Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Жаңалықтар 6859 0 пікір 17 Қаңтар, 2013 сағат 08:09

Мырзахан Байболов. Мұхаңның әпкесі

Ертеде бейбіт жатқан бір елге тұтқиылдан жау тиіп, жұртты қанға бөктіріпті. Қапыда қалған еразаматтар атқа қонып, арпалысып жүріп, дұшпан бетін қайтарғандай болғанымен, қараниеттілердің қайта шабар сыңайы байқалыпты. Сондай қапылыста әлі барлары қаскөйлердің құрсауынан құтылмақ ниетпен туған топырақтан баз кешті дейді. Аңдаусызда келген дұшпанмен айқаста өзі де, тұлпары да қатты жарадар болған елдің бас батыры аяғын апыл-тапыл басатын сәбиін алдына отырғызып алып, қасіретті мекеннен жөней бергенінде, «Көке, мені тастап қайда барасыз?!»- деп құлындағы даусы құраққа жеткен өз қарындасының үнін естіп, ерiксіз кідірсе керек. Көп ойланарға уақыт тар, сонда батыр: «Қатын - жолда, бала - белде, тірі болсақ жар құшып, ұрпақ сүйе берерміз. Ал өзіңдей қарындас, бір құрсақтан өрбіген бауыр енді қайда маған,» - деген төтенше шешіммен нәрестесін тастап, қарындасымен бірге ажал тырнағынан сытылып шыққан деседі...

Бағзыдан жеткен бұл баянның мазмұнын байыптасақ, атаның белінен жаралып, ана көкірегінен нәр алып өсер әрбір пенденің тіршілігінің бүтіндей сипаты бірге туған бауырымен мәнді екендігін аңдаймыз.

Ертеде бейбіт жатқан бір елге тұтқиылдан жау тиіп, жұртты қанға бөктіріпті. Қапыда қалған еразаматтар атқа қонып, арпалысып жүріп, дұшпан бетін қайтарғандай болғанымен, қараниеттілердің қайта шабар сыңайы байқалыпты. Сондай қапылыста әлі барлары қаскөйлердің құрсауынан құтылмақ ниетпен туған топырақтан баз кешті дейді. Аңдаусызда келген дұшпанмен айқаста өзі де, тұлпары да қатты жарадар болған елдің бас батыры аяғын апыл-тапыл басатын сәбиін алдына отырғызып алып, қасіретті мекеннен жөней бергенінде, «Көке, мені тастап қайда барасыз?!»- деп құлындағы даусы құраққа жеткен өз қарындасының үнін естіп, ерiксіз кідірсе керек. Көп ойланарға уақыт тар, сонда батыр: «Қатын - жолда, бала - белде, тірі болсақ жар құшып, ұрпақ сүйе берерміз. Ал өзіңдей қарындас, бір құрсақтан өрбіген бауыр енді қайда маған,» - деген төтенше шешіммен нәрестесін тастап, қарындасымен бірге ажал тырнағынан сытылып шыққан деседі...

Бағзыдан жеткен бұл баянның мазмұнын байыптасақ, атаның белінен жаралып, ана көкірегінен нәр алып өсер әрбір пенденің тіршілігінің бүтіндей сипаты бірге туған бауырымен мәнді екендігін аңдаймыз.

Саналы ғұмырын қарапайым ғана дағдымен өткеріп келе жатса да, бар болмысымен ізгілік қайнары, даналық бастауы ретінде дараланар аналар бар өмірде. Осынау ақшашты әзиз аналардың бел ортасында есімі құрметпен аталатын жанның бірі - Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданына қарасты Қасқасу аулында қоңыр тірлік кешіп, мәуелі ағаштай өсіп-өркендеп отырған Ізет әжеміз.

Торқалы тоқсаннан асып, шөберелерінің алақанынан май жалап, бақыт құшағында отырған әжеміздің абырой биігінде мерейін шалқытар басты қазынасы - халқымыздың әлем мойындаған арқалы ақыны, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, алаугер азамат, дарабоз дарын Мұхтар Шаханов ағамыздың арқасүйер һәм еркелер әпкесі болғандығында дер едік.

Рас, ұлтымызға деген ересен махаббаты мен поэзиядағы дүлдүлдігінің, қиын күндерде атой салар қайраткерлігінің арқасында орасан атақ-абырой көгіне өрлесе де, тиісінше жолын шиырлаған сан пендешілік өткелдерінен, халық тағдыры үшін тартар ауыр азаптардан талдырмай, қажытпай өткеріп келе жатқан Раббымыздан нәсіп болған тылсым да әлеуетті күштің бір парасы осынау Ізет әжеміз бен Мұхтар ағамыздың айрықша бекіскен бауырмалдық түйсіктерінде жатыр деп бағамдауға әбден болады.

Ардақты ағаның аяулы әпкесінің шаңырағында қона жатып, көңіл көмбесінің текшелерінде қатталған, бүгінде алтыннан да қадірлі естелік әңгімелерге ден қойғанда бал татыған тірлігінен гөрі кермек дәмін жиі тосқан күрделі тағдырлы әулеттің шежірелі тарихына біршама бойлап, мұхтартанудың жаңа беттері ашылды біз үшін.

Өткен ғасырдағы кісі қолымен жасалған небір зобалаңдар бұл әулетке де ауыртпалық жүгін аз артпапты. Оның үстіне құдайсыз қоғам орнатқан дінсіздердің дәурені жүріп тұрғанда ілімнің түбіне түсіп, ескіше сауаттанған, шариғатты берік ұстанып, шәкірт тәрбиелеген Шахан атамыздың жайы қайдан оңа қойсын? Сондықтан да ақылсыз бастардың арсыз қолдарымен дін өкілдерінің басына үйірілген қамшы бейбіт өмірді көзден бұл-бұл ұшырған. Осы күнгі Отырар ауданына қарасты Шілік аулындағы құтты мекен атажұрттан ірге көтеріп, жылы орынды суытуға осындай оспадарлықтар себеп болса керек. Бұдан кейінгі біршама уақыт қоныс еткен мекен Шымкенттің іргесіндегі Қаратөбе болыпты.

Ізет әжеміздің айтуынша Шахан атамыздың алдында жас балалар алқақотан отырып, қадимше сауат ашады екен. Әкесі бала оқытқанда аппақ киініп, ақ сәлде оранып алатын болса керек, қолына ұзын шыбық ұстап, онысымен мүдірген баланың басынан жай ғана түртіп қояр екен жарықтық. Табиғатынан жұмсақ атамыз бұдан артыққа барып, шәкірттерге қол жұмсап, мәртебелі дін иелерінің беделіне нұқсан келтірмепті.

Шахан атамыздың Қодар, Шәмші есімді ағалары болыпты. Әкелері Досболдан ерте айырылғанымен екі ағасы інілерін тұрмыс ауыртпалықтарына көп алаңдатпастан тек ілім жауһарларын жинауына мол мүмкіндік тудырыпты. Қос ағасының негізгі кәсібі түйе асырап, керуен жүргізу болса керек, яғни түйемен жүк тасып күнелтіпті. Шаруақор ағайындылар өзен жағасына қауын егіп, оның қағын өзбектерге сатып, талғажау еткен кездері де болған екен.

- Қаратөбеде отырғанымызда Қодар атам түйеге тұз артып келетін,-дейді әжеміз жадында қалған жайларды жаңғыртып.

Шахан атамыз алғашқы жары Ұлжан Бапышқызынан шамамен 5-6 перзент көргенімен жастайларынан берген құдай өзі алып, Ізет әжеміз   жалқы қалыпты. Тек Әбілда деген бауыры ғана есінде екенін әңгімелейді әжеміз буалдыр сағым арасында қалған балғын шағын ойға ала отырып.

Елге тірек болар сансыз ғазиз ерлердің басын тауға да, тасқа да ұрындырған сұрқай заманның шолақ белсенділері ақыры Шахан Досболұлын діндарлығы үшін соттап, Қарағандыға жер аударады. Бұл Ізет әженің 7 жастағы кезі екен. Солайынша бір әулеттің өзіне тән ырғақты тіршілігінің мағынасы кетеді. Қос ағасы Қодар мен Шәмші Әндіжанға түйелерімен жан сауғалайды. Өкінішке орай, ол кісілердің талқаны сол жерде таусылып, сүйектері сонда қалыпты.

Дүние-мүліктері тәркіленіп, бастарына Қаратаудай қайғы орнаған шақта Шахан атамыздың ілімін кеңейтіп, рухани азық болған қызыл, көк мұқабалы қалың кітаптарын 4-5 жәшікке салып, жинаулы тезектің арасына жасырады. Кейіннен заман тыншығанда сол кітаптардың бірде біреуін сақтап қала алмаппыз-ау деп өкінішін айтып отырар екен анасы Ұлжан.

Қаратөбеде тұрғандарында бір қожа кісі көршісі боп, әкесімен жақын араласса керек. Сол бір күні:

- Ізетпісің!? Ой, айналайын-ай, әкең дархан мінезді момын адам еді...-деп басынан мейірлене сипап, айдалып кеткен досын еске алыпты. Сонда әкесін көргендей, жүрегі езіле жылап, әлгі кісінің соңынан қалмай күні бойы ілесіп жүріпті.

Қарағанды түрмесіне 3 жылға жабылған Шахан атамыздың отырған абақтысының есігі Алланың құдіретімен өздігінен ашылып қалатынға ұқсайды. Қарауылдар жазғырып ұрысқанда ол кісі өз тарапынан ештеңе істемейтінін мәлімдейді екен. Солай жүргенде сотталғандардың бірі бұл кісінің тегін адам еместігін, дұғасының дәрмені күшті діндар екенін түрме басшыларына айтады.  Сол шақта түрмебастықтың әйелі белгісіз аурумен ауыратын болса керек. Қылша мойнын талша қияр қатаң саясат қанша жерден қыспаққа алып, діннен безінсе де, әлгі басшы жаны қысылғанда Шахан атамызды түнделетіп жасырып апарып, науқас жұбайына дем салдыртады екен. Жаратушының жебеуімен дұғасының шипасы дарып, әйел дертінен айығыпты. Бұл жайт Шахан атамыздың жаза мерзімін қысқартып, бір жарым жылда елге оралуына сеп болыпты.

Еркіндігінен айырған қапастан оралғасын Шахан атамыз Ұмсын Айтбайқызымен тағдыр қосады. Орайы келгенде тұрмыстағы қызы Ізеттің аулы Қасқасуға қоныс аударады. Бұл шақ сәби Мұхтардың жасына толмаған кезі екен. Әуелде нәрестелерінің шетінеуі тиылмастан қам көңілдің кенеуі кете беріпті. Сонда өзі діндар атамыз Аллаға жалбарынып, әулиелерге зиярат етіп, перзенттеріне амандық тілепті. Жұбайының басынан «Нәп болсын!», «Нәп болсын!» деп ақша айналдырып, онысын кембағалдарға таратады екен. Тілеп жүріп көрген балаларының бірі Махамбет 7 жасында жазатайым мертігіп, көз жұмады да, Ұмсын әжеміз көтерген 13 құрсақтан жалғыз Мұхтары ғана аман қалады. Солай болғандықтан да сәби Мұхтар ауыра қалса, Шахан атамыздың жаны мұрнының ұшына келіп, бөбегінің үстіне түсе қалып өбектеп, мойнына тәспісін салып, қашан дертінен айыққанша хақ тәңірге сыйынумен болады екен. Кейіннен атағын әлемге жаяр ұлына деген әке махаббаты осындай айрықша қуатқа ие болса керек.

Қызына кітап ашып, Ізет деп ат қойған көкірек көзі ояу атамыз сол кезеңде жарыққа шығып, өлмес даңққа кенелген М.Әуезовтің «Абайын» оқып, жазушы талантына сүйсініспен дүниеге келген ұлына Мұхтар деп заңғар қаламгер есімін беріпті. Бұл Шахан атамыздың жаңа заман тіршілігінің де күретамырын дөп басып, өзіндік үн қоса білген өзгеше түйсік иесі болғандығына зор айғақ.

Жұрт ілімі үшін құрметтеп, «Сақы молда» деп атайтын Шахан атамыздың ең қатты сөзі «Бәтшағар» болыпты. Жарықтық үйіне келген кісі дәм татпай аттанса, зайыбына ренжиді екен. Күш атасы Қажымұхан Қасқасуға іздеп келгенінде сауын етіп отырған жалғыз ешкісін сойып, алып адамға қонақасы берген әке жомарттығы мен осы әрекетке титтей де қабақ шытпаған ана пейілі Мұхаңның бүкіл ғұмырына мирас болған. Өмірінде шынайы ұстанып, жырларына арқау еткен шекарасыз жомарттық ақын ағамыздың тіршілік салтының алтын діңгектерінің бірі екендігіне сан рет куә боп, сүйсінген ел риясыз.

Ақшашты ана ақтарған және бір сыр, жаратушыдан қасиет дарып, діннің сара жолын ұстанған Шахан атамызда жыр алыбы Жамбыл бабамыздың қызыл жолбарысы, Кемпірбайдың көкала үйрегі сынды дәу қара кісі бейнесіндегі пірі болыпты. Киелі пір түйе иесімен егеске түсе кететіндіктен бұл кісі өркешті түлікке аяқ артпайды екен. Бір жолы Ташкентке барып келе жатқанында түйелі кісімен серік болса керек. Сонда әлгі адам атамыздың жаяу қалпына жаны ашыды ма, қыштап қоймай, түйесіне мінгізіпті. Осы сәт екі пір тайталасқа түсе қалғанда жануардың иесі бел алып кетіп, діндар атамыз мұрттай ұшыпты да, дертке душар боп, біршама уақыт беймаза күйде жүріпті.

Мұхтар ағамыз денсаулығын, жағдайын сұраған адамдарға: «Шүкір, үшеуден кейін, біреуден ілгері жүріп жатырмыз,» - деп жауап береді. Қашан да қарапайымдылығынан танбайтын ақын мінезінің көркем қалыптасуының түп-тамырында асыл дініміз исламның кісіні кемел етер құндылықтарына берік байланған әке өнегесі жатыр деп тоқтам жасай аламыз. Яғни жұмырбасты пенде шын кемелдікке қол жеткізген сайын өзінің бәрібір пенде екендігін тани түседі. Мұны ұлтымыздың «Төбем көкке екі елі жетпей қалды», «бір кем дүние» деген байламдарынан да көре аламыз. Тоқетері, бұл күнде халықтың зор қошаметі мен ыстық ықыласты махаббатына арқау болып отырған қарапайымдылықтың түпнегізі әке тағылымының аса мәнділігінде дер едік.

Бұған сабақтас, «Көп адам дүниеге бой алдырған, бой алдырып, аяғын көп шалдырған,» - деп Абай атамыз айтқандай, Мұхаңның боқ дүние үшін арын да қолын да былғамаған мұнтаздай тазалығы әрдайым азаматтық, ақындық үнін  асқақтата түсер болса, осынау кіршіксіздіктің қайнар көз, тұма бастауы әке пәктігінен нәр алады деген пайымдамаға табан тіреуге әбден болады.

Бәлки, балапанының қасында көп жүре алмасын сезгені болар, болашақ ақынның әкесі көкейіндегі сан көрікті ойларды, айтқан кезде көнекөз қариялардың сақалынан жасын сорғалатар қисса-дастандар мен Отырарды қаһармандықпен қорғаған Қайырхан баба бастаған баһадүрлер ерлігін бала Мұхтарды тізесіне отырғызып алып, жадына сіңіруден жалықпапты.

Түйсігі алдамаған екен, балғын Мұхтар 9 жасқа жеткенде Шахан атамыз дүние салып, Ұмсын ана жесір, бұғанасы қатпаған жас Мұхтар жетім қалады. Солайынша ақиық ақынның ауыр тағдырының алғашқы күндері басталады. Асқартау әкеден айырылған соң Ұмсын әжеміздің ағасы, Мұхаңның нағашысы Ысқақ ақсақал қарындасы мен жиенін Шымкент қаласының маңындағы «Жұлдыз» колхозына көшіріп алып, өз қамқор бейілінің шуағына бөлейді.

«Ақын болу өз еркің, азамат болу парызың» қағидасын өмірі мен өнерінде шебер шендестіре білген Мұхаң асқақ адамгершілік тағылымдамаларын танып, қанат қатайтуда нағашысының айрықша рөл ойнағанын айтудан жалыққан емес.

Ізет әжеміз 1940 жылы қасқасулық Өскенбай Тұрғынұлына тұрмысқа шығады. Атамыздан сегіз құрсақ көтерген болса оның екеуі - Талап пен Бағиласы сәби күндерінде қара жер құшағына еніпті. Өскенбай ақсақал жылқы, қой бағып қарапайым өмір сүріп, 1980 жылы бақиға озыпты.

Бөбегінің табанына кірген шөңге маңдайыма қадалсын деп, сәби үшін жан пидалыққа барар ана жүрегін әлсіреткен қиын хал орнапты 2005 жылы бұл шаңыраққа. Қырықтың бесеуіне келген сүт кенжесі Есенбайы таңертең ұйқыдан тұрмастан бақиға аттанып кете барыпты. Осы жайды айтқанда Ізет әжеміз мейілінше босап кетеді. Онсыз да теперішін аз көрсетпеген тағдырдың бұл сыны әжеміздің қарт жүрегін әлі күнге сыздатады.

Ұлының атжалын тартып мінген азамат боп, ғалам назарын аударған қуатты да құнарлы ойларға тұнған шығармалар тудырған қаламгерлік, ұлт тағдыры сынға түскенде азаматтық асқақ үнімен көтерілер қайраткерлік биіктерді бағындырғандығын көру Шахан атамызға бұйырмағанымен бұл кемерден асар қуаныш Ұмсын әжемізге нәсіп болыпты. Ол кісі 84 жасында, Мұхаң бауырлас қырғыз елінде елшілік қызмет атқарып жүргенінде, 1994 жылы Алланың аманат жанын тапсырады. Одан бергі Мұхаң көтерілген биіктердің куәсі әрі сүйеніші боп келе жатқан осы Ізет әжеміз.

Мұхтар аға аяулы анасын қастерлеп елге жеткізіп, Қасқасудан мәңгі мекен бұйырған әкесінің жанына арулап қояды. Көзкөргендер ақын анасының да өзгеше жан, ізгі қасиетке кемел кісі болғандығын әңгімелейді.

Жарықтықтың қызықты мінездері де болса керек. Мұхаңмен бірге оқыған жиені, Ізет әжеміздің тұңғышы Аманбай ағамыз домбыраны жақсы шертеді. Ұмсын әжеміз Әбекеңнің Құрманғазының күйлерін нәшіне келтіре орындағандарын көкейіне түйіп алса керек-ті. Бір ретте теледидардан дәулескер күйшінің күйлері орындалып жатқанда үлкен кісі: «Аманбайдың күйін беріп жатыр,» - деп, зейін қоя тыңдап, күлкіге кенелтсе керек. Мұхаң Атыраудан алып келген бекіре балықтың уылдырығын көршілерге таратып жіберетіні де ерекше бір қызғылықты жайт.

Тоқсанның төріне озған осынау жасында Ізет әжеміз алты перзентінен 26 немере, 46 шөбере сүйіп, қызығын көруде. Денсаулығы кейде сыр беріп, науқас титықтатса да, жан дегенде жалғыз бауыры Мұхтарының амандығын өз жанынан да артық ойлап, тілеуқорлық айласымен інісінің ұлттың жаны - тіл тағдыры үшін атқарып жүрген қыруар істеріне берекелі нәтиже мен абыройлы жеңіс тілеуден әсте жаңылған емес. Осы орайда әжеміздің қызы, ақын ағамыздың жиені Қалампыр әпкеміздің қай кезде болмасын анасының жағдайын жасап, Мұхаңның шын тілекшісі ретінде көкелеп шыр-пыр боп жүрер белсенді әрекетіне, риясыз көңіліне тәнтілігімізді айта кеткен абзал.

Сонымен қатар, тірлігінде үлкен үйде қалып, қарашаңырақтың түтінін түзу ұшырған марқұм Есенбай ағамыздың жұбайы Қаламқас жеңгемізге халқымыздың аяқ-қолын жылы суға малып отыр дейтініндей, енесіне қызмет жасап, қас-қабағын бағып отырғандығы үшін де Ізет әжеміз разы. Кенжесінің тұяқтары Бақытжан мен Бағланның қызығын көруді батасына қосумен келеді дәйім.

Ал, әжеміздің екінші ұлы Серікбай ағамыздан көрген немересі Еркінбектің Мұхтар ағамыздың жанында жүріп, туысқандық байланысты былай қойғанда мәнісі ерек рухтас, қанаттас іні деңгейіне көтеріліп, қызметіне жарап жүргендігі өзгеше сүйінтер іс.

- Ініңіз туралы не айтасыз?-деген сауалға Ізет Шаханқызы:

- Әкеміздің атын әлемге жайды, сонысына ризамын! - деп жауап қатады әрдайым.

Елу жасқа толғанын мерекелеуге келгенінде Мұхаңның алдынан отырарлық үш бірдей ақ кимешекті ана шығып, киелі Отырар жерінің топырағы салынған бойтұмарды мойнына тағады. Оған дейін де кейін де қаншама абыройға кенеліп, дабысы күшті сыйлықтарды еншілесе де, ешбірі әлгі аналар әспеттеп әзірлеп, мойнына ілген бойтұмардай мазмұн мен салмаққа ие болмағандығын әйгілейді ағамыз.

Сол сықылды Ізет әжеміздің әлгіндей қарапайым ғана айтылар разылығы да өрімі өзгеше мойындау деп білеміз.

Мұхаң үшін бұдан артық баға болмас сірә-да!

«Сен барда сүйеулі еді арқам жарға-ай» деп, бабаларымыз айтқандай, бірін бірі таудай таяныш көретін әпке мен інінің кездескендегі һәм қоштасқандағы ересен еміреністеріне толқымай, тебіренбей тұра алмайсыз.

Өткен 2012 жылдың маусым айында Мұхтар Шаханұлының 70 жылдық мерейлі мерекесі Оңтүстік өлкесінде кеңінен аталып өтті. Тұғырлы тұлға жастығының куәсі - Төле би ауданы мен кіндік қаны тамған Отырар ауданын дүбірлеткен той, Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрында түйінделді.

Жетпіс жасқа аса зор абыроймен жетіп отырған ақиық ақынның алдаспан жырлары жиылған жұртшылықтың намысын жанып, сырлы сазды әуендері өнер сүйер қауымның мейірін қандырды.

Шығармашылық кеш иесі өз кезегінде жақұт жырларын шабыттана оқып, кестелі сөз өрді. Алақанына салып отырған халқының құрметіне алғысын жаудырып, мерейтойын ұтымды ұйымдастырған ел азаматтарына ризашылығын жеткізді.

Мұхтар аға сахнада сөйлеп тұрып, бір сәтке көпшіліктің назарын алдыңғы қатарда отырған әпкесі Ізет әжемізге бұрды.

Мерейіне мерей қосып, мәртебелі мерекенің төрін толтырып отырған жан бауырының амандығына шүкіршілік еткен Мұхаң:

- Әпке, орныңыздан бір көтеріліп қойыңызшы, - деді.

Осы шақта Ізет әже жұртшылықтың үлкен қошаметімен орнынан көтерілді. Біз әжейге жақын отырғандықтан, қолтығынан демеп, сүйемелдедік.

Әжеміз сахнаға тақап барып, иіліп тұрған інісінің маңдайынан сүйіп, Қалампыр әпкеміздің ақылымен алдын ала әзірленген гүл шоғын табыстады. Табыстай тұрып: «Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы...» - деп еміренді.

Бұл мезетте залда отырған көрерменнің барлығын да ыстық бір іңкәр сезім баурап алды. Алақандар қызғанша қол соғылып, жанарларға жас үйірілді.

Осылайша, көңілі іріп, көзіне жас іркіп, алпыс екі тамыры иіп, елжіреп жалғыз таянышы інісінің саулығы үшін тәңірдің қырағы қаперіне ілкімді тілектерін бағыштап отыратын ақ жаулығындай аппақ арлы ана қарекеті кім кімдерге де соны нұсқа, игі үлгі.

Расында бұл күндерде анасының омырауын бірге емген бауырлардың өзі бірінің қанын бірі мойнына жүктеп, ажалына себепкер боп жатқан жағдаяттарға, өкінішке орай, етіміз өліп кеткендей. Осындай тасбауырлар туындатар кесірлі әрекеттердің тамырын қияр өнегелі істердің өрісін кеңейтуге біздер айшықтап отырған Ізет әжеміз бен Мұхтар ағамыздың арасындағы қара тастың өзін балқытардай ыстық та дәрменді бауырластық сезімдері зор сабақ, кәдеге молынан асар тағылым.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін жасай келе, осы мақаламыздың өнебойында есімдері аталған марқұмдардың имандарына саламат тілей отырып, қабілетіміз кемшін соғып, базбір деректерді бұрыс һәм солғын баяндағандай болсақ, рухтары алдында мың тағзым етіп, кешірім өтінеміз. Қолға қалам алудағы басты мақсатымыз халқымыздың мақтанышына айналған өренжүйрік Мұхтар Шаханұлының ұлы іргесінің сыр-сипатының бір үзігін әлімізше елге мәшһүрлеу және де тірі шежіре Ізет әжеміздің көкейіндегі көп асылды сол қалпынша сіңіріп, ақ параққа хаттап алу болғандығын айта кеткен жөн.

Мұхтар ағаның жер жәннәтіндей көрікті Қасқасуға шалдыққандай боп келіп, жұпарын жұтып, бал қымызын татып, ең бастысы топырағында дамылдап жатқан ата-анасына дұға бағыштап, көздеріндей болып отырған әпкесінің есендігін көріп, құлжадай биіктеп, қырандай қайраттанып аттанып жатуларының куәгері боп жүрміз.

«Кісі - көңілдің перзенті» демекші, Мұхаңның көңіліне кірбің түспегей, алдындағы қарасы - әпкесі Ізет әжеміздің қуаты кемімегей, қос бауырдың ыстық қауышулары мәңгі салтанат құрғай деген тәтті тілек бар кеудемізде!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар