Жұма, 26 Сәуір 2024
Қоғам 8650 1 пікір 15 Қыркүйек, 2022 сағат 17:04

Танктер: Қазақстан қорғанысының басты қаруы

Қыркүйектің 15-і қазақстандық танкшілердің кәсіби мерекесі. Бұл күн тарихы 1942 жылы шымкенттік жастардың жетінші және он үшінші жекелеген танк полкіне «Қазақстан комсомолецтері» деген жазуы бар 46 дана Т-34 танкін тапсыруы оқиғасымен байланысты десек те болады. Ол кезде танктерді жасауға қаражат жинауды бүкіл республика жастары жүргізіп, іске асырған болатын.

Танктер бүгінгі күні әлемнің көптеген елдері армияларының негізгі жауынгерлік құрамдас бөлігі болып қалуда. Олардың басты артықшылығы - қауіпсіздік пен жауынгерлік күште. Адамзат алғаш рет танктерді 1915 жылы қолдана бастады. Бірінші дүниежүзілік соғыста Ұлыбритания әскері ұрыс даласына танктерді шығарып, соғыста бетбұрыс жасады. Артынша танктер екінші дүниежүзілік соғыста басты қару түріне айналса, кейін әскердің ажырамас бөлігі болып кетті. Кей деректер бойынша дәл осы алапат күшке ие техника Қазақстан әскерінде жетерлік, ашық деректер Қазақстанда 300-900 арасында танктер бар деп көрсетеді. Алайда нақты ақпарат жоқ, әскери құпия саналады.

Қазақстан Қарулы Күштерінде танк бөлімшелері еліміздің әртүрлі аймақтарында орналастырылып, тұрақты жауынгерлік әзірлікте тұр. Танкшілер жауынгерлік дайындық деңгейін шаршамай жетілдіріп, іс-қимылдың жаңа әдістерін жаттықтыра отырып, кәсіби шеберліктерін шыңдайды. Жыл сайын «Алдаспан» ауқымды оқу-жаттығуларында танк бөлімшелері «Танк карусельін» сынақтан өткізсе, «Қалқан» жаттығуында жеңіліс ықтималдығын азайтып, жауды адастыратын «Сақ қорғаны» техникасын қолдануды пысықтайды.

Танкшілер ерлігімен, төзімділігімен, қайсарлығымен, табандылығымен және батылдығымен ерекшеленеді. Танк әскерлерінің офицерлері оқу-жаттығулар мен маневрлерге үнемі қатысады, олар тактика мен жеделдікті, қару-жарақ пен әскери техниканы жауынгерлік қолдану негіздерін терең меңгерген. Қазақстан Қарулы Күштерінің басшылығында осы жылдар ішінде танк бөлімшелерінде айтарлықтай жетістіктерге жетіп, жоғары шен алып, қорғаныс саласында қызмет етіп жатқан қолбасшылар жеткілікті. 2014 жылдан бері біздің танк командасы жыл сайын Армия халықаралық ойындарының танк биатлоны жарысында Қазақстан армиясының намысын қорғап, жүйелі түрде жүлделі орындарға ие болып келеді. 2021 жылы Қазақстан құрамасы 19 қатысушы елдің арасында үшінші орынды иеленді. Ол тек Ресей мен Қытай танкшілерінен жеңіліп, Әзірбайжан, Беларусь, Сербия, Өзбекстанның үздік экипаждарын сенімді түрде басып озды. Бүгінгі таңда танк жауынгерлері танк әскерлерінің даңқты дәстүрлерін мұқият сақтап, жалғастыруда, жаңа іс-қимыл әдістері мен әдістерін сәтті меңгеріп, жоғары кәсібилік пен шеберлік көрсете отырып, жауынгерлік дайындық тапсырмаларын толық орындауда.

Дегенмен Қазақстанның танк әскерлері қарулы күштердің салыстырмалы түрде жас буыны болып табылады. Танк әскерлері Құрлық әскерлерінің негізгі соққы беретін күші екені айтпаса да түсінікті. Олар ең маңызды міндеттерді орындау үшін негізгі салаларда қолданылады. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің танк бөлімдері мен құрамалары орташа және жеңіл танктермен қаруланған. Жоғары ұтқырлық, сауыт қорғанысы, заманауи қару-жарақ, түнде көру құрылғылары мен су астында жүруге арналған жабдықтардың болуы танктерді заманауи жағдайларда өте тиімді ұрыс құралына айналдырады. Күшті броньға ие танктер тіпті ядролық жарылыстың зақымдаушы факторларына өте төзімді болып келеді, соққы толқыны, жарық сәулеленуі, радиоактивті ластануға да төтеп береді. Жан-жақты дайындалған жас жігіттер жақсы танкист бола алады. Заманауи қару-жарақ, қуатты қозғалтқыш, күрделі жүйелер, құрамдас бөліктер мен тораптар, мінсіз аспаптар мен көрнекіліктер - мұның бәрі терең білімді және технологияны жақсы көретін адамдарға ғана бағынады. Біздің танкшілер дәл сондай азаматтар.

Бүгінде қоғам арасында «танктің дәурені өтті» деген жаңсақ түсінік бар. Алайда әлемнің ірі әскери держава саналатын елдері керісінше танктерді жетілдіріп, модернизация жасап, барынша заманауи ету жолын іздеуде. Себебі танк басты шабылдаушы техника түрі болып қала береді. Қала ішіндегі ұрысқа танктен басқа техника түрі жарамайды. Ал далалық аймақта танктерді қолдану арқылы, бронды сауытына жасырына отырып қарсы шабуылдап әлдеқайда тиімді. Мамандар танктердің дәурені әлі бітпейтінін айтады. Соққы жасаушы дрондар, артиллерия мен ұшақтар қажет, алайда бұл танктерді алмастыру және мүлде алып тастау деген ақылға қонымсыз идеяны өткір ете алмайды. Қазақстан қорғанысында танктер басты қару болып қалмақ. Қазақстан өз танктерін барынша модернизациялау жұмыстарымен айналысып келеді. Жаңа танктерді сатып алу, танк ұңғыларын өз елімізде шығару және танкке қажетті снарядтарды өндіру мәселесін де Қазақстан кеңінен ойластырып, жан-жақты талқылауда.

Abai.kz

 

1 пікір