Жұма, 26 Сәуір 2024
Билік 4651 0 пікір 14 Қазан, 2022 сағат 16:29

Қазақстандағы діндер және олардың қоғамдағы орны

Қазақстан Республикасында қоғам негізінен екі дәстүрлі дінге тарихи және мәдени тұрғыда бағдарланған: сунниттік ислам (Ханафи мазхабы) және православиелік христиан діні. Саны жағынан ең басым діни бірлестік Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы болып табылады, оның қарамағында 15 аймақтық филиалдар, сондай-ақ 2404 ғибадат ететін мешіттері бар. Аталған мешіттердің жамағаты болып табылатын мұсылмандардың саны елдегі барлық дінге сенушілер санының үштен екі бөлігін құрайды. 

Қазақстандағы дін ұстанушыларының саны жағынан екінші орында Қазақстанның Православиелік шіркеуі (ҚПШ), олардың 293 діни объектілері бар.

Қазақстандағы келесі көп тараған діни бағыт Рим-католиктік шіркеуі, оның 84 діни ғимараттары бар.

Қазақстанның конфессиялық кеңістігінде протестанттық діни бірлестік ауқымды орын алып отыр, қазіргі уақытта оның 500-ден астам шіркеулері мен діни ғибадатханалары бар.

Жоғарыда көрсетілген діни бірлестіктерден басқа елімізде 6 иудейлік жамағат, буддизмнің 2 діни бірлестігі, сонымен қатар Қазақстан үшін дәстүрлі емес 18 діни бірлестіктер («Мормондар», «Кришнаиттер», «Бахаи», «Муниттер» және т.б.) қызмет атқарады.

Қазақстандағы Ислам

Қазақстан тарихы көптеген ғасырлар бойы Ислам дінімен тығыз байланысты. Ислам діні қазақ халқының өзіндік діни және мәдени қалыптасуының негізгі қайнарының бірі болды. Қазақ халқының ата-бабалары, ежелгі түркілер Ислам өркениетінің қалыптасуына тікелей қомақты үлес қосқанын және оның көптеген жеңістеріне қатысы бар екенін атап өткен жөн.

Орталық Азия мен Қазақстан аумағына мұсылмандықтың таралуы шамамен б.э. VII-VIII ғасырына тура келеді.

Қазіргі Қазақстандағы Ислам, әлеуеті жоғары, ол қоғамда руханилықты дамытатын және қолдайтын дін ретінде сипатталады.

Мұхаммед Пайғамбар шариғатының зорлық-зомбылықты қабылдамайтын бейбітшілік болмысы, сондай-ақ ұлтаралық төзімсіздікті қабылдамауы еліміздегі тұрақтылықты нығайту мен күшейтуге оң әсерін беруде.

Қазақстандағы дәстүрлі ислам елдің әр өңірлерінде филиалдары бар республикалық исламдық діни бірлестік мәртебесіне ие Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арқылы басқарылады.

Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жарияламастан бұрын 1990 жылы ҚМДБ өз алдына жеке ұйым ретінде құрылды. 1941 жылдан бері Республикамыздағы ислам жамағаты Орта Азия және Қазақстан мұсылмандар діни басқарамының құрамында болғанын атап өткен жөн.

Ислам діні өнегелік ағарту мен тәрбиенің маңызды факторына айналуда. ҚМДБ Қазақстандағы ислам дінін қайта жаңғыртуды жүзеге асырудың маңызды тетіктерінің бірі болып отыр. Отандық мұсылман қоғамының дамуын қамтамасыз ете отырып, біздің қоғамның рухани негізін қалпына келтіруге Мүфтият белсенді қатысуда. Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін өткізу мен ұйымдастыру жұмыстарында ҚМДБ белсенді қатысып, жұмыс атқарғанын атап өтуге болады. Мүфтият дінаралық диалог мәселесі бойынша ғылыми конференциялар мен семинарлар  ұйымдастыруда.

Мұсылмандар жамағаттарының саны өсуде, мысалы: 1991 жылы олардың саны 68-70 құраса, 2000 жылдардың басында 1500 болды, ал 2014 жылы ислам бірлестіктерінің саны 2404 жетті.

Мешіттер мен тарихи-мәдени ескерткіштер қалпына келтіріліп, жөндеулерден өтті; жаңа ғибадат ғимараттары мен медреселер тұрғызылды..

Мүфтият үлкен ағартушылық және тәрбиелік қызмет жүргізуде, газеттер мен журналдар шығаруда, интернетте діни басқарманың www.muftyat.kz веб-сайты жұмыс істейді.

Қазақстанның православиелік шіркеуі

Қазақстандағы православие дін ұстанушыларының саны жағынан Исламнан кейінгі екінші діни бағыт болып табылады.

Еліміздегі православие дінінің пайда болу тарихы бастапқы кезде Қазақстанның Ресейге қосылуы негізінде пайда болған әскери қоныстармен байланысты. Оңтүстікте алғашқы әскери тұрақтар (шағын шіркеу, ғибадатханалар) 1866 жылы Түркістан және Шымкент қалаларында пайда болды. 1871 жылы Түркістан епархиясы құрылды.

1917 жылы Кеңес үкіметінің құрылуы 70 жылға жалғасқан ауқымды атеистік шаралардың басталуына алып келді. Бұл шаралар ғибадатханаларды қирату, дін басыларды қуғындау, шіркеулердің мүліктерін тәркілеумен қатар жүрді. 1920-1930 жылдар аралығында көптеген діни қызметкерлер ату жазасына тартылды немесе ұзақ мерзімге тұтқынға алынды.

ХХ ғасырдың 30-ы жылдары Қазақстан Орыс православие шіркеуінің діни қызметкерлері мен дін ұстанушыларының қоныс аудару орны болды. Бұл кезең ұжымдастыру үдерісінің бастауымен тұспа-тұс келді. Нәтижесінде қазақтардың көшпенді тұрмысы жойылды, қазақ ауылдары мен жер аударып келген орыстардың шаруа қожалықтары кедейленді. Мұның салдары миллиондаған адамдар құрбан болған тарихта болмаған жұтқа айналды.

Қазақстанның тәуелсіздігімен бірге православиелік христиандар өздерінің рухани-мәдени құндылықтарын қайта жаңғырта бастады.

Соңғы жылдары Республикада Православиенің құрылымдық реформасы жүргізілді.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 293 діни қауым мен 279 праволсавиелік ғибадат ғимараттары қызмет атқарады.

Сонымен қатар, мемлекетте Армян апостолдық шіркеуі мен 8 ескіғұрыптық шіркеулер қызмет атқарады.

Қазақстандағы Рим-католиктік шіркеуі

Қазақстандағы алғашқы католик миссионері францискандық монахтар болды. Римдік жоғарғы дінбасының тапсырмасы бойынша 1245 ж. Ұлы хандарға Джованни дель Плано Карпинидің миссиясы аттандырылды. 1253-1255 жж. тағы бір францискандық Гильом Рубрук Константинополден Қарақорымға сапар шекті, ол жүріп өткен жолдардың біразы қазіргі Қазақстан аумағына жатады. ХVIII ғасырдан бастап Қазақстанда католик діні өзінің дамуын бастады.

Қазақстанда католик шіркеуінің провинциясы (Метрополия) жұмыс істейді, оның орталығы Астана қаласындағы Қасиетті Мәриям Архиепархиясы. Елімізде 84 католик қауымдастық жұмыс істейді, оның 5 Қазақстандағы Грек-католик шіркеуінің бір тармағын құрайды.

1998 жылы тұңғыш президент Н.Ә. Назарбаевтың Ватиканға жасаған ресми сапары барысында Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасында қарым-қатынастар жөніндегі келісім қабылданды, оған 1998 жылғы 24 қыркүйегінде қол қойылып, 1999 жылдың 19 мамырында №141 Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен бекітілді.

Қазақстандағы протестантизм

Протестантизм өзіндік діни ілімі бойынша біртұтас болып табылмайды және діни бірлестіктерінің үнемі көбейіп отырумен сипатталады.

Қазақстанда кейбір протестанттық ағымдар Қазақстанның Ресейге қосылған кезеңінен бастап (лютерандар), ал жаңа протестанттық ағымдар 1991 жылдан кейін пайда болды. 2014 жылғы қаңтар айына берілген ақпарат бойынша Қазақстанда протестанттық бағыттағы 512 діни бірлестіктер тіркеуден өткен.

Протестанттық қауымдардың арасынан ең ірісі әрі елдің барлық өңірлерінде тарағаны елуіншілер шіркеуі болып табылады. Олардың діни ілімінің өзіндік ерекшелігі адамдардың өз бетімен рухани қайта жаңару сыйына ие болу және «Қасиетті Рухпен шоқыну» мүмкіндігіне деген сенімнен құралатын шіркеуді мистикалық-индивидуалдық тұрғыдан түсінуден тұрады.

Қазақстанда олар 1990 жылдардың басында құрылып, харизматикалық шіркеулерге бастама болды. Олардың ең ірілері мыналар: «Жаңа өмір» ЖДБ (38 бірлестік), «Агапе» ЖДБ (22 бірлестік), «Өмірдің қайнар көзі» ЖДБ (28 бірлестік).

Келесі орында бірлестіктері мен дін ұстанушылары саны жағынан Евангелді христиан-баптистер болып табылады (105 бірлестіктер). Олардың ішінде Евангелді Христиан-Баптистер Шіркеулер Одағы сынды орталықтанған құрылымдар бар, барлығы 68 діни бірлестіктер және 27 автономды баптистік шіркеулер. Евангелді Христиан-Баптистердің басым бөлігі Алматы облысында (24 бірлестіктер), Алматы қ. (15 бірлістіктер), Оңтүстік Қазақстан (13 бірлістіктер) және Қарағанды облыстарында (53 бірлестіктерінде, соның ішінде, 43 филиалдар) орналасқан Пресвитериандық шіркеулер 99 бірлестіктен тұрады.

Қазақстан аймақтарында XIX-XX ғасырларда пайда болған діни ағымдар жұмыс істейді. Бұлар «Иегова Куәгерлері» (60 бірлестік), «Жетінші күн Адвентистері» (42 бірлестік) және «Жаңаапостол шіркеулері» (11 бірлестік) жергілікті діни бірлестіктері.

Евангелді-лютерандық шіркеуі Алматы, Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана және Алматы қалаларындағы 13 жергілікті бірлестіктерден тұрады.

Бүгінде республикада методистердің 13 діни бірлестіктері қызмет етеді. Алғашқы Методистік шіркеу республикада 1991 жылы Алматы қ. тіркелген. Олардың пайда болуына Корей методистік шіркеулері мен Ресейдің біріккен методистік шіркеулерінің миссионерлері секілді шетелдік уағызшылардың белсенді қызметтері әсер етті.

Қазақстандағы иудаизм

Еврей халқының Қазақстан Республикасына жаппай ағылуы ХХ ғ. 30-40 жж. байқала бастады. Ресми түрде Қазақстанның еврей қауымы 1994 жылдан бастап қызмет етеді.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 6 еврей жергілікті діни бірлестігі жұмыс істейді. Барлық қауымдастықтың Астана, Алматы, Павлодар, Шымкент және Өскемен қалаларында орналасқан арнайы діни ғимараттары бар.

1994 жылдан бастап Қазақстандағы Бас раввин Ешая Элазар Коген болып табылады.

Қазақстандағы буддизм

Қазақстан аумағына буддизм V-VI ғғ. Кушан империясының ықпалының артуына байланысты тарала бастады. Бүгінде Қазақстанда Алматы және Батыс Қазақстан облыстарында орналасқан 2 будда діни бірлестігі қызмет атқарады.

Меннониттер

Меннониттер Қазақстанда XVIII ғасырдың соңында пайда болды. Қазір Қазақстанда Қарағанды обылысында меннониттердің 3 филиалы мен 4 діни ғимараттан тұратын 1 жергілікті діни бірлестігі жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта республика аумағында барлығы 15 діни оқу орындары қызмет атқарады, олардың ішінде христиандық бағытта – 2, исламдық бағытта – 13.

Бастапқы курстар мен жексенбілік мектептердің жалпы саны – 400 (исламдық бағытта – 334, православиелік – 47, протестанттық – 15, католиктік – 4).

Мәдениеттер мен дәстүрлердің және көптеген көзқарастардың әралуандылығына қарамастан, Қазақстан діни негізде қақтығыстар орын алмаған мемлекет болып қала береді.

 

Abai.kz

0 пікір