Сенбі, 27 Сәуір 2024
Билік 1602 0 пікір 16 Қазан, 2022 сағат 11:06

Азаматтық қоғамдық сананы қалай қалыптастырамыз?

Ұлттық бірегейлік – күрделі құбылыс. Ұлт болмысын тану мен оның тарихи тағдырын зерделеу ғылым үшін де келелі мәселе. Қарапайым тұрғыдан алып қарағанда, ұлт дегеніміз тілі, шыққан жері, тілі мен дәстүрі бір, мәдениеті бір адамдар тобы деуге болады. Саны миллиардтан асатын ұлт та, саны жүрге жетпейтін ұлт та этносты құрай алады. Ұлттардың өзара байланысы мен бір-біріне ықпал етуі қоғамда жан-жақты көрініс тапқан. Ең негізгісі – әр этностың рухани дәстүрі, мәдениеті қайталанбас құбылыс екені ұмытпау керек. Оларды тек бір тілде сөйлейтін әлеуметтік топ деген тар оймен шектелу дұрыс емес.

Осы ретте ұлттық бірегейлікті теріс мемлекеттік саясат арқылы, оның жақсы қасиеттерін жойып, жаман қасиеттерін алға шығаруға болады. Ондай мысалдарды Кеңес одағының кезінен келтіруге болады. Ал керісінше оң мемлекеттік саясат арқылы ұлттық бірегейлікті басып-жаншымай, оның жақсы жағын алға шығару арқылы қоғамдағы бірлікті күшейтіп, жастар жеткіншектерді тәрбиелеуге болады. Қазақстандық ұлттық бірегейлікті қалыптастыру тәжірибесі осы орайда, аталған екінші нұсқаның нақ өзі бола алады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі халыққа Жолдауында азаматтардың санасын жаңғырту үдерісін жалғастырып және саяси-экономикалық реформаларды жүргізе отыра, заманауи талапқа сай бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру аясында бұқаралық сананы өзгертіп, тұтастай ұлт сапасын күшейту мақсатын қойды. Біз ол үшін күнделікті өмірдегі ұстанымдарды өзгертіп, Қазақстан қоғамындағы жаңа қағидаттар мен жаңа бағыттардың алға жылжуын қамтамасыз етуіміз керек. Осы ретте азаматтардың терең білім алуы, адал еңбек ету принциптерін ұстануы, темірдей тәртіпке бағынып, жоғары жауапкершілікті сезіне білуі негізгі міндет болып саналады.

Ұлт болмысының жаңа қағидаттарын атай келе Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңарған қоғамның жат әдеттерден біртіндеп арылуы керектігін еске салған. «Даңғазалық пен ысырапшылдық қоғамға да , адамға да абырой әкелмейтін әрекет. Бөспелік пен бос сөзділік, мақтаншақтық қоғамның артқа кетуіне себепші болады»,-деген еді.

Мемлекет басшысы қоғамда «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» қағидатының берік орнығуы керек деген деген қорытынды жасады. Президент «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында құндылық мәселесіне оралып «Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбектен басталып, үздіксіз мемлекеттік саясатпен жалғасын табатынын» айтады. Оның айтуынша, біз тек қуатты тәуелсіз мемлекетіміз барда әлемде ұлт ретінде сақталамыз. Тылсым табиғатпен жарасып өмір сүрген ата-бабамыз артынан қалдырған кең дала мен ұлттық әдет-ғұрыптарымыз біздің баға жетпес байлығымыз болып саналады. Ендеше қазақ үшін бір уыс топырақ пен ат тоқымындай жер қымбат. Сондықтан Ел басшысы жаһандану дәуірінде ұлт ретінде жұтылып кетпеудің, өз мәдениетіміз бен ұлттық болмысымыздан айырылып қалмаудың бір кепілі ретінде отаншылдық пен сана мәселесін алға қойды. Оған жол бермеудің жолы – біздер мен келер ұрпақтың жаңа сын-қатерлерге дайын болуы. Ол үшін тамырымыз тереңге жайылған, ұлттық нәрмен әбден сусындаған, ұлттық мәйегіміз берік болуы шарт. Қазіргі ашық кезеңде ұлттық рухы әлсіз адамдардың бейсаналы түрде жат жұрттың мәдениетінің ізіне түсіп кету қаупі жоғары. Сондықтан дәл қазіргі таңда ұлттық рухымызды кқтеру, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, жас ұрпақтың бойына сіңіру аса маңызды әрекет. Ұлттық сана-сезім әлеуметтік шиеленісі жоқ қолайлы ортада ғана өз деңгейінде дамиды. Ұлттық жаңғыру – ұлттық сананың өсуімен келеді. Ұлттық сана-сезімнің көкжиегі кеңейіп, кемелденуі қажет. Сонда ғана ұлттық болмысымызды сақтай аламыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа замандағы жас ұрпақтың санасы өзгерген кезеіде алдағы он жылдықтағы елдің жаңа келбетін қалыптастыру қажеттілігіне аса мән береді. Демек, халқыңа, еліңе шынайы қызмет ету жалаң ұрандардан жоғары. Шынайы отансүйгіштік қана азаматтық көзқарасты ұлттық және қоғамдық сананы нығайта алады. Ұлттық идея мен ұлттық мүддені алға бастырудың негізі этникалық топтардың татулығы арқасында болатын құбылыс. Қазақстан көпұлтты мемлекет болғандықтан, әрі көп жылдар бойы Кеңес құрамында болып өз ұлттық болмысынан айырылып қала жаздағандықтан, тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында-ақ ұлттық бірегейлікті, ұлттық сананы қалыптастыратын іс –шараларға көңіл бөлді. 1995 жылы «Тарихи сана қалыптастыру тұжырымдамасының» қабылданды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1997-1999 жылдар аралығын әр жыл сайын «Қоғамдық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу», «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы», «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы» жылы деп жариялады. Мұның бәрі тарихи сананың жаңғыру процесінің аса маңызды екенін көрсетті. Бұдан басқа да, елімізде рухани жаңғыру бағытында көптеген алпауыт істер атқарылды. 2004-2011 жылдары  жарияланған «Мәдени мұра», 2013 жылы жарияланған  «Халық – тарих толқынында» бағдарламаларының аясында тарихи ескерткіштер, нысандар жаңартылды, жаһан елдерінің ірі архивтерінде сақталған қазақ тарихына байланысты құжаттар елге жеткізіліп, жан-жақты зерттеле бастады. Осы уақыттарда «Мәдени мұра» бағдарламасы әске асып, тарихымыз бен ұлттық шежіреміз түгенделе бастады. Қазақстандық тарих ғылымы тың серпін алып, жаңа тынысы ашылғандай болды. Көптеген зерттеулер жаңа қарқынмен іске асты. Бұрын жабулы қазан күйінде келген тарихи деректер, археологиялық мұралар табылды. Сан ғасырлар бойы жасырынып жатқан тың деректердің белгілі болуы тарихымыздың тереңдігін көрсетіп берді. Тұңғыш Президенттің іргелі бастамалары осылай жемісін беріп, азаматтық сананың өсуіне игі әсерін тигізді.

2018 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында тарихы сананың жаңғыру мәселесі туралы айтылды. Ол жерде Қазақстанның тарихын жаңаша, жүйелі түрде зерттеп, академиялық жаңа тарихты жазу керектігі айтылды. Өзге құндылықтың артында кетпеу үшін әр халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазып қалдыруы қажеттігіне назар аударылды. Себебі, ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған тарих қана елдің санасына серпіліс беріп, ұлттық жадыны жаңғыртудың жолы болып табылады. Тұңғыш Президент жаңа замандағы ұлттық сананы жаңғыртудың жолын зерделеу арқылы санасы бұлыңғыр, жұтаң болмысты ұрпақтың қалыптаспауына, қазақтың ұлт ретінде сақталуына, мәңгілік жер бетінде қалатын ел болуына жәрдем беретін салт-дәстүріміздің жаңғыруы, тіл мен мәдениетіміздің арнасы ашылуы, әдебиетіміз бен музыкамыздың дамуы екенін айтты. Нұрсұлтан Назарбаевтың тағы бір «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында XXI ғасырдағы ұлттық сана мәселесі көтеріледі. Онда да жаһандану процесі қатты қарқынмен жүріп жатқан кезеңде санадағы, дүниетанымдағы сіңген таптаурын қағидалардан арылу керектігін жазады. Ұлттық кодты сақтап қалудың өзектілігі көтерілді. Ұлттық рухани тамырдан нәр алған дәстүрлерсіз жаңа заманда жаңғыру мүмкін емес. Қоғамдық азаматтық сананы жаңғыртудағы басты бағыттар бәсекеге қабілеттілік, білімнің салтанат құруы, ұлттық бірегейлікті сақтау, қоғамның революциялық емес эволюциялық даму жолын таңдауы және сананың ашықтығы болып табылады. Заман талабына сай болу үшін ұлттық дәстүріміздегі озық үлгіні алып, тозығын тастап, өзімізді өзгертуіміз керек. Сол кезде ғана ұлттық сананың көкжиегі кеңейіп, болашақ пен өткен тарихтың үлесімді сабақтастығына қол жеткізбекпіз.

 

Abai.kz

0 пікір