Сенбі, 27 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 2356 3 пікір 12 Қыркүйек, 2022 сағат 13:11

Си сапары: Бізге біреудің мүсіркеуі қажет емес!

Геосаяси жағдайдағы өзгерістер және ҚХР төрағасының Қазақстанға сапары

Соңғы жылдары Халықаралық геосаяси жағдай күрделі өзгерістерге түскен еді, оған пандемияның салдары мен Ресейдің Украинаға басып кіруі қосылып, қалыптасқан әлемдік құрылым жүйені тіптен өзгертіп жіберді.

ҚХР «Бір белдеу-бір жол» жобасы арқылы адамзат тағдыры қауымдастығын қалыптастырып, АҚШ-тың әлемдік жетекшілік орнына сын-қатер төндірсе, Ресей де өзінің әлемдік ықпалын арттырып, ең болмаса І Петр кезінде бағындырған кеңістікке өз үстемдігін орнатуды көздеп, оның нақты қадамдарын жасай бастады.

Сонымен ҚХР-да, РФ-да АҚШ, Еуроодақ және дамыған мемлекеттердің санкциясына ұшырады. Санкцияның талмау тұсы – энергетикада. Қажетті энергетиканың 60 пайыздан астамын импорт арқылы шешіп отырған Қытайға мұнай-газ жолдарының бөгелуі, энергетика ресурстарын экспорттап, жан бағып отырған Ресейдің Халықаралық сауда жолының бұғатталуы – бұл екі алып елге ауыр тигені анық.

Алайда бұл жағдай Қытай мен Ресейдің «шексіз» ынтымақтасуына түрткі болды. Ресей өзінің мұнай, газ және көмірін Қытай мен Үндістанға экспорттап, қаржыдан қазірше қатты қысыла қойған жоқ. Ал Қытай Ресейге мүдделі болғандықтан оның айтқанына көніп отыр. Қиыр Шығыстағы Владивосток қаласында өтіп жатқан «Шығыс экономикасы саммитінде» 7 қыркүйекте сөз сөйлеген Путин: «Ресей мен Қытай рубль мен юань арқылы есеп айырады, 1 рубль 1 юань-ға тең», - деп жариялады.

Юаньның қазіргі курсы бойынша 1 АҚШ доллары 6,95 юаньға, ал 1 АҚШ доллары 60.88 рубльға тең. Сонда Қытай алпыс неше юаньға бір доллар алмастырып алады. Бұдан Ресей тарапы сегіз есе пайда табатын болып отыр. Қытайдың соған да көніп отырған жайы бар.

Қытайдың энергетикаға сұранысын тек Ресей қанағаттандыра алмайды. Сондықтан, Қытай Қазақстан, Орталық Азия және Иранмен мұнай-газ саласында ынтымақтастық қатынасын дамытуға қатты мүдделі. Қазірдің өзінде Қазақстан арқылы Орталық Азияның (Қазақстан мен Ресейдің де) мұнай-газ құбыры Қытайға өтіп жатыр. Бірақ бұл Қытайдың жалпы мұнай-газ импортының 2 пайызын ғана құрайды. Сондықтан бұл бағытта екіжақты және көпжақты қатынастарды дамыту - Қытай үшін уақыт күттірмейтін өзекті мәселе.

Әсіресе, Қытайдың «Бір белдеу-бір жол» жобасын іске асыруда Қазақстанның алатын орны айырқша. Оның үстіне соңғы кезде Қазақстанның Ресейдің айтқанына, ырқына көне бермейтінін танытып, АҚШ пен Батыс елдеріне жақындасатынын аңғартқандықтан, Ресейдің Қазақстандағы, Орталық Азиядағы ықпалы әлсіреді немесе әлсірей береді деп санаған Қытай өзінің аймақтағы ықпалын осындайда нығайтып алуға құлшынып отырғаны айтпаса да түсінікті.

ҚР Сыртқы істер минстрлігінің өкілі 14 қыркүйекте ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапарлай келетінін жариялады. Бірақ Қытай тарапы күні бүгінге дейін  бұл хабарды ресми түрде мәлімдемеді. Ресейдің Қытайдағы Елшісі бір аптадан кейін Путин Си Цзиньпинмен кездеседі деген ақпар таратты.

Бұл сапар Си Цзиньпиннің екі жыл сегіз айдан кейін шетелге жасаған бірінші сапары. Бұның өзі оның алдағы партияның ХХ съезінде өз билігін сақтап қалатынынан дерек берумен қатар, елден ерекше үшінші бесжылдық мерзімінде «Бір белдеу-бір жол» жобасын жалғастыратынын аңғартады. Басты мақсаты - Қазақстанмен энергетика саласындағы ынтымақтасты нығайту. Әрине, Си Цзиньпин қайтарымсыз көмегін ала келіп, өнеркәсіп, инфрақұрылым, қатынас-транспорт, ауылшаруашылық сияқты өндіріс қуаты саласында ынтымақтастық келісімшарттар жасайтыны белгілі. Нұрсұлтан Назарбаев пен Кәрім Мәсімов кезінде Қазақстан мен Қытай арасында қол қойылып, іске асырып жатқан «55 жобаның» нақты нәтижесі көрінбей жатып, үсті-үстіне үлкен қарызға келісім жасай берудің қажеттілігін мұқият қарастырған жөн. Әсіресе, қайтарымсыз көмек алудан абай болған абзал. Бұл әлемде қайтарымсыз ешнәрсе жоқ. Қазір бізге біреулердің мүсіркеуі қажет емес!

Си Цзиньпин 15-16 қыркүйекте Өзбекстанның Самарқан қаласында өтетін «Шанхай ынтымақтастық ұйымының» саммитіне қатысады. Саммит барысында Ресей басшысы Путинмен және Иран президенті Ибрахим Райсимен де кездеседі деп күтілуде. Олар Иран мұнай-газын Каспий теңізі арқылы Орталық Азияға жеткізіп, одан Қазақстан арқылы Қытайға шығару мәселесі талқылануы мүмкін деген жорамал бар. Егер Қытай, Ресей мен Иран одақтастық қатынас орнататын болса, онда халықаралық жағдай тіпті де шиеленісе түсетіні айдан анық.

Әрине, ҚХР төрағасының Қазақстанға сапары екі ел ынтымақтастық қатынастарын дамыта түсетіні сөзсіз. Дейтұрғанмен күрделі де ауытқымалы Халықаралық жағдайда Қазақстан өзінің көпвекторлы сыртқы саясатында табанды болып, державалар мүддесінің тепе-теңдігін сақтап, мемлекеттік түбірлі мүддемізді қорғау қабылетімізді өсіре түсуіміз керек деп ойлаймын.

Нәбижан Мұқаметханұлы,

тарих ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының» директоры, профессор

Abai.kz   

3 пікір