Жұма, 17 Мамыр 2024
Көршінің көлеңкесі 2784 4 пікір 1 Қараша, 2022 сағат 15:45

ҚКП ОК-ның жаңа құрамы және саяси бағытының елімізге әсері

2022 жылы 22 қазан күні ҚКП-ның ХХ съезі және 1-пленумы аяқталды. Съездің бірінші күні Си Цзиньпин жасаған баяндамаға негізделіп алдын ала айтқан болжамдарымыз толығымен келді (қараңыз: «Қытайда Си Цзиньпин дәуірі басталады» Abai.kz.18.10.2022 ж.). Әрине, біз съездің соңғы күнгі отырысынан экс-бас хатшы, мемлекет төрағасы, әскери кеңестің төрағасы болған Ху Цзиньтаодың күштеп шығарып жіберілетінін болжай алмадық, ондайды болжау да мүмкін емес. Бұл ҚКП тарихында болмаған масқара оқиға әлемді таңқалдырды. Мұның өзі біз айтқандай Си Цзиньпин дәуірінің басталғанын айғақтайтын құбылыс болды.

ХХ съездің 1-пленумында ҚКП Орталық комитет мүшелері, кандидат мүшелері, Орталық тәртіп тексеру комитетінің мүшелері, Саяси бюроның мүшелері және тұрақты мүшелер сайланды. Саяси бюро және Саяси бюроның тұрақты мүшелері Си Цзиньпин және оның «армиясы» деп аталатын ең сенімді жақтастарынан құрылды. Сонымен «Одақ тобы» (Коммунистік жастар одағы «tuan pai») немесе реформашылар өкілдері толығымен биліктен тазартылды. Демек, бұл реткі сайлау айқасында Си Цзиньпин толық жеңіске жетіп, елден ерекше үшінші кезек бас хатшысы болып сайланды.

Қытайда ҚКП Орталық комитеті Саяси бюросының жеті мүшесі мемлекеттік биліктің тұтқасын ұстайды. Жаңа құрамдағылардың қызмет бөлісі: Си Цзиньпин - ҚКП ОК-ның бас хатшысы, ҚКП ОК Әскери кеңестің төрағасы; Ли Цян - ҚХР премьер министрі (2023 жылы наурызда өтетін Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысында сайланады), Чжао Лэцзи - Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы комитетінің басшысы (ол да 2023 жылы наурызда сайланады), Ван Хунин - Бүкілқытайлық саяси консультативтік кеңесі комитетінің төрағасы (бұл да 2023 жылы наурызда сайланады), Цай Ци - Орталық тәртіп тексеру коитетінің басшысы, Дин Сюэсян - премьер министрдің бірінші орынбасары, Ли Си  - ОК секретариат хатшысы болып белгіленді. Қытай басшылығын тек бір тараптың адамдары иеленуі алғаш рет болып отыр. Мао Цзэдун дәуірінде де ондай бола алмаған-ды. Мао болсын, Дэн болсын жоғары билік бөлісіне әр тараптың өкілдеріне тиісті орын беретұғын.

Қытайдың күштік министрліктері, мемлекеттік маңызы бар қалалар, маңызды провинциялар мен автономия аудандарының басшылары Орталық комитеттің саяси бюросына сайланады. Саяси бюроның мүшелері бұрын 25 адам болушы еді, бұл жолы 24 адамға қысқарған. Саяси бюро мүшесінен Шыңжаң партия комитетінің экс-хатшысы Чинь Цюаньго шығарылып, оның орнына қазіргі хатшы Ма Синжуй енгізіліпті.

ҚКП – Қытайдың бірден бір бастауыш партиясы. Оның саяси бағыты «Партия жарғысында» анықталады. Ал «Партия жарғысы» әр реткі съездерде өңделіп, кезектегі партия басшыларының идеяларымен толықтырылып отырады. Бұл жолы да «Партия жарғысына» өзгерістер енгізілді. ҚКП ХХ съезінің «Партия жарғысы (өзгертілген нұсқасы)» жөнінде қабылдаған қаулысында: «Си Цзиньпиннің жаңа дәуірдегі қытайлық ерекшеліктегі социализм идеясы – қазіргі заманғы қытайлық марксизм, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы марксизм, қытай мәдениеті мен қытай руханиятының замана жауһары. Партияның ХІХ съезінен бергі Си Цзиньпиннің жаңа дәуірдегі  қытайлық ерекшеліктегі социализм идеясының жаңа дамуын партия жарғысына енгізуді съездің бір ауыздан қолдауы – Си Цзиньпин жолдасты ядро еткен Партия Орталық комитетінің - партияның теориялық инновациясының, практикалық инновациясының, режим - жүйе инновациясынның жаңа жемісі болып табылады. Сондықтан съезд бүкіл партияны «екіні тұрақтандырудың» (Си Циньпиннің Партия Орталығындағы ядролық орнын және бүкіл партиядағы ядролық орнын тұрақтандыру – Н.М.) шешуші мәнін терең түсініп, Си Цзиньпин жаңа дәуірдегі қытайлық ерекшеліктегі социализм идеясын жан-жақты тиянақтандырып, оның бұл идеясын партия мен мемлекет қызметінің барлық процессінде тиянақтандыруды талап етеді». ... Съезд «Партияның әр дәрежелі ұйымдары мен партия мүшелерін Си Цзиньпин жолдасты ядро еткен Партия Орталық комитетінің  мықты басшылығында, қытайлық ерекшеліктегі социализм туын биік көтеріп, ... социалистік заманауи мемлекет құру үшін, қытай ұлтының ұлы көркеюін іске асыру үшін жұдырықтай жұмылып күрес жүргізуді талап етеді» делінген. Бұрынғы «Жарғыдағы» «Партия әрқандай формадағы жеке адамның басына табынуға тиым салады» дегенді сақтай отырып, «сонымен бірге партия мен халықтың мүддесіне өкілдік еткен басшының бет-беделін қорғайды» деп көрсеткен екінші тараудың алтыншы бөлімінде. Бұл сөздің кімге қаратылғаны айтпасақ та түсінікті. Ал Си Цзиньпин идеясы – қазіргі заманғы «қытайлық марксизм», тіпті «ХХІ ғасырдағы марксизм» ретінде ҚКП-ның жетекші идеясы етіп белгіленді. «Жарғының» 30-тарауында: «Кәсіпорындарда, ауыл-қыстақтарда, мекеме мектептерде, ауруханаларда, ғылыми-зерттеу институттарында, көше-шағын аудандарда, қоғамдық ұйымдарда, халық азаттық армиясының рота және басқа бөлімдерінде, әйтеуір  ресми партия мүшелерінен үш адам болса, бәрінде партия ұйымы құрылады» деп жазылған. Бұлар тыңнан енгізілген принциптер.

Қытайдың болашақ даму бағдарламасында саясилық басым болған. Қоғамның дамуы, мемлекеттің кемелденуі үздіксіз жаңғыру – модернизация арқылы жүзеге асатын үдеріс. Съезде Қытай Компартиясының басшылығындағы социалистік модернизация тек қытайлық ерекшелік негізінде жүретінін айтады. Социализмнің ерекшелігі – мемлекеттік, әлеуметтік  және ұжымдық меншіктер жүйесімен анықталады. Қытай келешекте «жоғары деңгейдегі социалистік нарықтық экономика жүйесін құрамыз, социализмнің негізгі экономикалық жүйесінде табанды боламыз және оны кемелдендіреміз, сондай-ақ мемлекеттік емес экономиканы қолдаймыз және оларға жетекшілік етіп отырамыз» деп көрсеткен. Бұл Си Цзинпьин дәріптеп келген мемлекет меншігіндегі кәсіпорындарды үлкейте түсу, яғни мемлекеттік меншікті дамыту, жекеменшікті азайту идеясының бағдарламаға енуі болып табылады. Ендігі жерде қытай үкіметі нарықтық экономиканы дамытудан гөрі жоспарлы мемлекеттік меншіктегі шаруашылықты дамытуға басымдылық береді. Алайда халықаралық сауда ережесінде мемлекеттік меншіктегі компаниялардың өнімдерінің халықаралық сауда бәсекесіне түсуіне шектеу қойылғанын ескерсек, қытай өнімдерінің халықаралық рыноктағы позициясы әлсіреуі ғажап емес.

Дәстүрлі социалистік қоғам ұғымында, азаматтар арасында сіңірі шыққан кедей де, шалқыған байлар да болмауы керек. ҚХР құрылған алғашқы жылдарда байларды кампескелеп, кедейлердің қатарына түсірген болатын. Ал Дэн Сяопин реформасы жылдарында бір бөлім адамдардың алдымен баюына жағдай жасалды және кедейлерді сүйемелдеу саясаты қолданылды. ХХ съезд баяндамасында «Партия соңғы он жылдан бері кембағалдарды кедейліктен арылту, жаппай орта дәулетті қоғам құру тарихи міндеттін орындады» деп тұжырымдады. Алайда өткен жылы ғана Премьер министр Ли Кэцян «елімізде 600 млн адамның айлық табысы 1000 юаньға жетейді» деген болатын. Мұның нақты жағдайын біз анықтай алмаймыз. Анығы - қытайлық шіріген байлардың жалпы саны АҚШ-тың байларынан көп екен. Бұл АҚШ сарапшыларының мәліметі. Қытайлық социализмнің сипатына сай, Си Цзиньпин «ортақ баюды» дәріптеп келген еді, енді оның бұл идея съезд бағдарламасына енгізіліп  «табысты бөлу тәртібі, байлықты қордалау механизмдері қалыпқа келтірілді» деп атап көрсетілді. Келешекте қытайлық байлардың табысынан жүйелі түрде салықтан тыс «жылу жиналып» тұратын болады. Демек, ендігі жерде Қытайда нарықтық экономикадан гөрі жоспарлы экономика механизмдері қайта жанданатын болады.

Мемлекеттің сипаты оның мәдениетінен, өркениетінен көрініп тұрады. Съезд бағдарламасында мәдениетті дамыту туралы: «біз марксизмнің идеологиядағы жетекшілік орны мен түбірлі жүйесіне табанды боламыз, социализмнің ядролық құндылықтары бойынша социалистік прогрестік мәдениетті дамытамыз, революциялық мәдениетті сәулелендіреміз, мемлекеттік мәдениеттің жұмсақ күш қуатын және қытай мәдениетінің ықпал күшін үздіксіз нығайтып отырамыз»; «Еліміздегі діндерді қытайландыру бағытында табанды болып, белсенді түрде діндерді социалистік қоғаммен сәйкестендіруге белсенді жетекшілік жасаймыз» деп белгілеген. Ендігі жерде қытай мәдениеті тіпті де социалистік, революциялық бағытта өрістейді. Ал Қытайдағы ұлттар мәдениетіне қолданып отырған қазіргі біртұтастандыру - қытайландыру саясаты жалғаса беретін болады.

Қытайдың сыртқы саясаты жөнінде съезд құжатында:«қытайлық ерекшеліктегі дипломатияны жан-жақты өрістетеміз. Біз тіпті де белсенді түрде ашық есік стратегиясын жүргіземіз, «Бір белдеу – бір жолды» бірге құрып, оны халықаралық брендке және мінберге айналдырамыз. Біз қытайлық ерекшеліктегі Ұлы мемлекет дипломатиясын ілгерілетеміз, адамзат тағдырының ортақ қауымдастығын құруды да дамыта түсеміз. Біз жаңа типтегі халықаралық қатынас құруды ілгерілетеміз, әлемді басқару жүйесін реформалау мен қайтақұруға белсенді қатысамыз» делінді. Бұлар іс жүзінде Си Цзиньпин билікке келгеннен бері жүргізіп келе жатқан Қытайдың сыртқы саясаты мен дипломатиясы, келешекте де жалғаса беретін болады.

Кезінде Дэн Сяопин «көзге түспей даму керек» («tao guang yang hui») деген сыртқы саясат белгілеген еді. Алайда, Си Цзиньпин «Мао Цзэдун қытай халқының еңсесін көтерді, Дэн Сяопин қытай халқын байытты, енді қытай халқы күшейді» деген түсінікпен халықаралық қатынастарда өктемдік дипломатиясын жүргізді. Алайда оның бұл саясатының нәтижесі Қытайға онша оңтайлы болмады. Қазіргі таңда қытайдың халықаралық ортасы қатты күрделенді, тіпті сын-қатер бұлттары қалыңдай түсті деуге болады.

Әртүрлі себептерге байланысты қытайдың әлеуметтік экономикалық даму қарқыны төмендеді. Сондықтан съезд құжатында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен күрес жүргізу баса дәріптелген. «Біз мемлекеттік қауіпсіздікті қорғау қуатымызды нығайтамыз, мемлекеттік билік қауіпсіздігін, жүйе қауіпсіздігін, идеология қауіпсіздігін батыл сақтап, астық, энергетика, ресурс, маңызды индустриялардың қауіпсіздігіне кепілдік етіп, азаматтарымыздың шетелдердегі заңды мүддесін қорғаймыз» деп атап көрсетті. Әрине, әлемнің әр елінде Қытай мүддесі бар. Дей тұрғанмен Қытайдың, қытайлық азаматтардың Қазақстанда маңызды мүддесі қалыптасқанын ескерсек, екі ел арасында мүдделер қақтығыстарының орын алуынан сақтанғанымыз абзал.

Қазіргі таңдағы Қытайдың ішкі-сыртқы саяси экономикалық ортасы бұрынғыдан күрделі. Қытай экономикасының жоғары қарқынмен даму кезеңі өтіп кетті. Тіпті қытайдың «Әлем фабрикасы» орны да өзгеруде. Соған байланысты олардың «Бір белдеу - бір жол» мега жобасының тәсілдері өзгеруі мүмкін. Сондықтан болар, съезде «біз жоғары сапада «бір белдеу – бір жол» жобасын іске асырамыз» дейді. Қазақстан мен Қытай арасындағы «бір белдеу – бір жол» аясындағы жобалар жалғасады. Бірақ бұрынғыдай қомақты инвестициялар мен кредиттер елімізге құйыла беруі екіталай. Алайда Қытай әлеуметтік экономикалық инфрақұрылымдар жүйесін заманға сай қалыптастырған ел болғандықтан, Қазақстан-Қытай арасында қалыптасқан қарым-қатынастар сақталады, дамиды деп санаймыз.

 

Нәбижан Мұқаметханұлы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2106
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2518
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2213
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1625