Жұма, 26 Сәуір 2024
Әдебиет 3057 5 пікір 15 Қараша, 2022 сағат 11:49

Ақын деген пендемін

Алатау мен Үнсіздік
(Дінмұхамет Қонаев атамыздың рухына арнаймын!)

Алатау кім айтпады саған арыз?
Баурыңнан көшті тағы сары ала күз.
Ғасырлар қоңырауын үнсіз тыңдап,
Тұлғаңнан тұрады әр кез тарап аңыз.

Сезімдерін сәбидей іңгәлатып,
Ақындар жүр жырлары құмға батып,
Үнсіздікке сендегі қалай сияр,
Етегіңде таң жатыр шулап атып...

Алатауым, шыңдармен иықтасып,
Арайлы күн, тұратын сүйіп тасын.
Аласармас рухыма арқау болған,
Қанша үнсіз болсаң да биік басың.

Қатпарыңа жазылған есімдері,
Маңдайыңнан аңқыған есіл демі,
Сен бабамның асқақтық айғағысың,
Тұрған ұлы даланың төсіндегі.

Жүректері жұқарып, ары кеміп,
Барады елім оттарға жанып еріп.
Не айтасың Алатау тіл қатшы бір,
Халық едік, шын қайсар жаны берік!

Жолдан таймай жүрсемде баба салған,
Жалғаным бар жаныма жара салған,
Мынау ұлы далаға не айтасың?
Адамдары күн сайын аласарған...

xxx

‎Көкжиектерге созылған керім құлашы,
‎Ұланғайыр осынау дала, ненің куәсі!? ‎
"Ұрпағым ұятсыз болмасын" деп тілеген,
‎Әулие бабалардың, бәлкім, сенім-дұғасы. ‎

Олардың жүрегі нұрлы, хақ тәңір текті, ‎
Ар-намыс деген иман бақта бүрлепті. ‎
Тағылым тамырларынан санаға сіңірген,
‎Құдайшыл қасиеттерді «сақта, біл»! депті.

Сан тарих сандуғаштары ән салғанда мақтап,
‎Ол жырларды алған тарлан таулар да жаттап.
‎Сөз сәулесімен сұңғыла өсиеттерін,
‎Кім үшін қалдырған сонда жалғанға қаттап?

Руханияты аспаған рулы арманнан,
‎Түңілем неге, түндігі түрулі таңдардан?!
‎Өлекшін-рухымның өзегін немен жалғармын,
‎Өз жұртында тұрып өз тілінде ұлудан қалған...

Жолаушының жүрегі

‎Ол әнін тыңдайды,
құстардың қанатынан,
‎Санасын сәндейді,
сағыныш сағатынан.
‎Ертегіден естиді,
Болашақ барабанын,
‎Ойға ауыр тұншығады,
жамылса дала тұман.

Сағымдар арасынан
сәті көп сыр түсінген,
‎Қуаныш құшағы,
шыққан күн бұлт ішінен.
‎Дүние дүмшелерінен,
қайғысы қабатталып,
‎Көңілі көкке ұшады,
сәбилер күлкісінен.

‎Жүрегі емделген,
ескі қарт ғасырлармен, ‎
Тағылым бесігі,
хақ жолы басын берген.
‎Арманы тілге томпақ,
аспани махаббатта,
‎Жанары көлдей тұнған,
толқынды жасыл даурен.

Мұратын мекендеген,
сұлулық Сандуғашы,
‎Жалғыздық жыры бітпес,
жүректің жан құрдасы.
‎Сөзінен самал есер,
ғайыптың хабарындай, ‎
Жапырақ жүзін жуған,
себезгі жаңбыр жасы.

Дүниелік мұңдардан,
бір саты биік тұрып,
‎Көкірегіне күндерден,
жүрген жоқ жиып күдік.
‎Сәулелі сапарымен
күрделі жолдарының,
‎Дастанын жазады әр түн,
ғұмырды сүйіп тұрып...

Ақын деген пендемін

Ауық-ауық бұрқырайды
кеудедегі шер-демім.
Бұл сәулелі сапарымда,
жүрек қана сенгенім.
Дүниеге соның сырын,
ашамын деп келгемін,
Мына ғалам шеңберім,
Аспанға ұшып кеткенім жоқ, жердемін.
Қалжыраған тұстарымда,
қанша үмітті жерледім.
Ал ойларым өмір мәнін
аңдып жүрген мергенім.
Емес өлең ермегім,
Оған адал болу үшін,
қанша тоңып, терледім.
Құпиясына ғашықпын
екі дүние арасындағы перденің!
Аруанадай ақиқаттың
ақ сәулесі емгенім.
Көкшіл мұңы көргенім,
Келте ғұмыр керуені,
жырдың көші ергенім.
Көк тиындық құны қалмай
кететіні бар тағы,
Кермелері көрінгенде,
«О дүние» деген көмбенің...

Аппақ жейде

Қазақ жырының жырауына айналған, Жайырда туып, жыр аспанынан жарық жұлдыздай ағып кеткен Жәркен Бөдеш атамызды іздеп барып әңгімесін тыңдау өзінен кейінгі арманшыл қаламдас іні-бауырларының дастүріне айналған дағдысы еді. Мен де сол шарапатты шайырға сәлем бере баратынмын. Соңғы рет барғанымда түстен бастап түнге дейін көп сырластым. Бірде ішкі бөлмеге кіріп кетті де, «Кел, балам мынау ақ жейдені саған сыйлаймын» деп маған кигізіп еді, ақ жүзі жарқылдап, ақ көңілі аңқылдап! Кейін ойласам шайыр жүректің берген сыйын да аманат бар сияқты... үйіме қайтып бара жатып тас жол шетінен қарсы жаққа бұрыла қарасам: самалдыққа шығып темекісін тұтатып тұр екен! қолын көтеріп қояды, аман бол дегендей! сол кездесу соңғы сырласу болғаны өкінішті-ақ!

‎Сұлу сыры сағыныштың,
‎Сіз аңсаған сол бір мекен.
‎Жайыр жайлап, майлы қонып,
‎Аман-есен ел жүр ме екен? ‎
Қату таудың қатпар тасын, ‎
Тіміскілеп жел жүр ме екен? ‎
Хас тұлпардай қаңтарылып,
Елді ойлаған ер жүр ме екен?
Биіктеткен жырларыңды,
Жайыр тауың зеңгір ме екен?
Ал мұндағы тарлан ұлды,
Тағдыр қалай сөндірді екен?

Қайран көкем, ақ таң бейне,
Ұқсайтұғын жаны құсқа.
Маған берген аппақ жейде
Бітпей қалған сағыныш па?
Кіндік қаным тамған өлкем-
"Онсыз өлең керегің не"?
Жоғалтса мені жалған ертең,
Жалғастыршы дегенің бе?

Аппақ жейде дәрияңның,
Ақ айдыны секілденген.
Жәдігері деп жан ұямның
Кей ортада лепіргем мен.
Жер мен жүрек бір десемде,
Ақынысың әр қазақтың.
Айналдың да жыр көсемге,
Жыр-аманат арқалаттың.

Ойхой туған топырағым,
Толықсыған Толы ауданым.
Әр бір төбе шоқыларың,
Бір бара алсам жоқ арманым.
Майлы, Жайыр егіз жерде,
Қойнаулары жазу кілең!
Кем көрмеймін теңізден де,
Қоңыроба сазымды мен.
Арқар жонды әр қырқасы,
Шықсам биік жыр-сахнам.
Жастық етіп әр бір тасын,
Сыр аңқытқам шыршасынан.
Арман емес Еврест те,
Аймалаған кермиық күн.
Кеткенімше жер бесікке,
Өз тауыммен мен биікпін!

Тағылымды топырақ

Керім даламда жаңғырған,
құлақ түрем
көш үніне ғажап,
‎Бұл топырақ үстіндегі,
ғасырлардың
есімі де – қазақ.
‎Бабаларымның ізінен
көктеген
ізгілік гүлдері, ‎
Жұпарына қоса себеді,
рухымның иісін
бесігіме азат.

Ойхой, шіркін!
бүл топырақтың
тауларға сіңген,
мың тағылымдарын, ‎
Тағдыр таңының сәулесімен
таратып
ұлтаның-ұлдарың.
‎Ұлы даланың ұлағаттарымен,
ұлтының
рухын сомдаған,
‎Маңдайына аспанның нұрын ұйытқан,
сен едің
торқалы құндағым.

Қайранда-қайран, хас дүшпанымен
қылыш
қағысқандарым,
‎Ақ найзасы айға шағылған,
ақжал
арыстандарым.
‎Дархан даласының бақыты үшін күрескен,
‎Нар тұлғаларым-ау!
даналық дулығасын киіп,
тапқан
намыстан бағын.

Маңдайымды сүйсе ақ самал,
тырнап та өтер сан сұрақ?
‎Бұл топырақ үстіндегі,
хас тарих
қаншалық
тұрды қансырап? ‎
Уақыт қарақшылары
қайда әкетті,
‎Әулиелердің дұғасынан тұратын күнімді,
хақ нұры тамшылап
ақ қолтығына қысып ап?!

‎Дәл осы топырақта көмілген,
бақ пен соры да
әз бабаларымның, ‎
Асқар тауларға айна болған,
ақ айдын –
назды аналарымның.
‎О, менің қасиеттерден қанат жасап,
қыран боп ұшқан елім,
‎Менде сенің мәңгілігіңді
аңсаған,
маздаған арыңмын!

Жақсыбек Қалелбек

Abai.kz

5 пікір