Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Талқы 4756 24 пікір 24 Қазан, 2022 сағат 00:23

Сопылардың сөз тартысы: Саят Ыбырай мен Санжар Керімбай

Twitter желісінде журналист, қоғам қайраткері Санжар Керімбайдың ұлы Шыңғыс Керімбайдың зікіршілерді сынаған жазбасы жарық көргелі әлеуметтік желідегі көпшілік гуілдеп жатыр.

«Ресейден Махди шығады. Путин оған қол береді», деп қуып жүрген фанатик сопыларға қараймын да, кезінде фаталист түрік діншілдерін Ататүріктің не үшін бір шыбықпен айдағанын түсінем», - деп жазыпты Шыңғыс Керімбай. Жазба 25 наурызда жарияланғанға ұқсайды. Twitter-де солай деп көрсетілген.

Оған әкесі Санжар Керімбайдың сопылық жолды ұстанатынын сөзге тиек еткен ғалым, профессор, «сопылық ағымның жетекшісінің бірі» болған Саят Ыбырай бүгін былай деп жауап жазды.

«Ау, Санжар Керімбай, мына балаңның әдепсіздігі үшін елдің алдында бір ауыз кешірім сұрай салу саған сонша қиын болды ма? Мына дау сонымен-ақ, шешіле қоятын зат емес пе?! Жұрт «не боп кетті өзі?!» деп шулап жатыр. Шуламай қайтсін?! Қаршадай балаң ел ақсақалының жағасынан алып жатса, не дейді, енді ел?! Ақсақал болғанда да әуелі өзіңнің ұстазың, 60 жыл руханияттың туын ұстап, қазақ түгіл Ресей, Түрік, әлем муфтилері әз тұтып, басына көтеріп, құрметтеп жатқанда балаңды үргізіп отырғаның қай сасқаның?!

Өстіп елді шулатып отырғаның өзіңе абырой ма?! Әлде жұртқа айтқан ақылыңды өзіңе айта алмай, нәпсіңнен аттау «Абылай аспас асу» болған ба? Қазақта асыл сөз бар еді «Иттің басын алтын табаққа салсаң шоршып түседі» деген, сені «Шанжархан» деп ілім үйретіп, төбесіне көтерген ұстазыңды сыйлаған түрің осы ма?! Облыс-облысты аралап, қазақ отбасына үйретіп жүрген «хрестоматиялық» үлгің осы ма?!

Өзің қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін насихаттап жүрмін дейсің. Осы түн сопылардың зікірін салып отырсың, ал балаң сопыларды «қуып кеткен», яғни лағып, адасушы деп отыр. Адасушы деген сөздің түбі «кәпір», сонда ұстазың кәпір болғаны ма?! Енді өзің кім болдың сонда? Онда, балаңның сөзіне салғанда, сен өзің де «қуып кеткен кәпір» болдың ғой?!

Әзәзіл шайтан жаннаттан білімсіздігінен қуылған жоқ, әдепсіздігінен қуылған. «Яссауи феноменін» сонша зерттеп жүріп, осыны білмедің бе?! Міне нағыз «феномен!» Ұстазыңды балаңа сыбатып қойып, сол әдепсіздік қылған балаң ертең өзіңді сабап жатса, итжемеде кімнен жәрдем сұрайсың?!» - деді ол.

Жазба иесінің «Ұстазың» деп отырғаны «сопылық ағымның жетекшісі» деп саналатын діни тұлға Ысматулла Мақсұм. Ол Қазақстанда 2011 жылы экстремизмді, конфессияаралық алауыздықты қоздырды деген айыппен 14 жылға сотталған. Сондай-ақ, онымен бірге 8 адам:  Саят Ибрай – 12 жылға, Ербол Исабеков – 9 жылға, Ербол Рахимбаев – 8 жылға, Думан Берікбосынов – 8 жылға, Сайпулла Моллақанағатұлы – 8 жылға, Жадыра Сүлейменова – 6 жылға, Арнұр Куникин – 5 жылға бас бостандығынан айырылып, Әлия Әшірқұлова – екі жылға шартты түрде сотталған болатын.

1944 жылы Ауғанстанда туған этникалық қазақ Ысматулла Абдығапар Пәкістанның Пешавар провинциясындағы медреселердің бірінде діни білім алған. Ауғанстандағы Кеңес әскерлерінің соғыс қимылдары кезінде пуштундардың «Қарсыласу қозғалысының» әскери комиссары болып жұмыс істеген. Дала командирлері Бурхануддин Раббанимен және Ахмад Шах Масудпен тығыз қарым-қатынаста болған. Ахмад Шах Масудтың идеология бойынша кеңесші болды және барлау мәселелерімен айналысып, Иран, Сауд Арабиясы, Пәкістан, Йеменде байланыс орнатты. Бірнеше тілді меңгерген. Гипноз және транс енгізу дағдыларын меңгерген. Қазақстанға ең алғаш рет 1996 жылы келеді. Ол өзінің ілімі «шынайы исламды» таратумен айналысты. Ысматулла өзінің ізбасарларына біздің заманымыздың IX ғасырында бес жасында жасырынып, қайтып оралуға уәде берген 12 имам - Махдидің соңғысы екенін айтқан.

Ал Санжар Керімбай ұлының сөзін қостап, сопылық ілімді таратушылардың «қуып кеткен жерлері көп» екені туралы жазды.

«Зікіршілердің іс-әрекетін іште жүріп ең көп сынаған адамның бірі – менмін. Олардың да «опыт» жоқтықтан қуып кеткен жерлері өте көп. Бұл ілім қайта айналып елге келген соң бәрін де басынан бастаған. Бірінші басталған зат қия баспай тұрмайды. Сондықтан дінде ілімнің өзі емес діни тәжірибе қымбат болып саналады. Егер ғайыптан тайып, олар қайта шығатын болса, бәрі де басқаша болады. Бүкіл қателерін түзеуге жанын салыр еді. Өкінішке орай елде енді зікірші қалған жоқ. Мен ең соңғы Могикан болуым әбден мүмкін», - деген Санжар Керімбайдың жазбасы таралды.

Abai.kz

24 пікір