Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2944 0 пікір 10 Тамыз, 2009 сағат 19:34

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ. Оқулық тағы қымбаттай ма?

Мектепке дайындық науқаны басталып кеттi. Қазiрдiң өзiнде базар-ошар айналасы оқушыға қажеттi құрал-жабдыққа толы. Әзiрге оқулық шығарумен айналысатын баспалар оқулық сатып, әуре-сарсаңға түсе қоймаса да, базарда дәл сол баспаның "көшiрмелерi" самсап тұр.

 

Мектепке дайындық науқаны басталып кеттi. Қазiрдiң өзiнде базар-ошар айналасы оқушыға қажеттi құрал-жабдыққа толы. Әзiрге оқулық шығарумен айналысатын баспалар оқулық сатып, әуре-сарсаңға түсе қоймаса да, базарда дәл сол баспаның "көшiрмелерi" самсап тұр.

 

Оқулық дегенде баяғы мектептегi кезiм ерiксiз еске түседi. Ол кезде қазiргiдей жыл сайын "Биыл мына баспаның, ендiгi жылы анау баспаның кiтабын оқимыз" демейтiн едi. Оқу жылының басында кiтапханадан алып, жыл соңында тура сол күйiнде тапсыратын едiк. Ешқандай баланың ата-анасы шығындалып, оқулық сатып алмайтын. Қолдан қолға бiр парағы да жыртылмай келетiн сол оқулықтардың арманы да жоқ шығар, сiрә. Себебi, ол оқулықтар ұзақ жасайтын. Қазiр ше? Иә, бүгiнгi баспалар бiр-бiрiмен бәсеке. Бәсеке бар жерде сапа да бар. Оқулықтардың мұқабасы қалың, қағазы қатты, бояуы қанық. Бiр өкiнiштiсi, көздiң жауын аларлық сол оқулықтар бiр-екi жылдан кейiн баспа мен кiтап дүкендерiнде шiрiп жатады. Қаншама қаржы, қаншама еңбек! Бiр жағынан оқушы да, мұғалiм де оқулықтың тығырығына тiреледi. Бiлiм беру жүйесiне қарай Бiлiм департаментiнен қолдау тауып, "батасы берiлген" баспаның оқулығын бiр мұғалiм жаратып жатса, екiншiсi кемшiн тұстарын сызып көрсетiп әлек. Бiрақ, амалы нешiк, жоғарыдан келген тапсырманы орындауы тиiс. Соған қарамастан, әр оқушы қажеттiсiн iлiп алар дейтiн кейбiр ұстаздың екi не үш баспаның оқулығын қатар алып жүргенiн көрдiк.

Негiзi оқулық баспаның дүкендерiнде арзан бағамен сатылуы тиiс. Десек те, былтыр оқу жылы басталғаннан кейiнгi екi аптаның iшiнде-ақ "Алматыкiтап" баспасы шығарған оқулықтардың кейбiрi (1-сыныпқа арналған) бiтiп кеттi. Баспа қала мектептерiн оқулықпен қамтамасыз етуге бел шеше кiрiскенмен, бұл үдеден шыға алмаған сияқты. Әрине, бұл кезде қажет оқулықтың бәрi базарда тұрды. Бiрақ қымбат, есесiне қол жетiм жерде. Егер базардағы оқулықты баспаның оқулығымен салыстыра қарасаңыз, сапа жағынан айырмашылықты аңғарасыз. Бұл кез келген баспаның оқулығының көшiрмесiн жасап, әжептәуiр кәсiп көзiне айналдырып алған пысықайлардың iс-әрекетi. Оны бiз де, ата-ана да, бiлiм алатын оқушы да бiлмейдi. Бұл сатушы мен көшiрме жасайтындар арасындағы үлкен құпия.

Биыл оқулық барысы қандай болмақ? Былтырғы баспаның оқулығы жарай ма, әлде, тағы бiр жаңалық шыға ма? Не болса да, әдеттегiдей қысыл-таяң шақта жария етiледi ғой. Содан кейiн қанша ақшаға болсын, тапқанына қуанатын ата-ана кiтап дүкенiн аралап, сенделiп кетедi. Мұндай кезде "бармақ басты, көз қыстыға" үйренгендер оқулықтың бағасын ұшырып та жiбермей ме?

"Көршiң соқыр болса, көзiңдi қысып жүр" демекшi, бүгiнде iргелес жатқан мемлекеттерден шығып жатқан дерттiң бәрi бiздi де айналып өтiп жатқан жоқ. Қазiр интернет беттерiнде Ресейде мектеп оқулықтары екi есеге дейiн қымбаттауы мүмкiн деген ақпараттар жариялануда. Мұндай болжамды iрi баспа өкiлдiктерi ұсынып отыр. Олардың сөзiнше, кiтап дүкендерi 1-қыркүйек күнiне қарсы бағаны 50-100 пайызға дейiн ұшырып жатса таң қалуға болмайды. Оған себеп, бiрiншi, инфляцияның ауыздықталмауы, екiншiден қағаздың қымбаттауы. Соның салдарынан, баспалар қазiрдiң өзiнде оқулықты 10-15 пайызға өсiрiп жiберген. Мәселен, "Русское слово" баспасының бас редакторы Марина Лобзина қағаз бағасының күрт өсiп кетуiне байланысты ағымдағы жылдың басынан берi оқулықтың да бағасы еселенгенiн айтады. Атап айтқанда, жоғары сыныпқа арналған түрлi-түстi, 250-300 беттен тұратын Ресей тарихы оқулығы 120 рубль тұрады. Ал кiтап дүкендерiнде бұған екi есе қосып сатпаса, арзан емес. Баспа редакторының пiкiрiнше, әлемдiк қаржы дағдарысы оқулық, оқу әдебиеттерiн басып шығаруға, мектепке қажеттi құрал-жабдықтарды сатып алуға деген қаражатты едәуiр қысқартуға алып келген.

Алыпсатарлардың бұл қитұрқы амалының алдын алып жатқан жергiлiктi билiк кiтап дүкенi сөрелерiндегi оқулық бағасының шарықтап кетпеуiне күш салмақшы. Бiрақ әдеттегi жағдай емес пе, 1-қыркүйек күнi контробандалық есеппен байымақ болғандар үйреншiктi кестесiнен ауытқи қоймас. Егер де отандық баспалар Ресейде қылаң берiп жатқан бұл жаңалықты құлағына шалса, әп-сәтте байбалам салуы да ғажап емес. Онсыз да кемiнде 300-400 теңгеге сатып алып жатқан оқулықты қайда қоямыз? Сондықтан да отандық баспалардың бөгде ел сияқты, оқулықты қымбаттатуына еш негiз жоқ.

Елiмiздегi оқулық шығаруда ұзақ жылғы тәжiрибесi бар "Мектеп" баспасының оқулық тарату бөлiмi қызметкерлерiнiң айтуынша, биыл 8-10-11 сынып оқулығына еш өзгерiс енбеген. Яғни, оқулық та, баға да бұрынғысынша. Ал, 9-сыныпқа арналған оқулықтар 4 жылда бiр рет қайта басып шығуына орай толықтырулармен жарық көрген. Алайда, "Оның бағасы қолданыста бар оқулыққа қарағанда, қымбатырақ болады", - дейдi баспагерлер.

Бiлiм күнiне аз ғана уақыт қалды. Әзiрге кiтап дүкендерi мен баспа маңайында тыныштық. Мектеп оқулықтарын шығарумен айналысатын баспалардың жаңа оқу жылына қандай тосын сыйы бар екенiн уақыт көрсетер.

 

 

"Түркістан" газеті, 06.08.2009

 

0 пікір