы бойынша «Уыз ханның әкесі Қара хан, оның атасы Мұғол хан, арғы атасы – Түрік, арғы бабасы – Алаша хан». Шежіреге қарағанда ықылым заманнан бері бұл патшалық әулет жазда қазақ сахарасын мекендейді: «Қара хан әкесінен кейін бүкіл елге патшалық құрды. Жазды күні ол Ер тақ және Кер тақ деген тауларды жайлар еді, кәзіргі күні бұл таулар Ұлы тау және Кіші тау аталады. Ал қыс түскенде Қарақұмды және Сыр өзенінің жағасын қыстар еді».  Түркі халықтарының шежіресінде Уыздың атасы деп баяндалатын Қарахан арийлер ортасында Афросияб (Афрасияб) атымен танымал, бұл атау қара деген ұғымды білдіреді. Бір қызығы Қарахан көне  түркілік фольклорлық мәтіндерде Алып Ер Тоңға болып аталады.

Мәшһүр Жүсіп шежіресінде Уыз ханның атабабалары, өмірге келуі, оның жаулап алу соғыстары көптеген әфсаналық сюжеттермен қоса баяндалады: «Әуел баста Нұқ пайғамбардан тарап бөлінгенде Жаппас (Яфет) деген баласынан Түрік, одан Түтік, одан Қой, одан Еділше, одан Алаша, одан Мұғол мен Татар. Мұғолдан Қара хан, одан Уыз хан. Осы Уыз ханнан өрбіп, өнген нәсілден тарадық. Киіз үй сол Уыз ханның жасатқан үйі. Киіз туырлықты қазақ, уыз үйлі атанғаны содан» - дейді.  «Уыз» деген сөз көне қазақ тілінде киіз үйге де қатысты айтылатынын ескертеміз, екіншіден-  Әбілғазы Түрік пен Уыз хан арасы төрт ата десе, Мәшһүр сегіз  ата дейді, Рашид-ад дин тоғыз ата дейді. Бұл әңгімеге төменде  қайта ораламыз.

*

Қазақ шежіресі «Уыз өскен соң ұлығ патша болып, дүние жүзіне әмірі жүріп, көп уәләйаттарды алып, қанша жұртты мұсылман қылды» – деп көшпелі ру-тайпалардың империялық билік сатысына өткенін, адам баласын алға жетелейтін негізгі саяси фактор есебінде күрделі билік институттарын құрғанын мәлімдейді. Шежіредегі «мұсылмандық» - шартты ұғым, тарихи мәліметтер бойынша бұл кезең көшпелілердің адамзат баласының алды болып мәжусилік қараңғылықтан «Бір Тәңірі» деп жаратушыны мойындай бастаған кезеңі. Уыз ханға байланысты тарихи аңыздардың ішінде ерекше назар аударатыны қазақтың «тоғыз» аталатын салтына қатысты деректер: «Киіз үйді осы Уыз жасатып, ызуынан шығарып, соның хақында үлкен той жасап, тоғыз жүз жылқы, тоқсан мың қой сойғызды. Былғарыдан тоқсан тоғыз саба тіктіріп, тоқсанына қымыз, тоғызына шарап толтырып, барлық нөкерлерін шақырып сол киіз үйді тігіп қойған. Сол үшін атамыз Уыз екені анық аталады. Уыз арғы бабам Түріктен өзіме шейін тоғыз атаға шейін хандық үзілмей келді деп, әр нәрсенің дара жасы тоғыз тоғыздан болсын деп ырым қылған екен. Сол үшін қазақ жұртында түйе бастатқан тоғыз мал байлайды. Торқалы тойға тоғыз, топырақты өлімге тоғыз бастатып сый-сияпат қылысады». «Тоғыз» қазақтың әдет-ғұрып ережелерінің ішінде берік орын алған түсінік. Әбілғазының «Түрік шежіресі» оның шығу тарихын бір жағынан генеалогиялық жүйемен байланыстырса (тоғыз ата бойынша туыстық жалғастық), екіншіден саяси орнықтылықпен тікелей байланыстырады (тоғыз ата бойы биліктің үзілмеуі). Сонымен бірге түркі халықтарының құқықтық практикасында «тоғыз» айыптың негізгі эквиваленті «жесір (құл, не күң) бастаған тоғыз», «үйірімен үш тоғыз» т.б.. Бұл ереже ХХ ғасыр басына дейін әдет-ғұрып заңдары аясында қарым-қатынас құралы болып қызмет атқарды. Сонымен бірге негізгі мағынасын сақтап қалуы да кездеседі. Мәселен, ХІХ ғасыр ортасына дейін қазақ арасында бір жерде үзбей тоғыз жыл отырса, онда сол жер сол кісінің меншігі есептелетін ереже болған.

*

Уыз хан заманындағы Ұлы Дала көшпелілерінің мемлекеттік – саяси құрылысы, этникалық құрылымының ерекшеліктері  Рашид-ад-диннің «Оғыз-нама» әңгімелері циклынан көрініс береді. Олардың ішінде көзге түсетіні билік дәстүрлері, әкімшілік құрылым, мұрагерлік мәселелері. Мәселен, Уыз хан қалың әскерімен Шам елінде жүргенде болған екен деп Рашид-ад-дин мынадай бір әңгімені айтады: «Ол жорықта Уыздың қасында бір ақылғөй қария бар еді. Оның аты Ұлық Түрік еді. Сол қария бір күні түс көреді, түсінде бір алтын жақ, үш күміс оқ көреді. Ұйқыдан тұрып түсінде көргенін Уыз ханға білдіреді…Ақылмен жүрді. Уыз қаған Ұлық Түріктің сөзін жақсы көрді, ақылын сұрады. Уыз ханның алты ұлы бар еді. Ұлық Түріктің ұсынысы бойынша үш үлкен ұлын шығыс жаққа жұмсады, үш кіші ұлын күн батысқа жұмсады. «Күн, Ай, Жұлдыз (Уыздың балаларының аттары) көп аң, көп құс аулаған соң, жолда бір алтын жақ тауып алды, атасына әкеп берді…Тағы онан соң Көк, Тау, Теңіз көп аң, көп құс аулаған соң, жолда үш күміс оқ тауып алды, атасына әкеп берді. - Сіз үш үлкен ұлым, - деді Уыз хан, алтын жақ тауып әкелдіндер және оны бұзып алдыңыздар. Сіздер бүгіннен бастап қиямет қайым болғанша «Бұзоқ» атанасыңдар. -Сіз үш кіші ұлым, үш оқ тауып әкелдіңіздер, сіздер «үшоқ» атанасыздар. - Жақты және оқты тапқандарың адамның ісі емес, тәңірінің бұйрығы. Бізден бұрын өмір сүрген халық жақты патшаға теңеп, өздерін оқпыз деп білген. Мен өлгеннен кейін Күн хан менің тағыма отырсын, - деп өсиет қылды Уыз хан. Ақыр заман болғанша Бұзоқтың бір жақсысы патша болып, өзгелері дүние таусылғанша нөкерлікке риза болсын!». Шығыс тарихшыларының еңбектерін және дала қарияларының шежіре аңыздарын пайдаланған Рашид-ад-дин Уыз хан кіндігінен тараған 36 ханның өмірбаянын береді. Оның алғашқысы 120 жыл билік құрса, үшеуі 90 жыл тақта отырды, екеуі 75 жылдан, екеуі – 70 жылдан, біреуі 32 жыл, алтауы – 22 жыл, біреуі 15, біреуі – 12 т.б. Осылайша, «біз ертегідей ескі дәуірдегі Уыз ханнан бастап Шыңғыс ханға дейінгі аралықтағы төрт үлкен кезеңді Уыз ханнан тараған ұрпақтардың өмірбаяны арқылы суреттеп бере аламыз» дейді «Оғыз-намеге» түсініктеме жасаған әзірбайжандық ғалым Р. Шукюрова.

*

Осы арада ортағасырлық Қарахан мемлекеті және оның Еуразия өркениетіндегі орны туралы айтудың реті келіп тұр. Бұл мәселе қола дәуіріндегі, яғни біздің жыл санауымызға дейінгі ІІ мыңжылдықтан бастап Х-ХІ ғасырларға дейін этникалық және саяси жалғастық үзілмегенін көрсетеді. Түрік  түбіне  қатысты шежіресінде аталатын жер-су атауларына назар аударыңыз- Ер тақ және Кер тақ  (Ұлы тау және Кіші тау), Ортақ (Ортау) пен Қаз тақ (Қазылық), Қарақұм мен Борсық құмдары,   Сыр өзені және Қарақорым, Кәрі Сайрам. Алтай туралы әңгіме жоқ. Осыдан-ақ ойлана беріңіз...

 

Жамбыл Артықбаев

Abai.kz

1 пікір